ОРНЫ БӨЛЕК ОРЕКЕҢ

0
42 қаралды
Оразбек Сәр­сен­баев

Тіршілікте Орекеңмен жақсы қарым-қатынаста болып, өмірінің соңына дейін жолығысып, сыр бөлісіп тұрдық. Арамызда жасырын ештеңе жоқ тәрізді, бірден ашылып, сөйлесіп кететінбіз. Оның себебі де бар. Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология факультетінің тіл-әдебиетінде ол, журналистика бөлімінде мен оқыдым. Ол менен бір жыл бұрын бітіріп, Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы туған ауылына барып, мектепте қазақ әдебиетінен сабақ берді. Денсаулығы сыр беріп, туған жердің топырағынан, ағайын-туыс, әке-шешенің мейірімінен ем іздесе керек. Алматыға бір-екі жылдан соң оралғанда қайта табысып, жазушылар қауымының бел ортасында ұзақ жылдар қатар жүрдік. Қызмет атқарған редакцияларымыз да бір, таныстарымыз да, достарымыз да ортақ. Тіпті, кейін екі отбасы бір пәтерде бес жыл тұрдық. Орекеңнің қай шығармасы қай жылы жазылып, қашан жарық көргені, әдеби сында қалай бағаланғаны, ол туралы кім не дегені, бәрі белгілі.

1965 жылы қазіргі «Жас Алаш» га­зетіне келіп, Мәдениет бөлімінің мең­герушісі болып жүргенімде Оре­кең ауылынан оралып, осы ре­дак­ция­ның Әдебиет бөлімін басқарды.
Бірер жыл бұрын «Лениншіл жас­тың» тұтас бір бетіне Оразбек Сәр­сен­баевтың «1961 жыл» деген поэ­ма­сы жарияланып, елді бір дүрліктірген. Сол жылдары «Одақтық әдебиетте абстракционизмге қарсы күрес» де­ген қызу науқан басталып, Е.Евту­шен­ко, А.Вознесенский, Р.Рож­дественс­кий секілді жаңашыл, жақсы ақындар Орталық партия Коми­те­тінің бірінші хатшысы Н.С.Хрущев­тың сынына ұшырады. Ол науқанның дүр­мегі Қазақстанға да жетіп, әдеби-саяси ортада абстракционизм көрі­ністері ізделе бастағанда Оразбек Сар­сенбаевтың «1961 жыл» поэмасы та­была кетіп, үлкен дау-дамайдың та­қырыбына айналып, әділетсіз сынға ұшырады. Бұндай сынға Ораз­бектің жерлесі, досы, сол кезде елге танылған ақын Жүсіп Қыдыровтың өлең­дері де ілікті. Бірақ Оразбек «жаңылдым» демеді. Өз дегенінде тұрып, сынға төтеп беріп, түк бол­ма­ғандай, миығынан күліп, әдеби орта­да өз орнын тапты. Оразбек Сәрсен­баев­тың атағы содан бастап бір тө­мендемеді.
Ол бұдан кейін біржола прозаға ойы­сып, көркем әңгіменің шебері ре­тінде көбірек танылды. Кейіп­кер­лері – өз ауылының қарапайым адам­дары. Солардың мінез-әрекеттері, сезім құбылыстары, тіршілік-тынысы боямасыз, қаз-қалпында қағазға тү­сіп, кітапқа айналды. Өмірдің нақ өзін­дей дегізетін көркемдік қуатқа ие бо­лып, жазушыны әдебиеттің орта буы­нының алдыңғы тобына шығар­ды. Әдеби сында ол енді мақтау естіді.
«Лениншіл жаста» бір кабинетте оты­рып, столдарымыз жалғасып, бір телефонға иелік етіп, редакцияның бітпейтін қарбаласын бастан кешіп жүріп, тіпті етене болып кеттік. Жұ­мысқа ерте келіп, кеш қайтамыз. Об­лыстарға сапарға шығып, ел-жер жө­нінде мақала жазуға кірісіп, бір-бірі­мізбен шығармашылық жарысқа түс­кендей боламыз.
Редакцияда кілең отызға толар-толмас жастар істейді. Бәріміз де бел­сендіміз, көп білетін, жақсы жаза­тын тәріздіміз. Редакторымыз Шер­хан Мұртаза бәріміздің көрінуімізге ерік беріп, беттен қақпайды. Ұрсып-жеку жоқ. Көтермелеп, жазуға ынта­ландыра түсетін қасиетін еріксіз мойын­дайсың. Кезекті санды талқы­лайтын лездемеде жұртты мұқият тыңдап алып, соңында бірін-бірі сы­нағандардың сөздерін теріске шығармай, дұрыс дегенін атап көр­сетіп, көңілден шығатындай етіп қо­рытындылайтынын қайтерсің. Бұл – біз үшін өнеге тәрізді ұғылатын. Кейіндері «Бәріміз де Шерханның шекпенінен шықтық» дейтінбіз.
Ол кезде бас-басына жеке ка­би­нет қайда? Қазіргі Абылай хан даң­ғылы мен Жібек жолы көшесінің қиы­лысындағы үш қабатты үйдің үшін­ші қабатында «Лениншіл жас» редакциясының аядай тар үш-төрт кабинетінде бөлім қызметкерлері стол­дарды түйістіріп, бір телефонға жар­масып отыратын еді. Әдебиет бө­лімі болған соң ақын-жазушылар кө­біне Оразбекті іздеп келеді. Әр­қай­сысының айтар әңгімесі, азды-көпті ата­ғы бар. Шығармасының газетке шық­қанын қалайды. Бәрі бірдей ж­арамды болса жақсы ғой. Қайтарып бер­се көңіл қалады. Кейбірі келіспей, дауыс көтере бастайды. «Енді қайтер екен?» деп, біз Оразбекті бақылай­мыз. Мұндайда Оразбек табиғатына біт­кен салмақты мінезімен қыз­ба­лыққа салынбай, екі қолын столдың үсті­не қойып, автордың бетіне тіке қа­рап, жұмсақ, жағымды үнмен шы­ғар­маның кемшілігін дәлелдеп бе­реді.
Тіл табысқанына автор да, Ораз­бек те риза. Қызық көргендей екеуара әңгімеге құлақ түріп отырған біздер де алдымыздағы қағазымызға үңіле­міз. Келімді-кетімді адамдардан ка­би­нет бір босамайды. Бар әңгіме біз­дің көз алдымызда өтеді. Ортадағы жал­ғыз телефонның дамылсыз шыл­дырына, түрлі дауыстарға құлақ үй­ренген. Селт етпей, у-шуды елемей жұ­мысыңды жалғастыра бересің. Ке­лесі санға қажет материалдарды дайындау кезек күттірмейді. Қайт­кенде үлгеруің керек.
Бір орында тапжылмай көп отыр­ғанға шыдамы жетпегендей Оразбек тұрып кетіп, кабинеттен шығады да дәлізде ерсілі-қарсылы жүріп, қайта оралады. Содан ауылында болған бір қызық оқиғаны есіне түсіріп, әде­мі­леп баяндай бастайды. Алаңдатып, жұмыстарына бөгет болдым-ау деп қысылатын түрі жоқ. «Осынікі жөн сияқты», – деп бұл қылығын біз де ұна­тып, ұнамды әңгімесін еріксіз тың­дап, бір сергіп қаламыз. Ерік бер­се Оразбек әңгімесінің түбі жоқ тә­різді. Бірді бірге жалғап, қызық­тырып, баурай түседі. Әттең, оны тыңдай беруге уақыт жоқ. Осыны тү­сіне ме, «Мен қойдым» дегендей отыр­ғандарды бір шолып өтіп, қа­ламын қолына алып, қайтадан жұ­мысына кіріседі. Кабинеттегі жасы үл­кені өзі екенін сезбейді емес. Үл­кендігін әр жайдан аңғартып, әдептен озбайды. Ұстанымы – берік.
