ӘДЕБИЕТ – ақын-жазушылардың «аралы»
17.08.2018
1500
0

Туысқан өзбек халқымен кейінгі бір-екі жылдың ауқымында геосаяси һәм геоэкономикалық кеңістіктегі қарым-қатынасымыздың қарқынды дамып келе жатқанын екпін түсіре айтқанымыз жөн шығар. Ал, әдеби-мәдени біртұтастығымыз әзелден үзілген емес. Екі ел арасындағы ақжарқын жүздесулер осы күндері рухани әлемімізде жарасымды жалғасын табуда. Міне, биыл Қазақстанда Өзбекстан жылы, Өзбекстанда Президент Шавкат Мирзиеев мырзаның жарлығымен Абай жылы жарияланды. Жуырда Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент шаһарында «Өзбектің классикалық және қазіргі заман әдебиетін халықаралық деңгейде үйрену және насихаттаудың көкейкесті мәселелері» тақырыбында Халықаралық конференция өтті. Конференцияға әлемнің 25 елінен ақын-жазушылар келіп қатысқан. Ендігі әңгімемізді сол шара турасында өрбітеміз.


Биыл Өзбекстанда Абай жылы өтіп жатыр. Абай атында Ташкентте көше және Абайдың ескерткіші, ал, аудан орталықтарында мектептер бар.

«Конфренцияға қатысу­шы­ларға Президент Мирзиеев құт­тықтау хат жолдап, «Өзбек әде­биетінің шет­елдік доста­ры­на» ыстық ықы­ласын білдірді» деп жазады Өз­бекстандағы «Нұрлы Жол» га­зеті.
Кең ауқымдағы әдеби бас­қо­­суға жиылған қонақтар кон­фе­ренцияның жоғары деңгейде өт­кеніне орай былай деп жылы ле­біздерін білдіріпті:
«Мен Науаидың «Мухокамат улу­ғатайн», «Мезен ул-авзон» шы­­­­ғармаларына пікірлер жаз­ған­мын. Оның нақыл сөздерін, хат­­тарын жинап, парсы тіліне ау­дарғанмын. Бұл конференция әде­биет өкілдері­нің ерекше шы­ғар­машылық диало­гына айнал­ды». (Ху­сайин Мухам­мад­зода Сидиғ, Те­герен педа­го­гоикалық уни­вер­ститетінің профессоры, науаи­тан­ушы).
«Шолпанның «Күн мен түн» ро­­манын ағылшын тіліне аудар­дым. Қазірде кейбір өзбек қалам­герлері­нің шығармаларын тәр­жі­малау­дамын. Ал конфренцияға кел­сек, ол өте қызықты шығар­ма­­шылық рух­та өтті». (Крис­тофер Форт, АҚШ-тың Ми­чи­ган уни­вер­стите­тінің ас­пи­ранты).
«Бұл шара өзбек әдебиетінің түр­­лі бағыттарында зерттеу­лер жүр­гізіп жатқан ғалым­дар­мен, өз­бек жазушы және ақын­дары­мен пікір алысуға мүмкіндік берді. Мен қазір Абдурауф Фит­рат, Мах­мудхужа Бехбуди шы­ғар­­ма­ларын жапон тіліне ау­дарудамын». (Хисао Коматсу, То­кио шет тілдер универ­ситеті­нің профессоры).
Конференция барысында Қа­­зақ­стан Жазушылар одағы Бас­­қар­масының төрағасы, ақын, ҚР Мемлекеттік сый­лы­ғының лау­реаты Ұлықбек Ес­дәулет алға­ш­қылардың бірі бо­лып сөз алды.
– Сонау 1995 жылы Пәк­стан­­да өт­кен интеллектуалдар сим­по­­зиумында кездесіп, сұх­бат­тас­­қан­да Расул Ғамзатовтың бір сөзі жадымда қалып қойды: «Менің авар тілім – мұхиттағы Робинзон Крузоның кішкентай аралы сияқ­ты. Су жұтып қой­масын деп оның тағдырына алаң­­даймын. Сендердің түркі тіл­дерің – ұлы тіл, ондай қор­қыныштарың жоқ», – деді ол. Ра­сул Ғамзатов өзінің поэ­зия­сы арқылы ұлтының «кіш­кен­тай аралын» үлкен кон­ти­нит­термен теңестіріп кетті. Оны да, біздің Науаиымыз бен Абайы­мыз­ды да әлемге таныт­қан тәр­жіма өнері.
Біз әлмисақтан адамзаттық ант­ропоген дәуіріндеміз, жаһан­­дануымен жағаласа жү­ріп, төр­тінші индустриялық ре­­­волю­ция­ның табалдырығы­нан аттап кір­дік.
Қазақстан Жазушылар ода­ғы Басқармасының төрағасы осын­дай глобалды мәселелерді қам­тыған ойын:
– Әлемде тұрақты ештеңе жоқ деп қарауға болмайды, біз­дің туыс­қандығымыз бен дос­ты­ғ­ы­мыз, ортақ ұлттық әдебие­ті­міз бен тарихымыз, бір-бі­­рі­­міз­ге де­ген сеніміміз ең тұ­­рақ­­ты қазына­мыз болып қа­лады, – деп қор­тын­­дылады.
Конференция аяқталған соң Қа­зақстан Жазушылар ода­ғы мен Өз­бекстан Жазу­шы­лар одағы 8 бап­тан тұратын ме­морандумға қол қойды. Ме­морандум қазақ-өзбек қа­лам­герлерінің шығар­ма­шылық бай­ланысын қамтамасыз етіп, екі ел арасындағы барыс-ке­ліс пен алқалы жиындар өткізіп тұру­­ды көздеген құжат болып та­былады.

Конференция қонақтары Ташкенттегі Жазушылар саябағын аралап, заманауи үлгіде бой көтерген Жазушылар одағының ғимаратында болды. Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы сәуірдің 18-інде ӨР Президенті Ш. Мирзиеев Ә. Науаи атындағы Ұлттық саябақта өзбектің әйгілі ақын, жазушыларына арналған аллея ашу жөніндегі бұйрыққа қол қойған еді.


Біле жүріңіз, өзбек тілінде:

Абай өлеңдері өзбек тіліне 1920 жылдан аударыла бастады.
«Инқилаб» («Революция») жур­­налында (1922, N2 3) «Адам­­ның кейбір кездері» ға­зелі жарық көрді.
«Таңдамалы» өлеңдер жи­нағы үш рет 1925, 1961, 1970 жыл­дары жа­­­рияланды. Қара­сөз­дері 1975 жы­лы жеке кітап бо­лып басылды.
Өзбек шайыры Міртөмір «Абай ата» деген арнау өлең жаз­­ды.
Ақынның туғанына 100, 125 жыл толғанын Ташкентте сал­та­­натпен атап өтті. Респуб­ли­ка­лық баспасөзде мерекелік ма­қалалар, зерттеу-очерктер жа­рияланды.
«Абай жолы» романы 1950-1960 жылдары өзбек тілінде Зұм­­рад­тың аудармасымен ба­сылып шық­ты, «Абай» тра­ге­дия­сы Иззат Сұлтанның тәржі­масымен сахна­да қойылды.
Мағжан Жұмабаевтың өз­бек ті­ліне аударылған «Тан­лан­ган асар­лар» атты таңдамалы шығар­ма­лар жинағы жарық көрді.

Қазақ тілінде:

ХІХ ғасырда-ақ өзбектің әй­­гілі шайырларының дастан­дары қазақ даласында кеңінен тарал­ды. Өзбек жазушысы Пі­рімқұл Қа­дыровтың «Жұл­дыз­ды түн­дер», Саид Ахмадтың «Көк­жиек» ро­мандары әде­биетші ғалым Не­мат Келім­бетовтың аудар­ма­сымен қазақ тілінде жарық көрді. Қа­зақ аудармашысы Ә.Саты­бал­диев өзбек қаламгерлері Ш.Ра­ши­довтың «Дауылдан да күшті», «Каш­мир жыры», А.Қаххардың «Қыш­тақ», Ф.Насыровтың «Жү­­рек өмірі» атты шығар­мала­рын қа­зақ тілінде еркін сөйлетті. Не­сіпбек Айтұлы Әлішер Науаи­дың «Ескендір қор­ғаны» дастанын аударып, қа­зақ оқырмандарымен та­ныстырған болатын. Қазір ақын Н.Айтұлы Әлішер Науаи­дың «Ләйлі-Мәжнүн» дас­танын аударып бітіп, баспаға ұсынып қойды.
Сондай-ақ, «Қазақ-өзбек қа­­лам­герлерінің альманахын» шы­ғ­ару ісі қолға алынды. Қазақ қа­ламгерлерінің ішінен 15 ав­тор­дың шығармасы іріктеліп, Өзбекстан Жазушылар одағына аударуға бе­рілді. Тиісінше, өзбек қалам­гер­лерінің ішінен 15 автордың шы­ғармасы қазақшаға аударылып жатыр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір