ҮШ КІТАП ТА МЕН ҮШІН ЖАҢА
13.08.2018
2058
1

Мен соңғы уақытта бірінен-соң бірін үш кітап оқыдым. Кітап дегенде қандай десеңізші… Олар – М.Мағауинің «Қыпшақ аруы», Т.Әбдіктің «Парасат майданы» және даңқты жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы». Соңғыны алдыңғы екеуінен әлдеқашан бұрын бала кезде оқығанмын ғой. Демек, қай­талап оқыдым. Қайталап оқуым­ның себебі көп. Ең бастысы есей­ген көңілмен оқығым келді. Ауыл­да сексенге қараған бір қария­ның «Абай жолын» енді ғана оқып-біліп жүргенін естіп едім. Бірақ, таңғалғаным жоқ. Ал, менің білгенім – «Абай жолы» оқыған сайын тотықұстай түрленіп, сан қырынан ашылады екен. Мен жа­қында оқыған кітаптарым деп, қайталап оқыған кітаптарымды айтып отырмын. Қалай қабыл аласыздар, оны өздеріңіз білер­сіздер? Себебі, қайталап оқудың сыры мол. Бір сөзбен айтқанда, Әуезовтің әйгілі эпопеясында қазақ халқының көркем тарихы оның ұлы тұлғасы, дана ақыны Абайдың тағдырымен тамырлас баяндалады. Ұлы жазушының өзгеше көркем шешен тіліне, сөз саптасына назар аудара, ойлана оқуға болады. Сонда жазушы сөздерінің терең мағынасы таны­лады. Дана Абайдың өмір-тағ­ды­рын, басқа да кейіпкерлері­нің тағ­дырын, қазақ даласының табиғатын, халқымыздың өткен өмір-салтындағы артықшылығы мен кемшілігін алақандағыдай көріп, алуан сезім-күйлерді өзің бастан кешкендей халде боласың! Оқыңыз, қайталап оқыңыз, өкін­бейсіз. Бұл ұлы суреткер Мұхтар Әуезов қаламының құдіреті болса керек. (Айтылар пікір көп, талдау­дан аулақпын. Себебі, аталмыш эпопея кәсіби мамандар, сын­шылар тарапынан көп зерттелгені даусыз.). Ал, М.Мағауиннің «Қып­шақ аруы» уақыт сұранысына сай жазушы дарыны тудырған бірегей туынды екені анық. Алмағайып заманның құбылысы өнер адамда­рының тағдырын тәлкек еткісі кел­генмен, өнер өзінің биігінен табылады. Мүсінші қыпшақ аруы Айсұлудың мүсінін ғана жасап қоймайды, сол ұлы әйел бейнесі арқылы ұлы қыпшақ тарихын тас­қа қашайды. Бұл біртуар, көр­некті жазушы Мағауиннің «Қыпшақ аруы» романын жазудағы басты кредосы болды деп ойлаймын. Жазу­шының бұл романды жазу­дағы еңбегі алапат, орасан зор. Қыпшақ ұлысының бүкіл тарихын зерделеп, зерттеген еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан да ұлы туынды деген пікірдемін. Роман сюжетін беру тәсілдері ерекше, кейіпкер тілінде жасанды шешендік жоқ, кімге де түсінікті тілмен өріліп, оқырманға оқшау ой тастай сөй­лей­ді. Романды қалай жазатынын, қаламгерлік, пендеуи қасиеттерін өзі оқырманмен бөлісіп отырады. Мұндай тәсіл оқырман көңіліне тез орнығатыны рас.
Енді, Т. Әбдіктің «Парасат май­данын» аз-кем сөз етейік. Шы­нын­да, «Парасат майданы» пара­сат­ты оқырманға арналған шы­ғар­ма екені белгілі. Әдеби қауым өз пікірін білдіргенін білеміз. Парасат майданы қазіргі қоғамға керек, әсіресе білім қуған жастар, іс басындағы шенділер оқыса деймін. Бұл кітапты оқыған да, оқымаған да арманда деп бір сөзбен қайырғым келеді. «Парасат майданы» – алмағайып заманда тағдырдың тегершігінде шыр айналған қарапайым адамның шындық іздеген жан арпалысын барынша көркем, барынша шы­найы, психологизм тәсілдерімен терең таныта суреттеген шығарма. Жақсылық пен жамандықтың, ға­дауат пен махаббаттың күресі бітіспес күрес, сөйтіп өмір жалғаса береді деген қорытындыны ұға­сың. Адамның екі көзі бір-біріне жау болғанмен, бір адамның бойында жақсы-жаман қасиеттер болғанмен, жүректе ізгілік оты өшпеуге тиіс. Жазушы кейіпкер­лерінің мінез-құлықтары, іс-әрекеті арқылы тазалық, пәктік сезімдерінің құндылығын дәріп­тейді. Олардың бұл күнде азайып бара жатқанына налиды. Осының бәрін шебер жазушы құрғақ баяндаумен емес, кейіпкерлерінің ішкі әлемін, жан құбылыстарын, сезім иірімдерін, ым-ишараттарын терең танытып, суреткерлік шеберлікпен қиюын келтіреді. Сондықтан да оқырман кітаптан бас алмай, қомағайлана оқиды. Әрі сол шығарма кейіпкерлерінің бейнесінен өзін де, өзгені де көріп, танып, парасат майданының ортасында жүргендей болады. Парасат майданын ашып, өз-өзіне хат жазып жүрген басты кейіпке­ріміздің өзі, сол майданда шейіт болды… Өзің ойлан, өзің тап шешуін, оқырман дегенді меңзейді автор. Міне, қызық, оқыңыз… оқи түсіңіз… Мен бар-жоғы қайталап оқыған едім… Аталған үш кітап та мен үшін жаңа кітап сияқтанды…

Раушан ӘБДІҚҰЛОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры

ПІКІРЛЕР1
Аноним 13.03.2024 | 13:49

Кклкл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір