ӘЙЕЛДІҢ ЖҰМБАҚ ӘЛЕМІ: ШОЛПАН мен ЭММА
17.08.2018
5519
0

 

 

 

 

 

 

М.Әуезов айтқан Мағжанның еуропашылдығы аса жар­қын көрінетін шығармасы – «Шолпанның күнәсі». Бұл әңгімеде таңқаларлығы – ХХ ғасырдағы Еуропа әде­биетіне тән психологиялық үрдістің терең, әрі асқан шебер­лік­пен көрінуі. Еуропа бұл үрдіске қоғамдық және әдеби да­мудың бірнеше ғасырын, түрлі формаларын салып жет­се, Мағжан қазақ прозасының жаңа туған кезеңінде-ақ игер­ді. Бұл әңгіме әйел тақырыбын ұлттық таным мен болмыс тұр­ғысынан сипаттай отырып, әлем әдебиетінің шеберлері Л.Толстой, О.Бальзак, Г.Флоберден гөрі тереңге тартады. Әлем әдебиетінде әйел опасыздығы арқау болған шығар­ма­лар өте көп. Олардың ішінде тереңдігімен, шы­найы­лығымен ерекшеленетін француз классигі Г.Флобердің «Бо­вари ханым» атты кесек туындысының жанынан әйел тағ­дырын баян ететін М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әң­гімесі де орын алады. Әдебиетте әйел опасыздығы от­басы шеңберінен шығып, белгілі бір қоғам заңдылығына қар­сы әйелдің бас көтеруі ретінде бейнеленіп келеді. 


Мағжан осы әңгімені жазған кез­де қазақ әдебиетінде әйел тақы­рыбы, әйел теңдігі өзекті мәселеге айналған-ды. С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», М.Дулатовтың «Ба­қыт­сыз Жамал» атты роман­да­рын­да, басқа да қаламгерлердің шығар­ма­ларында сүймеген адамға зор­лық­пен қосылып жатқан жас қыз­дардың трагедиясы көп баян етілді. ХХ ғасыр басында әйел теңдігінің жалпы­ұлт­тық деңгейде көтерілуінің мәні ұлт бостандығының бір сипаты ретінде танылуында болды. Ескіліктің тырнағында қалып жараланған жастардың махаббат еркіндігі ұлт болашағы үшін маңызды еді. Осыны сезінген талантты қаламгер­лер­дің барлығы дерлік бұл та­қы­рып­тан тыс қала алмады. Әйелдер тақырыбы Г.Флобер өмір сүрген кезеңде де аса кең тарады. О.Ба­ль­зак, Г.Мопассан, Ж.Санд, Стен­да­ль­дің романдарында француз әйелдерінің қаншама галереясы жасалды. «Әйел туралы жазу – өмір туралы жазу» деген пікір осы кезең­де туындаса керек. ХVIII ғасыр – әйелдердің азаматтық санасы оя­нып, оқу мен білімге ұмтылып, бас көтеріп, еңсе түзей бастаған дәуір еді.
Бұл тақырыпқа Мағжан өзіндік таным мен шеберлік тұрғысынан келді. Өзінің тереңдік деңгейіне сай бұл проблеманы «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде беріден емес, арыдан, түбінен қозғайды. Әңгіме кейіпкері Шолпанды өз заманын­да­ғы теңіне қосыла алмаған мұң­лық­тардан өзгеше етіп көрсетеді. Шолпан өз тағдырына өзі ие бол­ған, бақыттан басы айналып, оны тіпті баладан да қызғанған жан ретінде көрінеді. «Мал орнына са­ты­лып, жаны сүймеген жанға жар болатын қазақтың сансыз қызда­ры­ның ішінен әлдеқалай өзінің сүй­геніне тиген Шолпан…». Автор кейіп­кер махаббатының қуатын жарының мән бермей айта салған: «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген сөзі жүрек соғысы мен өмір ағысын мүлдем кері айналды­рып жібергенімен нақ әрі қысқа жеткізеді.
«Бір өмір үшін емес, екі өмір үш­ін» сүйген жарына опасыздық еткен Шолпан өзі үшін емес, екеуі үшін шешім шығарды. Бір-біріне ғашық болған адамдар арасында сыр болмауы керек қой. Оқырманда Шолпан да жаны қалап бас қосқан жарымен ашық сөйлесіп, басқаша шешім қабылдауына да болар еді ғой деген ой тууы мүмкін. Бұл, әри­не, қазіргі қоғам түсінігі тұрғысынан айтылған пікір. Ол кезде әйел бедеу болса, оның жаны мен жүрегіне кім қарапты? Ұрпақсыз өтпеу керек деп қоғам, одан қалса еркектің өзі көп ұзамай, басқа әйелмен отасып ба­қы­тын табады, бедеу әйелмен кім санасыпты? Ал, еркек белсіз болса ше, әйел ана болу бақытын тәрк етіп, еркектің көлеңкесіне айналып, өмірін оның қас-қабағына қараумен өткізу керек. Бұл – Шолпан қоға­мы­ның жазылмаған заңы. Мағжан әйел жанына әлемдік әдебиетте назар аударып, әйелдің гендерлік теңсіздігінің түп-тамырын тереңнен іздеген суреткер.
Француз әдебиеті жауһарының бірі – Г.Флобердің «Бовари ханым» шығармасы да әйел опасыздығының мәніне үңіледі. «Бовари ханым» шығармасының бас кейіпкері Эмма да ерекше жаратылысымен көріне­ді. «То была натура, при всей своей восторженности, рассудочная: в церк­ви ей больше всего нравились цветы, в музыке – слова романсов, в книгах – волнения страстей, таинства же она отвергала, но еще больше ее возмущало послушание, чуждое всему ее душевному строю».
Орта ғасыр қаламгерлерінің махаббат тақырыбына арналған туындыларын оқып, өмірді сондай романтикамен, сұлулықпен қабыл­дайтын Эмма өмірдің шындығына көнгісі келмейді. Эмманы өз­гелер­ден ерекшелейтін оның танымы мен болмысы болса, ал Шолпанды қа­зақ қыздарынан өзгеше ететін нәрсе – тағдыры.
Әйелдің ана болу қасиетіне бал­та шабылуы – оған жасалған қия­нат­тың үлкені. Шолпан да сол қия­натқа көнгісі келмейді. Әңгіме­де оны жасап отырған оның сүйген жары. Оған жасатып отырған сол қоғамның жазылмаған заңдылығы. Егер Сәрсенбай Шолпанға деген ма­хаббаты үшін оны кешіріп, сол баланың тууына мүмкіндік беріп, Шолпанның әрекетіне лайық іс істесе ше? Онда Сәрсенбай еркек қатарынан аластатылып, ез атанып, адамдар санатынан шығып қалар еді. Шығармада Сәрсенбай сүйе тұра Шолпанның ішкі дүниесін түсіне алмайтын, күндізгі күрсінісі мен түнгі төккен көз жасының сырын ұқпайтын жан сияқты кө­ріне­ді. Мүмкін, ол ұғатын да шығар, бірақ мойындамайды. Мұны мойындатпай тұрған дүние – ер-азаматтық намысы. Сәрсен­байдың түсінігінде белсіздігін өзі мойын­дағандай, Шолпан да бұл жағдайды өз тағдырындай қабылдап, соған көнуі керек еді. Сондықтан ол: «Мен саған бала тауып бер дедім бе?» – деп Шолпанды жазғырады.
«А между тем разве мужчина не должен знать все, быть всегда на высоте, не должен вызывать в женщине силу страсти, раскрывать перед ней всю сложность жизни, посвящать ее во все тайны бытия? Но он ничему не учил, ничего не знал, ничего не желал. Он думал, что Эмме хорошо. А ее раздражало его безмятежное спокойствие, его несокрушимая самоуверенность, даже то, что он с нею счастлив» – деген үзіндіде тұрмыс құрсауындағы Эмманың көңіл – күйі мен ой-қия­лы, күйеуі – Шарльдің барына қана­ғат­танған сұрқай, біртоға тірлігіне наразылығы жеткізіледі. Эмма да күйеуі тарапынан түсіністік таппай кінәлайды.
Ер адамның әйеліне жасаған опасыздығы қатаң жазаланбай, оның бір сәттік әлсіздігі ретінде қаралатыны белгілі. Ал, әйел опа­сыз­дығы барлық қоғамда аса қаты­гез­дікпен қараланып, жеккө­рі­ніш­ке толы болатыны белгілі. Сон­­дық­тан отбасы ер азамат опа­сыз­дығынан бұзылмай сақталып қалатын болса, әйел адам опасыз­дығы отбасын үлкен трагедияға соқ­тырады. Оның себебі, бірін­шіден, әйел – үйдің негізі, отбасы ұйытқысы болса, екіншіден, ер аза­мат намысының, өзіндік бағасын өсірер өзімшілдігіне байланысты. Психологтардың пайымдауынша, отбасыдағы бұл жағдай ар-намыс­тың мәселесіне тікелей қатысты бол­ған­дықтан, еркек қатты күйзе­леді екен. Сәрсенбай Шолпанның өзіндік «менін» ұғынып, жалпыға ортақ жазылмаған заңды аттап кеткенін, өзінің жасырын сырын әшкерелегені үшін кешірмейді. Жазушы басты мәселені махаббат сезімімен сабақтастықта өруі, жа­қын адамның қанша сүйдім деген­мен, әйелге жеке тұлға ретінде қара­май, «әйел ер адамның қабыр­ға­сынан жаралған» деген жалпы түсінікке орай өзінің бір бөлшегі ретінде санап, өзіндік «менін» жоғары қоятындығын шынайы суреттейді.
Ер адамдар үстемдігіне негіздел­ген патриархаттық қоғамда қай кезде болсын еркектің белсіздігі кө­біне әйелдің бедеулігімен бүрке­меленеді. Бұл – қазіргі ер мен әйел тең дәрежедегі қоғамда да кездесе­тін жағдай. Бүгіндері еркектің бел­сіз­дігі – медицина мен демография­лық дамуда басты мәселелердің бірі. Көп отбасыда бала тууының шектелуі ерге байланысты болса да, ол жасырылып, бар кінәні әйел өзіне алды. Себебі, қоғам әлі күнге ер адамның ондай әлсіздігін мойын­дауға дайын емес. Сондық­тан Шолпан түнде жылады, тынбай тіледі, ақыры сүйген жарына опасыздық жасады, күнәға батты. Әйелге жаратылысынан берілмеген үлкен жауапкершілікті өзіне алды. Әйелдің негізгі міндеті ұрпақ жалғастығы екенін іштей түсінген Шолпанның табиғаттан, жара­ты­лыс­тан берілген құқын талап етуі, оған жету үшін жасаған нақты қа­дам­дары – ол заманда әйел тара­пынан жасалған зор тәуекел еді. Мағжан әңгімесінде Шолпанның жалғыз сырласы – Жаратқан, онымен тілдесіп, сырласып, мұңын шағады. Жаратушының Шолпан санасындағы бейнесі, оның мінез-құлқының түрлі сипатта берілуі әйелдің алғаш жаралғаннан бергі ролі, жазушының әйел теңсіздігі тақырыбын сонау бастаудан тапқан тереңдігін танытады.
Флобер Эмманың трагедиясын қоғамдағы әйел орнының төмендігі мен қалыптасқан әлеуметтік жағ­дай­ды бұзып-жарып шыға алмай­тын уақыт пен заман құрсауынан көреді. Флобер: «Мадам Бовари – менмін», – деп өз кейіпкерінің әрекетін өзгеге түсіндіргісі келсе, Мағжан да кейіпкері – Шолпанның жүрек тереңіндегі сырларын өз ойла­рымен астастыра өріп, оның жанын терең сезінеді, оның сырын ешкім ұғына алмайтынына жаны ауырады.
Қазақ әдебиетінде әйел күнәсі белгілі бір ерекшеліктерімен кө­рінеді. Махаббат үшін күнә жасаған әйел періште биігіне көтеріліп, өз еркінен тыс күнәһарлықтың шыңы­рауына құлайды да опат болады. М.Әуезовтің «Қаралы сұлу» шығар­масындағы кейіпкер сүйген жары өліп кетсе де, табиғат заңдылығына барынша қарсыласып баққанымен, санасы өз әрекетін бақылай алмай­тындай шегіне жеткенде қойшы шал Болатқа беріліп, оның биік идеалы жеңіліс табады. Ал, Шолпан әке болуға лайық жанды іздеуде салқынқанды, есепқор болғанымен, соңында мақсатынан жаңылып, тән құмарлығынан жеңіліс тауып, теріс жолдан шыға алмай, өзіндік махаб­бат идеалын ғана емес, өмірлік мұ­ра­тын да жоғалтып алды. Ә.Кекіл­баев «Аңыздың ақыры» атты ро­ма­нында Ханша күнәсі түсі ая­сын­да алынғанымен, оның әреке­тінде Әміршіге деген іңкәр сезім мотиві негізгі позицияда. Аталған шығармалардағы күнәға батқан үш кейіпкердің арасындағы сабақтас­тық – олардың жүрегінде жанған шексіз сүйіспеншілігі. Өз ырқынан тыс күнәға батып, оның салдарын өз өмірімен өтейтін тағдырдың қаты­гездігі – әйел күнәсі туралы шығар­ма­лардың өн бойындағы алтын арқауы.
Әңгіме мотиві бала болғанымен, арқауы – махаббат, сүйген жанның өз адамы үшін бақытқа ұмтылған асыл тілегі, іңкәр сезімі. Кейіпкер өзінше жол тапқанмен, тағдыр өз шешімін ұсынды. Тағдыр туғанда жазылып қояды, десек те, онда қа­лып­тасатын уақыт пен кеңістік, қо­ғам мен орта, адамның өзіндік бол­мысы деген көптеген факторлар ұштасады.
Шолпан Сәрсенбай үшін көзіне шөп салған күнәһар болса, Әзімбай үшін желік қуған жеңілтек жеңге ғана. Ал, өзгелер үшін ар-намысына қара күйе жағылған қатын. Оның «ізгі күнәсінің» шын мәнісін ешкім білген де, сезген де жоқ. Шолпан ешкімге жан сырын ашқан жоқ. Ол туралы автор мен кейіпкердің ойы сабақтаса өріледі: «Бірақ Шолпан жүрегіндегіні ешкімге ашқан жоқ. Ашқанмен олар ұға алар ма еді? Те­гінде адамның жүрек сырын шеттің ұғуы мүмкін емес нәрсе емес қой. Теңіз терең емес, адамның жаны терең. Су түбінде жатқан зат жел толқытса ғана шықпақ. Ой түбінде жатқан сыр шер толқытса да шықпақ емес. Дүниеде адамнан қиын жұмбақ жоқ. Адам – шешуі жоқ жұмбақ. Шешуі деп атауға болатын болса, адамның шешуі жалғыз өлім». Бұл – Шолпанның ойы ретінде берілген­мен, ақынның көзі жеткен шындық. Шолпан жүрек сырын бәрібір ешкім түсінбейтінін білді. Әлсіздігін мойын­дап, соңында бақытынан бас тартып, лағынет айтты. Бұрынғы күнін аңсады. Ештеңе өзгерткісі кел­меді. Алғашқы бақыт туралы: «Ендеше осы батып бара жатқан өмір кемесін бақыт жарына кім сүй­реп шығара алады… Шолпан! Жал­ғыз Шолпан. Бір өмір үшін емес, екі өмір үшін Шолпан осыны істеуге міндетті. Шолпан бала табуға мін­детті…» деген батыл ойларынан, бағытынан жаңылды. Жаңылдырды. Әйелдік әлсіздігі мен қоғамның тегеуріні, уақыттың өзімшілдігі. Ол туралы автор ойы төмендегіше өріледі: «Ердің аруағы басса, әйел адамдықтан шығып жоққа айнала­ды. Есінен айырылады. Тілі байлана­ды. Әсіресе, әйел бұзықжанды бол­маса. Ол уақытта әйелдің ердің көн­гіш күңі болуында еш дау жоқ. Шолпан – осындай әйелдің бірі еді. Жанынан денесі, денесінен жаны айырылмайтын. Кімге берілсе де, жан-денесімен түгел берілетін әйел еді». Шығарманың өн бойында кейіп­кер болмысына арнайы тоқта­лып ,сипаттама берілген тұс осы ғана. Бұған дейін Шолпан жан диа­лек­тикасымен көрінсе, осы тұста оның психологиялық мінездемесі беріледі. Шығарманың түйіні де осы. Кімге берілсе де жанымен, тәнімен тұтас берілетін Шолпан трагедиясы оның болмысында. «То была натура, при всей своей востор­женности, рассудочная: в церкви ей больше всего нравились цветы, в музыке – слова романсов, в книгах – волнения страстей, таинства же она отвергала, но еще больше ее воз­мущало послушание, чуждое всему ее душевному строю». Бұл – Эмманың сипаты. Романда Эмма­ның сыртқы келбеті де, ішкі мінез-құлқы да, мазмұны да терең ашы­лады. Шолпан сияқты оның да іс-әрекетінен гөрі ішкі болмысы ширақ, шынайы суреттеледі. Әр жағдайда оның екіге жарыла әрекет еткені байқалады. Жалпы ортаға сай әрекеті мен сыртқы ортаға білдіре қоймайтын өзіндік шын құлқы. Шарльді жек көріп тұрып, құшақ­тауы сияқты бір-біріне қайшы әре­кет­тердің суреттелуі оның сыртқы әлемі ішкі әлемінің терең қайшылы­ғын көрсетеді. Эмма мен Шол­пан­ның ішкі дүниесінен айналасын­дағылардың хабарсыз болуы, түсін­беуі, ой-қиял диалектикасының белсенді көрінуі – екі шығармаға да ортақ сипаттар. Мағжан модернистік әдістің сана ағымын пайдаланса, Флобер классикалық әдебиеттің психологиялық сипаттауларымен жазады.
Психологиялық әдебиеттің бас­ты сипаты – кейіпкердің болмысын сомдаудағы оның ішкі дүниесін теріс аудара отырып көрсетуінде. Адам жауы – сыртта емес, өзінің болмысында. Адамзат­тағы туындап жатқан қиындықтар барлығы жеке адамның бойындағы жеке қасиет­терден туындайтын жаратылыс пен тіршіліктің тұтас бір күрделі ағза екендігін дәлелдеген әлемдік әде­биеттің озық үлгілерінен айқын көрінеді. Жеке адамның адамзат әлеміндегі негізгі орнын айқындап, оның әлемдік қозғаушы күш ретін­дегі зор қуатын нақтылай түсетін модернистік әдебиеттің мазмұндық белгілері жинақтай беріледі. Жеке адам проблемаларын сыртқы факторлардан емес, ішкі мазмұннан табу мәселесі кейіпкердің тұңғиық дүниесіне үңілу арқылы шешіледі.
«Сәрсенбай – некелі ері болса, Әзімбай – баласының атасы». Шол­пан ойының еркіндікке ұмтылған, теңдікке теңдескен тұсы осы. Бала үшін жасаған қателігін ізгі күнәға балап, Әзімбайды ойнас қана емес, баласының атасы ретінде қабылдауы Шолпанның ана болсам деген тілегінің нәтижесі ғана емес, сана-сезімінің тәуелсіздікке ұмтылған, теңдікке ұмтылған күрескерлік рухы да. Бұл туралы мағжантанушы, белгілі ғалым Ш.Елеукенов ойын төмендегіше сабақтайды: «…Осы­ның арқасында бала көру сияқты қарапайым тақырып биік адамгер­шілік өреге көтеріліп, адамның құлық­тылығы, бас бостандығы проблемаларына ойысады».
Г.Флобер романында Эмманың жары – Шарль оны беріле сүйгенмен тынымсыз бебеулеген жанын түсін­беді. Шынайы тұрмыстың сұр­қайлы­ғына төзе алмаған Эмманы жар махаббаты да, кішкентай қызы да құтқара алмаса, Шолпанды да құтқару мүмкін емес. Шарль мен Сәрсенбай бейнесі сүйген адамда­рын түсіне алмауымен ұқсас көрінгенімен, Шолпан мен Эмма екі басқа. Сүйген жарға деген махаббат сезімі Шолпанның бүкіл өмірінің мәні болса, тіпті күнәнің өзін екеуі үшін жасаса, Эмманың өзімшілдігі басым. Отбасы психологиясын ғылыми жүйеде зерттеп жүрген психолог мамандардың айтуынша, жұбайлық өмірде адамның эмо­ционалдық қажеттіліктері қанағат­тандырылмаса, ол оны басқа жақтан іздейтіні анық. Бовари ханым да сүйген жары – Шарльдің оттай лауламайтын, бірақ ауадай көрін­бей, жанынан бір сәт алыстамайтын мөлдір махаббатын місе тұтпай, сезім жарқылын іздеп аласұрады. Сезім сұлулығы ол үшін басты мәселе. Оның ойынша, махаббат сынды сезім көріксіз, көңілсіз, көмескі болмауы керек. Ол өзі оқыған серілік романдардағыдай жарқын, биік, ерлік пен өрлікке, сезім мен құмарлыққа бай болуы тиіс. «Шарль, видимо, не догады­вался о ее душевной пытке, и это приводило ее в бешенство. Он был убежден, что создал для нее счас­тливую жизнь, а ей эта его уве­рен­ность казалась обидной нелепос­тью, она расценивала ее как прояв­ление черствости».
Эмма шағын ауылдың қара­пайым емшісі Шарльмен сүріп жатқан өмірінің шынайы сипатын еш қабылдамайды. Өмірдің қоңыр тірлігінен жанұшыра қашып, күнәға батады. Өз санасы мен жүрегінде орныққандай ынтызар көңілдің дауылын іздеп аласұрады. Эмманың трагедиясы биік махаббатты армандауда батылдық танытқанында емес, сол арманға жету үшін ымырасыз күресте де емес, оның осы тілектерінің еш орындалмай­тынында. «Как она жаждала сейчас той несказанно прекрасной любви, которую некогда старалась представить себе по книгам!
Ну что ж, все равно! Счастья у нее нет, и никогда не было прежде. Откуда же у нее это ощущение не­пол­ноты жизни, отчего мгновенно ис­т­левало то, на что она пыталась опереться?.. Но если есть на земле существо сильное и прекрасное, благородная натура, пылкая и вместе с тем тонко чувствующая, ангел во плоти и с сердцем поэта, звонко струн­ная лира, возносящая к небу тихие гимны, то почему они не могут встретиться? О нет, это невозможно! Да и не стоит искать – все на свете обман! За каждой улыбкой кроется зевок от скуки, за каждой радостью – горе, за наслаж­дением – пре­сыще­ние, и даже после самых жарких по­целуев ос­тается лишь не утоляемая жажда еще более упоительных ласк».
Романда қиялдағыдай сұлу сезім мен әлемге ұмтылған Эмманың өмірдің қатал заңдарымен қайшы келіп, оның әлемінің бұл қоңыр әлеммен еш сәйкес келмейтінін бай нақсүйері Родольф бастаған банкирлер, дәріханашы Оме т.б.-лар дәлелдей түсіп, ақыры оны өлімге итермелейді. «Она испы­тывала отвращение ко всему, даже к себе самой. Ей хотелось вспор­хнуть, как птица, улететь куда-нибудь далеко-далеко, в незагряз­ненные пространства, и обновиться душой и телом».
Дәл осындай күй, өмірден жеру, жан дүниесі мен сыртқы өмірлік факторлардың өзара сай келмеуінен азап шегу екі әйелге де ортақ. Шолпан да өз арманына жету үшін барлығын тәрк етті. Бірақ соңында өмірінің мәні болған махаббатынан айырған балаға лағынет айтып, оның орындалмас арман екенін мойын­дайды. «Махаббат жібі үзілді. Өмір бұзылды. Бәріне лағынет жаусын! Өмірді улаған сол балаға лағынет жаусын!». Шолпан қара басының тілегі өмірмен еш сәйкес келмейтінін ұғып, қасіретті тағдырын мойын­дады. «Эмма в сердцах сказала: «А я бы отдала тебе все, я бы все продала, я бы работала на тебя, пошла бы милостыню просить за одну твою улыбку, за один взгляд, только за то, чтобы услышать от тебя спасибо», – деп сүйгені Родольфтан отбасын құтқару үшін ақша сұрап барғанда ол дәулеті бола тұра оған көмек беруден бас тартады. Өкінішке қарай, осындай жайлар өнерде ғана емес, өмірде де кездеседі. Әйелдің бар арманы қапысыз сүйетін жанға шексіз берілу екендігі шындық. Көп әйел бұл арманның қиял ісі екендігін мойындап, шынайы болмысқа сай тіршілік етіп, содан бақытын тапса, Бовари ханым оны мойындай алмады. Шолпанның да, Эмманың да трагедиясы өмірдің шындығын мойындамай, өз мұраттарына жету үшін ымырасыз әрекет етуінде. Қоғамға қайшылық, адамдар әлеміне тән заңдылықтарға қайшы­лық екі кейіпкердің де өмірлік тра­ге­диясы. Екі трагедия екі аспектіде көрінеді. Бірі аналықты аңсау болса, бірі жалынды махаббатқа құштар­лық. Екеуі де әйел өмірінің мәні, әйел арманының болмысы. Әйел туралы жазу – өмір туралы жазу болса, әйел опасыздығының мәніне терең үңіліп, ақиқатын тани білген қос жазушының шешімі – әйел опасыз емес, ол – қатыгез, өзімшіл, тоғышар қоғамның, қатал болмыс­тың құрбаны.
М.Жұмабаев мен Г.Флобердің сюжеттік желісі ұқсас, мәселесі ор­тақ шығармалары әлем әдебиетінің үлкен қазынасы екені анық. Орыс әдебиеттануында француз жазу­шысының бұл шығармасын осы тақырыптағы Л.Толстойдың «Анна Каренина» романымен сабақтастыра зерттеген еңбектер өте көп. Орыс әдебиетінің Еуропада кең таралып, биік бағалануына осындай зерт­теулер­дің көп жазылуының да ықпалы бар. Бовари бейнесін таны­ған француз оқырмандарына Анна Каренина бейнесін тану, әр әдебиеттегі бұл проблемаға деген көзқарасты білу, оның әр ұлтқа тән болмыс-бітімін түсіну әдебиеттерді өзара байытып, халықтардың бір-бірінің рухани байлығына терең бойлауға мүмкіндік береді. Қазақ әдебиеті өте бай, салмақты, маз­мұнды, сан-салалы. Қаламгерлеріміз де тереңдік тұрғысынан ешкімнен кем қалмайды. Қазақ әдебиетін, оның рухани әлемін тануда шетел­діктер үшін қиындық көп. Себебі, шығармалардың аударылуы баяу жүріп жатыр. Ал зерттеушілер болса, қаламгерлердің шығармаларын қатар қойып, рухани сабақтастық іздеуге аса ден қоймай келе жатыр.

Айгүл ҮСЕН,
филология ғылымдарының докторы,
Еуразия Ұлттық университетінің профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір