«Үшінші тайм». «Қақпа алдында» – Нұрмахан ЕЛТАЙ
13.08.2018
1509
0

Әдеттегідей кіріспе сөз жазып жатпай-ақ, тікелей тақырыбымызға көшсек, алдымен «Нұрмахан Елтай – қандай қаламгер?» деген сауал туады. Бірден күлбілтелемей, адамның көңіліне қарап, мақтай жөнелетін жаман әдетімізге баспай, ашығын айтсақ, Нұрмахан Елтай – мол байлық-базары бар қаламгер, мүмкіндігі Нар қаламгер. Бұл сөзімізге ең басты дәлел – Нұрмахан Елтайдың төл шығармашылығы, «Қатырамыз», «Сыпыра сыйлық», «Үшінші тайм» тәрізді сатиралық-сықақ кітаптары.


Нұрмахан Елтай

Екі туыс
Бір бөтелкені алып ортаға
егемендігімізді жуып отыр.
Әңгімені былайшы қуып отыр.
– Әмериканың фермерлері
Шеттерінен бай болады екен;
ірілі-уақты техникасы сай болады екен.
Жанармайы да көп секілді,
өндірмейтін нәрсесі де жоқ секілді.
Өздері болады екен ұқыпты,
Дүние жүзінде осылай
бірінші орынға шығыпты.
– Ойпырым-ай, ә!
– Жапондықтар
Радиотехникадан мықты,
теледидарлары да жеп-жеңіл,
Қабырғаға іліп көреді екен тіпті.
Ойпырым-ай, ә!…
– Түріктер де епсекті.
Жиып алып жүн-жұрқа, тері-терсекті.
кереметтерді істейді.
Кілемдерінің бағасы
«Мировой рыноктардан түспейді…
– Ойпырым-ай, ә!
Ары қарай әлгі екі туыс немістерге, ита­льян­дықтарға, бразилиялықтарға таңда­на­ды. «Үндінің киносы-ай», «Грузиннің ви­но­сы-ай!» Тағы да 5 рет «Ойпырым-ай, ә!» дейді. Оқыр­ман-сыншы ретінде біздің де айта­ры­мыз – осындай: «Ойпырым-ай, ә!».
– Ал біздің қандастар ше.
– Е, жартысы өзге тілде сөйлейді.
Таңданумен шетелге
Тауыса алмай жүр ғой гөй-гөйді…
– Ойпырым-ай, ә!
Нағыз өкініш, езу тартып күлер гөй-гөй, ыза­лы мысқылға ұласар «Ойпырым-ай, ә!» осы.
Нұрмахан Елтай бұл сықақты жазып, ащы өмір шындығын ашқалы, «ат тарта ал­майтын мінімізді» бетімізге басқалы арада ең кемі 20-30 жыл өтіпті. 1990 жылдардың басы мен ортасындағы ахуал бұл. Шынында да 1990 жылдар теперіші біздің халық үшін ұмы­тылар ма? Тәуелсіздік алдық. Зор бақыт. Дағ­дарысты бастан өткердік. Тарихи тағы­лым. Ал енді капиталистік қоғамның кере­ме­тіне мелдектесек те, абыз Абайды, ақын Абайды ұмытуға бола ма?! Өкінішке қарай, болады екен. Нұрмаханның «Әкіміне» жү­гінейік:
– Сен Абайды білесің бе? – деп сұрады.
Есепшінің қағазы
әрқашан дайын тұрады.
Олай-бұлай қопарыстырып,
– Иә, білемін,
Оған біз қарызбыз, – деді.
– Өткенде бес тонна май алып,
жартысын машинаңызға жаққан жоқсыз ба?
Запчасқа деп жартысын сатқан жоқсыз ба?..
– Ой, сен де!
Айтып тұрғаның заправщик Абай ма?
Есебін тауып қарызынан құтыл қалайда.
Есепші ұлы ақын Абайдан хабарсыз.
Сонда жан байлығымыздың жағдайы осын­дай болғаны ма? Бухгалтердің әлемді шулатып, билікті дулатып жатқан Абайды білу үшін бас ауыртпағаны ма?
Сонан соң әкім завклубқа шүйлікті:
– Абайдың қандай өлеңін айта аласың?
Келмейді саған жаңағы сөзді қайталағым.
– Е, басеке!
Ол кісі бай болған,
Бәйгеге шабатын аты сай болған.
Атты суреттеген өлеңдері
ертегі ғой жоқтарға.
Жіберіңізші,
барайын деп едім көкпарға.
Осы мезет
Кіріп келіп ардагер шал:
– «Өлеңді қайтесің? – деп қалды.
– Ұн таусылды, көмір жоқ,
Қақаған қысың да кеп қалды.
Көзі жайнап әкім
Орнынан тұрды ұшып.
– Маладес, шалым, маладес! – деп
