ЖАРҚЫН ШӘКӘРІМ ТЕЛЕАРНА БАСШЫЛАРЫНА ЖОЛДАУ ЖАСАДЫ
13.08.2018
1142
0

Халықаралық ақпараттандыру академиясының Академигі, «Қазақстан» Ұлттық теелеарнасының ардагері, өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім телеарналардың басшыларына жолдау жасады.


«Қазақстан тәуелді кезде, өткен ғасырда, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан «Домбыра сазы», «Күй шежіре», «Күй керуені», «Домбыра үйренейік», «Күй көтерер көңілдің көкжиегін», «Өткен ғасыр күйшілері», «Кәзіргі заман күйшілері», «Дина Нұрпейісова», «Аққыз Ахметова», «Қали Жантілеуов», «Рүстембек Омаров», «Мағауия Хамзин», «Төлеген Момбеков», «Генерал Асқаров», «Шағдар Ақылбеков», «Уәли Бекенов», «Сапаржан Торсықбай», «Рысбай Ғабдие», «Сағын Жалмышев», «Мұхамеджан Тілеухан», «Айгүл Үлкенбаева», «Ғабдылхақ Барлықов», «Әзидолла Есқалиев», «Шәміл Әбілтаев», «Рахым Тәжібаев», «Қаршыға Ахмедияров», «Жаппас Қаламбаев», «Әпике Әбенова», «Әлімғазы Жүзбай», «Файзолла Үрмізов», «Бақыт Қарабалина», «Таласбек Әсемқұлов», «Базарәлі Мүптекеев», «Боранқұл Қошмағамбетов», «Жанғали Жүзбай», «Секен Тұрысбеков», «Айтжан Тоқтағанов», «Абдулхамит Райымбергенов», «Жарқын Шәкәрім» тәрізді домбырашы-күйшілердің хабарлары мен концерттері «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан апта сайын үзбей беріліп тұратын», – деп жазады қазақ әні мен күйлерінің білгірі Жарқын Шәкәрім мырза. Осыны айта келіп ол: «Бүгінгі эфирде жоғарыда аталғандардың бірі де жоқ», – дейді қынжылысын жасыра алмай. Өнер зерттеушісінің пікіріне сүйенсек, ұлттық музыканы дәріптеуге арналған қазіргі телебағдарламалар қазақтың дәулескер домбырашы­лары­ның өткені мен бүгінін таныта алмайтын көрінеді. Мысалы, «Мен Қазақпын» жобасы бәсеке жарыс форматында құрылған. Сондықтан исі қазаққа керегі – қазақ домбырашыларын үзбей, тоқтаусыз насихаттау дегенді айтады Шәкәрім мырза.
«Қазақ бар жерде домбыра бар. Елбасымыз әр жыл сайын шілде айында домбыра күнін атап өту жөнінде жарлық шығарды. Олай болса, Елбасымыздың домбыраны ұлттық құндылық ретінде құрметтеу жөніндегі игі бастамасын құптай отырып, Қазақстандағы телеарналардан аптасына бірнеше рет бүкілқазақстандық күйшілердің орындауында бір-бірлеп, жеке-жеке концерттер беруді ұсынамын. Домбыра – қазақтың төлқұжаты. Інжу-маржан жәдігері. Ата жолымен, ана сүтімен келген мұрамыз. Түркі дүниесінің бүгінгі қазаққа жеткен символы. Домбыра – халық сұранысы мен сүйіспеншілігіне ие болған қасиетті музыкалық аспап. Сондықтан да, құрметті, телеарна басшылары, домбыра насихатын бір күндік емес, бір жылдық ыңғаймен насихаттау кезек күттірмей қолға алынуға тиіс. Айналайын, телеарна басшылары, исі Қазақ үшін ойланыңдар! Исі Қазақ үшін толғаныңдар!».

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір