ӘУЕ ТОЛҚЫНЫНДА – МУРАКАМИ

0
24 қаралды

Жапонның апталық «Mainichi» газетінің хабарлауынша, әлемге әйгілі жазушы, джаз музыкасын сүйіп тыңдайтын Харуки Му­ра­ками 5 тамыз күні алғаш рет «Токио FM» радиосынан джаз-жокей (джаз музыкасының комментаторы) ретінде әуе толқынына шыққан еді.

55 минуттық шоу барысында жазушы жас күніндегі әзілдерін айтып, музыканы «әдебиет ұстазы» деп атап, атақты «Норвегия орманы» шы­ғар­масы жайында баяндаған. Джаз му­зы­касын жинақтаумен айналысатын ол жылдың көп мезгілін шетелде өткізетін көрінеді. Бар­ған жерінде орайын тауып грампластинка са­та­тын дүкендерден қызықты жазбалар іздейді екен. Мураками – көптеген марафонға қатыс­қан жүйрік. Радиохабардың сол шығары­лы­мын­дағы негізгі тақырып музыка мен жүгіруге ар­налыпты. Айта кетерлігі, 2015 жылы «Му­ра­ками-сан-но-Токоро» деген атаумен ашылған веб-сайтында оқырмандар сұрағына жауап бер­ген еді. «Токио FM» радиосының Атқарушы ди­ректоры Хироши Нобу: «Роман – адамның өзі оқитын дүние, ал радио – сіз оңашада тың­дай­тын толқын. Бұл тұрғыдан келгенде, екеуі – ұқсас. Сол себепті, жазушы Муркамиді біз­бен бірге хабар дайындауға шақырдым», – дей­ді.
Нобу сан былтырғы көктемде қаламгермен оның баспадағы редакторы арқылы хабарла­сып, студияға шақырған екен. Жазушы сту­дия­дағы айналмалы орындықтар мен джаз-плас­тинкаларына қатты қызыққан. Сондағы бір пластинканы қойған Мураками: «Бұл – Го­раций Сильвер атты музыканттың альбомы. Мен оны мектепте оқып жүрген кезімде алған­мын», – деп жас күнін еске алды. Нобумен ал­ғаш­қы кездесуінде Харуки музыкалық ком­позицияларының туу тарихы мен оның ав­тор­лары турасындағы ойын айтып, радио­жур­налист оған түрлі сұрақтар қойған. Кәсіби жур­налист диалогтың таспасын монтаждап, Му­раками құдды монолог оқығандай етіп ро­ма­нистке сыйлаған. «Токио FM» радиосының ақ­паратына сай, бұған дейін осынау формада дайындалған хабарларға түрлі мәдениет өкіл­дері келген. Нобу санның айтуынша, қаламгер түрлі әуендерді таңдапты, оның кейбірі бұған дейін танылмаған болса, енді бірі – өте атақты. Хабар 5-ші тамыз күні эфирден берілген еді.
Жа­пон радиожурналистерінің бұл дәстүрі – Қа­зақстандағы әріптестеріне үлгі. Қазақтың қарымды қаламгері әуе толқынына шығып, өзі сүйіп тыңдайтын музыкалық шығарма­сының туу тарихы мен авторы жөнінде тың­дарманға тың деректер айтып отырса, ғажап болар еді.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.