Қарияны алды құшып.
Сөзін айттың төренің,
Мынауыңыз еске салады
ұлы ақынның «Қыс» деген өлеңін.
Қол шапалақтап прораб
сөз сөйледі тұра қап:
– Мәке,
Абай атам
өлеңді қалай қиыстырып құрайды.
Әсіресе маған «Кірпіш» деген өлеңі ұнайды, –
деп хабары барын білдірді.
Бұл сөз әкімді де күлдірді.
– Е, бала,
болмаса да білімің оншама,
керек еді сол кірпішің
үйдегі салып жатқан моншаға…
Байқап отырсыз ба, сұмдық сықақ. Би­лік­ті де, бұқараны да аямаған, мақтамен бауыз­даған өлең бе?! Солай шығар.
«Айтыс ақыны Надежда апай Луш­ни­кова… бірде Шымкент қаласында өткелі жат­қан айтысқа келген кезінде вокзал ба­сында күтіп алған ақын жігіттің бірі:
– Надежда, не ғып жүрсің крайымда,
Көрген соң бір тіл қатпай тұрайын ба? –
деп өлең құраған болыпты. Сонда ақын апамыз іркілместен:
– Өлеңің қазақша емес, не орысша емес,
Басыңа домбырамен ұрайын ба? –
деп қолма-қол жауап берген екен».
Сөз тапқанға қолқа жоқ. Надежда ақын­ға тиіскен жігіттің жым болғаны өзінен-өзі тү­сінікті.
«Бірде егістік басында семинар-кеңес өте­ді. Ауыл шаруашылық мамандары бірі­нен соң бірі сөз алып, ашық аспан астындағы жиын ұзаңқыраса керек. Әсіресе, облыстан келген өкіл көп сөйлеп, жұртты жалық­тыра­ды. Бәрін білетінін көрсеткісі келіп сұқ сау­сағын кезеп-кезеп қоятын көрінеді. Шақ­шиған күннің астында тұрғандар қай­бір жетіссін, жиынға қатысушылар ты­қырши бастайды. «Түскі тамақ дайын бол­ды» деген хабар да беріліп жатса керек.
Бір кездері өкіл жан-жағына дандайси қарап, Манап Көкеновке:
– Мәке, сіздің қосарыңыз бар ма? – дегенде ол:
– Сөйлегенше далада,
Саусағымызды шошайтып,
Отырайық одан да
Дастарқанда тост айтып, –
деп жұрттың көңіліндегісін тауып айтыпты».
Бұл үзінділер Нұрмахан Елтайдың «Үшін­ші тайм» кітабының «Қақпа алдында» атты бөлімінен алынып отыр. Нұрмаханның сатириктігіне қоса осындай елең еткізер есті сөздер мен әзіл-оспақтарды да жинай жүре­тін ұқыптылығы бар.
Нұрмахан Елтай – туған жеріне, туған хал­қына тартып туған жазушы. Соның ішін­де де ол туған күніне көбірек тартқан десек, тіп­ті, мергендік танытар едік. Иә, қыр­күйек­тің 28-і – құтты күн. Бұл – ұлы Мұх­тар Әуезовтің туған күні. Қазіргі заманның Қызыл Жебесі Шерхан Мұртаза мен Алтай­дың асқақ жыршысы Оралхан Бөкейдің туған күні. Содан соң Сыр бойының саңлақ сатиригі – Нұрмахан Елтайдың жарық дүние табалдырығын аттаған күні. Өмірді түзер өлең сөзі самсап, қамал бұзар қара сөзі қоғамымыздағы қалың жауға: надандық пен тексіздікке, жамандық пен бетсіздікке сүйек кесер көбе, жұлып түсер жебе болып қапта­ған күні.
Сөзімді түйіндерде Максим Горькийдің 1912 жылы әріптес қаламгер И.Д.Сургучевқа жаз­ған хатында: «Рустағы ең жауапты және қиын қызмет – патшаның қызметі емес, әде­биетшінің қызметі» екенін айтып, ол егер «өзін шын мәнінде әдебиетшімін деп се­зінсе, тек қана әдебиетші қалпында қалуын» талап еткені ойыма оралып отыр. Де­мек біз енді әріптес қаламгер, Нұрмахан Ел­тайға да сатираң уытты болсын, барыңа қа­нағаттанып қалмай, алдағы уақытта Бас­ты кітабыңды жаз, Өмірде де, өнерде де бұ­дан да биік белестерге көтеріле бер демек­піз.

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір