ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ ХАТШЫСЫ

0
52 қаралды

Түркияның астанасы Анкара қаласындағы Гази университетінің докторы, профессор Жәмила Кинаджы ханым «Дауыстың түсі» кітабы туралы сөз» атты мақаласында қазақ қаламгері Мархабат Байғұттың 2016 жылы түрік тілінде шыққан кітабына жан-жақты талдау жасаған еді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» және «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлықтарының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері М.Байғұттың өте-мөте сезімтал, туындыларының юморы мен ирониялық астар-тұспалдары өзгеше өрнекті, психологиялық-пәлсапалық иірімдері терең екендігіне дәлелдер келтіреді. Әңгімелері арқылы қоғамдық-әлеуметтік өзекті де мәнді мәселелерді көркем тілмен жүрекке жеткізе білетін талантты жазушы ретінде жоғары бағалайды.


Мар­ха­бат Байғұттың шығар­ма­шы­лы­ғын үнемі қадағалап, қалт жібер­мей оқып, ой-пікірлерімді бас­­­пасөз ар­қылы білдіріп, әсіресе, сту­дент­тер арасындағы қызу талқы­лау­лар­ға куә болып жүрген ұстаз­дар­дың қатарындамын. Тәкен Әлім­­құловты зерттеумен ай­на­лы­сып келемін. М.Байғұттың су­рет­кер­лік таланты негізінен повестері мен әңгімелері арқылы танылғаны мә­лім. Әсіресе, әңгіме жанрында ұлт­тық әдебиетімізге соны кейіп­керлер, тың да тосын типтер мен қайталанбас характерлер әкелді. Жазу­шы туралы ілгеріректе ой-пі­кірлер білдірген әдебиет­тану­шы­лар, ақын-жазушылар, білгір сын­шылар М.Байғұттың қара­пайым ауыл адамдарының тұтас­тай таңғаларлық образдар гале­рея­сын сомдағанын жиі айтатын. Кейін­гі ондаған жылдарда проза шебері қала тақырыбында да, жал­пы қай-қандай бағыттарда бол­сын, тынымсыз ізденістерін, та­лант қарымын танытты.
Адамзаттың өзін-өзі танып- бі­луін­дегі көркемдік ізденістерде ас­қаралы асуларды алған, әлемдік алып­тардың бірі Оноре де Бальзак «Мен француз қоғамының хат­шы­сымын» десе, Мархабат Байғұт та жиыр­масыншы ғасырдың аяғы мен жиырма бірінші ғасырдың ба­сындағы қазақ қоғамының құ­былыстарын көркем әңгіме жан­ры ар­қылы өз тұсында таразылай біл­ген, басқалар «бүгінгі заманды, бү­гінгі адамды, бүгінгі қоғамды бей­нелеу үшін біршама уақыт өтуі ке­рек» деп жүргенде, «дәуірдің ді­тін ділімен суреттеп бере алған», на­ғыз «қоғамның хатшысы» дер едік.
Мемлекеттік сыйлыққа ұсы­ныл­ған «Әпкемнің ауылы» жина­ғын­дағы барлық әңгімелер дерлік кезінде «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қа­зақстан», «Жас Алаш», «Жас қа­зақ», «Түркістан», т.б газеттерде, «Жұл­дыз» және «Жалын» жур­нал­да­рында жарияланған. Әде­биет­тану­шылардың, сыншылардың та­рапынан өтпелі кезеңнің, тәуел­сіздік жылдарының тыныс-демін қа­пысыз қалам қуатымен, сурет­керлікпен, дәстүр және жаңа­шыл­дық жарасымымен жеткізе білетін жазу­шының табысты туындылары ретінде қабылданған.
Шынында да М.Байғұттың әң­гімелерінде алмағайып кезең кейіп­керлері уақыт категориясына орай терең психологиялық мәнде мә­ністеледі. Қаламгер сол мә­ністерді көремдік құпиялары, иі­рім­ді ишаралар арқылы аңғартады. Кей реттерде аңғал-адал адамдар­дың мінез-құлықтарын юморға орап жеткізсе, екінші тұстарда ав­торға етене тән ирониялық сар­казм ширығып шыға келеді.
«Әпкемнің ауылы» кітабын­да­ғы «Жалбыздының жағасында», «Ауыл клубының аукционы», «Гам­бургтегі қазақтар», «Ақ­пан­да­ғы мысықтар», «Әпкемнің ауылы», «Шығарма» сияқты ондаған әң­гі­мелердің әрқайсысы әлеуметтік мі­нез-құлықтардың өзгерістерін әр тараптан, әралуан әдіс-тәсіл­дер­мен бере біледі. Талғам­паз­дық­пен және талапшылдықпен та­мылжыта жеткізеді.
«Ауыл клубының аукционы», «Өлімнен қашқан респондент», та­ғы басқа да әңгімелері суреткер сти­лінің өзіндік өрнектеріне толы. Аук­ционның ауылға, қып-қызыл матаға алуан түрлі ұрандар жа­зы­ла­тын клубқа және оның мең­геру­шісі, «шибарқыт шалбарының артқы қалтасынан бума кілтті сән­мен суыратын» сылқымсоқ Ең­сегейге, қос ұлы Ақансері мен Ке­ненсеріге қалай әсер еткені әрі күл­кілі, әрі мұңды, әрі өкінішті.
«Өлімнен қашқан респондент» әң­гімесінде М.Байғұт шағын жанр­дың жүгін күшейтіп, өтпелі ке­зеңде қазақ қоғамы басынан қи­нала кешкен аласапыран ахуал­дың жай-жапсарын күтір­летіп көтере білген. Бас кейіпкер, Күн­шуақ қаласының тұрғыны Өзбек­қали жиырма жылдан астам еңбек еткен орнынан айырылды. «Заңғар зауыт жантая құлап, жығылға­ны­нан қайта тұрмады. Тұра алмады. Тұр­ғызбады. О баста, кеңес өкі­ме­тінің кезінде кеткен кемшіліктер­ден болу керек-ау, он жетінші мөл­тегіңіздің жағдайы қиындап, құр­дымдануға айналды. Тоқсан алты пәтерлік тұрғын үйі, ға­рыш­кер есімін еншілеген орта мектебі, әл­дебір жапырақтардың атымен аталатын екі балабақшасы қақ-қақ жарылып, қисая қыңырайған. Осын­дай-осындай оқиғалардан соң Өзбекқалиыңыз қалайынша өз­гермей қала алады? Өзгереді, әри­не. Топырақ туралы толға­на­тын болды. Жапырақ жайында ой­ланатынға айналды…» Алғаш өл­гісі келетін кейіпкер кейіннен, ар­­найы социологиялық сауалнама қо­лына тигенде сергектене сер­піледі. Осылайша Өзбекқали-рес­пон­дент тіршіліктен тістей қатып, «мимо» қарайтын бұткерме бас­шы­ларынан жеріп, корейлерге, яки кандар мен сондарға, солар ар­қы­лы рыногыңызға икемделеді. «Өркениетке» еніп, тамақты шет­елдіктерше таңдап-талғап іше бас­тайды. Бәрібір, суреткер өзінің ав­торлық концепциясы арқылы қа­­зақтың қасиетті жеріне, то­пы­рағы мен жапырағына деген ықы­ласты астарлы арқау етіп, байқат­пай өріп отырады.
«Өлімнен қашқан респондент» әң­гімесі – М.Байғұттың осынау ша­ғын жанр сапарындағы ізденіс­тері­нің қаншалықты биіктегенін көр­сететін көркемдік белесі. Сол сияқ­ты «Қозапая», «Сүмбіленің суы», «Әпкемнің ауылы», «Сізді сүй­ген қыз едім», «Иттің құқығы», «Кондидаттың имиджі», «Әкімнің әйелі», «Белесебет пен байлық», тағы да басқа әңгімелері де бір-бір бе­лестер деуге әбден жарасады. Әң­гімелерінің әрқайсысы бір-бір ро­манға татырлық екені де жиі жа­зылып жүр. Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия мемлекеттік уни­верситетінің аға оқытушысы Жа­нат Ай-Мұхамет Мархабат Бай­­ғұттың кейіпкерлері туралы: «Ұят пен иба мүлде жоғалып кетпеген екен. Ол Адам атты күрделі болмыстың жү­рек түкпірінде ұялап, түйсікті түр­тер сәтті күтеді екен. Тазалық әле­мі мен кірлі дүние арасындағы ар­палыс сәті кейіпкер жүрегіне тұрақтаған ізгіліктің жеңісіне әке­леді», – депті.
М.Байғұттың бірқатар әңгі­ме­лерінде ізгілік жеңбесе де, жеңе ал­маса да, түптің-түбінде оның тең­дік аларына деген сенім сәулесі сөн­­бейді. Көркемдік-эстетикалық сапа мен ой ерлігіне ерекше екпін тү­сіріледі. Француз шедеврлерін жа­рат­қан шебер «Бальзак-хат­шы­ның» романдары беретін эстети­ка­лық ләззаттары «Байғұт-хатшы­ның» он-он бес беттік көркем әң­­­гімелерінен алатыныңыз анық. Тәкен Әлімқұловтайын зергердің «Роман жазу қиын ба, әлде әңгіме ме?» дейтіні сондықтан шығар.
«Әпкемнің ауылы» кітабын­да­ғы «Әкімдіктің әрекеті» әңгімесін алайық. Бұрынырақта авторымыз­дың «Әкім кеткен күн» әңгімесі қызу талқыға түскен еді. Осы әкім­дік мансап, әкімдік жүйе туралы әл­сін-әлсін туындылар беріп, елді елең еткізетін де Мархабат ағамыз еке­ні рас. «Әкімдіктің әрекеті» әң­гі­месінің жазылуындағы әдеби тә­сілдің өзі – әрі дәстүршіл, әрі жаңаша. Аудан әкімі боп үйренген бас кейіпкер тағы да мықтап жо­ға­рылауды аңсайды. «Енді екі-үш көктемнен кейін кешігер. Шау тар­тары тағы бар. Майталман-Май­дангері мен командасының та­мыр­лары тереңдерге таралған. Тарам­дан­ған. Жуық жылдарда жү­дең­кі тарт­пас. Тарамыстана тү­сер…».
Кенет күтпеген шешімге ке­ле­ді. Әкім. Алдын-ала келіседі. Ша­қырады. Мамырыңыздың ортасы ауа Майталман-Майдангері де­ма­лысқа келмек. Жасырындау жағ­дай­да. «Ешқашан, ешқайдан көр­ме­ген, кездестірмеген кереметін көр­сетпек керек-дүр. Еш жерден, еш елден алмаған ләззаты мен рәһа­тын сезіндіруі ләзім-дүр. Бас қол­даушысына.
«Жоспар белгілі. Жоба аян. Жұ­мыс қайнаған. Әрекет қызған. Ар­ша ағашының мыңшақты түбі қыр­қылып, боршаланды. Алты қа­нат ақ үйлердің ара-аралары да, іш­тері де, күн сәулесінен ванна қа­былдайтын құрылғылар да, ма­рал мүйізінен шипаланар дүниелер де, ас-ауқат ішетін, тынығып оты­ра­тын және жатып ұйықтайтын тақ­талар да тек аршадан жасалды. Табаны жерге тиместен, тек арша аға­шы төселген соқпақтармен жүр­мегі жөн…» Шетелдік ше­бер­лер тапсырмаларды толық тын­дыр­ған.
Әкіміңіздің бас қолдаушысы, Май­талман-Майдангеріңіз Арша­лы­ның шатында шат-шадыман, де­малды. Қайтар сәтінде: «Рақмет! Ри­замын! – деді мап-майда күлім­сі­реп. – Мұндай мәністерді ешқа­шан, ешқайдан көрген емен… Өзің, бауырым, құйыл-төгіл ғана емес, ағыл-тегіл де азамат екенсің. Кө­зім жете түсті. Бұрынғыдан бе­тер». «Тікұшағыңыз тепсеңнен сер­піле көтерілді. Биіктеңкіреп ба­рып, теріскейге кілт бұрылды».
Екі айыңыз өтер-өтпесте Май­талман-Майдангердің негізгі, се­нім­ді көмекшісі хабарласады. «Қол­даушымыз… Құлап қалды ке­ше кешкісін… Жағдайы қиын­дау. Сіздің атыңызды айта береді. Со­сын… «Арша-арша» дегенді жиі қай­талайды. Есі кіресілі-шы­ға­сылы. Өзіміз дегендер ғана біледі. Өзіңіз келген соң ақылдасармыз. Көріскенше…» дейді ол. Көз жиек­тері ашып-қышып қоя бе­ре­ді. Әкімнің.
Шығарма ауыр аяқталады. Алайда, әкімдіктің әрекетін арша­ның киесі ұрып, Майталман-Май­дан­гердің күйреп тынуы М.Бай­ғұттың қоғамның хатшысы әрі қо­ғамның қорғаушысы екенін дә­лелдеп, дәйектей түседі. Сө­зі­міз­дің басында пікірін келтірген Түр­кияның көрнекті әдебиет­тану­шы ғалымы Кынаджы ханым Мар­хабат ағамызды ұлттық рухты оя­татын қоғамшыл қаламгер деп­ті.
«Әпкемнің ауылы» атты әңгі­ме­лер жинағы еліміздің ең жоғары сыйлығына әбден лайық деп са­най­мыз.

Шара ӘДІЛОВА,
филиология ғылымдарының
кондидаты, доцент

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.