Бақытыңа бір-ақ қадам қалғанда…
28.08.2015
2143
0

122331_2083735645___________Шырын Мамасерікова

Тума талант

Әкесінің арманынан жаралған,

Анасының ақ сүтінен нәр алған.

Алпамыстай аман шығып от-судан,

Алты Алашқа аты аңыз болып таралған.

 

Асанәлі! Нағыз актер екенсің,

«Қазағым!» деп белін буған бекем шын.

Қасым хан боп қаншама рет халқыңа,

«Жүзге бөлген жүзі күйсін!» дегенсің.

 

Қарт емендей дауылдарда сынбаған,

Тума талант алмас етіп шыңдаған.

Сан алуан кейіпкердің бейнесін,

Дәл жасауды үйретті екен кім саған?!

 

«Бастан кештің жаннаттай жас кезеңді, –

Деді ме әлде, – тозақты да сез енді!».

Бақытыңа бір-ақ қадам қалғанда,

Бекежан боп тағдыр садақ кезенді.

 

Таяныш боп тайып бара жатқанға,

Қол созушы ең қайғы дәмін татқанға.

Сабыр сақтап жаңылмадың тәубаңнан,

Алпыс батпан ауыр шерге батқанда.

 

Опасызға бір түйір дән тістетпес,

Жомарт қолға жаманшылық істетпес.

Асанәлі дәлелдеп жүр әлемге,

Киелі өнер құдіретін күш етпес!..

 

Жоғары

етші жұлдызын…

Көрерменді келді ме әлде ойлы еткің,

Шыңыраудан сөз шығарып сөйлеттің.

«Керемет!» деп тыңдаушылар қол соқты,

Мен де бұрын мұндай ғажап көрмеппін.

 

Жаңбыр жауып, жасын сүртті жапырақ,

Қаратаудың қары еріді қалтырап.

Тұла бойды шымырлатқан әуенге,

Қыбыр етпей құлақ түрді атырап.

 

Домбыраның қос ішегін егілттің,

Тіршіліктің қабырғасын сөгілттің.

Өмірімді көз алдыма әкеліп,

Зая өткен күндеріме өкінттің.

 

Қатал тағдыр құрғанымен көп қақпан,

Зымыраған уақытты тоқтатқан.

Киелі өнер құдіреті екен ғой,

Әлі күнге ұлы Абайды жоқтатқан.

 

Сан көтердім тәңір басқа салғанын,

Кеш түсіндім дүниенің жалғанын.

Жасырмаймын бармағымды тістеткен,

Бір өксіктің көкірегімде қалғанын.

 

Сұлу сазбен жазып жүрек жарасын,

Әнге ораған ұлан-байтақ даласын.

Бақ жұлдызын жоғары етші, Жаратқан,

Бекболаттай қазағымның баласын!..

 

Депутат

Қай жақтан жел соғарын түйсінетін,

Ізгілік ісіне жұрт сүйсінетін.

Халықтың қамын ойлап зыр жүгірген,

Облыс депутаты Гүлсін едің.

 

Атқарып жұрт алдында борышыңды,

Бересің сұрағанға қол ұшыңды.

Жағымды естіледі нәзік даусың,

Сыңғырлап сылдыр қаққан шолпы сынды.

 

Қадап ап жүрегіңе ардың гүлін,

Көтердің қыз болсаң да нардың жүгін.

Рухы бар Бауыржанның тал бойында,

Рәсімді қайраткер боп қалдың бүгін.

 

Заманның зәр-забасы жүз құбылтқан,

Қаймықпай тірліктегі ызғырықтан.

Құтқарып келе жатсың, Гүлсін сіңлім,

Жұқарған жүйкелерді мұз құрықтан.

 

Қашан да кемтарларға қарасатын,

Ерекше көзге түсер парасатың.

Алаштың сүйегі асыл аруысың,

Ақжолтай ханым десе жарасатын!

 

Дарқан жүрек

Қызықтырмас алтын, күміс, жиһазың,

Әлем тіпті бар байлығын сыйласын.

Әлі күнге ұмыта алмай келемін,

Аштықтағы жеген қойдың құйқасын.

 

Көрген шақта тіршіліктің нәубетін,

Қабағыма көп қарады әулетім.

Әрқашанда алғыспенен еске алам,

Әсіресе, Төлегеннің Дәулетін.

 

Деп жүргенде қам көңілімді ұғар кім,

Қанша мәрте тозып

                                   жүйкем жұқардың.

Қиын-қыстау, қысылтаяң заманда,

Қалқам, қолдап кітабымды шығардың.

 

Атажұрттың тұзын адал ақтаған,

Азаматсың еңбегін ел мақтаған.

Асыл анаң ардың сүтін емізген,

Ақсүйексің тектілігін сақтаған.

 

Аман етіп асылдардың сынығын,

Бұзба, Тәңір, мөлдір бұлақ тұнығын.

Құтханасы қуанышқа толса екен,

Қазағымның дарқан жүрек ұлының!..

 

Журналист

Алтын күннің шуақ әнін тыңдаған,

Арманының алдаспанын шыңдаған.

Алмағайып күн туса да алдынан,

Асылзада ақ иіліп сынбаған.

 

Қатыгездің қаһарынан ықпаған,

Қайсарлықпен басып жүрсің нық қадам.

Қабырғасын қайыстырып жатса да,

Қабақ шытпас сен екенсің мықты адам.

 

Жазуы ма маңдайдағы тағдырдың,

Жапа шегіп сан құладың, сан тұрдың.

Жалақордың қақпандарын қиратып,

Үмітіңнің өшкен отын жандырдың.

 

Жолсыздық пен жөнсіздікке төзбеген,

Жауаптылық ерекше етер өзгеден.

Жан-тәнімен туған жерді сүйетін,

Журналиссің ұлт мүддесін көздеген.

 

Жоламасын жанарыңа қапа, мұң,

Таймаса екен тұғырыңнан табаның.

Ақтай берші еңбегіңмен, Әтіркүл,

«Батыркүл!» деп қойған атын апаңның!..

 

Азамат

Аулының биіктеткен мәртебесін,

Жігітті қалайша ел нар демесін.

Суғарып саябағын атажұрттың,

Сүйреген жүрегімен ар кемесін.

 

Тағдырдың бұзып талай тар қамалын,

Шырқаған Ақтоғанда арман-әнін.

Бойынан Мейірханның бұрқырап тұр,

Аңқыған жусан исі сардаланың.

 

Тер төгіп арыстандай арпалысқан,

Көрмейсің азаматты қалтарыстан.

Сынаптай сусымайтын сын сағатта,

Сүйегі асыл жансың самғап ұшқан.

 

Жер тарпып тізгін жібін жұлқар дәйім,

От шашқан тұяғымен тұлпардайын.

Үнемі өзіңді-өзің қамшылайсың,

Ұясын шыңға салған сұңқардайын.

 

Кеудеңе күмбірлетіп күй күмбірін,

Парасат өлкесінің жидың гүлін.

Тізеңді бүкпей еңбек еткеннен соң,

Алғыстың ақ шапанын кидің бүгін.

 

Ауданның үлгі алсын ұландары,

Атағың өрлей берсін бұдан да әрі.

Ұлтым деп, қазағым деп бәйек болған,

Көбейсін халқымыздың қырандары!..

 

Ән

Жүректерге үміт отын жаққызған,

Тебірентіп сезім балын татқызған.

Таңғажайып әндері бар қазақтың,

Талай жұрттың таңдайларын қаққызған.

 

Күйін кешіп жүргенімде күйректің,

Қасіреттің тас қамалын күйреттің.

Арманымның желбіретіп жалауын,

Тіршілікті сүюді сен үйреттің.

 

Аспанымнан қара бұлтты ықтырып,

Алла сыйын бағалауды ұқтырып.

Сиқырлы әуен емдеп жазды дертімді,

Бұдан артық болмас, сірә, мықтылық!

 

Тазарғандай жан сарайым кірбіңнен,

Қорғасындай балқып, толқып тұрдым мен.

Шомылдырар шуағына шаттықтың,

Періште өнер құдіретін кім білген?!

 

Ақ пен қара, күн менен түн тіресіп,

Аңдысса да өмір бақи күресіп.

Адалдықтың жарқырап тұр жұлдызы,

Ақиқаттың алтын айдар гүлі өсіп.

 

Арайланып атқан сайын бұла таң,

Аймаласа ақ батадай дуалы ән.

Алпыс екі тамырыңды иітіп,

Айықтырар сырқат түгіл күнәдан!..

lamium-album-846490_640

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір