Дулат Исабеков атындағы кітапхана
17.08.2018
1363
0

Қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтың туған ауылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Жаңатұрмыс (бұрынғы Молотов колхозы) ауылында Дулат Исабеков атындағы кітапхана ашылды.

Осыдан 26 жыл бұрын қаламгердің 50 жылдығына орай ауылдағы бау-бақшалы жер жазушыға берілген еді. Бау-бақшаның ашылуында Оңтүстік Қазақстан об­лысының (қазіргі Түркістан облысы) бұрынғы әкімі Бейбіт Атамқұлов Арыс және Ордабасы ауданы әкім­ші­лігінің қызметкерлерін жинап, бұл жерді рухани орта­лыққа айналдырып, кітапхана ашу туралы ұсыныс айт­қан. Ол идеяны қазіргі облыс әкімі Жансейіт Түйме­баев ары қарай жалғап, 10 тамыз күні Ордабасы ауданы, Жаңатұрмыс ауылында Дулат Исабеков атындағы кітапхана салтанатты түрде ашылды. Рухани орталықтың тұсауын облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков кесті. Шараға аудан әкімшілігінің қызметкерлері мен аудан жұртшылығы қатысты.
Жаңа ашылған кітапханаға жазушы өзінің жеке қо­рындағы кітаптарының жартысын өткізген. Мұнда тек кі­таптар ғана емес, дыбыс және бейнетаспалар, фильм­дер мен аудан тарихына қатысты сюжеттер бар.
Салтанатты шараға Бексұлтан Нұржекеұлы, Ұлықбек Есдәулет, Мархабат Байғұт, Құлбек Ергөбек, Еркінбек Тұрысов, Нармахан Бегалы, Қасымхан Бегманов, Қа­зыбек Иса сынды белгілі ақын-жазушылар қатысып, кітапхана қорына кітаптар тарту етті.
Біз жазушыға хабарласқанымызда ол кісі туған ауы­лы­ның тұрғындары үшін қуанышты екенін айтып: «Қазір кітап оқитын адамдар аз деп ойлаймыз, олай емес екен. Кітап­қа құмар адамдар әлі де көп екен. Олардың қуаны­шында шек жоқ. Кітапханада шағын концерт залы бар. Болашақта қаламгерлермен бірге келіп, әдебиет жайлы әңгіме айтармыз. Әншілер шақырып, халықтың көңілін сергітерміз. Бұл жерді тек кітапхана ғана емес, үлкен мәдени орталыққа айналдырсақ деген ойымыз бар. Арыстың жағасында оның ағысын тамашалай отырып, шығармашылықпен айналыссам маған басқа курорттың қажеті жоқ», – деді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір