БІЗДІ КӨБІРЕК СОРЛАТҚАН ОСЫ ӨТІРІК…
13.08.2018
1693
0

Медеу СӘРСЕКЕ

Семей полигоны — КСРО ядролық сынақ полигондарының бірі, аса маңызды стратегиялық объектісі болды. КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өтті. Ол үшін арнайы 18 млн. га. жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Бастапқысында адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды.
Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті. Белгілі қаламгер Медеу Сәрсекемен болған бүгінгі сұхбат барысында полигон тақырыбына қатысты бұрын-соңды жария етілмеген тың деректер әңгіме арқауы болды.


– Бұдан екі жыл бұрын қазақ және орыс тілдерінде жариялаған «Семей қасіреті» кітабыңыз жуырда ағылшын тілінде жарық көріпті.
Қазақ қауымы үшін бұл – игі жаңалық. Басылым зор ыждаһат­пен, білімдарлықпен дайындалған екен. Ағылшын тіліне аудару нендей ділгерліктен туды?
– Мен Дегелең болысының тумасымын. Ядролық полигон да сонда орнығып, атомдық тарсыл­дар Дегелең тауы мен Балапан бұйратының үсті мен астында 42 жыл ұдайы жүріп, 470 жарылыс сыналды. Қуаты шағын, небәрі 12-14 килотоннадай ғана екі атом бомбасының 1945 жылғы тамызда жапонның Хиросима және Нага­саки қалаларының 400 мыңға таяу адамын әп-сәтте жойып, жүз­де­ген мың тұрғынын жазылмайтын мүгедектікке душар еткені мәлім. Ал мен 17 жасымда сол тарсылды ашық далаға құрылған брезент палатаның астында жатып, яғни, 1953 жылғы 12 тамызда металл мұнара үстінде сыналған сутегі бомбасының тұңғыш жарылысын бақылаған пендемін. Яки ядролық жарылыстар астында болған уақытым – 37 жыл. Соның салда­ры­нан елу жасымда II-топтағы мүгедек атандым (Алматыда бес жыл оқуда болып, бір жыл қызмет істегенім бұл есепке қосылмаған), осы жылдарда екі мәрте ота жасат­тым. Мейірімі мол Алланың жа­зуы­мен, сірә, бой күтім мен сақ­тық­тың салдарынан сексен жас­тың белінен асқаныма биыл үшінші жыл…
Семей шәрінде 1989 жылғы ақ­пан айында қауырт өрбіген яд­ро­лық жарылыстарға наразылық қауырт өрбіп, бүкілхалықтық күр­ес­ке ұласты. Ақырында жеңдік. 1991 жылғы 29 тамызда Елбасы Н.Ә.Назарбаев Семей полигонын жабу туралы тарихи жарлығын жариялады. Нақ сол кезде Қазақс­тан мен Ресейде әлденеше «саясат­кер­лер» атойлап шығып, «сол кү­ресті мен бастадым», «дүйім ха­лық­ты мен көтердім» дескендер ерекше көбейді, мінбені босатпай, естелік кітаптарды да солар жа­рыса жариялады; ордендер алып, мәртебелі атақтар да иеленді; кей­бір жағымпаздар, сенесің бе, Бас хатшы М.С.Горбачевке Қазақстан КП Семей обкомының бірінші секретары К.Бозтаевтың 1989 жыл­ғы 20 ақпанда жергілікті ха­лық­тың жаппай ауруға ұшыра­ғанын жабық хатпен мәлімдеп, ядролық сынақтарды тоқтатуды талап еткен хаты – өтірік, «сол кү­рес­ті мен, тек қана мен баста­дым» деушілер де шықты (Кім екенін білгіңіз келсе – «Казправда» газетінң 2010 жылғы 30 шілдедегі «Тағы да тарихи ақиқат жайында» аталған көлемді мақаланы оқы­ңыз). Сол күрескер жалған деген К.Бозтаевтың М.Горбачевке жол­да­ған жеделхаты Мәскеуден 2002 жылы жарық көрген, көлемі 600 беттен астам «Ядерные испытания СССР» кітабының 116-бетінде жарияланған. Рас, полигонды жабу жолындағы екі жарым жылға созылған халықтық күрестің жуан ортасында мен де болдым. Иә, әр алуан жағдайда өрбіген оқиғаларға куә болып, көз алдымда туған неше түрлі оқиғаларды дәптерге түсіруім нақ сол кезде басталды…
– Демек, полигон зардабы тура­лы кітап жазуды сол кезде-ақ ойлан­ғасыз ғой.
– Шынын айтқанда, деректі жанрға жас кезімнен әуес едім. Ал мына тақырыпқа 22 жылдан соң, 2013 жылдың қаңтар айында ғана кірістім. Сөйтуіме екі түрлі жайт себеп болды: мамыр айында жарым ғасырдан астам уақыт жансерік болған қосағым Клара Дүйсебайқызы полигон дертінен алты-ақ күн ауырып, бұл дүниеден озды; қараша айының соңында, 78 жасымда өзім де полигон кесе­ліне шалдығып, Алматыға барып, бір бұйрегімді алғыздым; онко­логия институты содан кейін де мені 18 тәулік ұстады; аурухана төсегінде жатқан адам неше түрлі ойға түсері түсінікті ахуал; тоқете­рін айтқанда, Семейге қайтқан соң жұмыс бөлмемдегі шкафты ашып, полигон туралы жиған-терген деректерді суырдым. Қо­лым­да жоқ бірнеше ғылыми кітап­тарды (кейбірінің жабық тежеуі сол кезде алынған жинақтар, әл­бетте деректері мол туындылар) Мәскеу мен Курчатов қаласында жұмыс істейтін физиктерден ал­дым. Студент кезімнен досым К.Бозтаев марқұмның үйінде сақталған, алуан естеліктер мен хаттарды маған досымның ұлы Нұрлан берді. Мәні ерекше зор кейбір деректерді марқұмның дәті жетпегенін соларды оқығанда білдім де әжетіме жараттым.
– Естуімше, «Семей қасіреті» енді ҚР-ның Сыртқы істер министр­лігі арқылы дүние жүзіне тарайды. Қайыра шығаруға да сұраныс тууы мүмкін. Өйткені, сіз көп жылдан бері жеті құлыптың астында жатқан қылмысты түре аштыңыз.
– Осы сауалға орай бір жайтты айтайын: жазушы атанардан бұрын мен техникалық институтты тәмамдап, бірқанша жыл ауыр өндірісте еңбек еткен адаммын; инженер ретінде техника сырына қанықпын, оған қоса физика мен химия ілімдеріне жас күнімнен ынтық болдым. Сол құштарлық­тың әсерімен 1965 жылы мен қазақ тілінде «От және атом» деген кітап та жариялағанмын. Сол еңбегімде атом құпиясы туралы бірқанша қызық та күрделі сырларды шерт­кенмін. Бертінде ядролық полигон тарихына ден қойған соң атом құпия­сына қайта үңіліп, соның бүлдіргіш қабілетін АҚШ пен күллі әлем физиктері, кеңес ға­лым­дары да қалайша қажетіне жа­рат­қанына қайтадан үңілдім. Ең шатағы, сол тарихқа сан алуан шытырманды оқиғалар байланған. Мысалы, «Семей қасіретін» мен «Жапон халқына қымбат «сый­лық» деген тараумен бастадым. Неге? АҚШ және әлденеше елдің білікті физиктері 1945-жылдың жазында, Германия күйрей жеңілгенін мойындаған актіге қол қойғаннан бір айдан кейін АҚШ-та небәрі үш атом бомбасы дайын­далып, алғашқысы Невада штаты­ның шөлдаласында сыналып, қалған екеуін тамыз айында жапон елінің Хиросима және Нагасаки қалаларына (оларда ешқандай да әскери нысандар болмаған), халқы жұмысқа жұмылған күндізгі сәтте қолданған. «Балпаң» атанған біреуінің қорабына әскери ұшқыш туған анасының есімін арбитып жазса, екіншісіне «Қымбат сый­лық» деген мазақ сөздерді қара бояумен бадырайта қонжитқан. Осынау сайқымазақ әдет АҚШ ұш­қыштарының кеудемсоқ пиғы­лын танытпай ма? Немесе 1946 жыл­ға арналған жаңажылдық құттықтауында АҚШ президенті Г. Трумэннің: «Біздің қолымыздағы атом бомбалары АҚШ халқына зор жауапкершілік жүктейді әрі күллі әлемді емін-еркін билеуге даңғыл жол ашады…» – деп көпіргені мәлім. Алайда, Трумэн мырзаның өктемдігі мен сәуегей­лі­гі ұзаққа созылған жоқ. Төрт жылға жетер-жетпес мерзімде, 1949 жылғы 29 тамызда Кеңес Одағы алғашқы атом бомбасын Семей полигонында жарып, АҚШ-тың атом қаруы жөніндегі үстемдігі жойылғанын мәлімдеді.
– Осы еңбегіңізде сіз сол істің Кеңес Одағында қалайша жүзеге асқанын тәптіштеп баяндайсыз. Әсіресе Дегелең атырабындағы жарылыс алаңы және сонда жасал­ған үдеме жарылыстарды сөз етесіз.
– 1953 жылдың 12 тамызы күні Семей полигонында жасалған сутегі бомбасы аталған ең алғашқы термоядролық сынақты көргенім­де мен бозбала жігіт едім. Қайнар орта мектебін алтын медальға тәмамдаған Нұртөлеу Мықышов екеуміз, Қазақ кен-металлургия институтына (қазіргі ҚазҰТУ) алтын түсті бояумен көркемделген аттес­та­тымызды поштамен жол­дап, Алматыға аттануға қамданып отырғанымызда, тамыз айының 5-ші таңы екені есімде, күллі қайнарлықтарды әскери студебе­кер­лердің құлақ тұндырған зор гүжілі оятты: Абыралы жұртын байырғы мекенінен көшіру бес тәулік бойы күні-түні жүрді; ақы­рында Күйікбұлақ аталған елсіз далаға жүз-жүздеп тігілген палат­ка­ларға жайғастық. Аяқты мал, үй құстары жұртта қалды. Сондай көшуді Абай мен Жаңасе­мей ау­дан­дарының тұрғындары да басынан кешті.
Тамыздың 12 күні, ертеңгілікте әкем тетелес інім Әдеш екеумізді тұр-тұрлап оятты: «Күншығысқа қараңдар, әне, көкжиекте тағы бір күн көтерілді. Бұл не сұмдық?». Мен білгішсініп, ғарыш төрінен метеорит құлаған деп едім, әкем: «Жоқ, балам, мынау айдалаға көшуімізге себепкер пәлекеттің өзі. Әскерилер ойын деп бізді алдап отыр. Сірә, жойқын күшті қаруды сынаған, тек соның аяғы немен бітеді?…» – деп күрсінді… Сол күнгі кеште аудан басшылары мен бір топ әскерилер Күйік­бұ­лақта ошарылған жұртты жинап, жиын өткізіп, американ импе­риализ­мін ауыздықтайтын кеңестік жаңа қарудың сынағы сәтті өткенін, соның әсерін мұ­қият тексеруден соң мекен­де­ріңіз­ге қайтарамыз деді. Біз дүркі­рей қол соқтық. Аудан басшылары әрбірімізге, бесіктегі сәбиге дейін 500 сомнан өтемақы төленетінін хабарлады. Біздің үйде сол күнде бес бұлдіршін бар-тын, демек 3500 сом аламыз, соған ерекше қуан­ғаным­да: «Осының артында нен­дей пәлекет бар?!..» – десіп баста­рын шайқады. Сөйтсек, Де­гелең­дегі сынақ алаңында ең алғашқы кеңестік термоядролық бомба жарылыпты. Содан кейін де күн көзін газдар бұлтымен қал­қала­ған жарылыстар он жыл ұдайы, ондаған мәрте ауа мен жер­де қайталанды. Әрбірі миллион градус қызуға ие жалын жер мен көкті шарпып, содан өрбіген ра­диоак­тивті тозаң ғарыш пен даланы торлайтыны бертінде, өлім көбейіп, аурулар жиілегенде мәлім болды, амал қанша?!
– Сол зобалаңның ел мен жерге зиянды екенін қашан білдіңіз?
– «От және атом» деп атаған кітабымда мен осы қатерді де тәп­тіш­теп жазғамын. Шындығында француз оқымыстылары Мария Склодовская мен Пьер Кюри бұл қатерді 1904–1906 жылдары ашып, бір кило радийдің ыдырауы 1590 жыл бойы үздіксіз ыдырап, ақы­рында жарты кило қорғасынға ай­нала­тынын дәлелдеген. Сон­шама уақыт ыдырау – кәдімгі атом стансасы атқаратын жұмыс, яки тежеулі түрде қуат бөлу, ал соны қасқағым сәтте ыдыратсаң – ол атом бомбасына айналады. Жә, Ертіс жағасындағы атомдық және термоядролық сынақтар тарихына оралайық. Семей шәрінде сол жыл­дарда 350 мыңдай тұрғын бол­ды, облыс тұрғындарымен 750 мың шамасы. Күллі Ертіс бойында – 2,5 миллионнан астам. Бүған халық саны едәуір Алтай өлкесінің түрғындарын қосыңыз. Дегелең мен Балапан бұйратының асты-үстінен 42 жыл бойы дүңкілдеген тарсыл солардың баспаналарын дірілдетіп, көзге көрінбейтін, зиянды бөлшектер залалы бірден сезілмейтін радиация әсерін се­мей­лік­тер жаппай басынан кешті. Ауада, жер бетіндегі жарылыстар АҚШ үкіметімен жасалған келісім бойынша 1958 жылдан кейін жер астына түсті. Біз соған да тәубе дедік. Амал не, Семей полигоны­ның басшылары 300, 400, 500, кей­де 600 метр тереңде жасалған жарылыстардың жер қабатынан сызат тауып үстіге көтерілгенін, солардың кейбірі бірнеше тәулік бойы аспанды шарлап, Ертіс бойына миллиондаған радиация бөлшегін таратқанын үкіметке де, халыққа да жарияламай үнемі жа­сырған. Бізді көбірек сорлатқан осы өтірік. Жә, сол құпияны аш­қан кім десеңіз, оны да айтайын: Курчатов қаласына ұрымтал жер­де, Ертіс жағасынан әскери ұшақ­тар ұшып-қонатын алаң салынып, Шаған атанған мекенде әскери ұшқыштар үй-іштерімен тұрған, осынау авиадивизияның коман­дирі генерал Бредихин 1989 жылғы ақпан айында жасалған екі жа­рылысты өздеріндегі аспаптар­мен тәулік бойы өлшеп, акті жасап, бейберекет тараған радиация толқыны туралы деректі Семей обкомының бірінші секретарының назарына жеткізген. Сол ақпарға жаны түршігіп әрі азаматтық бо­рышын ақтауды жөн санап, менің студент кезімнен досым Кешірім Бозтаев төтенше бюро мәжілісін шақырып, 11 адамның қолдауын жазбаша алып, ақпан айының 20-жаңасында Бас хатшы М.С.­Гор­ба­чевке жеделхат жолдаған. Сол хатта Ертіс бойындағы тұрғын халықтың келешек тағдыры мен ауыр ахуалы баяндалғаны – тарихи ақиқат. Семей атырабында өрбіген халық наразылығы осылайша туды. Сол күрес екі жарым жылға созылды. Мен де соның басы-қасында болдым…
–«Семей қасіреті» кіта­быңыз­дың мұқабасының сыртына сіз А.Д.­Са­харов­тың АҚШ Конгресінің өкілдер палатасының төрағасы Сидней Дрел­лге 1983 жылы 2 ақпан­да жол­даған хатынан үзінді келтіресіз: «Кеңестік термоядролық заряд жер бетінде сыналғанда, яки 1953 жылдың тамыз айындағы жарылыстан кейін ондаған мың адам зардап шегетінін біз үкімет­ке ескерттік. Тұрғын елді байырғы мекенінен көшіру сол үшін жасалды. Қарауыл елді мекенінің тұрғындары байырғы мекеніне 1954 жылдың көк­темінде ғана қайтарыл­ды…» – де­ген ақ­парын да оқшаулап кел­тіресіз, неге?..
– Қарауыл кентіндегі радиация мөлшері жыл бойы 250 рентгеннен төмендемегенін (Саржал мен Қайнар елді мекендеріндегі орта­ша шоғыр 150 рентген деңгейде сақталған. Ертістің оң жағалауын­дағы Курчатов қаласына ұрымтал Долон мекенінде 200 рентген болған. Ал, Курчатовтың өзінде қанша болғаны – беймәлім). Сол ақпарды А.Д.Сахаров жазып отыр. Сол дерекке мен: «Қарауыл тұр­ғын­дары 1953 жылғы 12 тамыздағы жарылыстан кейін небәрі 15-20 тәуліктен кейін тұрғын мекен­деріне қайтарылды. Бұл жайт күллі халыққа мәлім. Андрей Дмит­риевич әскери бақылаушылардың жалған ақпарына, сірә, шүбәсіз сенген… Абайлықтар, солардың санатында менің нағашыларым Доскеевтер және өзгедей де туыс, иә дос-жар адамдарым демек бір жыл бойы 200-250 рентген деңгейдегі сәуле шоғырының астында өмір сүріп, ақырында солардың дені уақытынан бұрын ажал құшты, бәрі де орта жасқа жетпей аурушаң болып азап шекті…» – деген тұжырымды мен кітабымның сыртқы бетіне, ака­демик Сахаровтың жоғарыда келтірген дерегінің астына қойғыздым. Неге? Әскерилер мен кеңестік ғалымдардың біздің ел мен жерге жасаған қастандықтары осындай әрекеттермен өрбіген: «Тек қана Семей тұрғындарынан 200 мың адам, яғни, күллі қала халқының 62 пайызы 1992 жылғы дәрігерлер комиссиясының тек­серуінен соң мүгедек аталды; қыр елін, Бесқарағай, Жаңасемей, Абай, Абыралы, Шұбартау, Шар, оған қоса Павлодар облысының Май, Ақсу, Қарағанды облысының Қу және Қарқаралы аудандарының халқын жаппай шалған ауыр дерт Семей полигонында 1949–1963 жыл­дарда ауада, жер бетінде жа­сал­ған 118 атомдық, ядролық сынақтардың салдарынан өрбіге­нін 1992 жылғы дәрігерлер комис­сиясы анықтаған. Рас, одан кейінгі сынақтар АҚШ билеушілерімен өзара келісілген шартқа орай жер астында жасалып, содан туатын зиянды бөлшектер толқыны технологияны бұзғанда ғана ауаға тараған. Ертіс бойында ерекше көбейген өңеш, асқазан обыры, радиофобия аурулары – жер бетіне, ауаға миллиондап тараған радиобөлшектердің зардабы. Үкімет комиссиясы осылайша зардап шеккендер құрамы 1,5 миллион екенін анықтады. Сол пақырлардың дені бүгінде тірілер санатында жоқ, ал, мен сияқтылар – отыз мың шамасы (Бұл жерде мен Семейдегі онкология диспан­серінде ресми тіркелгендерді ғана айтып отырмын). Анығында осы тізім де тыңнан ауырғандармен жыл сайын толығады. Ертіс бойының халқы 2,5 жыл бойы бел шешпей күресіп, ақырында біз үшін жер бетіндегі тамұққа айнал­ған әскери поигонды жауып тын­дық!.. Ядролық сынақ алаңы бол­ған Дегелең атырабында 42 жылда 470 мәрте заряд жарылған, оның 24-і жер үстінде, 92-і әуеде сынал­са, 8-і шырқау биікте, 345-і – жер астында жасалған. Сол сынақтар­дың қуаты жапон еліне тасталған екі бомба қуатынан 2500 есе артық. Соның салдарынан Де­ге­лең­­нің мәрмәр тасы қолмен уа­тыла­тын борға айналды. Сол төңіректегі адамдар, жануарлар мен аңдардың ахуалын шамалап көріңіз…
– «Семей қасіретінде» сіз Ертіс бойы­ның сынақ алаңына таңдал­ғаны туралы бұрын-соңды баспасөз бетінде жарияланбаған деректер ұсыныпсыз.
– Мәскеу баспасы 1992 жылы шығарған «Ядерные испытания СССР» кітабында Л. Берия баста­ған үкімет комиссиясы географ ғалымдар тобы бірнеше аймақты тексеруден кейін Дегелең аймағын таңдағаны, яғни, И. Сталинге ұсынылған анықтамада: «Біз таң­да­ған аймақ – шөлдала, тірі жан тұрмайды…» дегенін мен кітабым­ның «Қазақ даласы – сынақ ала­ңы» тарауында келтірдім де, сол «білгірлер» «елсіз аймақ» атаған өңірде 1947 жылға дейінгі қоныс­тану­шылар туралы деректі атадым. Мысалы, 1931 жылдың аяғында Ленинград баспасынан жарық көрген «Весь Казакстан» атты анықтамалық кітапта, Абыралы ауданында – 29812, Шыңғыстауда – 34676, Бесқарағайда – 48427, Қу ауданында – 32812, Ақсу айма­ғында – 63915, Қызылтаң (бертінгі Жаңасемей) ауданында – 26478 адам мекендегені нақты жазылған. Барлығы 206590 тұрғын. Бұл аудандарды даралау себебім – әскери полигон иеленген 18500 шаршы километр кең аймақ осы аудандардың жерінен алынған (Рас, 1932-33 жылдарғы ашаршы­лық қыр халқының 80 пайызының өмірін үзді. Мәселен, Абыралы мен Абай аудандарында 1940 жылы 4 мың және 6 мың шамасы тұрғын қалған. Дегелең мен Мыр­жық тауларының бөктерін Абыра­лы ауданының алты шаруашылығы 1954 жылға дейін қоныс етті. Де­мек осы аймақ комиссия мүшелері сипаттағандай суға жұтаң шөлейт дала емес, мал өсіруге қолайлы, көлі де, бұлағы да мол, шөбі де шүйгін атырап. Сондай-ақ Шаған өзенінің бойында Абай ауданының Тельман колхозына қарасты ондаған қыстақтары әскерилер талабымен жыраққа көшірілді. Абыралының осы атыраптағы 6 колхозы да 1954 жылы әскери зона­дан аласталды. Яғни, жоғары­дағы ресми мәлімдемеде жазылған «сынаққа лайық жер – елсіз алаң» деген тұжырымды комиссия мү­ше­лері ойдан шығарған. Сөйтуіне бірден-бір себеп о күнде айдыны шалқар, жағасы ну тоғай әрі қаты­нас үшін ерекше қолайлы Ертіс өзені, Семейдегі әуежай мен теміржол да сол аймақты таңдауға себеп болған. Қысқасы, атом күшін жантүршігер қаруға айнал­дырған білікті академиктер мен ғылым докторлары өздері айлап, жылдап тұратын мекенжайды сайларда айдыны шалқар өзен жағасына жобалаған. Басында «Семей-21», ресми деректерде «Мәскеу-400» делінген, бертінде Курчатов аталған, ертегі сипатты тамаша қалашықтың іргесі 1948-53 жылдарда қаланған. Дегелең баурайындағы сынақ алаңы одан 130 шақырым жерден таңдалған. Байқайсың ба, біздің сорымызды қайнатқан осы таңдау, амал не?..
– Сонда халықты ерекше қауса­тар сынақтарды тежеу туралы үкі­метке наразылық білдірген қай­рат­­керлер Қазақстанда болмаған ба?
– Болған. Бірер емес, бірнеше адам. Мен сол жайсаңдардың іс-әрекетін зерттеп, кітабымда дара­лап жаздым. Бұл жерде ұзақ сөзге түспей, есімдерін ғана атаймын, нақты не істегенін білгісі келген қау­ым «Семей қасіретінен» оқы­сын… Олар – Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, медик-ғалым Бақия Атшабаров, Қазақ КСР Денсаулық министрі Сибуғатулла Қарынбаев, Семей обкомының бірінші хатшысы Мұхамедғали Сужиков (Алғашқылардың қата­рын­да ғалым-онколог Сайым Балмұханов та болған, алайда ол Мәскеуде осы мәселені 1961 жылы талқылаған конференцияда туған халқының келешек тағдырына опасыздық жасап, одақтық гене­тиктер ұйымдастырған жалған тұжырымын жақтап, ел тағдырын уақытша атақ пен жалған мадаққа айырбастаған. Ең ғажабы, 1989 жылы өрбіген күресті Кешірім Бозтаев пен Олжас Сүлейменов бастап, соны Ертіс бойындағы қалың ел, Қарағанды және Ресейдің Алтай өлкесінің тұрғын­дары жаппай қостап, бүкілхалық­тық шеруге айналғанда ол отыз жыл бұрынғы сатқындығын ұмы­тып, сол күрестің белсенді қайрат­кері атанып, кітап та жазды. Тәубе деймін, сол күресіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылдың 29 тамызы күні ҚР Президенті өкімі­мен Семей жеріндегі ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлық жариялауымен аяқталды. Алайда қолдан жасалған дертті ауыздықтау, ауру халықты емдеу ондаған жылдарға созылды, әлі де жалғасуда.

– Кітаптың ағылшын тіліне аударылып, жарыққа шығуына кім себепкер болды?
– Полигон зардабын тарт­қан­дар, ата-атасынан ерте айы­рылған мұңдарлар есігім мен телефоныма дамыл бер­мей, кітап сұраушылар күн сайын кө­бейді. Алматыға бар­ған сапа­рымда кездейсоқ кездескен бұрынғы мемлекет қайраткері, бертінде бизнеспен шүғылдана­тын інім, туыстығы жөнінен жиен Зейнулла Кәкімжанов ма­ған: «Медеу аға, полигон ту­ралы кітабыңызды маған бер­медіңіз, оны қайдан аламын?..» – десін. Қилы жас кіші болса да өзара сый­лас­ты­ғымыз зор еді. «Кітапты ертең аласың, қай тілдегісін қалайсың?» – дедім. Ол: «Қисаңыз, екеуін де оқи­мын!..» – десін… Арада оншақ­ты күн өтті, еңбегімді оқудан алған әсерін, жарылыс өршіген жылдарда Рақила есімді анасы­нан, қаншама туыстарынан айы­рылған шерін ақтарып ин­тер­­нетке жариялапты. Қыс­қасы, сол талқы интернетті он­шақты күн дуылдатты. Аң­дауым­ша, талқыға үш жүздей адам қатысты. Толғанысы мен ашу-ызасы мол пікірлерді көшіріп алып, алуан ойға түсіп отыр едім, Зейнулла телефон шалып, жұмыс орнына шақыр­ды. Сол күні-ақ нақты келістік: орысша нұсқаны мен біршама ықшамдап, негізгі тарауларын сақтап, ағылшын тіліне аудар­та­мын; ал ол соны шетел бас­па­ларының бірінен шығару шығынын толық көтереді…
Жә, сол шаруаның тоқете­рін айтайын: әдеби еңбектерді шетел тіліне аудару мәселесі бізде жүйелі кәсіпке айналып­ты; осы еңбегімнің кіріспесін Астананың екі фирмасына ау­дарттым да, мәтінді оқуды ағыл­шын тіліне жүйрік екі жасқа тексерттім (біреуі – Ің­кәр, Болгариядағы шетел уни­вер­ситетін қызыл дипломмен бітірген немерем, екіншісі де – бөтенім емес, естияр жастағы бөлем). Екеуі де: «аударма ұна­мады, әдеби емес, нашар оқы­лады» – деген қорытынды жаса­ды. Амал қанша, үшінші фир­маны Алматыдан тауып, сол кіріспені қайыра аударттым. Көмекші қыздарымның ай­туын­ша, соңғы аударма көң­терімді, әдеби тілмен ауда­рылған-мыс… Осы ұжымның сұраған қаржысы – астаналық фирмалардан екі еседей қым­бат… Ақырында соған тоқтап, былтырғы наурызда келісім-шарт жасасып, тиісті қаржы­сын төледім. Сол жұмыс сегіз ай жү­ріп, өткен жылдың аяқ ше­нінде дайын болды.
– Қалған жұмысты де­меу­шіңіз көтерді ме?
– Зейнулла інім шетел бас­паларымен де байланысқан тәрізді, бірақ ақыр аяғында аударманы жасаған Алматы­дағы «Sitrus Advertising» бас­пасына тоқтады. Сол кітап, А-4 пішінді 492 бет, алғашқы басы­лымдарына енген суреттер толық сақталған қалпында 2000 дана болып жарыққа шықты. Демеушімнің ұсынысы бойын­ша, соның 1500 данасын ҚР Сыртқы істер министрлігіне сый етеміз, соны олар елшілік­тері арқылы шетелге таратпақ. Шетел оқырманы оны қалай қабылдайды? Бұл жөнінде сәуегейлік жасауға болмайды. Үмітім – тарихи мәні мен руха­ни ділгерлігін, күйкі шындықты түре ашу жөнінен тек қана ащы да ауыр деректермен өрілген кітабым тиісті бағасын алады деген сенімдемін. Өйткені, был­тырғы күзде Семейге ар­найы келген АҚШ-тағы Кар­неги қорының қызметкері – әйел адам және қазақ қызы «Семипалатинская трагедия» кітабымды сыйлыққа алып, соның аудармасын өзі жасап, Америкада жариялауға рұқсат сұрағанда мен: «Жоқ, кітап ағылшын тілінде де әуелі Қа­зақ­­станда жарияланады, со­дан кейін, рақым етіңіз, Кар­неги қорына да рұқсат етемін…» – дегенмін. Осындай ұсынысты Англияда тұратын тағы бір қазақ әйелінен естіген едім, оған да осы тәрізді жауап бергемін…
Сонымен соңғы бес-алты жылда ұйқы-күлкімді бұзып, күні-түні тынымсыз еңбекпен жасалған еңбегім – «Семей қасіреті», міне, қазақша, орыс­ша және ағылшын тілінде сүбелі көлемді кітап болып қолы­ма тиді. Солардың қадірін, халыққа керектігін облыс әкімі Д.К.Ахметов бірден аңдап, ал­ғашқы екі басылымын жарыққа шығарса, ағылшын тіліндегісін жариялауға жерлес інім Зейнул­ла Кәкімжанов қол ұшын берді. Екеуіне де туған елім басынан кешкен қасіретін, халықтық ділін жеріне жеткізе айтуыма септігін тигізіп, еңбегімді баға­лағанына рақмет айтамын. Ел мүддесі үшін еңбек етіңдер деймін! Осы еңбегімді үш тілде шығарып, ауыр сырқаттан дәрігерлер көмегімен айығып, есімді жиған соң кіріскен еңбе­гім халық мүддесіне қызмет етсе арман не?! Ылайым, ел-жұр­тымыз аман болсын, кез­дей­соқ қатерлерге сақ бо­лайық!..
Рақмет, аман-сау болыңыз!

Әңгімелескен
Ерзат ЖАНАТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір