ЕҢ МЫҚТЫ АҚЫН ЖОҒАРЫДА…

2
230 қаралды

Жанар НҰРҒАЛИ:


«Рухани дағдарысқа ұшырау дегенді тоқырау не дағдару емес, «жаңаша дамудың жолын іздеу, жаңа сатыға көтерілу» деп түсінемін. Бұл да заңдылық. Меніңше, рухани дағдарыстан шығар жол біреу. Ол – адамды сүю», – дейді Жанар.
Жанар Нұрғали – «Аппақ әлем» жыр жинағының авторы. Бүгінде ол Астанада ҚР Әділет министрлігінің Қазақстан Республикасы Заңнама институтында қызмет етеді.


– Жанар, өлеңдеріңіз замандас­та­рыңыздың жақсы бағасына ие болып жүргенімен, мүшәйралардан қаш­қақтайтын секілдісіз. Неге?
– Мен де кезінде мүшәйраларға қа­тысқам, жүлделі орындарға да ие болғам. Қазір қатыспайтын бол­ғанмын. Өйткені мүшәйралар ма­ған ұдайы науқаншылық си­патта өтетіндей көрінеді. Мысалы, қай­бір жылы Астана қаласының құр­метіне ұйымдастырылған мүш­әйраға қатысқан ақындар «Сен – менің жүрегімсің, жанымсың, айым­сың, күнімсің, Астана» деп жыр­лады. Осы мүшәйраны те­ле­дидардан көріп, тамашалап отыр­ған, өлең жазбайтын, бірақ жырды жақ­сы көретін жандардың күлге­нін көріп, ұялдым. Жалпы, бізде мүшәйралардың көбі тақырыппен шектеледі. Бәленше ақын аты­­н­дағы мүшәйраға қатысатындардың барлығы бірдей жапатармағай сол ақынның рухымен сырласып, мін­детті түрде сол ақын жайлы өлең жа­зады. Бізде бұл – шарттылық. Со­лай қалыптасып кеткен. Ар­найы тақырып бойынша өлең жазу – тапсырыс бойынша өлең жазу­мен бірдей. Ал менің кем­ші­лігім – тапсырыс бойынша өлең жаз­ғым келмейді.
Өлеңдерім басылым беттеріне жа­рияланып тұрады. Бірнеше жыр жи­нақтарына да енген.
– Аяғы не басы жоқ,
Нөлге айналдым, сенер кім?
Бетін сызып жасын-от,
Безереді келер күн, – деп күй­зелуіңіз­ге не себеп болды? Сіз үшін рухани дағдарыстан шығар жол қандай?
– Бұл – күйзелістен немесе рухани дағдарыстан туған өлең емес, өмірдегі бар мен жоқты өл­шеуден, соны сезінуден туған өлең. Бардың жоққа айналуы, жоқ­тан бардың пайда болуы сияқ­ты ұғымдарға құрылған. Бірде тү­сімде өзімнің нөлге айналып кет­кенімді көрдім. Сол түстен кейін осы өлең жазылды.
Рухани дағдарысқа ұшырау дегенді тоқырау не дағдару емес, «жаңа­ша дамудың жолын іздеу, жаңа сатыға көтерілу» деп түсіне­мін. Бұл да заңдылық.
Меніңше, рухани дағдарыстан шы­ғар жол біреу. Ол – адамды сүю. Біз, адамдар, бір-бірімізді адамша сүйе алмаймыз. Адамды сүйе ал­ма­ған Құдайды сүйе алмайды.
– «Ақын қыз-келіншектер кө­бі­не шығармашылықтан өз орында­рын тапқанымен, өмірде жалғыздық күй кешеді» деген пікірмен келісесіз бе?
– Меніңше, жалғыздық сезімі адамды қыз-келіншек деп бөлмей­ді. Қолында байлығы, басында үй-күйі, қойнында әйелі, қасында ұл-қызы бар ақын жігіттер де ке­шеді бұл сезімді. Жалпы, адамның бәрі – жалғыз. Мен де мың жал­ғыз­дың бірімін.
– Қандай жерлерде неғып жүр,
Мен секілділер дара мың?..
Тәңірімнен басқасы
Жаза алмайтұғын жарамын… – дегенім де содан.
«Жалғыздық – жалғыздың се­рі­гі», – дейді бір ақын. Десек те, өмір­де өзін жалғыз сезіну, жалпы жал­ғыздық – жан мұңы. Ол тіпті заң­дылық сияқты. Солай болуы ке­рек. Яғни, жазмыш. Адамның бәрі­нің жаны – жалғыз. Демек, адам­да жалғыздық сезімінің болуы – шарттылық. Тек соны сезетіндер мен сезбейтіндер бар.
– «Ащының қадірін татқан бі­леді, жақынның қадірін жортқан біле­ді», ал жырдың қадірін жазған біле­ді. Сіз поэзия құдіретін қанша­лық­ты сезінесіз? Ас үй мен жұмыс бөл­месінің арасында жүгіріп жүрген ақын әйелдің қан тамыры қалай со­ғады екен?
– Әркім поэзияның қадірін рухани өресі жеткенше бағалайды. Меніңше, поэзияның құдіретін сезіну өмірдің біздің қалауымызға көне бермейтін құдіретін сезінуден басталады. Ақын өмірді, адами болмысты, ақ пен қараны, бар мен жоқты ешкімге ұқсамайтын қа­сиет­пен жүрегіне сіңіреді. Сонсоң оны жалпақ жұртқа жыр түрінде ұсы­нады. Ақынның қарапайым адам­нан айырмашылығы осы шы­ғар. Ақынның ақындығы – өмір­дің өткіншілігін, ештеңенің мәң­гі­лік еместігін сезініп, жүрек кө­зі­мен, сана көзімен өзгеше көре білуін­де.
Жалпы, қай заманда да әйелдің иығындағы жауапкершілік жүгі жеңіл болмаған. Ал шығармашы­лық әлемінде жүрген қыз-келін­шектердің тыныс-тір­шілігі қара­пайым үй шаруасында­ғы әйелден екі есе ауыр. Олар ішкі жан әле­мімен бесіктің әлдиін қа­быс­тыра отырып адами тірліктен үйлесім тапқысы келеді. Бесікте іңгәлаған сәбиін тербетіп отырып жүрек кө­зіндегі моншақты жыр қып түзеді. Қазіргі күні елімізде ас үй мен қыз­мет бөлмесі арасында жү­гіріп жүрген ақын, жазушы, жур­налист қыз-келіншектер көп. Әрқайсы­сы­ның бір-біріне ұқсаң­қырамай­тын, қызық-шыжығы көп өз әлемі бар.
– «Өлең де тағдырды болжай­ды» деген түсінік қаншалықты шын­­дық­қа жанасады? Шығар­ма­шы­лы­ғыңыз­да өмір жолыңызбен үндескен жырларыңыз болды ма?
– Әр жазған өлеңінің ақын өмі­ріне тигізетін өзіндік әсері бо­ла­тыны шындық. Өйткені сөзде кие бар. «Айтылған сөз атылған оқ­пен тең» дейді халық даналығы. Осы нақылды ата-бабамыз ауыз­дан шыққан әр сөздің магниттік қуа­­ты барын сезіп, біліп айтса ке­­рек.
Жалпы оқырман сыншы ғой. Осы­дан 5-6 жыл бұрын оқырман­дар­дың бірі хабарласты. «Қайда жүр­сің?» деген өлеңіме жазылған әнді тыңдағанын, әуенінің, әсі­ре­се, сөзінің ұнағанын айтты. Әнін ай­тыскер ақын, әуесқой компози­тор Талғат Тілеулесов жазған бола­тын. «Осы әнді ұялы телефоныма жа­­зып алып, бірнеше рет тың­да­дым. Тіпті, кейде үйдегілерден жа­­­сы­рынып, оңашаға барып тың­дап, ойға батам. Тап бір өзімнің ба­­сымдағы жағдай сияқты сезін­дім. Сосын интернетті ақтарып, сіз­­дің өлеңдеріңізді тауып, оқып шық­­тым. Жалғыздық туралы көбі­рек айтылады екен. Бір өлеңіңізде:
– Көйлегін киген сан күздің
Көлеңкесі жоқ жалғызбын, – деп­­сіз. Денем тітіркеніп кетті. Оқып жыладым. Сізге өтініш, жал­ғыздық туралы жаза бер­меңіз­ші», – деді. Өзі Астанадағы мек­теп­тердің бірінде орыс тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі екен. Ме­ні бұрын-соңды білмейтін адам­­ның әлгіндей әңгімесінен соң ой­­ланып қалдым. Оқырманды, оның жүрегін аядым. Жалпы, өлең­­нің – тағдырға, тағдырдың – өлеңге айналатынын мойын­да­мау мүмкін емес.
– Жанар деген ерекше есімнің ие­сісіз. Өлеңдеріңіз де жанардан мөлт етіп түскен тамшыдай мөл­ді­реп тұрады. Дегенмен өлеңнен жа­сырып, жаныңыздың жанарына бүгіп қалатын сырлар бола ма?
– Поэзия – әйелдей жұмбақ әлем,
Сиқыр сырын түсінер тұлға да кем, – деп Фариза апамыз жырлағандай, жалпы, мен үшін өлеңнің табиғаты сан қырлы. «Сезіміңді өлеңнен жа­сырып қалу мүмкін емес, жүре­гін тербеген дүние жайлы сол сәт­те жазып тастамаған ақын – ақын емес» дейтіндер бар. Жүректегінің бәрін өлеңге төге бермеу керек дей де алмаймын. Өйткені өлең жазу­дың белгілі бір қалыптасқан өлше­мі жоқ. Әр ақын өзін толғандыр­ған­­ды айтады, жазады. Абай ата­мыз:
«Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей», – деді. Ал ақын Қасым Аманжолов «Ақынның өлеңі – өмірбаяны» де­ген. Соған қарағанда өлеңнен сыр жасыру қиын сияқты. Бірақ мүм­кін. «Әдебиет – ардың ісі» де­ген ұғымды түйсігіне шегелеген ақын­да сіз айтып отырған сыр бар жә­не болуға тиіс деп ойлаймын. Не­ге? Бізде қазір ішкі еркіндік ба­сым. Себебі, адамның көбі рухани аш, рухани жалаңаш. Ішкі жан дүниесіндегі бос кеңістікті әртүрлі нәр­семен толтырғысы келеді. Бі­реу өлең жазады, біреу сурет са­ла­ды, біреу анда-мұнда қыдырғанын айтып, көрсетіп, суретке түседі, енді біреу керемет көңіл күйінің әп-сәтте бұзылғанын айтып, әлеу­меттік желіге ақтара салады. Еш­кімнен ештеңені жасырмайтын бол­дық. Ашықтық дегеніміз осы болса керек. Жарнама, шоу тірлік үрдіске айналды. Ақындардың да өмірі әртістердің өміріндей шоуға айналып бара жатқандай көрінеді. Әйтеуір, құр жер басып жүрмеге­нін, өзінің «менін» дәлелдеп бағу­ға деген жанталас өмір. Ал өмірдің өзі тұрған өлең. Ақын Мейірхан ағамыз (Ақдәулетұлы) бір сұқба­тын­да: «Таяқ лақтырсаң, ақынға тие­ді», – депті. Бәлкім, сіз «Құнан­бай баласы «өлеңге де әркімнің бар таласы» деген» дерсіз. Бірақ Мейір­хан ағайым әлгі сөзді ақын көп болғанымен, жүрегін қозғай­тын өлеңді жиі кездестіре бермеген соң айтты.
Соңғы жылдары жастардың кө­бі көк көрпенің астындағы екеу­дің тірлігін ашық түрде махаббат жырларына қосып жүр. Бәлкім, батылдық, өлеңнен ештеңені жа­сыр­мау дегеніміз осы шығар. Ал ме­нің жақын құрбым, өзін-өзі жар­намалауды сүймейтін ақтө­бе­лік ақын Индира Өтеміс бір сұқ­ба­тында әдебиетте махаббатты дәріп­тей бермеу керектігі жайлы ой­ды алға тартады. Құптарлық ой дер едім.
– «Нағыз өлең – ұлттың кітап бе­тінде буы бұрқырап, дүк-дүк соғып жатқан жүрегі» деген марқұм Ма­рат Қабанбай ағамыздың сөзі кез келген ақынды алға ұмтылдырар қағида сынды. Оқырман көзімен қарағанда сіз үшін нағыз ақын кім?
– Әр айтылған сөз – адам­ның арының, ұятының өлшемін көр­се­теді. Меніңше, өлең де солай. Осы­дан біраз жыл бұрын былай деп жазыппын: «Кейде мен жаным құ­лазып Сөзді іздеймін. Оның ба­рын сезгің, сезінгің келеді. Әлем­нің онсыз құны көк тиын, мәні жоқ екенін ұғам. Қиюы қашқан әлем­нен Сөзді Құнанбай баласы­ның ғана тәңірілік тұрғыда сезін­ге­нін, Шәкәрімнің ғана сопылық кемелдікке қол жеткізгенін еске ап жұбанам. Ондайда «бас-басына би болған өңкей қиқым» тірліктің ойы­ны әдірем қалсын деймін. Әй­теуір, бізден өткен ұлылар биік­тетіп кеткен Сөздің аса қуатты құ­ді­ретінің, адами өміршең мән-мағыналардың өлмейтініне сенем. Соған қуанам.
«Мына жарық дүниеде ештеңе – мәңгілік емес. Тек ештеңе – мәң­гілік», – дейді бір көкем. Сөз ше? Әуелде Сөз болғаны рас. Сөз – Құдай. Алланың қасиетті кіта­бы­нан ақылды Сөз айту мүмкін емес». Иә, ең мықты ақын жоғары­да…

Сұхбаттасқан
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

2 Пікір

  1. Қазіргі заманда санаулы ғана жастар сөз қадірін түсінер. Нағыз сөздің қадірін бағалайтындар азайған заманда ойландырардай сұқбат екен. Сөздің киелі екенін көп замандастарымыз ұмытқалы қашан!» Сөз -Құдай» деп тереңге қарай жетектеу -сөздің қадірін терең түсінетін ақынға тән қасиет! Әмәнда, осы қасиетіңнен айрылмағайсың, Жанар!

  2. Қазіргі заманда санаулы ғана жастар сөз қадірін түсінер. Нағыз сөздің қадірін бағалайтындар азайған заманда ойландырардай сұқбат екен. Сөздің киелі екенін көп замандастарымыз ұмытқалы қашан!» Сөз -Құдай» деп тереңге қарай жетектеу -сөздің қадірін терең түсінетін ақынға тән қасиет! Әмәнда, осы қасиетіңнен айрылмағайсың, Жанар!

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.