Екі жыл істегеннен кейін қызулы, көңіл­ді орта – «Лениншіл жас» газе­ті­мен қоштасуыма тура келді. «Қазақ әде­биеті» газетінің Бас редакторы Нығ­мет Ғабдуллин қызметке шақы­рып, көңілім әдеби ортаға қарай ауды. Содан бес жылдай осы газеттің Әде­биет және өнер бөлімінің меңге­ру­шісі болып, Сәкен Жүнісов, Ғаббас Қабышев, Қоғабай Сәрсекеев сияқты белгілі жазушылармен бір редакцияда қызмет атқардым. Оразбек те көп ұзамай «Жұлдыз» журналына ауысып, проза бөлімін басқарды. Тағы да бір­геміз. Күнде кездесіп, әңгімелесіп жү­реміз. «Қазақ әдебиеті» де, «Жұл­дыз» да Қазақстан Жазушылар ода­ғының үшінші қабатында. Бір дә­ліздің бойында, кабинеттері қа­­­р­ама-қарсы орналасқан еді. Осыдан кейін Ораз­бек екеуміздің отбасылық қарым-қа­ты­насымыз басталып, ұзақ жылдарға созыл­ды.
Жаңадан үйленген кезіміз ғой. Ба­сымызда баспана жоқ. Қаланың әр түкпірінен іздеп жүріп, біреулердің жалдамалы пәтерінде тұрамыз. Үй иесі «Иемденіп кетеді» деп қорқа ма, әй­теуір көп тұрғызбайды. Сылтау тауып, кетірудің амалын іздейді. Бала-шағамен көшіп-қонып жүр­генде коммуналдық пәтерге қол жет­кізу – ол да бір арман ғой. Қызмет ор­­нында тізімге жазылып пәтердің ке­зегін күтесің. Ол кезде өз қаржыңа коммуналдық пәтер сатып алу, кейін оны жекешелендіру деген жоқ. Кейде күнің жалдамалы үй іздеумен өтеді.
Сөйтіп жүргенде Алматы қалалық ат­қару комитетінен қаланың күн­ба­тыс шетіндегі жаңадан салынған ша­ғын ауданнан Жазушылар одағына екі-үш бөлмелі, бір төрт бөлмелі пәтер беріліп, «Кімдерге тиесілі» деп, бөліс басталды. Үш бөлмелі пәтердің біреуі марқұм Төлеген Айбергеновтің бес баласы мен әйелі Үрнисаға беріл­ді. Бұл шешім еш талас туғызған жоқ. Екінші үш бөлмелі пәтер менің енші­ме жазылып еді, бірақ тиесілі шаршы метрлерге жан саны жетпей, маған берілмеді. «Жұлдыз» журналының про­за бөлімінде істейтін жазушы Со­фы Сматаевқа бұйырды. Менің қо­лымда алпыстан асқан анам мен үшке тол­маған ұлым Мұрат бар. Әйелім Кла­ра сол жылы ҚазҰУ-дің фило­логия факультетін бітіріп, ҚазПИ-дің кітапханасына орналасты. Төрт бөл­мелі пәтердің екі бөлмесі бізге бері­летін болды. Бармасқа амал жоқ. Ен­дігі пәтердің қашан тиетіні бел­гісіз. Бос тұрған екі бөлмеге Оразбек­тің отбасы келді. Оразбектің қолында үшке толмаған Сабыр деген тұңғыш ұлы, Ауыл шаруашылығы инсти­тутын­да оқитын туған қарындасы Есен­күл бар. Әйелі Шара сауда са­ласында істейді екен.
Міне, осылайша төрт бөлмелі пә­терде екі отбасы бірігіп тұра бас­тадық. Төрт комфорлы газ плитасы бар ас үй, жүріп-тұратын дәліз ортақ. Бір тәуірі, төрт бөлменің де есігі дә­лізге шығады. «Бір, екі жыл шыдап, кейін жеке-жеке пәтер алып, бө­ліне­тін шығармыз» деп үміттенумен бол­дық. Үмітіміз бес жылға созылды. Осы пәтерде Оразбектің Гүлнәз, Бауыр­жан деген қызы мен ұлы, менің Ме­руерт деген қызым дүниеге келді. Ба­лалардың алды әлі мектепке барған жоқ. Балабақшаға да бармайды. Бұ­ған қоса ауылдан Оразбектің Әбіл­қасым деген інісі келіп, Көркемсурет училищесіне оқуға түсті. Исабек де­ген інісі де институтта оқитын болды. Еке­уі де бізбен бірге тұрып жатты. Әй­теуір, бір топ жанбыз. Үзілмейтін, ке­лімді-кетімді қонақтар, қыдырып келе­тін алыс-жақын ағайын-туыстар сы­ғылысып, бірге жатып тұрады. «Қо­нақ үйге барайық» деген ойлары жоқ.
Таңды атырып, күнді батырып, осылайша ың-шыңсыз, сыйластық пен сыпайылық әдебін сақтап, дербес қалпымызды бұзбай, отбасының ішкі тәртібіне араласпай тұрып жаттық. Әрине, оңай емес, жүйкеге салмақ түседі, іштен тынасың. Оразбектің қақ-соқпен жұмысы жоқ, өзімен-өзі. Шараның мінезі ақжарқын, ашық. Кларамен екеуі тамаша үйлесіп, жа­растық тапты. Бірге туғандай болып, асүйдегі шыны-аяқтың сылдырын сездірмей, барымен бөлісті. «Көңіл сый­са, бәрі сияды» деген рас екен. Ұрыс-керіссіз күн кештік десек, ар­тық айтқандық емес.
Осындай жағдайда жазу да жа­за­мыз. Екеуміз де Жазушылар одағына мү­шелікке қабылдандық. Бір-екі кіта­бымыз жарық көрді. Оразбек жаз­ғы демалысында Қызылордаға ке­тіп, бар уақытын әке-шешесінің жа­нында, ауылдағы ағайын-туыс­тарының, бірге оқып, бірге өскен дос­тарының ортасында өткізеді. Шы­ғармаларын көбіне-көп ауы­лын­да жазады. Ойдан шығарыл­мағаны, өмірден алынғаны, сөз кестесі мен сөйлеу мәнері ауыл адамына тән екені әр жайдан аңғарылып тұрады. Оразбектің ауылдастары туралы ай­татын әңгімелерін қызығып тың­дап, солардың жанды бейнелерін көз алдыңа келтіресің. Өзі дихан­шының баласы екенін мақтаныш етеді. Сәр­сенбай көкесі қауын өсірудің шебері болса керек. «Көкемнің қауыны-ай!» – деп тамсанып, сағынышпен айта­тын еді. Әкесінің інісі – Ахат көкесін де жиі еске алатын.
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбы­рай Жақаев күріштен әлемдік ре­корд орнатып, атағы шыққанмен бы­лайғы өмірде тым қарапайым бо­лыпты. Оразбектің көкесі – Сәрсен­бай ақсақалмен тамыр-таныс, ауыл арасы жақын, шаруа жайында кез­десіп, әңгімелесіп жүріпті. Оразбектің «Ыбырай түбегі» деген хикаяты – сол та­ныстық-білістіктің нәтижесінде ту­ған нанымды дүние.
Оразбек Мұстафа Шоқай жөнін­де де көп әңгіме білетін, көп деректер мен көзкөргендердің естеліктерін келтіріп, беріліп айтатын. Мұстафа Шоқай да Шиелі ауданының тумасы, Оразбектің жерлесі.
Шиеліде тумаса да біраз жыл Шие­лі жерін мекен еткен Нартай Бе­кежанов туралы да Оразбектің ай­татын әңгімесі көп болатын. Нар­тайдың термелерін домбырамен жа­нын салып, нақышына келтіріп айт­қанда арқасы қозып, бір жасап қа­латын. Көзі көрген, өнерін таны­ған, даусы құлағында қалған адам көңілінің құбылысын аңғартады. Өзінің «Шамшырақ» деген рома­нында осы Нартайдың өмір жолын, өнерін, еліне сіңірген еңбегін жан-жақты баяндады. Осы кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғын иеленді.
1974 жылы Орталық Комитеттің «Дәуір» баспасы бес қабатты үйді са­лып бітіріп, пәтерлері түгелдей га­зет-журнал мен баспахана қыз­меткер­леріне берілетін болды. Мен бұл кезде «Жұлдыз» журналының Жауап­ты хатшысы, Оразбек «Қазақ әде­бие­ті» газетінің бөлім меңгерушісі. Жаңа үйден екеумізге де үш бөлмелі пәтер тиіп, бірге көшіп келіп, ол бірінші, мен үшінші қабатқа орнығып, тағы да бір үйде, бір подъезде көрші болып тұрып жаттық. Балаларымыз алғаш осы жерде мектепке барды. Мұнда қарым-қатынасымыз үзілген жоқ.
Қызмет жөнінен Оразбектің бағы жанып, дәрежесі өсіп, жоғарылай берді. Әйелі «Жазушы» баспасында Бас редактор болды. Одан кейін «Өнер» баспасына директор болып бар­ды. 1996 жылы «Қайнар» баспа­сына директор болып, осы қызметті өмірінің соңына дейін абыроймен атқарды.
Оразбек Сәрсенбаев қызметкер­леріне дауыс көтермейтін, әркімнің пікірімен санасатын іскер, әділ бас­шы ретінде есте қалды. Баспа ісін тәп-тәуір меңгеріп, нарықтық эконо­мика жағдайында кіріс пен шығысты есептеп, үйлестіріп отыратындай біл­гірлік танытты.
Өле-өлгенше қаламын қару етіп, жиыр­маға жуық кітап шығарды. 2000 жылы «Шеңбер» романы үшін Мем­лекеттік сыйлықты иеленді. Таби­ға­тында діндар, құдайшыл адам бола­тын. Бес уақыт намаз оқыды. Дін жө­нін­де едәуір сауатты еді. Баспалар­да басшылық қызметте отырған кезінде «Құран Кәрім», «Мұхаммед пай­ғамбарымыздың хадистері», «Қа­сиетті дұғалар», «Адал мен арам», «Мұхтасар», тағы басқа ондаған кітап­ты қазақшаға аударуға түрткі бо­лып, тікелей араласты. Өзі де аудармашы ретінде әр жылдарда В.Короленко, В.Иванов, Ф.Абрамов, Ф.Искандер сияқты белгілі жазу­шылардың әңгімелерін қазақшаға аударды. Ол ақырын жүріп анық басатын, менмендігі жоқ, тындырым­ды, тиянақты адам еді. Көп сөзді ұнатпайтын, пәле-жаладан аулақ, тәу­бешіл, тақуа болатын.
Өмірінің соңында ауырып, ау­рухананың Жан сақтау бөлімінде жатқан кезінде рұқсат етілмесе де, ре­тін тауып палатаға кіріп, жайлап басып жанына бардым. Ажал аузында жатқан адамдарды көргенде үрейің ұшады… Шалқасынан сұлқ түсіп жатқан Оразбектің қолын ұстап, ақырын ғана өз атымды атадым. Селт етпеді. Тіршілік белгісі сезілмеді. Көңілім құлазып, қош айтысқандай болып, соңғы рет бетіне үңіліп қара­дым да шығып кеттім. Сыртта қа­мы­ғып, қызы Гүлнәз жүр екен… Екі-үш сағаттан кейін Оразбек дүние салды деген суық хабарды естідік…
Қазақтың аяулы азаматы едің. Қай­ран Оразбек… Бір көрінсең қай­тер еді.

Ахат ЖАҚСЫБАЕВ,
жазушы

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.