«Жарнама» аман болсын…
17.08.2018
1256
0

Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ


Сіздер қалай емделесіздер осы? Мысалы мен, ауырып, бар жиған-тергенімді сол дәрігерлерге жиып-теріп беріп жүрсем де оңған емеспін. Сіздер де сөйтіп жүрген шығарсыздар. Бекер. Одан да телеарнадағы жарнамаға қараңыздар, Жаныңа керектің бәрі осында.

Біздің денсаулық сақтау сала­сында бірде көл, бірде шөл ғой. Көлдей дейтінім – тегін қызметтері бар. Жоқ емес. Бірақ брактары көп. Ақылы қызметтері де жақсы. Бірақ, мұнда да не то… Ал, жарнамаға қараңыздаршы. Айналып кетейін, мұнда бәрі бар ғой. Менің жанымды осы жар­нама алып қалып жүр. Ауыра қал­сам дереу жарнамаға қарай­мын. Құдай-ау, басың ба, бүйре­гің бе, бауырың ба, жүрегің бе, аяқ-қол, тізең бе, дене мүшеңнің қай жері ауырады, сол жердің дәрісін «ала қой» деп тұрғаны. Дәрігерге барудың қажеті қан­ша? Олар сені жүгіртпейтін жер­ге жүгіртеді. Мысалы, учаске­лік дә­рігерге көріну үшін бір күн бұрын міндетті түрде тіркелу керек. Тіркелетін орын­да алдын­дағы шұбыртпа ке­зек­тен өту тұр. Мұн­да тұратындар кімдер? Кіл­ең кәрі-құртаңдар, мүгедектер, зейнеткерлер, сосын студент-жастар. Осында кезекте тұрып-ақ, сөз жоқ ауруыңа ауру қосып аласың. Коммунизмге сәл жете алмай қалған азаматтармыз ғой. Қарапайым мәдениеттің қағида­сы қолға бет орамал алып жүруді де біле ме, екенбіз біз, де­сейші?!.
Жөтелгің келді ме, қасыңда­ғы кісіге «зияным тиеді-ау» деп ой­­ламайды. Саған тура қарап тұрып, өкпесі жыртылардай «Қаққ! ы ..ық! Қа- қақ!! Қиқ!» – деп түкірігін өзі шала жұтып, тұншығып жатқаны. Түшкіргісі келсе де сондай. Мұрны жыбыр­лап, көзіне жас ала «Әһ!..-ӘҺ!.. Әп!-пт- тшу!» – деп түшкіре салады. Еш қысылмайды. Ау­руыңа ауру қосып, сен де көзің қызарып, түшкіріп тұрғаның…
Өліп-талып жеткен дәрігер кабинетінің алды тағы кезек. Кешегі тіркеу алдында кезекте тұрған мүсәпірлерді қайта көре­сің. Кезек күтуден қалжыраған қарттар кейде жүрегі қысылып, сол жерде талып та жатады.
Осыдан соң жаның қысыл­ғанда «ең болмаса кезек күтпей­сің ғой» деп ақылы қызмет көр­се­тетін медициналық ор­­та­лық­тарға баруға мәжбүрсің. Тек қалтаң қалың болса, бол­ғаны.
Ақылы болған соң көрсе­ті­летін қызмет соған сай болуы керек емес пе. Дәрігердің ал­дына бару үшін жаз болсын, қыс болсын аяғыңа құны 40 теңгелік бақила киюің керек. Оны боса­ғадан сатып аласың. Ауруыңның түріне қарай қабылдайтын дә­рі­гер жоғары санаттағы дәрі­гер болса, жоғары төлем кемінде 6500 теңге. Ауру қа­бырғаңа ба­тып тұрған соң бұл төлемге ке­лі­се­сің. «Еще не все» дейді ғой орыс­тар. Шимайлап жазылған жеті-сегіз қағазды қолыңа ұста­тады.
– Мына анализдерді тап­сырып келесіз. Содан соң барып ем басталады.
– Бүгін іше тұруға дәрі жазып бермейсіз бе, аяғымды әрең ба­сып тұрмын, – дейсің сен бей­ша­ра хәліңді көрсетіп… Дәрігер бойыңа, киген киімің мен жалпы сықпытыңа бажайлап қарап алады да:
– Сіз қай заманның адамы­сыз? Анализдеріңіз анықталмай қалай ем-дом жасалады?!
– Мына жүректі қайтем?
– Сіздің жүрегіңіз ауырып тұрған жоқ. Оның себеп-салдары мүлде басқа ауруда. Сондықтан мына анализді тездетіп тап­сырыңыз.
Шимайланған қағаздағы тап­сы­рылатын анализдің түр­ле­ріне миың жетпейді. Лейкоцит, эритроцит, гемоглобин, гемато­к­рит, тромбоцит, тромбокрит, нейтрофил, лимфоцит, моноцит, зозинофил, базофил, мочевина, креатина, холестерин, билиру­бин, глюкоза, натрий, калий, кальций, белок, кетон, альфа-амилаз, фосфат т.б толып жатыр. Бұл да ақылы. Қаныңдағы бүкіл химиялық затты тексеру оңай ма. Мұның төлемі 25-30 мың теңгені көрсетеді.
Жан керек пе, анализдерді тапсырасыз. Дәрігерлер соны бі­ліп отыр емес пе. Қолыңа ши­майланған анализдің нәти­жесі дәрігерге екінші рет қайтара кіруің сәл арзан – 4500 теңге.
Барлық анализдерді қарап отырып, былай дейді дәрігер:
– Жүйке ауруының дәріге­ріне қаралу керек сізге. Ол кісі Сізге өз ем-домын жазып береді.
– Айналайын, жүйкем ты­ныш. Оған шағымым жоқ.
Ме­нікі жүрек ауруы ғой…
– Қазіргі бүкіл ауру жүйке­мен байланысты. Осыны адам­дарға қанша айтсаң да түсінбейді.
– Енді бүгін іше тұруға дәрі жазып бермейсіз бе?
– Жүйке дәрігері қарап, ан­ализ жасайды. Содан соң ба­рып… Ол тағы да бірнәрсе ши­май­­лайды. Шимайлаған қағазды қо­лыңа беріп:
– Мына қағазды жүйке ау­руының дәрігеріне бересіз.
Осы кезде әрмен қарай жү­ру­ге шамаң жетпей, емхана дәлізіндегі орындыққа сылқ ете қаласың.
Дәрігердің есіктерін жағала­ғанға бір апта өтті. Ал, ақша болса судай ағып жатыр. Қабыл­дап жатқан ем-дом әлі жоқ. Жүрегің атқылап ол тұр. Міне, тып-тыныш жатқан жүйкең осы жерде барып қозғалады.
Жүйкенің дәрігері жоғары санаттағы дәрігер болса қабыл­дауы тағы да 6500 теңге. Жаннан аяйтын ешнәрсе болмай қалады. «Қойшы, бастадым ғой ақыры тексерілейін» деп кабинеттің есігін ашып, рұқсат сұрап ішке кіресің. Онда отырған жас келіншек пе, қыз ба ұялы те­лефо­нымен сөйлесіп отырады. Көңіл-күйі жақсы. Аржағындағы сөйлесіп отырған адам бір жерге шақырып отырса керек, бұл:
– Машинамен… Дәрігердің жарымсыз ақшасына кім ма­шина ала алады?, – дейді. «Аһа, дейсің сен мұны тыңдап отырып, әр ау­ру­дан бір қабылдағанда 6500 тең­геден күніге кассаға қан­ша ақша түсіп жатыр»?.. Нө­пір ауру – мы­нау. Оны кім алады, сендер алмай! Ойыңды дәрігер қыз бөледі. Қолында кішкене балғасы.
Тізеңе соғады, білегіңе со­ға­­­ды. Көзді қарайды. Жоға­ры-тө­мен, оң жаққа, сол жаққа, қи­­ғаш. Бітті. Шимай қағазды бұл қыз да жаза бастайды. Сөй­теді де оны ұсынып жатып:
– Сізге көз дәрігеріне қаралу керек.
– Айналайын-ау, Сіздерге не болған? Менің тіпті көзім ауыр­майды ғой. Ақылы емхана деге­нің бір-біріне әдейі сілтеме жа­сай ма осы?… Жүрегім ауырып еді, жүйкеге жіберді, жүйке мынау, көзге жіберіп отырсыз. Не деген пәле бұл!? Екінші апта жүрмін сүйегімді сүйретіп…
– Сіз ашуланбаңыз. Тексе­ріл­­месеңіз өзіңіз білесіз. Ол сіз­дің шаруа. Көзіңіз ауырады. И все.. Сенің бәй-жәйіңе қа­рай­тын дәрігер жоқ, қайта өзіңе ашу­ланып, тағы бірнәрсені ши­майлады.
– Бүгін іше тұруға дәрі жа­зып бермейсіз бе?
– Көз дәрігерінің заклю­чениесінен кейін берем. Мы­на­ны көз дәрігеріне бересіз. Басқа сөзге келмей, тілдей қағазды ұсы­нады.
Жүйке дәрігерінен шығып тұрып, жындыханаға түсіп кете жаздайсың. Өз-өзіңді сабырға шақырғың келеді. Болмайды. Жолай дәріханаға соғасың да ешкімнің нұсқауынсыз, жаның­ды тыныштандыратын дәріні алып, сол жерде-ақ таңдайға атып ұрасың.
Ертеңіне көз дәрігеріне жо­рық басталады. Қабылдауы үшін тағы да 4500 теңге. Қолымдағы қағаз бір бума.
Кірдің. Отырдың. Алдыңда аппарат. Дәрігер аппартқа кө­зіңді былай салады, олай салады. Салып отырып айтады:
– Сізде көздің қысымы жо­ғары… Зобпен ауырған жоқ па едіңіз?
Тағы бір дәрігерге сілтей ме деп қорқып:
– Жо-жоқ! Құдай сақтасын. Ол қандай ауру еді? – дейсің.Ол үндемейді. Бірақ шимай қағазды ол да жаза бастайды.
– Сізге бәрібір де, эндок­ринологқа тексерілу қажет…
Тағы да ақша төлеп эндик­ри­нолог дәрігерге келесіз.
– Иә. Сіз де аздап зоб бар сияқты. Сіз УЗИ-ға түсесіз. Зоб тексертетін аппарат пәлен деген диагностикалық орталықта бар. Соған алдын ала жазылып, тек­се­рілген нәтижені алып келесіз…
Мен сияқты қан қысымы жоғары адам, әй, мұндай шөре-шөрені көтере қояр ма екен? Іштегі ашуды қалай басу керек. Арақ ішетін адам болсам, бір бөтелкесін қопарар едім. Діріл­деген күйі далаға шығамын. «Қап, мыналарды-ай, ә! Әй, неге үйде отыра бермедім. Үш апта­дан бері емсіз де жүрдім ғой…Өлгенім жоқ.
Жан керек пе жылжисың.
Диагностикалық Орталыққа барып, аппаратына түстім. Ол қызметке де пәлен мың теңге кетті.
Бұдан соң эндикринологқа, одан соң, көз дәрігеріне, жүйке дәрігеріне, жүрек дәрігеріне қайыра сапар шегілді. Қайта бар­ғанда да қабылдау үшін әр­қайсы­сына 3500 теңгеден тө­ленді. Қорытынды емді берген жүректің дәрігері былай деді:
– Айттым ғой мен сізге, жү­ре­гіңіз мүлде ауырмайды. Бар­лық ауру жүйкеде. Остреохондроз бар. Көзіңіз де нашар. Аздап зоб бар.. Әзірге мына емді бір ай бойына, екінші емді жарты ай, үшінші емді тағы жарты ай, со­дан соң жарты жылдан кейін қайта келесіз…
«УҺ!» – дедім мен де. – Енді ешқандай емхананың да есігін ашпаспын». Міне, осылай, сөзімде тұрып келем. Емханаға содан бері барған емеспін. Ешкімге баруға да кеңес бер­меймін. Одан да жарнама жақсы.
«Айналайын жарнама, жа­ным менің» деп отырам. Бі­реуінен жазылмасам, екіншісін алам. Сиқыры бар ма, алмасыңа қоймайды ғой. Миыңа құяды-ау келіп. Ең бастысы жүйке тоз­дыр­майсың. Және бар ғой, не деген керемет десейші. Бір дәрің тоқсан тоғыз ауруға ем ғой. Сенбей көр. Өзің жақсы көретін жұлдыздар, әртістер, әншілер мен актерлер, қысқасы «мен мы­на­умын» деген өнер пади­ша­лары бәрі қажет деген дәрілерді майын тамызып, насихаттап тұрған жоқ па.
Ендеше, «Жарнама» аман болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір