ЖҮРЕКТЕ МАЗДАҒАН ШОҚ
13.08.2018
1245
1

Аманкүл БОЛТАЕВА

Қызыл идеология қазақ жастарын арқадан қағып қойып, малға салмағанда Аманкүл Болтаева есімі бұл күнде өнер аспанында жұлдыздай жарқырап тұрар ма еді, кім білген… Аманкүл дәулескер күйші Файзулла Үрмізовтің талантты шәкірттерінің бірі болды. Бірақ, шұбартаулық жастардың бастмасына еліткен Аманкүл өнердің емес, қоғам ісінің қайраткері болып шықты.


Аманкүл көне Теріскей, сырлы Созақ жеріндегі Жылыбұлақ жағасындағы күллі түркі жұртына танымал әулие Баба Түкті Шашты Әзиз баба кесенесі маңындағы Та­бақбұлақ іргесінде дүниеге келеді. Жас­тайы­нан «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Шора батыр», «Қамбар батыр» атты эпостық жырларды тыңдап өскен ол талай ұлылардың ізі түскен киелі аймақта ту­ған жер тарихымен танысып, өнерімен сусындап, тұлымшағы желкілдеп жетіліп келе жатады.
Мына сәттілікке немесе сәйкестікке қалайша таңырқамайсыз. Аманкүл мектеп қабырғасында оқып жүргенде «Құмкент» кеңшарына қазақ әдебиетінің алыптары: Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбеков, тағы бас­қалары келген ғой. Ауылға атақты адамдар келгеннен соң олардың алдында ақжарма көңілмен барлық өнерімізді жайып сала­тын ежелгі дәстүріміз емес пе? Бірде ауыл­ға ұлы жазушы Мұхтар Әуезов келгенде мектеп оқушылары құрметті қонақтың ал­­дында өнер көрсетіпті. Сонда тұлым­ша­ғы желбіреген кішкентай қыз сахнаға шығып, күй тартып, ән салады. Бұл – Аман­күл еді. Мұхаң оның өнеріне сүйсініп: «Күйші қызым, Құмкенттің әнші бұлбұлы» деп бетінен сүйген екен
Қазақ – ырымшыл халық. Бірде «Құм­кент­ке» күш атасы Қажымұқан келеді. Кезін­де би, болыс болған Болтай атамыз сон­да жөргектегі қуыршақтай қызын Қа­жымұқан отырған жерге аунатып алып: «Қыз да болсаң, ұлдай бол!» деп тілек тілеген екен. Сонымен бірге Болтай ақса­қал палуанның бет орамалын теберік етіп алып, ит көйлегін осы матадан жасатып, ораған деседі. Мұны құмкенттік кәріқұлақ­тар әлі де жыр етіп айтады. Қажекең әр­уақ­ты адам болған ғой, Аманкүл қарша­дайынан өнер саңлағы атанды. Созақтық өнер тарландары: Төлеген Момбеков, Ге­не­рал Асқаров, Якуда Амандықов, Ерген­тай Борсабаев, Жанғали Меймандосов, тағы басқаларымен бірге өнер жарысты­рып, қанаттас жүрді. Артынша облыстағы «Шалқыма» ән-би ансамблінің белді мү­шесі болды. Сол жылдары Генерал Асқаров ағасының «Дала еркесі», «Сен ға­на», Якуда Амандықов ағасының «Қара­тауым» ән­дерін Аманкүлдей жеріне жет­кізіп айтатын әнші бұл төңіректе жоқ еді. Атақты Шәмші Қалдаяқов «Құмкент» кеңшарына келген бір сапарында орталық клубта еңбек­ші­лер­мен кездеседі. Міне, сонда ән пади­шасы – Шәмші алақандай Аманкүлдің шерткен күйлері мен айтқан әндерін тыңдап, риза болып, өнеріне ақ жол тілей­ді, консерваторияға оқуға түсуге кеңес бе­реді. Шәмші сонда шынашақтай қыздың болашағынан үлкен үміт күтетінін айтады. Шәкеңнің «Қайықта», «Ақсұңқарым», «Ақмаңдайлым», «Бақыт құшағында», «Ме­нің Қазақстаным» әндерін Аманкүл асқақтата шырқағаны соншалық, клуб іші сілтідей тынады. Шәкең орнынан тұрып, әнші қыздың қолын қысады.
Өршіл қыз өлең өлкесінде де өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Өзінің өлеңдеріне ән шығарған өнерпаздығы тағы бар. Төле­ген ағасына еліктеп, бірер күйдің басын құ­рағанын қайтерсіз. Өнерлі өрен Берлин, Будапешт қалаларында өткен дүниежүзі жастарының фестивальдеріне қатысып, жүлделермен оралды. Қазақтың қара домбырасымен әуелете ән салғанда Берлин және Будапешт аспаны жаңғырып тұрды. Қазылар алқасы оны өнерпаздар даярлай­тын одақтық, республикалық жоғары оқу орындарына шақырады. Людмила Гур­ченко, Зинаида Кириенко сынды өнер жұлдыздары талантына тәнті болып, өз­деріне шәкірт болуға ұсыныс білдірген. Мәскеудің Евгений Долмотовский деген ақыны Аманкүлдің өлеңдерін орыс тіліне аударуға ниет танытыпты. Осыдан-ақ Аманкүлдің жастайынан жасындай жанып өскенін пайымдаймыз. Әттең, өнер жо­лы­на біржолата ден қойғанда бар ма, онда бәлкім Аманкүл Болтаева деген жұлдыз қазақ аспанында ұзақ жарқырап тұрар ма еді? Бір кем дүние деген – осы.
1963 жылы «Құмкент» кеңшарындағы Қаныш Сәтбаев атындағы №2 орта мектепті үздік бітірген Аманкүлдің алдында сан тарау жол жатты. Тап осы жылдары бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданының жас­тары екінші тыңды игеру жөнінде респу­бли­камыздың мектеп түлектеріне Үндеу жолдап, ол қызу қолдау тауып жатқан-ды. Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев, Қазақстан Комсомол Жастары Ор­талық Комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков болып қолдаған бұл бастаманы Созақ аудандық партия комите­тінің бірінші хатшысы Әділ Сасбұқаев, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Балтабек Ботанов та іліп әкетіп, жас­тарды мал шаруашылығының майтал­маны болуға шақырып жатқан тұс еді. Балауса жүрек мұндайда бұлқынбай тұрар ма? Романтикаға толы жүрек комсомол-жастар бригадасын құрып, туған жерді түлетуге деген талпыныстан қалай бас тар­­та алады? Балғын жас жоғары оқу орын­дарының кез-келгеніне түсіп кетуге мүмкіндігі бола тұра әке жолын қуып, шаруашылықты өркендетуге үлес қосуды өзіне парыз әрі борыш деп санады. Бұ­ға­насы қатпаған өндір жас екінші тыңды игеруге осылай жүрек қалауымен келді.
Табанымен от кешетін, аспанда алау болып жанатын «Он сегіз» деген жалынды жас кезінде ауылдың албырт, алқызыл қызғалдақтары осылай еңбек майданын қыздырып жатты. Олар үшін шопандықтан асқан керемет мамандық жоқтай көрінетін. ОларӘ керемет құрметке, беделге ие болды. Романтика жетегіндегі бозбала, бойжет­кен­дер дала жырын әуелете шырқады. Қыздар өзге де құрбылары сияқты тон ті­гіп, құрақ құрап, кілем тоқыған жоқ. Ком­сомол-жастар бригадасы үшін ерліктің көкесі – мал өсіру еді.
Қыр төсінде сирек өсетін гүлдер секілді олар­дың бірқатары мал соңында күйбеңдеп, күйкі тірлікпен біржолата айналысып, елден оқшау қалды. Кеңестік сұрқия саясат малшылардың омыраула­рына салпыншақтар іліп, оларды мал соңын­да салпақтатып қоятын еді ғой. Олар­дың құла түзде жападан жалғыз өткерген күндерін, жастық шақтарын, балғын дәуренін ешкім де қайта оралта алмайды. Басты қасірет осында.
Бірақ, жасындай жасымас жүрек жол тапты. Алматы зоотехникалық-мал дәрі­герлік институтын үздік бітірген ол жол­дамамен Қызылорда облысы, Жаңа­қор­ған ауданы, «Төменарық» кеңшарына келді. Көп ұзамай-ақ бойында жалыны бар бойжеткен кеңшар директорының көзіне түсті. А.Алтыбаев жас маманды кеңшар жастарының жетекшісі етіп сайлау үшін аудандық комсомол комитетіне ұсыныс берді. Содан бері Аманкүл осы ауданның төл перзентіне айналып сала берді. Жастарды өнімді еңбекке жұмылдыруда ол тынбай тер төкті. Еңбек озаты, талантты өнерпаз Кеңес Одағының делегациясы құрамында Австрия, Венгрия, Германияда өткен дүниежүзі жастарының фестиваліне қатысты. Үлкен сахналарда Абайдың, Сәкеннің, Шәмшінің әндерін әуелете шырқады. Сүгірдің күйлерін шертті. Шәмшінің «Менің Қазақстаным» атты патриоттық әнін шырқағанда екі көзінен жас тамшылары ыршып түскенін өзі де байқай бермейтін. Ол кейіннен осы әннің Қазақстанның әнұранына айналарын білгендей, қайта-қайта айтып жүрді. Отан деген оттан да ыстық екен-ау.
Ол қай қызметте жүрсе де абырой биі­гінен көріне білді. Бекзат болмысты ақжарқын жанды жерлестері жанындай жақсы көрді. Тамаша адами қасиеттері, жан тазалығы, аналық мейірімі оның ажарын аша түсті. Қоғамдық ортада, күнделікті өмірде шынайы болмысымен дараланды.
Жаңақорған ауданының жаңашыл қызына қызыққандар көп еді. Солардың ішінде ақын Дінислам Сапаровтың бағы жанды. Аққудың сыңарындай тату-тәтті ғұмыр кешкен екеуіне былайғы жұрт тамсана қарайтын. Дінислам домбырамен сүйемелдеп, Аманкүл ажарлана ән шырқа­ғанда ауыл-аймақ ауыздарын ашып ұйып тыңдаушы еді-ау. Жарасымды жұп 3 пер­зен­тінен 15 немере сүйді. Ол аяулы ана, сүйік­ті жар бола білді.
Біз тегінде, өткеннен өнеге алуды ұмы­тыңқырап барамыз. Бүгінге кешеден кел­ге­німізді де ескере бермейміз. Ал, кешегісін ұмытқан, тарихын жоғалтқан ел еңсесін тіктей алмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын аза­мат­тар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» деп атап көрсетті. Ал, үлгіні кешегі­ден де, бүгінгіден де молынан табуға бола­ды. Бастысы, біз бүгінгі өркениет өріне өршелене ұмтылған қым-қиғаш та қауырт кезеңде өткенімізге балта шауып тастаудан аулақ болуымыз керек-ақ. Асылдарымызды аспандата білгенде ғана асығымыз алшысы­нан түсетінін де бір сәт естен шығармайық.
Түптеп келгенде, Аманкүл Болтаева сынды жаһұт жанды, асыл адамдар алыста­ған сайын асқар таудай асқақтай бермек. Олар елдің есінде.

С.ДӘНІҚҰЛҰЛЫ
Түркістан облысы

ПІКІРЛЕР1
ҰЛПАН 24.01.2019 | 10:15

Салеметсіздер ме? Құрметті Сабырбек Дәніқұлұлы сізге осы мақаланы жаза отырып жастар болашағына үлгі боларлықтай тұлғаны — Аманкүл Болтайкызын және оның ерен еңбегін сонымен катар толыққанды омірі мен өнер жолына тоқталып жазғаныңыз үшін, біршама жандардың естеріне салғаныңыз үшін мың алғыс!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір