Сайлаубек
28.08.2015
2255
0
121697_1885843258_Алматыға барған сайын менің соқпай кетпейтін бір адамым болатын. Ол – есімі елге белгілі сыншы Сайлаубек Естайұлы Жұмабек ағамыз еді. Қазақтар кейде біреудің қарапайымдылық қасиетін білдіргісі келсе «Аузын ашса көмекейінен жүрегі көрінетін асыл азамат» деп жатады емес пе. Менің өмірімде кездескен сондай азаматтың бірі және бірегейі Сәкең болатын. Қай кезде бара қалмаңыз, шын көңілмен, арқын-жарқын пейілмен, ағалық-ағайындық құшағын жайып қарсы алып, қауқылдап елдің амандығын сұрап, үлкенге құрмет, кішіге ізет жасап, туған елден жақын бауыры келгендей жалпылдап мәз-мәйрам болатын еді, жарықтық Сайлаубек аға. Көңілі дархан, құшағы кең, мейірімі мол, қаламының желі бар, әдеби сын әлемінде орны ерекше қаламгердің бірі – Сайлаубек Жұмабек ағамыздың сүйікті кенже ұлы Санжармен бірге үлкен жол үстінде қайғылы апатқа ұшырап, дүниеден озғанына да біраз жыл болып қалыпты-ау. Сол бір жантүршігерлік суық хабар жеткенде жүрегіміз езіліп, «аһ» ұрып, қабырғамыз қайысқаны әлі есімде. Бірақ болған іске не амал бар, жер бетіндегі көптеген құбылысты бағындыра алмаған қауқарсыз пенделердің қолынан не келеді? Естелік айтып, сонау артта қалған, көзден ғайып болып, сағымға айналған күндерді көз алдыңнан өткізгеннен басқа не істерсің мына тағдырға…

Сол Сәкеңмен мен алғаш рет 2002 жылы Жамбыл облысының Байзақ ау­данын­да кең аталып өтілген, үлкен жиын үс­тінде таныстым. Ол басқосу осы өңірдің ту­масы, артында өлмес іс қалдырған Мә­ді­мар болыстың туғанына 300 жыл толу ме­рейтойы болатын. Сол жиынға еліміздің саң­лақ азаматтары – сол жылдардағы се­нат­ төрағасы Өмірбек Байгелді, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, облыс әкімі Серік Үмбетов бастаған мемлекет және қо­ғам қайраткерлері, белгілі жазушылар мен ақындар, әншілер мен күйшілер, ай­тыс­кер жыршылар мен жыраулар көп жи­налды. Байзақ ауданының шұрайлы көк шалғын, көк майса тақтайдай тегіс сол­қыл­даған сазына жүзге тақау жұмырт­қа­дай әппақ киіз үйлер тігіліп, екі тәулік бойы ән мен жырдың тығыны ағытылып, күй тартылып, жыр айтылып, ұлттық ойындарға мол орын берілді. Қысқа қайырсақ, көпке дейін көпшілік айтып жүрер бір керемет басқосу болды. Жиылған қауымның ұлттық өнерге арқасы қозып, көпшілік жұрт бір сілкініп қалды. Сол жиын үстінде жазушы-драма­тург Елен Әлімжанов Алматыдан кел­ген бір топ жазушы-ақындармен таныстыра келіп: «Ал, мына Сайлаубек деген жазу­шы ағаң» деп менің көңілімді денесі мығым, шекесі кең, ақжарқын жігіт аға­сы­на аударды. Сайлаубек аға мол алақанымен қолымды алып, ескі танысындай құшақтап, бауырына қысты. Кеш бойы көп әңгіме ай­ты­лып, өткен-кеткен сөз болып, тарихқа көз жүгірттік. Бір-бірімізді көптен білетін­дей, ескі таныстардай шүйіркелесіп, арқа-жарқа боп қалдық.
Содан кейін-ақ мезгіл-мезгіл хабарласып, аманшылық-саулықты біліп тұрдық. Жол түсіп Алматыға бара қалсам, Сайлаубек ағаға ат басын бұрып, сәлем беретін әдет менде пайда болды. Ол да кездескен сайын жақын бауыры келгендей қарсы алып, баладай мәз болып, шын пейілімен ашы­ла дидарласатын. Маған ағаның аң­қыл­даған ақ жүрегі, ақжарқын, бүкпесіз ашық мінезі, бауырмашылдығы, ерекше туыс­қандық сезімі сүйсіндіретін, жаныма ұнай­тын, тіпті қызықтыратын. Барған сайын оны қызу еңбек үстінде көретінмін. Қа­­ра тер болып үлкен үстел үстіндегі ақ­ қа­ғазға қаламын сілтеп, шүйіріліп бір нәрсе жа­зып жатқаны көз алдымда қалыпты. Шір­кін, оқтай зулаған уақыт-ай, сен еш тоқ­тамайсың, қарайламайсың…
2003 жылдың көгілдір көктемінде Сай­лаубек ағаға соққанымда, ол баспадан таяу­да шыққан «Жұлдызы нұрлы суреткер» атты халық жазушысы Шерхан Мұртазаның творчествосысына арналған роман-моно­лог кітабын ұсынды. Шерхан ағамыздың хал­қына берген еңбегі көл-көсір екені бар­лығымызға белгілі. Оны сырлы суреткер ретінде ғана емес, тамаша аудармашы ретінде де танимыз. Әсіресе, Шерхан Мұр­тазаның заманымыздың шоң жазушысы Шыңғыс Айтматовтың әңгімелері мен хикаяттарын, бірнеше романдарын қазақша сөйлетуі үлкен шеберлік деп ұққанымыз жөн. Кітаптағы «Шыңғыс пен Шерхан» деп ата­латын бөлігін Сайлаубек Жұмабек ау­дар­машылықтың жеңіл жұмыс емес екенін айта келіп: «Басқаны қайдам, Шыңғыс шы­ғармаларының қазақшаға аударылуы автор үшін де, аудармашы үшін де ерекше олжа. Мұның өзі арнайы зерттеулердің сыбағасы болу керек. Ал бұл аударма ісінің ұңғыл-шұңғылын терең білетін жетік ма­ман­дардың ғана қолынан келеді» деген ой түйеді. Тағы бір жерде: «Бір ғажабы, Шың­ғыс туындыларын қазақ аудармашы­ла­ры­ның зор сүйіспеншілікпен, ерекше жауап­кер­шілікпен аударғанына ешқандай күмән жоқ. Олар оның үстіне Шыңғыс шығарма­ла­рының сөзін емес, шырайлы көркемдігін, шынайы рухын түпнұсқаға мейлінше еркін түрде тамаша жеткізген» деп тамсана жа­за­ды. Ары қарай Шерхан Мұртаза аударған Шықаңның шығармаларын талдайды. Шераға Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош, Гүл­сары!», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл тө­бет» повестері мен «Боранды бекет», «Жан пида» романдарын қазақша сөйлет­кен, Шықаң сияқты кемеңгер суреткердің шығармаларының рухын дәл жеткізген ше­бер аудармашы екенін, ал аударма­шы­лық дегеніңіз өнер екенін әдебиетсүйер қауым­ға мойындатқызады.
Сол кітаптағы «Президентпен сұхбат» де­ген бөлімде Сәкең кең толғанып: «Қазақ­стан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, сөз жоқ, қазір бүкіл әлем танитын, мойындайтын, құрметтейтін саяси қайраткерлердің қатарында. Тәуел­сіз мемлекеттің туын биік ұстау мәртебесі ең алғаш Нұрсұлтан Назарбаев ағамыздың несібесіне бұйырып, Елбасымыздың бақ-ыры­сын асқақтатып қойған тағдырымызға ри­замыз. Бұған, сөз жоқ, сүйсінеміз және заң­ды түрде мақтанамыз! Біздің бұл мақ­та­ны­шымыз бен оған деген зор сүйіс­пеншіліктен тұратын құрметіміз, асылы Нұрсұлтан ағамызды ұлттың, қазақ деген көнтерілі халықтың ғасырларда бір келетін жұлдызды шағында жарқырап көрінгенінде жатса керек» деп жазады. Кітаптың қай бетін ашпаңыз, Сайлаубек Жұмабек аға­мыздың шебер теңеулері, мәйекті, нәрлі сөздері, кейде өзінің ішкі жағымды эмоциясы мол кездеседі. Жалпы алғанда, бұл «Жұлдызы нұрлы суреткер» деп аталған кітапта қазіргі заманымыздың заңғар жазу­шысы Шерхан Мұртазаның твор­честволық портреті толық әрі терең мәнде ашыл­ған үлкен аналитикалық еңбек деп қа­былдаған болатынбыз. Бұл деген сын­шы-қаламгер Сайлаубек Жұмабектің ғана емес, бүкіл ұлттық әдеби ортаның жетістігі деп ұққанбыз.
Сәкең бұған дейін «Сын пернесі» (1989), «Ғабит Мүсірепов» (1989), «Жүрегі – мұң, жүрегі – жыр…» (1997), «Қазығұрт перизат» (1998), «Сын симфониясы» деген сын кі­тап­тарын шығарып, белгілі қаламгерлер Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, Т.Әлімқұлов, Т.Ахтанов, Қ.Мұхамеджанов, М.Мақатаев, А.Сү­лейменов, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Қ.Мыр­залиев, Қ.Ысқақ, Ә.Тарази, Н.Ора­за­лин, Т.Медетбек және т.б. шығар­ма­ла­ры­на сын көзбен қарап, терең сараптама жасап, әділ баға берген болатын. Сөйтіп, Сайлаубек Естайұлы кітаптарда, жинақ­тарда, сан түрлі газет-журналдарда көпте­ген тұшымды мақалалар жариялап, ұлттық әдебиеттің дамуына салмақты үлес қосқан қаламгер болғанын қазіргі жастар жағы­ның біреуі білер, біреуі білмес.
Жазушылардың ортасында Сайлаубек Жұмабек жайлы Шерхан Мұртазаның айт­қан мына бір сөздері сақталып қалып­ты: «Біш­кекке барсам Айтматов ауылдың аман­дығынан бұрын Сайлаубекті (Жұ­ма­бек) сұрайды». Бұл деген «әлемнің Айтматовы» аталған шоң суреткер Шыңғыс аға­ның Сәкеңнің творчествосын ерекше ба­ғалап, оның «құдіретін» мойындағанының жар­қын айғағы емес пе?!
Бірде, реті келгенде:
– Сайлаубек аға! Сіз талай белгілі жазу­шылармен тізе тіресе еңбек еттіңіз, сапарлас, дастархандас болдыңыз. Мені бір сұрақ көптен мазалап жүр. Ол өз жерлесіңіз жазушы Тәкен Әлімқұлов туралы кейбір мәліметтер. Базбіреулер ол кі­сінің тегін әр саққа жүгіртеді. Көзі тірісінде, Тәкен ағаның өзі кіммін дейтін еді? – деген сұрақ қойдым.
– Тәкен ағамен көп араластым, талай рет іссапарларда да бірге болдым. Бірақ Тәкен көпшілік алдында шешіліп, ашылып көп нәрсені айта бермейтін мінезі біртоға кісі еді. Қаламын анда-санда ғана қолына алатын, көбіне құлақпен тыңдап, түйсігіне түйіп жүретін ерекше қабілеті болатын. Бірнеше рет әлгі сен қойған сұрақты мен де оған қойғанмын. Сонда ол бетіме кү­лім­сірей қарап: «Сайлаубек-ау, оны қазбалап қай­тесің. Біз барлығымыз қазақтың баласымыз. Сондықтан өзі аз халықты бөліп-жа­рар, алалар ештеңе жоқ. Қазақтың бар­лы­ғы бір атаның балалары, барлығы­мыз­дың қанымыз бір», – деп тіке жауаптан жалтарып кететін. Менің білетінім, ол Қаратау өңірін ықылым заманнан мекен еткен Сүлгетей руының Көзтамғалы атадан тараған ұрпақтарынан болатын. Дү­ние­ден озғаннан кейін өзінің өтініші бойынша Қаратаудың теріскейіндегі Созақтағы Баба-ата жанындағы ескі бейітке, ше­ше­сінің жанына қойылды. Сөйтіп, Тәкең мәңгілік тыныштықты өз ту­ған жерінде тапты…
Соңғы бір кездескенімізде: «Сағындық інім! Көптен бері Қалтай Мұхамеджанов жайлы жазып жүрген «Титан драматург» атты еңбегімді кеше аяқтадым. Кітабымның соңғы парақтарының сиясы әлі кеуіп те үлгерген жоқ. Бүгін міне, соның сыртқы мұ­қа­басын жасаттым. Ол мынадай болмақ­шы», – деп алдында жатқан бояудың исі аңқы­ған түрлі-түсті қағазды көрсетті. Аға­ның қуаныштан жүрегі нұр шашып, риза­шы­лық тәтті сезімге бөленіп, ерекше шал­­­­қып отырған жай-күйін сезініп: «Құтты бол­сын, аға! Қаламыңыз әрдайым қарым­ды бола бергей. Әлі де талай жаңа еңбек­теріңіздің, қызықты кітаптарыңыз­дың куәгері болайық», – деп ізгі тілек білдіріп, қолын қыстым (өкінішке қарай, сол кіта­бының баспадан шыққанын көру Сәкеңе тағдыр жазбапты). Содан кейін екеуміз баспа үйінің төменгі қабатына түсіп, асықпай лимон қосқан тәтті көк шай іштік. Шай ішіп отырып: «Соңғы кезде давление деген мазамды ала бастады. Қан қысымым көтеріліп, берекемді алады. Оған өзі не ем бар?» деп кеңес сұрады. Мен білетін ақы­лымды айта келе: «Жұмысбасты болып қажып жүрген боларсыз. Уақыт тауып, бір мезгіл демалғаныңыз да жөн ғой. Ел аралап, табиғат аясына шығып, қарапайым елмен дидарласып, мазасыз ойдан айрылып, сергіп қайту артық болмас еді Сізге, Сәке!» дедім. «Оның дұрыс ақыл, бірақ атқарар істі кейінге қалдыра беруге тағы бол­майды. Уақыт – сынап секілді уыста тұрмайды. Ойдағы бардың барлығын бітір­сем екен деген үміт-қайық мені алысқа жібермейді. Анда-санда Қапшағайдағы ұлымның үйіне барып, бір мезгіл тынығып жүрмін. Бірақ туған елді, туған жерді, бала­лық бал дәуренді жиі аңсаймын. Адамда туған жерге деген үкілі сағыныш көмес­келеніп, еш тұманданбайды екен ғой. Қанша жасасаң да оған деген сағынышың басылмай, жүрегің елжірейді де тұрады екен. Табиғат адамды солай етіп жаратқан. Биыл жаздың ыстығы басылғаннан кейін, қоңыр күзде елге баруды жоспарлап қой­дым. Немерелерім мен ұлымның бірін жаныма ілестіріп, туған жерге бір аунап-қунап қайтқым келіп жүр. Елді сағынып жүрмін». «Солай еткеніңіз жөн, туған жер тірі адамның тірегі ғой, аға. Барып қай­тыңыз еліңізге», – дей отырып, әңгімені бас­қа ауанға ауыстырдым. Ағаның ойы бө­лініп, көңілді әңгімеге көшті…
– «Көркем әдебиет жас баланы саяси қай­раткерге дейін тәрбиелейді» деген Лион Фейхтвангердің қанатты сөзі бар, Сағындық інім. Шынында солай, көркем әдебиетпен жастайынан сусындаған адам ешқашан жаман адам бола алмайды. «Әде­биеттің аса бір ерекше құдіреті» деп со­ны айтқанымыз жөн. Әдебиет адамды тәрбие­лейді, – деген пікір айтты Сайлаубек аға бір қазіргі әдебиет және оның адамның санасына әсері жайлы әңгіме қозғалғанда, ерекше бір ой иіріміне беріліп.
– Өкінішке қарай, қазіргі жастардың кітап оқуға құлқы жоқ. Тіпті, қызметте жүр­ген шенеуніктеріміз бір жылда бір кітап оқы­майтынын мойындауымыз керек. Бір­те-бірте жазушыларымыз әңгіме, хикаят, роман жазудан қалады-ау деген қауіп те бар. Өйткені, олардың маңдайдағы терін төгіп жүріп жазған әдеби еңбегін жалпы жұрт, оқушы қауым біліп, танысып, тиісті ба­­ға беріп жатқан жоқ, – дедім мен С.Жұ­ма­бек ағаның пікірін білмек болып.
Сондайда төгіле сөйлеп, көсіле жө­неледі. Қазір ондай үрдіс барлық елде бар. Том-том қалың романдарды көпшіліктің оқуына уақыты жетпейді. Тіпті, кейбірі, ин­тернет тұрғанда оны қажет деп те санамай­ды. Мына есіктен сығалап тұрған қа­зір­гі экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық, шарасыздық көпшіліктің көңілін пәсейтіп, дегбірін алып тұр ғой. Аш адам рухани бай­лық, рухани азық туралы ойламайды. Күн­делікті күйбің тірліктің ілгегіне ілініп, жан сауғалап, өмір ағымымен ығып жүре бере­ді. Бірақ ерте ме, кеш пе, әдебиетке қайта бетбұрыс болатынын білемін. Ол – ертең бе, бүрсігүні ме, дәл кесіп айту қиын. «Әлемнен әдебиетті алып тастаса, сы­қыр­лаған қару мен сыңғырлаған тиындар ғана қа­лар еді», – деген екен Андрей Битов. Орын­ды айтылған пікір.
– Рим императоры Карл V-тің «Пат­ша­ның жақсысы болғанша, жазушының жаманы болуым керек еді» деген сөзін есіме салдың ғой мана. Елге, әлемге белгілі жазу­шы болу үшін көп кітап шығару тіпті мін­детті емес. Мысалы, Нобель сыйлы­ғы­ның иегері Эрнест Хемингуэй «Шал мен теңіз» деген шағын, бірақ керемет өлмес туындысымен аты әлемдік әдебиетте мәң­гілікке қалды. Қандай қаламгер болсын, оның жазған туындысы қазіргі заман­дас­та­рымыздың ойын дөп басып, жүрегін тол­қытып, парасат-санасына нәр тастаса, пі­кіріне пікір қосса жаман болмас еді. Бірақ қазіргі әдебиетте бірін-бірі қайталау, бұрын бір жерден оқыған үйреншікті сюжеттер мен детальдар, сөз шұбалаңдығына жол беру, тың ой болмау, суреткерлік шеберліктің жұтаңдығы сезіліп тұрады. Қысқаша қайырсақ, жазушы көп, суреткер аз. Жазушылық деген біле-білсек, адам­ның бойына туа берілетін ерекше, ерен құдіретті қасиет, ол Жаратқан Иемнің сый­лаған сыйы, табиғаттың берген дарыны. Бас­қа сала бойынша білім алып, басқа са­ла­дан әдебиет өнеріне келген қаншама белгілі жазушылар бар. Мысалы, орыстың атақты жазушысы Антон Чеховтың, одан кейінгі Михаил Булгаковтың мамандықтары дәрігер болған. Тіпті, алысқа бармай-ақ, өзі­міздің жазушылар Ілияс Есенберлин мен Медеу Сәрсекені алайық, екеуі де политехникалық институтты тәмамдаған, негізгі мамандықтары тау-кен инженерлері. Ақын Олжас Сүлейменов пен академик Евней Бөкетов те солай. Көріп отырсың, дарынды суреткер болу үшін арқалы ақын, білікті жазушы, талантты өнер иесі болып туылу керек.
– Олай болса, «Ұланғайыр мүмкіндіктер баршаға беріледі. Бірақ көп жандар олармен ұшырасқанын сезбейді де», – деген Дан­нингтің пікірін қайда тастаймыз, Сәке. Мүмкіндігі мол адамдардың барлығы қа­лам тартып, көрнекті жазушы бола бер­мейді. Көңіл толқындарын, өмірде түйген ойларын өздері үшін қойын дәптерлеріне түртіп қойып жүрген адамдар да ортамызда баршылық. Бірақ олардың барлығы көп­шілікке арнап кітап жаза бермейді, – деп мен шажалаулап қалмаймын.
– Шындап келгенде, жазушылық ауыр жүк. Әйтпесе кім болса сол кітап жазып жатқан заманда жазушы бола бермес пе еді? Газет-журналдарда, жинақтарда басылып жатқан көп туындыларда тың образ, мінез-құлық, пікір, нанымдылық жоқ­тың қасы. Осындайдан жаңағы өзің айтқан «Жазушы көп, суреткер аз» деген пікір
туындайды. Нағыз шебер суреткер деп Мұх­тар Әуезовті атасақ болады. Өзінің «Абай жолы» арқылы қазақ деген халықты әлемге танытып, қазақтың әдеп-ғұрпын, ұлттың салт-дәстүрін, оның әсем табиғатын керемет суреттеген. Тәкен Әлімқұловтың қай ш­ы­ғармасын алмаңыз, қазақ дала­сы­ның исі, ауыл тыныс-тіршілігі аңқып тұра­ды… Бұл – жазушының терең білімін, із­де­нім­­паздығын, ұлттық зерек ойын білдіріп тұрады. Қазіргі дара, көркем әдебиетте үлесі зор жазушылардан шымкенттік Мархабат Байғұт пен жамбылдық Несіпбек Дәутаевтың есімін атасақ болады. Олардың әр шығармасы салмақты, ойлы, қазіргі өмірден ойып алынған шыншыл дүниелер, әдемі образдар мен сюжеттер…
Осылай пікір-ой алмасып отырып Сай­лаубек ағамен бірер сағатты бірге өткіздік. Сонда менің ұққаным, оның ойының ұш­қырлығы, әдеби білімінің тереңдігі, телегей теңіз біліктілігі, сын өнерінің ұңғыл-шұң­ғылын басқаша ұғуы болатын. Әр кездескен сайын әдебиет төңірегіндегі ойымызды бөлісіп, пікірімізді білдіріп, ар­қын-жарқын сырласып, көңілімізде біраздан жиналған зіл бір жеңілдеп қалғандай болушы еді. Жалпы, Сайлаубек әдебиет әлемін, оның философиялық түйіндерін мол білетін сын­шы-қаламгер еді. Онымен әдебиет төңі­ре­гінде ой-пікір бөлісу мен үшін бір ғанибет болатын. Ол күндер қазір көзден бұлбұл ұшты…
Қазіргі жазушылар арасында «Ортамызда әділ сын айтатын озып тұрған жазу­шы қалмады. Қазіргілердің барлығы бірін-бірі бос мақтау, мадақтау болып барады. «Сын болсын. Сын шын болсын» деген ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің қанатты сөздері бұл күндері бұлыңғырланып, көмескіленіп бара жатқаны өкінішті. Сыншы болғаннан соң М.Қаратаев, З.Қабдолов, З.Серікқа­лиев, А.Сүлейменов, С.Әшімбаев, С.Жұма­бек­тей болғаны жөн ғой» деген пікірді жиі ес­титін болдық.
Қазақта «Кеткен күшiңдi сұрамайды, бiткен iсiңдi сұрайды» дейтiн қанатты сөз бар. Айналаңдағы жұртқа, қоғамға, тiптi өз отбасыңа сенiң жұмсаған күшiң емес, тындырған iсiң керек. Құның тек сонымен. Сол жолда ауырасың ба, өлесiң бе, ол есеп­ке алынбайды. Қарымды қаламгер Сайлаубек Жұмабек қазақ әдебиетінің сын өне­рінде өзіндік із қалдырған, төл әдебие­тіміздің ел-жұрт таныған сардар сарапшысы, тәуелсіз әдебиетіміздегі шырқыраған шындықтың шыңына шыққан түйсігі биік азаматтың бірі болатын. Оның алдында әлі талай қомақты істер, жоспарланған армандар күтіп тұр еді. Әттең, сол бір қатерлі, қатігез жол апаты болмаса…
…Алматыға барған сайын бұрынғы көп жыл­ғы әдетім бойынша көңілі дархан, ойы зерек, толғамы терең, бауырлық сезімі нәзік Сайлаубек ағаны іздеймін. Кеудем­дегі аласұрған жұдырықтай жүрегім лықсып аузыма келіп, тынысым тарылып, дем жет­пей тығылып, жанарыма еріксіз ыстық жас мөлт-мөлт етіп келіп, кеудем буынып, ауа тарылып тұншыққандай боламын. Орны басқалардан бөлек Сәкеңе деген менің мұнарлы сағынышым еш азаяр емес. Жаз­мышқа не дауа бар?! Көзден кетсе де, көңіл­ден кетпей жүр менің аңқылдақ мі­незді, көңілі көл-дария, рухани дүниесі мол мейірбан Сайлаубек ағам…

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург,
медицина ғылымдарының докторы,
профессор.
Тараз – Алматы – Тараз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір