НАБОКОВТЫҢ «СӨЗІН» ОҚУҒА КЕҢЕС БЕРЕМІН

0
32 қаралды

Кітап оқу – қашан да көзі-қарақты оқырман үшін ерекше ләззат сыйлайтын іс. Кейде жат­тан­ды уақиға желісі мен бір-біріне ұқсас кейіпкерлерден жалығып, бөлек дүние іздейсің. Соңғы рет оқыған шығармам – «Сөз» бір кітаптың жүгін арқалайтын туын­ды деуге тұрарлық. Бұған дейін Набоковтың есімі мен үшін кітап дүкеніндегі «Лолита» атты кітап­тың авторы ретінде ғана белгілі болған. «Сөз» – менің жан-дүниемде төңкеріс жасаған шы­ғарма. Көлемі бір жарым беттен асатын туындының формасы да, мазмұны да, стилі де өзгеше емес. «Әңгіме» деп аталатын қысқа жанрда жазылған Набоковтың бұл шығармасы өткен ғасырдың басында жарық көргенімен, дәл бүгінгі әлемді көз алдымызға әкеледі де қояды. Құлдыраудың ең төменгі сатысына жеткен адам­затты ауыр азаптан құтқару өз мойнында деп есептеген кейіпкер арқылы жазушы жанын күйзелт­кен барлық мұңы мен қайғысын қағаз бетіне өрнектейді. Құдайы теріс айналған елдің басында орнаған жайды шебер суреттеген жазушының қаламына, содан соң «Сөздің» құдіретіне еріксіз бас иесің. Шығарма басталған уақытта жұмақта оянған кейіпкердің әр сөзіне күмән келтіру мүмкін емес­тей. Нәзік иірімді, сырлы бояулы, соны арналы сурет­теу­лер… Бұлақтардың сиқырлы шуы, күн нұрына малынған гүл күлтелерінің төңіректе ұшып жүруі… Табиғат-Ананың түгесілмес мейірімі. Күтпеген жерден бір керемет орын алатынына Сіз де сенер едіңіз. Аспан әлемі тұрғындарының топтанып түсуін баяндай баста­ғанда, бұл уақиға расымен шынайы әрі айқын реңкке бояла түседі. Тәңірдің шексіз мейірі төгілген періштелердің бейнесін суреттеу мүмкін емес нәрсе дерсіз. Бірақ, алдымен Набоковтың осы шығармасын оқып көріңіз. Са­намызда ғана тірілте алатын бейнені ол қағаз бетіне асқан ықыласпен, махаббатпен түсірген. Аспанға шарықтаған періш­телер­дің болмыс-бітімі кейіпкердің таңданысымен-ақ олардың айрықша образ екенін ұғынамыз. Ауыр машақатты өзіне таңып, үлбіреген үміті мен сетінеген сенімін ту еткен жер бетіндегі адамдардың санасындағы арпа­лыс, пенделік қорқынышы мен үрейі де бізге таңсық емес. Шуақты мекенге асыққан көк тұрғын­да­рына іштей жалбарынған кейіпкер санасындағы сергелдеңін жеңіп, оларға тіл қатады. Ал, шығарма қалай аяқталды дейсіз бе? Періште оған «Сөз» айтты. Жалғыз. Бір ауыз ғана. Ал, сол сөзді естіген кейіпкердің жаны мен жүрегіне тыныштық орнап, тамаша күйге бөленеді. Көзге көрінбейтін бейнені суреттеу, орын алмайтын уақиғаны баяндау… Бұл автордың қиялы ғана дейтіндер де табылар. Жоқ! Набоков бізді шығарма басталған сәтте-ақ жеңіп кеткен. Оның кейіпкері өз сөзін қалың ұйқы құшағына кетіп, түс әлемін кезіп жүрген сәтінен бастайды. Міне, шеберлік. Адамдар әңгі­ме­лей­тін азап та, машақат та, адам­зат­тың азғындауы да шындық. Ал, уақиға барысында өрбитін сюжеттік желі мифтік сананың жемісі ғана деп түйетіндер үшін, ол бар болғаны кейіпкердің түсі. Набоковтың дәл осы шығармасын оқуға барлығыңызға кеңес берер едім. Мүмкін әрқайсымыз өз жанымызды тыныштандыратын Сөзді түйсінерміз. Мүмкін ол біз­дің естігіміз келетін «Тәубе» деген сөз шығар.

Ақбота КЕНЖЕҚОЖАЕВА,
Сүлеймен Демирель атындағы
университеттің магистранты,
«Knowledge Partners»
компаниясының редакторы

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.