ТАРИХИ КЕЛІССӨЗГЕ – БІР ҒАСЫР
13.08.2018
1690
0

«Алаш-Орда» Халық Кеңесінің Ресей Федеративтік Республикасы үкіметі – Халық Комиссарлары Кеңесімен (Совнаркоммен) – тұңғыш рет келіссөз жүргізгеніне биыл 100 жыл толады.


Бұл тарихи келіссөз 1918 жыл­ғы наурызда болған еді. Оның та­ри­хилығының себебі – сол жолы Со­вет өкіметінің жоғарғы бас­шы­лығы монархия ыдырағаннан кейін­гі революциялық ахуалда шаңы­рақ көтерген қазақтың ұлт­тық автономиясын мойындаған бо­латын.
Бұрынғы империя орнына бе­кем билікке келгені аныққа шық­қан жаңа өкіметпен келіссөз жүр­гізу­ге Алаш-Орда делегациясын Жан­ша (Жаһаншаһ, Жаһанша) Дос­мұхамедов басқарып барған-ды. Делегация Мәскеуге сапарға Орал облысы қазақтарының ке­зек­ті съезінің шешімі бойынша шық­қан. Құрамында облыстық земст­во басқармасының бірнеше мү­шесі мен бастығы Халел Дос­мұхамедов болды.
Олар сол шақта больше­вик­тер­дің билеуіндегі Семейде іс жүзінде жұ­мысына кірісе алмай тұрған Ор­талық Алаш-Орда атынан, Ха­лық Кеңесінің мүшелері ретінде, Пре­дсовнарком (Халық Комис­сар­лары Кеңесінің төрағасы) Вла­димир Лениннің алдында баян­да­ма жасап, Орынборда 1917 жылғы 5–13 (18–26) желтоқсанда қазақ автономиясын құрған Екінші Жал­пықазақ съезінің құжаттарын тап­сырды, солардан заманауи өз­герістерге орай туындаған өзекті та­лаптарды алға тарта сөйледі.
Келіссөз сәтті өтті. Ұлттар істе­рі жөніндегі халық комиссары Ио­сиф Сталин төте желімен Се­мей­дегі Орталық Алаш-Орда бас­шы­ларымен сөйлесті. Делегация Кіші Совнаркомда (РСФСР үкі­ме­тінің жанындағы Хал­ком­кеңес­тің қарауына жататын мәселелерді алдын ала қарау үшін құрылған тұ­­рақты комиссияда) шешуге қойып отырған ұсыныстарын
бо­ль­шевиктік билік талаптарымен ұш­тастыра пысықтаумен шұғыл­дан­ды. Совнарком қорытылған ұсы­ныстарды мақұлдады, Орал об­лысындағы земство ме­ке­мелері­нің жұмысын жалғастыра беруіне келісті, сондағы қазақ ұйымдарын со­вет рельсіне аударуға қажетті қар­жылық сома бөліп берді.
Делегация осылайша Алаш ұлт­тық автономиясын орталық кеңес өкіметіне танытып-мойын­датып, кері оралуға бет алды. Бі­рақ жолда ойламаған кедергіге тап болды. Кіндік билікпен тіл та­бы­сып келе жатқан күрес­керлердің ал­дын Саратов қаласындағы жер­гілік­ті билік бөгеді. Саратов сов­де­піне наурыздың соңында ка­зачество құлатқан Орал совдепінен өкіл жеткен де, Алаш-Орданың Мәс­кеуге аттанған делегациясы жайында теріс пікірмен құлақтан­ды­рып үлгерген еді.
Саратов жұмысшы, солдат жә­не шаруа депутаттары советінің Ат­қару комитеті өзінің арнайы мә­жілісінде делегацияның барлық мү­шелерін тыңдады. Тек делегация же­текшісі Жаһанша Досмұхаме­дов­тің өзіне үш мәрте сөз алуға тура келді. Одан Атком мүшелері өз­дері оңаша пікірлесті. Ақыры Дос­мұхамедовті соңғы мәжілісіне же­ке шақырды.
Делегацияның Саратовта қа­лай большевиктік тезге салын­ға­нын советтік зерттеуші Бақытжан Қа­ратаев өзінің Алаш-Орда жайын­дағы еңбегінде (ОММ, 1227-қ., 1-тізім, 2-іс, 1-байлам) то­лық жазған екен. Қарт қайраткер ХХ ғасырдың басында қазақ азат­тық қозғалысының бастауында тұрған­мен, кейін, нақты айтқанда, 1917 жылы алдымен социал-де­мок­раттар, одан большевизм жа­ғына біржола ойысқан болатын. Қа­зан төңкерісінен кейін совет плат­формасында біраз жыл бел­сенді жұмыс атқарған да, 1926 жы­лы коммунистік партиядан шы­ғып, қалған өмірін ұлт-азаттық кө­терілістер мен революциялық қоз­ғалыс тарихын зерттеуге арна­ған еді. Оның «Алаш-Орданы» өте ұнатпағаны белгілі, сондықтан, тиі­сінше, тілге тиек болған зерт­теуі ұлттық құрылым мен оның қай­раткерлерін барынша қаралау тұрғысынан жазылды. Және бұл та­қырыпты А.К. Бочаговтың ар­найы зерттеуі (Алаш-Орда. Крат­кий исторический очерк о нацио­на­льно-буржуазном движении в Ка­захстане периода 1917–1919 гг. Кзыл-Орда, 1927) мен Н.И. Мар­ты­ненко құрастырған алашор­далық құжаттар жинағы (Алаш-Орда. Сборник документов. Кзыл-Орда, 1929) шыққаннан кейін көтеріп отырғандықтан, со­веттік оқырманның қолына тиген сол кітаптарда келтірілген дерек­тер­ді қайталамай, оларда жоқ мә­ліметтерді айналымға қосу жолын мақ­сат етті.
Қаратаевтың «Алаш-Орда» жайын­дағы еңбегі сонысымен – қа­зіргі зерттеуші үшін маңызды де­ректерді біздің заманға жет­кізуі­мен құнды.
Міне, Алаш-Орда қатты сы­на­латын, оның қайраткерлеріне аяу­сыз қара күйе жағылатын сол жұ­мыс ішінен біз Мәскеуге 1918 жыл­ғы наурыздың ортасында бар­ған «Алаш-Орда» делегациясының би­лікті бекем қолға алған Совет өкі­меті басшылығымен бірінші ке­ліссөзі қандай жеңіске жеткенін кө­ре аламыз. Ленинмен, Ста­лин­мен кездесулерінде ұтымды ке­ліс­сөздер жүргізіп, Кіші Халком­кеңес­те тиісті құжаттарды сенімді түр­де дайындаған, алға қойған мәселесіне орай үлкен Совнар­ком­ның шешімін шығартқан, сол орайда елде атқарылуға тиіс саяси жұмысқа қажет қаржы бөлдіртіп, өзде­рімен алып келе жатқан деле­гация мүшелері өздерін Саратовта өте лайықты деңгейде ұстады. Көзқарастары мен ұстанымдарын дә­лелді түрде қорғады, орталықпен ке­лісімдерін жүзеге асыруға Сара­тов совдепшілерінің жәрдемі қа­жет­тігін дәйектеді.
Саратов Атқару комитетінің Орал делегациясы жайын қараған соңғы мәжілісіне Жанша ғана қа­тыстырылған-ды. Ол тағы да ор­талыққа сапардың мақсаты мен қол жеткізген нәтижесін тілге тиек ете келе, Орал совдепінің құла­тыл­ғаны делегацияға Мәскеуде ғана мәлім болғаны жөнінде ай­тып, Саратов совдепімен қалай бір­лесіп жұмыс істегенді жөн кө­ретінін әңгімеледі.
Саратов совдепінің көмегімен Орал өңірінің тұрғындарына үндеу жазып, оны ұшақпен жеткізіп тара­туға көмек сұрайтынын айтты. Жан­ша Досмұхамедовтің Саратов совдепі Атқару комитетінің 1918 жылғы 17 сәуірдегі мәжілісінде жа­рия еткен үндеуінің мәтіні мы­нау:
Орал облысының Жайық сыр­тындағы бүткіл қазақ земстволық және қоғамдық ұйымдарына, лауа­зымды тұлғаларға және бар­лық азаматтарға
Жалпықазақтық «Алаш-Орда» Ха­лық Кеңесі Ресей Федеративтік Рес­публикасының советтік билігін мойындады да, Халық Комиссар­лары Кеңесімен қарым-қатынас орнатты.
Халық Комиссарлары Кеңе­сінің жанынан жақын күндерде Қазақ істері жөнінде комиссариат құ­рылады да, ең қысқа мерзім ішін­де қазақ өлкесінің автоно­мия­сы жайында декрет жарияланады.
Үстіміздегі жылдың 1 сәуірінде өт­кен Халкомкеңес мәжілісінің № 335 Қаулысына сәйкес, Заура­лье­нің (Жайық сырты) земство ме­ке­мелері өздерінің әдеттегі мін­дет­те­рін бұрынғысынша атқара беру­ге тиіс.
Осыларды хабарлай отырып, біз, үндеуге төменде қол қойып отыр­ғандар, Орал облысының Жайық сырты бөлігіндегі қазақ­тың барлық земстволық және қоғамдық ұйымдары мен лауа­зым­ды тұлғаларын, барша қазақтарды совет өкіметіне қарсы бағытталған қозғалыстардың ешқайсысына да қатыспауға, сондай қарсылық қоз­ғалыстарға араласы бар адамдарға ешқандай көмек көрсетпеуге ша­қырамыз.
Естеріңізде болсын, қандас қа­зақ бауырлар, сіздердің ұлттық тағ­дырды өз қолдарыңызға алу, ұлттың өзін-өзі билеу құқығына ие болу жөніндегі табиғи тілектеріңіз­ге тұңғыш рет еңбекшілердің Со­вет өкіметі ресми түрде құлақ асып отыр, Совет өкіметі қазақ ұлтының ұлттық мүддесін және өзін-өзі би­леу құқығын мойындап отыр. Орыс пролетариатының осынау сая­си тектілік-мәрттігін бағалай бі­ліңіздер!
Жалпықазақтық «Алаш-Орда» Ха­лық Кеңесінің Мүшесі Дос-Мұ­хамедов».
Алаш-Орда қызметін сыни тұр­ғыда зерттеу еңбегінде Бақыт­жан Қаратаев Саратов Аткомы мә­жілісіндегі талқылауды, жарыс­сөзде орын алған күдік пен үмітті саралап баяндай келе, қабылдан­ған қаулының мәтінін келтіреді, ол мынау:
«Жалпықазақтық «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшесі Жаһан­ша Дос-Мұхамедовтің баян­дамасын тыңдап, жарыссөз­дерді қорыта келе, Саратов Атқару комитеті былай деп қаулы алды:
1. Баяндамашы арқылы қазақ хал­қына сәлем жолдап, оның со­вет өкіметін қолдауға деген ұмты­лысына қоштау көрсетілсін.
2. Қазақ халқымен өте тығыз сая­си және экономикалық байла­ныс орнатылсын.
3. Баяндамашы ұсынған қазақ хал­қына үндеу «Известия» бетінде жа­риялансын.
4. Саратов мұсылман тобынан таң­дап сайлап, қазақ ұйымына де­легат жіберу принципті түрде қа­жет деп табылсын».
Большевик-зерттеушінің жазуына қарағанда, үндеуге бар­лық делегация мүшелері қол қой­ған да, көп дана етіп бастырылған. Сосын аэропланмен қазақтар ме­­­кендейтін аймаққа жеткізіліп, жоғарыдан тасталған екен. Оның бірер данасы Оралдағы казактар­дың Әскери үкіметінің (Войсковое правительство) қолына тиген. Одан арғы тауарих – Алаш туын 1918 жылдың басында-ақ советтік не­гізде көтеруге тырысқан Дос­мұхамедов миссиясының құр­дым­ға кетірілуі – өз алдына терең де жан-жақты қарастырып, жеке әңгіме етуге тұратын тақырып. Біздің қазіргі сөз етіп отырғанымыз – «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің Совет өкіметімен бұдан 100 жыл іл­геріде жасаған алғашқы келіс­сөзіне қатысты деректер ғана.
Келіссөз нәтижесі ретінде  атал­мыш Үндеуде «Халық Комис­сар­лары Кеңесінің жанынан жақын күндерде Қазақ істері жөнінде ко­миссариат құрылады» және «ең қыс­қа мерзім ішінде қазақ өлке­сі­нің автономиясы жайында декрет жарияланады» деп хабарлады. Осыған орай 1918 жылғы мамырда РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты ішінен Қазақ бөлімі ашылғанын, ал 1920 жылғы 26 та­мы­зда Қазақ автономиялық рес­пуб­ликасы жайында декрет жа­рық­қа шыққанын еске алып қояйық. Бұл – бір. Екіншіден, Нар­комнацтың Қазақ бөлімі Қа­зақ Совет автономиясын дайын­дауға бағытталған сан салалы қыз­метін абыроймен атқарып бол­ғаннан кейін, оның орнын Қа­зақ Республикасының Тұрақты өкіл­дігі алғанын, одан, мем­ле­кеттік тәуелсіздікке байланысты, Тұрақты өкілдік орнына Қазақстан Республикасының Елшілігі ор­нағаны белгілі. Сабақтас оқиға­лар.
Байқағандарыңыздай, өт­ке­ніне үстіміздегі жылы жүз жыл бо­­латын «Алаш-Орда» Халық Кеңе­сінің Ресей Федерациясы Ха­лық Комиссарлары Кеңесімен жүр­гізген алғашқы келіссөзінен кейін, сонда уәде етілген «Қазақ іс­тері жөнінде комиссариат» (Ұлт істері жөніндегі халық комисса­риа­тының Қазақ бөлімі) артынша құрылды. Яғни оған да биыл бір ға­сыр толады. Демек, қызметі Нар­комнацтың Қазақ бөлімі сал­ған ізбен сабақтаса жүрген Қазақ Республикасының (әуелі РСФСР-дегі, одан СССР-дағы) Тұрақты өкілдігі мен Қазақстан Респуб­ли­касының Ресей Федерациясын­дағы Елшілігі тарихына бұл дата ет­ене жақын.
Қорыта айтқанда, «Алаш-Ор­да» Халық Кеңесінің Ресей Фе­де­ративтік Республикасы үкіметімен жүргізген алғашқы келіссөзі сын­ды бұдан 100 жыл ілгергі тарихи оқи­ға жан-жақты зерттеліп, әділ ба­ғасын алуға әбден лайық.

Бейбіт Қойшыбаев,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір