Көңілімнің көк туы желбіреген күндер
17.08.2018
1469
0

Рафаэль НИЯЗБЕК


Сәуірдің отызында Стамбұлға жол түсті. Жыл басында Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты атанған едім. Мәртебелі марапатты 4-6 мамыр күндері Түркияда салтанатты түрде тапсыратын болды. Бұл сыйлық, жалғыз менің шығармашылық еңбегіме емес, қазақ халқына, қазақ әдебиетіне көрсетілген зор құрметі еді. Сапарға зайыбым Гүлжанды, қызым Лаура мен немерем Маликаны ертіп алдым.

Жанашыр інім Бауыржан Жа­қып «Анкара үлкен қала. Бір-бір­леріңізден адасып қалмаңыздар» деп жанашырлық танытып еді. Сол Анкарадан бізді жазушы-дип­ло­­мат Мәлік Отарбаев қарсы ал­ды. Қа­ланың қақ ортасындағы бес жұл­дызды қонақ үйден қызым мен не­мереме бір бөлме, зайыбым екеу­­мізге жеке бір бөлме дайын­да­­тып қойыпты. Түркияда қыз­мет­пен тұрып жатқан Мәлік кеш­кі­сін үйіне қонаққа шақырды. Ке­лін де қонақжай, ақжарқын жан екен. Келелі сұхбат құрып, өте жақ­сы отырдық. Қадыр ақын ай­ту­шы еді: «Атылмаған жанартаулар қауіпті» деп. Сол рас-ау. Жайшы­лық­та көп үндей қоймайтын Мә­лік ақтарылып әңгіме айтқан сайын болмысы ашылып, бұлттан шық­қан күндей жарқырай түсті.
Ертеңінде Мәлік Анкарадағы та­рихи орындар мен көрікті жер­лерді аралатты. Бұл менің шетелге тұңғыш шығуым еді. Жетпіс бес жыл бойы қым-қуыт өмір кешіп, жол тоздырған тұяқтай жұқарған шақ­та Алла тағаланың мейірімі тү­сіп, желкен керген кемемді ай­дынға қайыра салды.
Ұлпа ауданының орталығында Тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қоладан құйылған мү­сіні бар екен. Туған елін ұлт-азат­тық көтеріліске бастап, жер-жаһанды дүр сілкіндіріп, жаңа мем­лекет құрған Ататүріктің әйгілі мұ­ражайына да бардық. Ата­түрік­тің рухына тәу етіп тұрғанда жан-дү­ниеміз жаңарып, түлеп сала бер­ді. Ертеде, жас кезімде Мәс­кеу­ге барған бір сапарымда ұзына бойы шұбатылған кезекте тұрып, Ле­нин мавзолейіне бас сұққам. Не­ге екенін қайдам, сонда «күн кө­семнің» тот басқан темірдей сар­жағал жүзінен өлік иісі шығып, со­дан қашан тысқа шыққанша ты­нысым тарылып, ақ тер, көк тер бол­ғаным есімде. Екеуі де соғыс­ты, екеуі де қан кешті. Бірақ, Ата­түрік елінің азаттығы үшін күресті. Мұражайдан ақ сәуле төгіліп тұра­тыны осыдан болса керек.
Иә, солай. Сонау 1919 жылдың 19 мамырында Самсунда елді ұлт-азат­тық көтеріліске бастаған ұлы сардардың мұражайын аралап көргенде бұған көзіміз анық жетті. Өйткені, құлдыққа жаралмаған жаужүрек елге керегі бостандық. Қаным төгілсе – төгілсін, арым тө­­­гілмесін деп шайқасқан. Ал, Пар­ламент үйінен Ататүріктің елін жар­қын болашаққа шақырған өр дауысы саңқылдап естіліп тұр­ған­дай. «Біз әкім бола аламыз. Ми­нистр де бола аламыз. Тіпті Пре­зидент те бола аламыз. Бірақ еш­­қашан өнер адамдары бола ал­маймыз. Сондықтан өнер адам­дары біздің емес, біз өнер адам­дары­ның қолынан сүйуіміз ке­рек» деген өсиеті де түрік елінің қанына сіңіп кеткен.
Заманында жарты әлемді би­ле­ген жаужүрек селжуктер бұл бай­тақ өңірді жаулап алып, Анкара қор­ғанын тұрғызған. Ақыры кел­ген соң талай тарихи шайқасты бас­тан өткерген қорғанға да бар­дық. Ішін аралап, баспалдақпен ба­сына шығып, төңірекке көз жү­гірттік.
Мәлік әзіл-қалжыңға да шебер екен. Гүлжан екеуміздің езуімізді жи­ғызбай, марқайтып тастады. Есі­ме Ғафу аға (Қайырбеков) түс­ті. Сөздің киесі қонған шешен ақын еді ғой. Жиын-тойда бас қо­са қалғанда ұтқыр сөйлеп, әзіл-қалжыңның көрігін қыздырып, өзін де, өзгені де өсіріп отырушы еді, жарықтық. Қазір ондай азамат ақын қайда?
Күн түске ауғанда Мәлік:
– Осы маңда бір ақын досым тұра­­ды. Соның үйіне барып, шөл ба­сып, аздап тынығып алайық – де­ді. Есік ашып, табалдырықтан ат­тай бере үйге емес, дүкенге кі­р­генімізді аңғарып:
– Оу, Мәлік, бізді қайда алып келдің? – дедім. Ол жауап берудің ор­нына күлді де қойды. Сол екі ор­та­да дүкен иесі де көрінді. Емен-жар­қын амандасып, төрге оздыр­ды.
Дүкеннің екінші қабатында ша­ғын асханасы бар екен. Сонда отырып, Мәліктің ақын досымен таныстық. Біздің елде, Қызылорда, Қа­рағанды облыстарында болып­ты. Дауылпаз ақын Қасым Аман­жо­ловтың үш-төрт өлеңін түрік тіліне аударған екен. Бірнеше өлең кітаптары жарық көрген ақын асхана ашып, дүкен ұстайды деп кім ойлаған. Осы сәтте көрші стол­да отырған бір бейтаныс біз­дің жанымызға келді де рұқсатсыз оты­ра кетіп, қалта телефонынан өлеңдер оқыды. Оның бұл қылығы оғаш көрінді. Танымайтын кісі­лер­дің қасына ай жоқ, шай жоқ же­тіп кеп отыра кеткені қай ба­сын­ғаны деп әдепкіде шамырқа­нып қалғанымыз рас. Соны аң­ғарған ақын Ибраһим Тер­зиоғлу:
– Бұл кісі Рагып Булут деген атақ­ты сәулетші. «Атакуле» атты бәйтеректің авторы. Жаратылысы солай. Киіп-жарып жүрмесе көңілі көншімейді. Оның үстіне қыжыл­ды өлең жазатын шайырларды жақ­сы көреді, – деді. Рагып Булут­қа ішім жылып:
– Түріктің егде тартқан кісіле­рі­нің бәрі сіз секілді ұнатқан өлең­дерін қалта телефонға жазып, өс­тіп жұртқа оқып жүре ме? – деп сұра­дым.
– Бәрі бірдей емес. Бірақ, бұл ел­дің жырсыз күні жоқ. Өлең мен өнер, білген кісіге, өмір емес пе? – деді нық сөйлеп.
Түскі үзілістен кейін Қазақстан Рес­публикасының Түркиядағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы қа­былдап, ме­кеме қызметкер­лері­мен кез­дес­ті­ріп, әдемі әдеби кеш өткізді. Жиын­ды өзі ашып:
– Сіздер жақсы білетін болар­сыз­дар, Рафаэль Ниязбек ата-ба­бадан қалған, ұлттық сөз өнері мен әдебиет дәстүрін асқан қырағы­лық­пен, кемел көрегендікпен жал­­ғастырып, поэзия әлеміне жаңа леп, тың серпіліс, соны ыр­ғақ әкелген қазақтың көрнекті ақы­ны. Жаңашылдығымен, зама­науи­лығымен ерекшеленді. Ақын қа­зақ тарихындағы от ауызды, орақ тілді батырларымыз сынды ер­кін стилі мен көркем тілі ар­қы­лы өз өлеңдерінде бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің, қоғамның ішінде белең алған рухани індеттің ең бір нәзік тұстарын көтереді. Ащы шындық пен бұлтартпас ақи­қатты айтып қана қоймай, қайта сер­пілуге, қайта оянуға шақырады. Қайсар жүректі, өр рухты ақынның қаламынан туған лирикалық және эпикалық өлеңдерімен қатар, поэ­малар мен аңыз-дастандары бір төбе. Әрбір шығармасы жаңа та­қы­рыпты, тиянақты ойды арқау ете­ді, – деді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген осы. Көңілім едәуір көтеріліп қалды.
Елші жігіт сөзге ұста екен. Арғы-бергі әде­биет­тің ірі өкілдерін саралап айта ке­ліп:
– Екі елдің әдеби, мәдени бай­ла­нысын бұрынғыдан да нығайту­ды көздеп соңғы екі жылдың кө­ле­мінде отыздан астам қазақ, түрік қаламгерлерінің кітаптарын ау­дар­тып, бастырып шығардық. Мұ­ны Қазақстан Жазушылар ода­ғына жасаған көмегіміз деп тү­сінген жөн. Бұған, әсіресе, бала ке­зінен Түркияда оқып, осы елдің ті­лін жетік меңгерген жазушы-дип­ломат Мәлік Отарбаев ай­рықша көп еңбек сіңірді. Биыл сіз­дің 75 жылдығыңыз да Түркияда той­ланып отыр. Еуразия Жазу­шы­лар қауымдастығының «Кардеш каламгер» әдеби журналының бір саны сіздің шығармаларыңызға арналды. Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының қол­дауы­мен түрік тілінде өлеңдер кі­та­быңыз жарық көрді. Өзіңіз жай­­лы жазылған еңбектерді және өлеңдеріңізді түрік тіліне аударған тағы да осы Мәлік бауырыңыз, – де­ді.
1996 жылы құрылған Түркі әле­­мі жазушылар және өнерпаздар қо­рының (TURKSAV) «Түркі әле­мі­не қызметі үшін» халықаралық сыйлығы осы жолдардың авторы­мен қатар әзірбайжандық жазушы Сона Валиева, неміс мәдениет қайраткері Мұса Сердар Челеби, ни­дерландық мәдениет қайраткері Мехмет Түтінжү, Түрік тарихшы­лары Ахмет Ташағыл, Рафик Ту­ран, әдебиеттанушы Рамазан Кор­кмаз, журналист Туран Ша­хин­­баш, «ТРТ» музыкалық телеар­на­сы, «Айла» тарихи фильміне де бе­рілген.
Анкарадан Самсунға бір сағат ұш­­тық. Одан әрі тарихи Нексир му­­­ниципалитетіне жеттік. Бізді 3-мамыр күні сағат 10-да губер­на­тор Селами Папанкал, одан соң қа­­ла мэрі Өздулек Өзжан қабыл­дады.
Сол күні ғасырдан ғасырға кө­шіп, көненің көзі болған әйгілі ме­­шіттерге барып, ұлыларға құран ба­­ғыштадық. Тарихи орындарды ара­­лап, спорттық ойындарды, кон­церт тамашалап, күнді жақсы өт­кіздік. Ертеңінде марапаттау сал­танаты басталып, сыйлық ал­ған қонақтар ретіне қарай мінберге кө­терілді. Түркі әлемі жазушылар жә­не өнерпаздар қорының пре­зи­денті Яхия Акенгинге алғыс айт­тық. Мәлік маған:
– Аға, мұндайда жаттанды сөз­дің бәсі арта қоймайды. Одан да Тү­рік елі хақында жазылған өлеңіңіз­­ді оқыңыз, – деді. Содан саң­қылдап өлең оқи жөнелгенімде, залдың іші жаңғырып кетті. Жұрт қат­ты риза болды. Одан кейін жазу­шы-дипломат Мәлік Отар­баев­­тың аудармасымен түрік тілін­де жарық көрген «Біз осындай ел­­міз» атты жыр жинағымның тұ­­сау­­кесер рәсімі өтті. Сол салта­нат­­ты жиында жұртқа тегін тара­тыл­­ған бұл кітаптың алғысөзін жаз­­ғандардың бірі – Түркі әлемі жазу­шылар және өнерпаздар қо­ры­ның президенті Яхия Акенгин:
– Түркітілдес елдер әдебие­ті­нің ірі өкілі, көрнекті ақын Ра­фаэль Ниязбек – қазіргі қазақ ақын­дарының ішіндегі айтулы есім­дердің бірі. Туыстас түркі жұр­тының маңдайына біткен ақын Мағжан Жұмабайұлы позиясы­ның, шығармашылық өмір жолы­ның жалғасы. Ақынның өлеңде­рін­де түркі халықтарының ортақ идея­сы сақталған. Біздер – түр­кі­тіл­дес мемлекеттер ұзақ және та­мыр­лас ортақ тарихымызда әр­түрлі аймақтарға бөлініп, түрлі саяси өзгерістердің жетегінде жүрдік. Бірақ соған қарамастан тү­бі­міздің бір, тіліміздің бір, ділі­міз­дің бір екенін еш уақытта ұмытқан емеспіз, – деді. Кітаптың екінші алғысөзін жазған Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуп Омароғлы:
– Көрнекті ақын Рафаэль Нияз­бектің шығармалары Қазақ­стан­да ғана емес, түркітілдес ел­дер­де де жарық көрді. Тіпті, ше­шен халқының ерлігін жырлаған мәшһүр поэмасы үшін ақын Рафаэль Ниязбек Шешенстан мем­­­лекетінің ең жоғары награ­дасына ие болды. Шешенстанның Халық батыры атанды. Бауырлас қазақ ақынының осындай мәр­те­беге жетуі біздер үшін қуаныш. Оның көптеген өлеңдері түрік ақы­ны Нихал Атсыздың туын­ды­ларымен үндеседі. Сондай-ақ ол қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, өмір-тіршілігін жырлай келе, тауы мен табиғатын, суы мен нуын шебер суреттейді. Осылайша лезде күрескер ақын образынан жүрегі нәзік лирик ақынға ауысады. Бұл қа­сиет әрбір ақынға берілмеген, – деді.
Алматыға қайтатын күн де жетті. Көңілімнің көк туын жел­бірет­кен сәттер артта қалып бара жатты. Оған бола көңілім жабыр­қай қойған жоқ. Өйткені, алда өз елімнің көктемі күтіп тұрған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір