Сын сардары
28.08.2015
2315
0

121425_347624890_______________Көрнекті сыншы Төлеген Тоқбергенов еңбек жолын Созақ аудандық газетінде журналистік қызметтен бастағаны туралы көнекөз қарттардан естіген едім. Жасы егде тартқан әке-шешенің жағдайына қарайлап, қалаға оқуға бара алмай, ауылда біраз кідіріп қалады. Сол елуінші жылдардың ортасында-ақ Төкең өзінің болашақ соқпағы жазу өнерімен байланысты боларын сезсе керек. Орта мектепте мұғалім болып сабақ беріп жүрген Бәтима Батырбековамен отау құрған соң қарттарды сенімді қолға тапсырып, білім іздеп шығады. 1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, Қазақ радиосында, «Мектеп» пен «Жазушы» баспасында, «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүріп, күрмеуі қиын әдеби сын саласында ұзақ жыл қалам тербейді. Алматыда қызметке іліккен алғашқы жылдары ауылдағы отбасын көшіріп алады. Міне, сол Төлеген ағаның қарлығып шығатын даусын естiмегелi де аттай 25 жыл болыпты. Қарлығыңқы дауыс тек сол кiсiнiң табиғатына жарасатын сияқты болып көрiнетiн. Кең тыныспен шығатын сол дауыс бойдағы бұйығылықтың көбесiн сөгiп, сергiтiп те жiберетiн. Ол кезде Төкеңнiң пәтерi Алматының Орталық колхоз базарының маңындағы трамвай жүретiн көшенiң бойында, биiк үйлердiң бiрiнде едi. Есiктi күлiмсiреп келiп Бәтима жеңгеміз ашатын. Шаңырақтың тұтқасы – әйел-ана Бәтиманың жүрек жылуы мен жан шуағынан болар, қаланың төрт бөлмелi тас үйi ауылдың меймандос қазағының кең үйiндей көрiнетiн. Тап-тұйнақтай жинақы, әр бұйым өз орнында, ұқыпты қолдың табы бiрден байқалады. Қабырғадағы қолдан тоқылған қалы кiлем, едендегi өрнегiнiң бояуы қанық текемет те ауылды еске түсiретiн. Төкеңнiң кабинетiндегi қабырғалар кiтапқа сықиып толып тұратын. Жасы тоқсаннан асқан Зейнеп әжейге сәлем берiп, Бәтима жеңгеміздің мол дастарқа­нынан дәм татып, бiлетін жаңалығымызды айтып, көңiлдi демдеп қайтатынбыз.

Бiр шаңырақ астында екi бiрдей қа­рым­ды қаламгердiң, ерлi-зайыпты талант иелерiнiң бiрге жұптасып өмiр сүруi де си­рек құбылыс. Шығармашылық еңбекке тұр­мыс тауқыметiн ұштастыра бiлу аза­маттық арға, бай сабырға байланысты екенi белгiлi. Төкеңнiң қарт анасын нә­рес­тедей мәпелеп, шаңырақтың бере­ке­сiн келтiрiп отыру – сезiмтал ақын жүректi ана­лардың қана қолынан келетiн болар, бәлкiм. Ұлттық әдебиетiмiздiң айдынында қос аққудай қатар жүзген ерлi-зайыпты қа­ламгерлер халқымыз үшiн рухани мол жазба мұрасын қалдырып кеттi.
Төкең әуелде жазушы болуға талап­танған екен. «Мектеп өмiрiнен әңгiме жа­зып, «Қазақ әдебиетiне» жiбердiм. Өкiн, өкiнбе, ендi айтатын несi бар. Про­за­дан бетiмдi қайтарған Тәкен едi. Жиырмадағы жiгiтке қырыққа толмаған кiсi «олай жаз, бұлай жаз» деп жатса, не үмiт, не қайыр. Әйтеуiр, прозаға бармау себебiмдi осы күнге дейiн Тәкеннiң бiр сөзiнен көремiн» – деп еске алады Төкең. Тәкен Әлiмқұлов жерлес қаламгер iнiсiнiң талабын қуаттайтындығын, әңгiмедегi оқиғаның оп-оңай шешiлiп қалатынын, об­раз жетiспейтiн тұстарының бар екенiн, әде­биетте әрбiр сөздiң астарында ой жатуы керектiгiн, сондықтан әңгiменi қай­та жазып жiберуiн өтiнген екен.
Төлеген Тоқбергенов өзiнiң зерде-пайы­мын, қабiлет-қарымын, ұлттық әде­бие­тiмiздiң сын жанрына арнайды. Екiнiң бiрiнiң жүрегi дауалап бара бермейтiн, қыртысы қалың, шоқтығы биiк, тыңнан тартып түрен салуға тура келетiн күрмеуi қиын тоңтерiстеу жатқан сала жүрек соғысына жақындау келді. Кез-келген көр­кем туынды туралы сөз айту үшiн орын­ды уәж, төрттағандаған тиянағың болу керек. Оның бәрi көзмайын тауысып оқудан, көп нәрсенi көңiлге тоқудан келедi. Ұлттық әдебиетiмiздiң, қоңсылас елдер мен дүниежүзi әдебиетiнiң көрнектi өкiл­дерiнiң кеңiнен танылған шығар­ма­ларын, көркемөнер туындыларын оқып, зерт­теп, өзi қозғаған тақырыпты солар­дың деңгейiмен салыстыра отырып, ерек­шелiгiн, олқы тұстарын талдап, сан тарау са­рапқа салып, тұжырым жасау, баға беру оңай шаруа емес. Әдебиет әлемiнiң жал­пы бағыт-бағдары, тақырып аясы, жан­р ерекшелiгi, жазылу шеберлiгi – бәрi түптеп келгенде шолу, барлау, ой тұжы­ры­мын жасау, «түгел сөздiң түбi бiр, түп ата­сы Майқы би» дегендей, өнегелi сөз өнерi туралы толғауы тоқсан, үрдiсі сан-салалы дамыған өскелең әдебиет туралы ой маржанын теруге саяды.
Қай салаға болсын өзгеше екпiн, жаңа­лық енгiзбеген соң жұртшылықты елiк­тiру мүмкiн емес. Төлеген Тоқбергенов қан­мен дарыған туабiттi мiнездi әде­биет­тегi сыншы мiнезiмен шебер ұштастыра бiлдi. «Сыншы алдымен парасатты болу керек. Салмақ-сабырдың өзi түп­теп келгенде, айтпақ ойды саралап беруге саяды. Өз ойы өзiне қамшы болып тиетiн сыншыдан әдебиетке келер зәре­дей пайда жоқ. Оның үстiне сыншы атау­лы­ға ренiштiң басы әлгiндей ой қайшы­лы­­ғынан туады. Бiздiңше, сын­шы­лары­мыздың басты қатесi сынды әйтеуiр, пiкiр айту деп ұғады. Және пiкiр айтқанда жүнсiз құр ту­лақты сабалайды, не Алатауға теңеп ас­қақтатып жiбередi. Әуелi, сынның өзiн өнер деп ұқпайынша, өнерге айналдырмайынша, сынды ешкiм де мойындамайды», – деп жазған Төлеген Тоқбергенов.
Сыншы көркем әдебиеттiң басты мұ­раттары деп адам арқылы қоғамның, за­манның тынысын беру, адамдардың өзара қарым-қатынасын, мiнез-құлқын, ақыл-парасатын суреттеу, осы арқылы көркемдiк компоненттермен бейнелеу деп түсiнедi.
Төлеген Тоқбергенов сын жанрын көр­кем сөзбен әрлеуде, образбен бейне­леп айтуда жаңалық алып келдi. Көп оқып, көңiлге мол тоқығандықтан да болар, сыншы ойын құнарлы сөз мәйегiмен ұрымтал бейнелеп, ұтымды жеткiзедi. Әдебиет сыны туралы сөз қозғай отырып, сол сынның өзiн жоғары көркемдiк дең­гейге жеткiзедi. Шұрайлы тiлмен ақпалы-төк­пелi ойын құндақтап, жатық, айшықты етiп өре бiледi.
Ұлттық әдебиетiмiздiң бастау алып дам­уын, кемелдену кезеңiн, болашақ ба­ғытын зерттеп, тұшымды ой қозғаған, та­мырын ұстап, жүрек қағысын дөп бас­қан балгердей бағамдаған Төлеген Тоқ­бер­­генов қазақтың көрнектi сын­шы­ла­рының қатарына именбей қосылған еді.
«Қазақ совет әдебиетi» деп айдар та­ғылған кезеңнiң алғашқы ақын-жазушы­ларынан бастап, 30-жылдардағы Асқар­дан Саттарға дейiн, 40-жылдардағы Бау­бектен Тайырға дейiн, 50-жылдардағы Хамиттен Қалтайға дейiн, 60-жылдардағы Хамза, Зейiн, Iлияс, Тәкендер, Әнуар, Ол­жас, Оспанхан, 70-жылдардағы Оралхан, Сағат, Дулат, Төлегенге дейiн, одан кейiнгi жаңа лек, толқын iлгергiнi өкшелей қуып, кезең-кезеңiмен көркемөнерiн мәңгi жас қалпында, үздiксiз жасарып, жаңғыр­ту­дағы алтын арқауды уақыт тынысымен, заман ағысымен жалғаған көш дүрмектiң аяқ алысына зерделi көзбен қарап, ой топшылайды.
Бүгiнгi әдебиеттiң басты-басты бел­гi­лерi, бағдары, жанр сипаты қандай? Қа­зiр­гi талпыныстан қандай болашақ сезi­ле­дi? Уақыт тынысының сезiлуi қандай? Бұл сыншы Төлеген Тоқбергеновтiң құ­ді­реттi әдебиет соқпағында ұстанған ба­ғыты, сара жолы, шабыт-арқауы едi.
«Егер жазушы болсам, үш адамға ұқ­са­ғым келедi, – деп жазды сыншы, – «Қа­һар­лы күндердi», «Боранды», «Шырағың сөн­бесiндi», «Сәуленi», «Антты» жазған Ах­танов… суреткердiң iшкi қуатының, та­лант қырының молдығына таң қал­ғам.
Бәрiбiр Ахтанов бола алмаймын, егер бол­сам осы жағын ойлар ем.
Ендi бiрде Тәкенше жазсам деймiн. Оның шығармаларында мың құбылған мiнез, сан түрлi реңк-бояуды сiңiрiп тұр­ған iшкi сөйлемдер мол болып келетiн. Тә­кендей-ақ жазушы болсам деймiн, не ке­рек, қолдан келмейдi.
Тағдыр танымды да, талғамды да қа­бат берген Әбдiжәмiлдiң артықшылығы – шұқшия жазып, мықшия өңдейтiн ең­бек­қорлығы. Мен Әбдiжәмiл болсам дей алмаймын. Өйткенi, еңбекқорлық жөнiнен мен емес, қазақ жазушыларының көбi Әб­дiжәмiл бола алмайды».
Төлегендей сұңғыла сыншы өмiрлiк те­мiрқазығын әдебиеттен тапса, шұрайлы бай сөздiк қорының арқауын өзi өскен Созақ – Терiскейдiң төскейiнен жинаған­дай да болады. Тек жергiлiктi ұлт өкiлдерi ғана тұратын, ықылым замандардан берi ұлттық салт-дәстүр, төл тiлдiң мәйегi шай­қалмаған өлке көзi ашық, көкiрегi ояу та­лант иесiне сарқылмайтын шалқар ша­быт бердi. Созақтың тiлi деген ұғым жоқ, ойда, қырда қазақтың жалпақ тiлiнiң кең айдын арнасының бiр өзегi десек те, шал­ғай ауыл кейiнгi әлем-жәлем жаһан­дану­дың қойыртпақ жаңалықтарынан ада, бастапқы тума болмысын саф алтындай сақтап қалғандай болып та көрiнедi. Әу­лие-әмбиелердiң құтты мекенiне ай­нал­ған әзiретi Қаратауға келген сапарында Мұх­тар Әуезовтей ғұлама жазушының: «Қол­ды бiр босатып алып, алаңсыз зерт­тейтiн өлке екен» деп қызығушылық танытуы да тегiннен-тегiн емес. Көне «Құм­кентте» Үрмiз қария қыран бүркiт сыйлап, қасында ертiп жүрген Тәкен Әлiмқұловтың анасының қолын алып, тiлдесуi, Созақта Сүгiр күйшiге сәлем бере барып, шертпе күйлерiн тыңдауы, бұл өлкенiң өткен тарихы мен кейiнгi келбетi туралы нешеме әңгiмелердi естуi болашақта қалам тербеп, көлемдi шығармасына желi тартып, бөлекше сезiмге жетелеу де тегiннен-тегiн емес едi.
Дiн Ислам әлемiнiң жарық жұлдыз­дары Ысқақ бап, Баба Түктi Шашты Әзиз, Ахмет Иассауидiң жаназасын шы­ғар­ған Қарабура әулие, Саңғыл ата ба­ба­ларымыздың Қаратаудың терiскей бе­тiн құтты мекен етуi де тегiннен-тегiн болмаса керек. Тектi топырақ қария, дария Со­­зақ бетiнде ұлттық әдебиетiмiздiң сирек дарын иесi Тәкен мен Сәуiрбектi, Ас­қар мен Төлеген, Бәтималарды өмiрге алып келiп, қалың дүрмектiң алдына шы­ғарды.
Төлеген сыншының басты ерекшелiгi – ары-берi тартқылауға көнiңкiремейтiн кiр­пияздау сын жанрына ұлтымыздың шұ­райлы тiлi мен көркемдiк рең, бейнелеу, әрлеу көкжиегiн қосты. Ақпа-төкпе се­зiммен, образды ойын айшықты түр­лен­дiрiп, өрнектеуге талпыныс жасады.
«Жазушы-суреткер үшiн ең үлкен арман – көркем тiл болса ғой шiркiн! Сонда сөз­дiк қоры тапшы, тiлi жұтаң кiсi қалам­гермiн деуден қысылар едi-ау… Ал егер де жазбай қоймас дерексiз дертке шал­дығып, қоярда-қоймас болса, онда ең құ­рығанда, жазғанын сынағандардың соңы­на шырақ алып түспесе, шiркiн дей­мiн. Жаманымды айтты-ау, ендi жа­ма­нат­қа ұшыратармын демесе ғой, шiркiн, бi­лiмдi адамның бiлiп тұрған соң мiнезiмдi айтқаны шығар десе ғой, шiркiн! Бiрақ бұл тiлеу сiрә да орындала қоймас», – деп жазды сыншы.
Сөз мәйегi, тiл құнары ауылда екенiн қа­ламгер қалтқысыз дөп басып таныды. Сын­шының әр жылдары баспа жүзiн көрген кiтаптарынан тың теңеу, айшықты ойға құрылған көңiл шырайын келтiретiн сирек қолданыстағы–қиямпұрыс, ноқай, дүбәра, мүттәйiм, нәкәс, әккiс, пәруайы пә­лек, күстана, мәтiби, тәшiн қалдыру, ын­сап, рәуiш, өзге де сөздердi жиi ұшы­ратып қаламыз. Тап осы тақылеттес сөз­дердi Созақтағы көнекөз қариялардың аузынан естiп қалып, Төкеңнiң зеректiгiне, ұқыптылығына ерiксiз таңырқайтынбыз. Сөз қорының байлығы шығармашылық дарынына қуат бердi, айтар ойын көр­кем­сөзбен өрнектеп, құндақтап еркiн жет­кiз­дi. Көп оқып, iзденiп, бiлiмнiң iнжу-мар­жанын, ұлтымыздың бай сөздiк қо­рын меңгеруiнiң арқасында көздеген мақсатына шаршамай, шалдықпай еркiн жеттi. Әдебиеттiң асқақ мұраттарын аш­қан кең тынысты, ойлы, әдеби процестiң даму барысын қадағалау арқылы бо­ла­шақтағы бағыт-бағдарын айқындаған әде­биетке жанашыр нағыз сыншының мi­нез-болмысын, ой-мұратын, пiкiр та­залығын, әдiлет жолын ұстанған, өнердi өне­ге тұтатындарға өсиет, ғибрат болар, өнер сүйген, оның мақсат-мұратын терең­нен бойлап, ұғынар ұлылығын арман еттi. Өзiнiң қал-қадерiнше ұлттық әдебие­тiмiз­дiң көкжиегi туралы толғауы тоқсан ой топ­шылап, сын әлемiнде кесек-кесек ең­бек­тер қалдырып кеткен қаламгер өзiнiң бас­ты мақсатына жетпей кеткенiн бай­қатады.
Төлеген Тоқбергенов ұлттық әде­бие­тi­мiздегi биiк көркемдiк деңгейге қол жет­кiзу үшiн күрестi. Ұлттық әдебиеттiң әлем­дiк жоғары сатыда жарқырап кө­рiнуiн армандады. Көркемдiк кемелiне кел­ген шығарманы өзгелерге үлгi тұтты, шын­шыл, нағыз талантты суреткер ре­тiн­де бағалады. Сыншы жастайынан оқып, тiр­нектеп жиған бiлiмiн кәдеге асыра бiл­дi. Баспа жүзiн көрген көркем әдебиет туын­дыларын сыншы безбенiнен өткiзiп, тал­дап, көркемдiк деңгейiн саралап, тұшым­ды тұжырым жасайтын дәрежеге жет­тi. Әдебиетке қиянат жүрмейдi. «Жүйе­лi сөз жүйесiн, жүйесiз сөз иесiн табады», жа­сық дүниенi қанша аспандатып, мақ­та­ғанмен, бөз матадай өңiн бермей қой­май­ды. Асылды қанша даттағанмен, шаң ас­тында жатқан саф алтындай жарқы­рай­ды да тұрады.
Төлеген Тоқбергеновтiң көзi тiрiсiнде газет-журналдарда жарияланған мақа­ла­ларын, баспа жүзiн көрген кiтаптарын оқып, күнделiктi өмiрде ауызекi әңгiмесiн тың­дап жүрiп байқағанымыз, ол жан-жақты, сан қырлы, өте сезiмтал, аңғарым­паз сыншы. Тек қаламгер ретiнде ғана емес, адамдық асыл қасиеттерiмен – ұс­тамдылығымен, тiлдескен жанның сөзi­нен, мiнезiнен, тiптi, түр-келбетiнен де көп жайтты бағамдайтын аңғарымпаз­ды­ғымен де ерекшеленетiн. «Ұлық болсаң кiшiк бол» дегендi арқа сүйеп, жолығысқан адамын алға салып, жақсылық қасиетте­рiн айтып, марапаттап отыратын.
Белгiлi бiр жазушының көркем туындысы туралы қалам тербегенде шығар­ма­ның көркемдiк деңгейi оқиға желiсiнiң таратылып өрбуi, кейiпкерлердiң мiнез-құлқы, өзге де ерекшелiктерi туралы әң­гiме өрбiте отырып, оның бәрi түптеп кел­г­енде сол қаламгердiң жаратылысымен, мiнезiмен, жүрек соғысымен тiкелей астасып, өзектесiп жататынын сыншы қапысыз байқайды. Жазушы жаратылысына сәйкес ол сомдаған кейiпкерлер де бiр тоға, өзiнен жоғарылардың алдында илiкпейтiн, жүрек әмiрiмен ғана жүрiп-тұратын, салқынқанды жандар болып келетiнi де тектен-тек емес. Төлеген Тоқбергеновтiң сыншы ретiнде қалам тербеген кiтаптарының өзiнiң де мiнезiн, болмыс-бiтiмiн еркiн аңғарғандай боламыз. Турасын айтып туғанына жақпайтын, әдiл сөйлеп, ар тазалығын сақтау әдебі сыншыға тән қасиеттердiң бастысы болуы шарт. Әдебиеттегi марқасқалар мен мықтылардың оқырманға кеңiнен таныл­ған жылы қабылдаған туындыларын тал­дап, саралап отырып, басты кемшiлiктерiн айтудан жүрегi сескенбедi. «Сыншы – сы­наушы мен сүйсiнушi ғана емес, әдебиет ұстазы. Оған төрелiк жасау үшiн үлкен, өте үлкен бiлiм керек», – деп Тәкен Әлiм­құлов айтқандай, Төлеген сыншы сол «өте үлкен бiлiмдi» меңгерiп алған болатын. Та­нымал сыншы болып қалыптасқан, үне­мi тынымсыз еңбек етiп, ұлттық әде­биетiмiздiң кем-кетiгiн түгендеуге ақ тер-көк тер болып еңбек еткен сыншы тын­дырған шаруасына ешқандай тоқ­мейiл­сiмеген жан. «Әдеби сынға ара­лас­қанда тапқаның не, әдебиетiмiздiң бо­лашағына бола жан салғаның қайсы?» деген сауалдарға жауап таппай, кiшiрейiп сала беретiнiмiз жалған емес. Тiптi, тындырып тастадық дегенде, ең болмаса қазiргi кезде екiнiң бiрi бетке салық қып жүрген – сын жоқ, сыншы да жоқ деген кiнәратты айтпас едiк қой. Алайда, құр өкiнiп, салың суға кеткеннен асылы үмiт жақсы. Үмiтсiзден сақтасын деуден басқа шара тағы жоқ», – дейдi сыншы.
Әдебиет әлемiндегi ағымдар, әр түрлi тақырыптарда жазылған көркем туындыларды саралау, көзқарастар мен пiкiрлер тоғысын ой зердесiне салу, өткендегi мен бүгiнгiнi саралай отырып, келешекке бағ­дар жасау, озық үлгiлердi алға тартып, көр­кем ой көкжиегiн кеңiтуге талпынған сын­шы мұраты қашан да биiк тұрды. Көр­кемсөз құдiретi туралы толғаулы сөз қоз­ғаған, әдебиет көкжиегiн бағдарлап, ой топшылаған Төлеген Тоқбергеновтiң соңына қалдырған жазба мұралары қай кезеңге болсын өзiнiң құндылығын жой­мақ емес. Қайта уақыт өткен сайын ойлары ұшқын шашып, дәл бүгiнгi күндi алдын-ала болжап жазғандай көрінеді. Төкеңнiң бұдан ширек ғасыр бұрын жазған мына бiр ой-тұжырымы бүгiнгi күн үшiн айтыл­ған сияқтанады: «Кейбiр жазушыларымыз адамды жалаңаштап көрсетсек, болды, өйткенi, өнердiң басты өлшемi – адам­ды көрсетумен шектеледi, ал, адамды суреттеу мiнез-құлқын, дене тұрпатын, оның да пенде екенiн дәлелдi, дәйектi бейнелеу, iшiп-жесем, кисем, мiнсем, сүйсем, сүйдiрсем деген құлқын дәлме-дәл танытсам, бiттi, деп ойлайды. Талантты аталып жүрген кейбiр жас-кәрi, мос­қал жазушылардың өзi осындай кредо ұсынған. Оу, сонда адамның жалаңаш қалпынан оның әлгiндей қылық, құлқынан өзге ең басты өмiрлiк мұраты мiндет-па­рызы бар емес пе? Өздiгiнен бөлек қо­ғам­дық тiлек-ниетi бар емес пе? Оу, сон­да өнердiң басқы мұраты да сол адамды мiндет-парызы, қоғамдық тiлек-талабы тұрғысынан бедерлеп жеткiзу емес пе? Оу, өнер өнер болғалы өнегелiлiктi неге дәрiп­темеске? Әлгi өзi «құдiреттi шын­дықпен» қолдан туғызған «жап-жалаңаш» кейiпкердiң күйбең тiрлiгiнiң, күйкi шикi-шикi ойының жетегiнде кетiп, адамға де­ген, адамның мақсат-арманына деген, адамгершiлiкке деген авторлық позициядан айрылып қалғанда қандай өнегелi шығарма, қандайлық өнер туындысы, қандай ғана жинақы ой, жинақы тип жасала қоймақ? Сонда әлгiде айтқанымыз психологияға ғана табыну, психологияны ғана мойындау боп, ал басты компо­нент­тердiң бiрi – мұратты ұмытқандық емес пе?
Ойлап тұрсақ, адамгершiлiк мәселесiн нағыз көркемдiкпен бедерлеп бере алмай жүруiмiздiң кейбiр себептерiн осыдан шығарып айтуға болады екен-ау!».
Айызын қандырып, жететiн жерiне жет­кiзiп айтудың бұдан артық қандай жо­лы бар десеңiзшi?
Қазақтың көрнектi сыншысы Төлеген Тоқбергенов жемiстi еңбек еткен 70-90 жылдар бедерiнде әдебиет айдынында көрiнген жазушылардың қабiлетсiздерi мен дарынсыздары бүгiнгi күннiң дең­гейi­мен салыстырып қарағанда, көп те емес едi. Әйтеуiр дүрмекке iлесiп, ағаш атқа жай­дақ мiнiп шабатындар қандай кезең­де де болған. Бiрақ көптiң талқысы, сын­шылардың тетку сөзiнен кейiн олардың бiразы шама-шарқын байқап, өзiнiң әбес­т­еу қадамына опынып, бағытынан ай­ныған. Ол кездерi қанша дегенмен, қо­лына қалам ұстаған жан «қызыл көз» сын­шылардың «қанды шеңгелiне», кәрiне ұшы­рап қаламын ба деп қаймығатын едi. Оның үстiне кiтап басып шығаратын сау­сақпен санарлық мемлекеттiк баспалар рецензенттiң, редактордың, көркемдік кеңестiң елегiнен өтiп барып, оқырмандар қолына тиетiн.
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят ке­тедi» дегендей, қазiргi кезеңде ақын-жазушысымақтар қаптап, көркемдiк дең­гейi сын көтермейтiн кiтаптар же­ке­мен­шiк баспалардан тасқындап шығып жатқанда, қалың шаңның iшiнде ат тө­бе­лiндей сыншылар көрiнбей, адасып қал­ған­дай әсерде жүргенiмiз де шындық. Егiс­тiкке бiрен-саран қылтиып шыққан сұң­қыланы тамырын жайғызбастан жұ­лып тастауға болар, ал жаппай қаптаса, одан құтылу қиямет-қайымға айналады.
Ұлттық әдебиетiмiздi шаң-тозаң қап­тап, жақсысы қайсы, жасығы қайсы, ажы­­­ратып алу қиынға соғып тұрған қа­зiр­гi кезде Төлеген сыншы өмiр сүргенде қандай күй кешер едi деген сауал көкейге ора­лады. Масылынан асылын арашалап, же­тiстiгiн жарқыратып көрсетуге талпын­ған сарабдал сыншы сөз өнерiнiң қайта­лан­бас хас шеберлерiмен бiрге бақилық бо­лып кете баруында бiз бiле бермейтiн сыр жатыр ма деп те ойлаймыз кейде. Уа­қыт мезгiлдiң әр сәтiн қапысыз бағып, қа­дағалап отыратын санаулы ғана сана­лы­лар болады. Оларды уақыт сарапшысы, қоғамдық ойдың қазысы десе де жа­расады.
Төлеген Тоқбергенов көзi тiрiсiнде қа­зақ әдебиетiнiң күрделi саласы – сын жанрында 150-ден астам мақала және «Тоғыз тарау» (1974 жыл), «Үш тоғыс» (1977 жыл), «Қос қағыс» (1981 жыл), «Ай мүйiз» (1990 жыл), «Тәкен Әлiмқұлов» (1994 жыл) сын кiтаптарын шығарып, ұлттық қазы­на­мызға мол жазба мұрасын қалдырып кеттi. Әдебиет тарихында көрнектi сын­шы­ға айналған Төкең мансап, атақ үшiн емес, әдебиеттiң биiк мақсат-мұраты үшiн тер төктi. Кезінде Төлеген Тоқ­бер­генов қаламгерлік қарымын көркем аударма саласында да сынап көріп, А.Ал­дан-Семеновтың «Семе­нов Тянь-Шанский»,
К.Симоновтың «Өлілер мен тірілер» три­ло­гиясының екі кітабын, Б.Томастың «Ме­­нің әпкем» пьесасын және «Эсте­ти­ка­лық тәрбие» кітабын қазақ тілінде шебер сөйлете білгенінен де хабарымыз бар.
«Көзден тайған соң көңiлден таса» де­мекшi, Төлеген Тоқбергенов өмiрден өткелi берi көрнектi сыншы есiмiнiң жыл­дан-жылға көмескiленiп, ұмытылып бара жатқаны қабырғамызға батады. Төкең туралы баспасөз беттерiнен көз көрген, дәмдес-тұздас болған замандастарының өкшесiн алып жүрген iнiлерiнiң еске алған лебiздерiн де кезiктiре бермеймiз. Елiне кең танылған қарымды қалам ие­сiнiң дүниеге келгенiне 80 жыл толғалы отырған шақта Қазақстан Республика­сы­ның Үкiметi бас болып, Мәдениет және спорт министрлiгi мен Жазушылар одағы қоштап, тума талант иесiнiң есiмiн ел есiн­де мәңгiлiкке қалдыру мақсатында толық шығармалар жинағын жарыққа шы­ғару, мектептер мен көшелерге есiмiн беру, кейiнгi жас ұрпақ арасында жазба мұ­раларын насихаттау мақсатында көп­теген шараларды қолға алса деген елдiң арманы бар. Әсiресе, оңтүстiк өңiрiнде туып-өсiп, ұлттық әдебиетiмiздiң көрнектi өкiлiне айналған Төлеген Тоқбергеновтiң рухын көтеруге игiлiктi iстер кең көлемде жүргiзiлуi тиiс деп есептеймiз.
Қаламгер дүниеден өткелi берi республика көлемiнде тындырылған шаруа Төкеңнiң балалық шағы өткен Шо­лақ­қорған ауылынан шағын бiр көшеге есi­мiн берумен шектелген екенбiз. Бақилық бол­ған ата-бабаларымыздың бәрi бiз үшiн ардақты. Бiрақ сол азаматтардың кө­зi тiрiсiнде аудан, облыс, республика дең­гейiнде еткен еңбектерiнiң ара сал­мағын бағалауға келгенде жергiлiктi ру­шылдық пиғылдан аса алмай келе жат­қа­нымыз шындық. Ауылдағы мектеп­терге тек бiздiң рудың немесе әулеттiң адам­дарының есiмi берiлуге тиiс деп өзгеден қызғанып, ел арасында неше түрлi айла-шарғыға барып жүрген жандар да бар. Одан бөлек бiр адамның есiмiнiң аудандар мен қалаларда, облыстарда мектебi бар, көшесi бар қайта-қайта қайталанып, екiншiсiнiң мүлде ұмыт қалып кететiнi, сондықтан республикалық, облыстық ономастикалық комиссиялар таразының екi басын тең ұстап, жан-жақты зерттеп, саралап, әдiл шешiмге келгенi жөн дер едiк.
Орыстың ұлы ойшылы М.Добролюбов кезiнде «Орыс әдебиетi қандай күйге ұшы­раса да, Белинский оның әманда мақ­танышы, даңқы, көркi болып қала бе­редi», – деп жазғанындай, ұлттық әде­биетiмiздiң кеңiстiгiндегi аз ғана сыншылар қатарында Төлеген Тоқбергеновтiң жұлдызы жарқырап тұра берерi анық.

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,
Қазақстанның Құрметті журналисі.  

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір