ЖҰМБАҚҚА ТОЛЫ ТЫЛСЫМ ДҮНИЕ
13.08.2018
5632
3

Бүгінгі әдебиет әлеміндегі басты трендттердің бірі – мистика, мифология. Ресми мойындалған ғылым да тылсым дүниелердің жетегінде келе жатыр.


Әлемнің қай тұрғынын да бей­жай қалдырмайтын, мойындалған ресми ғылымдар ауқымына сый­май­тын бір құбылыс – ол өзіміз өмір сүріп жатқан ортада өте жиі болмаса да, орын алатын қауіпті (аномальді) жерлерге қатысты жұм­бақ оқиғалар, там-тұмдап кез­де­­сетін елестер. Талай ғасырдан бері зерттеушілер мұндай тылсым құбылыстардың кілтін табуға тал­пын­ғанымен, әлі де ғалымдар оның толық шешімін таппай отыр.
Әр аймақтың тұрғындары «кие­­лі жер», «әулие-аруақтардың мекені», «әулие бұлақ», «әулие ағ­аш», «жын-шайтан қордаланған ор­ын», «шайтан көпір» және де бас­қа аттар қойып, оған әрқалай тү­сініктер беретіні бар. Белгілі жазу­шылардың шығармаларында да әңгімелер, қорқынышты эпи­зодт­тар ұшырасады. Мысалы, Ги де Мопасанның «Зираттағы ғажа­йып кездесу», Михаил Булгаков­тың «Иттің жүрегі», «Шебер мен Маргарита», Төлен Әбдіктің «Оң қол», Оралхан Бөкейдің «Қар қы­зы», Несіпбек Дәутайдың «Қан­қызыл жалқын…», «Айғыр кісі», Дәурен Қуаттың «Тас монша», «Кү­некей Кірекей» және де басқа қаламгерлердің мистикаға құрыл­ған әңгімелері кез-келген адамды бей-жай қалдырмайды. Олардың шығармаларын қызыға оқып отырып, тылсым жұмбақ дүниеге, басқа бір әлемге еніп кеткендей боласың. Ги де Мопасан жоғарыда аталған қысқа әңгімесін: «Мен оған өлердей ғашық болдым. Онымен танысқан соң, жібектей мінезі, оттай ыстық махаббаты жүрегімді жаулап алды. Есіл-дер­тім соған ауып, көрмесем тұра ал­майтын күйге түстім. Уақыт мә­нін жойды, жүрегімді кернеген махаббат мені қайыршыға ай­нал­дырды. Атқан таң, батқан күнмен санаспайтын, қыс пен жаздың алмасқанын парықтамас күйге түстім…», деп бастап, барлық оқиғаны баяндай келіп, соңын былай аяқтайды: «…Мен адымдай басып, ашылып жатқан қабірлер мен жын-сайтандай елбеңдеген әруақтар арасынан кесіп өтіп, он­ың қабіріне жеттім. Сол бір жа­ным­­ды жаулап, көзімді арбаған сұлу бейне көз алдымнан тағы бір жарқ етті де сөнді. Мен ептеп басып оның қасына барып, үн-түнсіз бақылап тұрмын. Ол бар ықыласымен ескерткіштегі «ол сүйген, сүйдірген, осы жерде мәң­гілік ұйқыда» деген сөздерді өші­ріп жатыр. Содан соң, сұқ сауса­ғы­мен «бір күні ол сүйген жарын алдап, нөсерлі жаңбырға қарамас­тан сыртқа шығып, әлде біреумен көңіл қосты. Содан ауыр дертке кіріптар болып, сауыға алмай өл­ді!» – деп жазды. Таң сөгіле адам­дар мені қабірлер арасынан тауып алыпты. Мен сол арада жығылып­пын. Жансыз мүрдем әлде қашан мұздап қалыпты…» (орысшадан аударған Шолпан Қазез).
Осы жолдарды оқып отырып, бойыңды үрей билеп, төбе құйқаң шымырлайды емес пе? Ия…
Ел арасында «Қорқынышты мекендер мен қатерлі аймақтар» деген түсінік бар. Олардың әң­гіме­лерін тыңдап отырып, бойыңызды қорқыныш билейтіні өтірік емес. Әрине, адам сенгісіз аңыздар да аз ем­ес. Айтушылар шеберлігіне қа­рай құбылтып, сан жаққа жүгіртіп, үрейіңді ұшыратын, жүрегіңді соқтыратын, қара терге түсіріп, тұ­ла бойыңды мұздататын, эмо­ция­­лық әңгімелер де ұшырасады. Кейбіріне, тіпті, шын сенесіз, таңғаласыз.
Бала кезімізде әке-шешеміз бен әжелеріміз «Түнде суға бар­маңдар, су перісі ұрады», «Адамы жоқ қаңырап бос тұрған ескі үйге кірмеңдер, жын-сайтандар жайла­ған. Естеріңнен ауысасың­дар», «Қараңғыда бейітке жақында­маң­дар, аруақтардың салқыны тиеді, әбілет басады», «Зираттардың қасынан өткенде тілдеріңді кәли­маға келтіріңдер, әйтпесе шалыққа ұшырайсыңдар», деп айтатындары есімізде. Баламыз ғой, оларын өтірікке санап, тым мән бере бер­мей­тінбіз. Қайран уайымсыз, қайғысыз балалық-ай! Кейінірек, басында кеме қалған Қазығұрт, әлгі Укаш-ата құдығы, адамдар кезекке тұрып өздерін сынайтын Тесіктас, суы бірде ағып, бірде тоқтайтын Әулиебұлақ және де басқа құбылыстар жайлы көптеген деректерге қанықтық. Базбіріне, шынында да таңғалдық.
Қазақта «Рух», «әруақ» деген түсініктер бар екенін білеміз. Орыс­тар «әр үйдің өз иесі бар» деп сендіреді. Басқа ұлттарда да әртүрлі сенім, түсінік­тер бар. Келе-келе сондай жұмбақ құбылыстардың бар екенін мойын­дадық.
Бірде, кезінде Жаңатастың құ­рылыстарында біраз жыл еңбек еткен құрбым, инженер-құрылысшы Жамбыл Мелдебаев сөз ретінде мынадай бір қызықты оқиғаны баяндаған еді: Өткен жүзжылдықтың 70-80-ші жылдары Жаңатас қаласы қысқа уақытта тез өсіп, біраз халық шоғырландықтан тұрғындарды ауызсумен қамтама­сыз ету проблемасы туындады. Көсегенің көкжонынан, Көлме­көл­ден, Шабақтыдан су құбыр­лары тартылады. Бірақ, олар тиісті су мөлшерімен толық қамтамасыз ете алмады. Көрші Созақ ауда­нын­дағы Баба түкті Шашты Әзиз кесенесінің жанындағы су көзі мол әулие бұлақтан су тартпақ бо­лып шешім қабылданады. Құбыр салмақ үшін жер қазатын техника жібереді. Жұмыс бастамақ болған сәтте экскватор моторы белгісіз се­беп­терден сөніп қалады. Экск­ва­торшы әрі-шұқылап, бері шұқы­лап моторын от алдырамай қина­лады. Білгір инженер іске ара­ла­сады, еш пайда жоқ. Содан екінші экскваторды алдырады. Істі бастайын десе экскватордың ожауы (ковшы) жерге батпай, түсініксіз жайда мотор сөніп қала­ды. Тағы баяғы жай қайтала­ны­лады, жұмыс жүрмей, береке ке­теді. Сонда көрші Құмкент ау­лы­ның тұрғындары бұл жердің киелі екенін, әруақтардың ты­ныш­тығын бұзбауды өтінеді. Сөйтіп, жаңатастықтар жоспар­ларын іске асыра алмай, кері қай­тады. Осындай мистикалық әңгі­ме­лерді сирек болса да әр өңірден естуге болады. Мысалы, Алтайдың таулы аймағынан «Укок патшайы­мы­ның» мумиясын қазып алған­нан кейін, 2003 жылы бұл аймақта 7,6 балға жететін жер сілкінісі бо­лып, халық одан көп зардап шек­ті. Сонда бақсылар: «Егер «пат­шайым­ның» сүйегі қайта орнына жерленбесе, көптеген катоклиз­малар, апаттар (катострофалар) болады» деп мүрденің қайта жерленуін талап етті. Бұл құ­бы­лыс­­тарды осы күнге дейін еш ға­лым түсіндіріп, шешкен емес. Тіпті, әлемді таңғалдырып отыр­ған «Бермуд үшбұрышының» («Бермудский треугольниктің») құпиясы әлі ашылған жоқ. Орыс­тар мұны «аномалиялық аймақ», қазақтар «қатерлі жер» деп атап жүр.
Ертеректе, біраз жыл бұрын, адамның рухы өлмейтіндігі туралы оқиғаны бір баспасөзден оқыға­ным бар. Тараз-Бішкек тас жолы­ның бойында жеңіл көлігімен келе жатқан жігіт ағасы, сол маңдағы өзен бойына жақындағанда, аяқ астынан пайда болған бейтаныс қыздың оның көлігімен ілесіп, жүгіре бастағанын көреді. Мұның бұл әлемге тән құбылыс емес екенін іштей сезген ол, мүмкінді­гін­­ше жылдамдығын асыруға ты­рысады. Қанша тез жүруге тырыс­қанымен, әлгі қыз да одан еш қа­лыспайды. Тек бір елдімекенге келгенде ғана жаңағы елес бірте-бірте көзден ғайып болады. Тосын жағдайдан есеңгіреп қалған жүр­гізу­ші, ауыл адамдарына болған оқиғаны баяндағанда, олар да бұ­ған, жергілікті өзенге осыдан біраз жыл бұрын бір қыздың батып кетіп, сүйегі табылмай, көмілмей қалғанын айтады. Сөйтсе, бұл қыз­дың елесі оған ғана емес, басқа жүргізушілерге де дәл осылай бір емес, бірнеше рет көрініпті. Бірақ оған көбі мән бермеген. Мұның бәрін ой елегінен өткізген жігіт ағасы, көп кешіктірмей, бір малын алып, құрбандық шалып, ауыл молдасы мен қариялардың басын қосып, құран оқытады. Осыдан кейін ғана тас жолдың бойындағы әлгі қыздың елесі мүлдем жо­ға­лып­ты. Мұның астарында да, жаңа­ғы «аруақ, рух» ұғымдарына қатысы бар екеніне ой топшылай­сыз.
Әлемдік статистикаға көңіл аударсақ, қауіпті, «аномалиялық» жерлердің белгілі бір аумақпен ғана шектелмейтінін түсінеміз. Ғалымдардың болжауынша, дүниежүзінің әр аумағындағы ондай қауіпті аймақтар санатына жататын жерлердің біразы, тіпті, адамды қойып, жануарлар өміріне де қатер төндіреді-мыс. Мысалы, Үндістанның Ассам штатындағы Джатинга елді мекенінде жыл сай­ын күзде құстар құлап, мерт бола­тын жер бар екен. Бұл жерді тұр­ғын­дар «Құстар қабірі» деп атайды.
Дүниежүзінде тосын оқиғала­ры­мен әйгілі талай жерлер бар. Солардың бірі Жапониядағы Ао­ки­­гахара орманы. Бұл қорқы­ныш­ты әрі үрейлі ну орманда өткен ХХ ғасырда 500-ге жуық адам суицид­ке, яғни өзіне-өзі қол салуға бар­ған. Зерттеушілер үшін жұмбақ құбылыс – орман ағаштары тәулік бойы күн көзін көрмейді, көлең­кеде орналасқан. Соған қарамай ағаштардың шынардай тіп-тік болып, аспанмен таласа өсуі, келу­шілерді қойып, орманшы-мамандарды да таңғалдырады. Орманда ешбір техника, соның ішінде, тіпті, жол іздеуге көмекші құрал компас жұмыс істемейді екен. Келушілердің көбі көп ұза­май, жұмбақ жағдайда өздеріне өздері қол жұмсайтын көрінеді. Бұл үрейлі оқиғаларды қалай түсіндіруге болады?
Біреулер, «ол аруақтардың ісі» десе, екіншілері, «жағымсыз энер­гиядан» деп түсіндіреді. Сірә, бұл қисынсыз болмауы керек. Зерттеу­шілер, ондай жұмбақ аймақтардың пайда болуына бірден-бір себеп адамдардың өздерінің жағымсыз ой-пиғылының шақыртқы болуы­нан жиналған кері қуаттардың әсері десе, уфологтар жер бетінде орын алатын оқиғалар салдарын параллельді әлемнен іздеген жөн деген пайымды алға тартады. Мүмкін онысы рас болар. Әруақ­қа, рухқа көбіміз сенеміз ғой.
«Аномалиялық аймақтар» мен қорқынышты мекендердің сырын ғалымдар ғылыми негізде түсін­діруге тырысқанымен әлі түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Болжамдар мен гипотезалар болғанымен, тылсым жайттардың сырын ашып нүктесін қоюға ерте. Негізі, қан­дай да бір жерді өзіне қоныс етуге бейімдейтін адам баласы болған­дық­тан, ол жердің жағымды ортаға айналуы жұмыр басты пенденің өз қолында. Сол себепті де кейде «қауіп­сіз жерлер мен қауіпсіз ме­кен­­дер­дің», керісінше, «қор­қы­ныш­ты мекендер мен қатерлі ай­мақ­тарға» айналуына түрткі бола­тын, адамдардың өздері емес пе екен деп ой қаузайсың. Қалай дегенде де жер бетіндегі ең саналы жаратылыс иесі – адамның күн­де­лік­ті тіршіліктегі ойы мен сөзінен бастап, иманы мен Жаратушыға деген сенімі, оның соған сай әрбір іс­ке қатысты жасаған амал-әрекетінің бәрінің материялан­да­на­тыны сөзсіз. Ең бастысы, мұның бәрі оның бүкіл ғұмырына арқау болмақ. Өйткені әрбір адам өзі өмір сүретін ортасының барометрі. Шынында, адам – таңғажайып құбылыс. Адам бойындағы жақсы мінез, көтеріңкі көңіл-күй, жа­ғым­ды, оңды «энергетика» («ауу­ра») жан-жағындыларға да жақсы әсер етіп, жақсы орта қалыптасып, істері оңға басады. Ал, іші тар, пиғылы жаман, ойы арам, ісі кесір кісілер кез-келген ортаға керісін­ше әсер етеді. Ондай адамның төңі­ре­гінде бей-берекеттік, ала­көз­дік, өсек-аян, ұрыс-керіс, ны­сап­сыздық пайда болады. «Жақсы деген кісінің алды-арты нұр бо­лар», «Жақсы адаммен кезіксең көң­ілің марқайып, жадырайды», – деп халық, сірә, бекер айтпаған болар.
Сөзіміздің тобықтай түйіні, қанша жетілдік, дамыдық десек те көптеген жұмбақ «аномалиялық» құбылыстарды түсіндіруге әлі то­лық қабілетіміз жетпейтінін мойын­дауымыз керек.
Бүкіл әлемді ақыл, ой, сана жә­не парасат төртеуі ұстап тұр де­ген түсінік бар. Әлгілердің біреуі кем болса, жоғалу қаупі төнеді ек­ен. Адамның ойы шартарапқа жүгіріп, жұмбақ әлемге тарайтыны белгілі. Әр ой дүниеге, іске айна­лады дейді білгіштер. Онысы, мүм­кін, рас болар… Көңіл – да­рия, ой – дауыл.
Егер олай болса, әрдайым әр­кім­ге жағымды жақсы ой, пара­сат­­ты мінез, жарасымды таза пейіл, сапалы да саналы ғұмыр се­­рік бол­ғай!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы,
профессоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Тараз.

ПІКІРЛЕР3
Аноним 12.01.2020 | 01:44

Керемет, Алла разы болсын!

Аноним 03.05.2020 | 15:01

Өте әсерлі әрі қызықты бойыңды қорқыныш билейді.

Аноним 04.06.2021 | 16:10

Шынымен ба?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір