Мұратымыз – келісім мен тұрақтылық
28.08.2015
2019
0
121137_2076077602__________________________Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мерейтойлық датасы шеңберінде ел ішінде атқарылып жатқан істер баршылық. Еларалық татулық пен бірлік – қоғамның тұрақтылығының кепілі десек, осы тұрақтылықтың орнатылуы жолында Қазақстан Халқы Ассамблеясының Қарағанды облыстық филиалы қандай жұмыстар атқарып жүргенін білу үшін Ерлан ҚҰСАЙЫН мырзамен тілдескен едік…
– Ерлан Бейсенбайұлы, биыл Қа­за­қ­­с­тан халқы Ассамблеясының құрыл­ға­нына 20 жыл. Қарағанды өңірінің жұр­т­шылығы бұл мерейтойды қалай қарсы алып жатыр?
– Әрине, биылғы жыл егемен еліміз үш­ін ерекше жыл. 2015 жыл Елбасы Жар­лығымен – Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияланып, жыл бойы өткізілетін шаралар осынау мерейлі жылдың аясында атқарылуда. Сонымен қатар, биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Конституциямыздың 20 жылдығы сынды айтулы даталармен тұспа-тұс келіп отыр. Осы мерекелердің қай-қайсысын алып қарасақ та, еңселі еліміздің тарихында алатын орны ерекше. Сондықтан да бұл айтулы даталар барша қазақс­тан­дық­тар­дың, Елбасы сөзімен айтсақ, барлық 17 миллион қазақстандықтардың мерекесі. Қойнауы қазынаға толы Қарағанды жері де осынау мерейтойларды толайым табыстарымен, жарқын жетістіктерімен қарсы алуда.
Жалпы, мен үшін осы жоғарыда ай­тыл­ған әрбір айтулы оқиғаларды бір-бірі­мен байланыстырып тұрған бір құдіретті күш, бір ғажап дүние бар. Ол –бірлік дер едім. Өзіңіз қараңызшы, тағдырлы тарихымызда халқымыздың басынан нелер өтіп, нелер кетпеген. Жер бетінен тұтас­тай жоғалып кету қаупі туған кездер де аз болмаған. Жан алысып, жан беріскен сұрапыл соғыс, алқакөл сұлама, ақтабан шұ­бырындыларды басынан өткізді. Ер етігімен қан кешіп, ат ауыздығымен су кеш­кен небір зар замандар өтті. Алып да­ла ақсөңке сүйектен көрінбей қалған, миллиондаған боздақтың өмірін жал­ма­ған алапат аштықты да бабаларымыз ба­­сынан кешті. Ел қамын жеген небір есіл ер­лерімізді, асыл азаматтарымыздың көзін жойған тоталитарлық кезеңді де бастан өткердік. Бірақ басынан таймаған халқымыз осының бәрінен, тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау өткен екен. Бүгінгі «қой үстіне бозторғай жұмырт­қа­лаған» бейбіт заманға жеткен екен. Осының бәрі, ең алдымен, біздің дана халқымыздың берекелі бірлігі мен тату тірлігінің, қалың жауға қаймықпай қарсы шабатын батырлығы мен қаһар­ман­ды­ғы­ның, даладай дархан мінезі мен асқан бауырмалдығының, ілтипаты мен ізгілі­гі­нің, кісілігі мен кішілігінің арқасы дер едім. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деп, келген қонағына астындағы жалғыз атын сойып беруге даяр қонақжайлығы қанына біткен қасиет. Міне, сондай өзінің кең да­ла­сындай дархан мінезді халқымыз бү­гінде жүзден астам ұлт пен ұлыс өкіл­де­рін бір шаңырақтың астында біріктіріп, бірлікте, татулықта өмір сүріп жатыр. Бұл арада Елбасының бастамасымен өмірге келген, әлемде теңдесі жоқ Қазақстан хал­қы Ассамблеясының орны ерекше екенін атап айтқым келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл дүниежүзінде теңдесі жоқ бірегей институт, ұлтаралық жә­не конфессияаралық қарым-қаты­нас­тар­ды реттеу, тұрақтылық пен ынтымақты сақтау, бірлік пен берекелі өмірді насихаттау бағытында орасан зор үлес қосып келе жатқан қоғамдық ұйым.
IMGP6936Міне, биыл осынау бірегей институт­тың құрылғанына 20 жыл толып отыр. Сол себептен де биылғы жыл Елбасы Жарлы­ғы­мен – Ассамблея жылы деп жарияланды. Осынау аз ғана мерзімде Ассамблея шынайы түрде жалпыхалықтық, азамат­тық, саяси мүдделерден жоғары тұратын ұйым ретінде танылды, конституциялық мәртебеге ие болды. Бүгінгі таңда Қазақс­тан халқы Ассамблеясы – еліміздегі бар­лық ұлт пен ұлыс өкілдерін бір шаңырақ астында біріктірген қуатты құрылымға айналды. Егемен еліміз бейбітшілік пен бір­ліктің, тұрақтылық пен татулықтың ға­жайып үлгі-өнегесін күллі әлемге паш етіп, абыройымыз асқақтай түсті. Алып дала төсінен бой көтерген ару Астанамыз бейбітшілік бесігіне айналып, әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің бір шаңырақ астында бас қосып, бәтуа­ла­сатын киелі мекеніне айналды. Айта бер­се атқарылған шаралар мен жетістіктер аз емес. Осының бәрі, ең алдымен, Елба­сы­­мыздың дана саясатының жемісі, халқымыздың берекелі бірлігінің арқасы. Ал бүгінгі әңгімеге арқау болып отырған Ассамблея болса, осынау ұлттық саясатты жүргізу, ұлтаралық және конфес­сияа­ралық тұрақтылықты, елдің ауыз­біршілігін сақтауға орасан зор үлес қосып келе жатқан қоғамдық институт.
Енді мерейтойды қандай шаралармен қарсы алып жатырсыздар деген сұра­ғыңыз­ға қарай ойысатын болсақ, Қазақс­тан халқы Ассамблеясы жылына ар­нал­ған шаралар, өзіңіз білесіз, ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен үстіміз­дегі жылдың 6 ақпаны күні ресми бастал­ған болатын. Дәл сол күні Қарағанды қаласындағы кеншілердің Мәдениет сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына орай облыстық салтанатты синхронды акция өткізілді. Бұл шараға облыстық мәслихаттың депутаттары, Елбасының Теміртаудағы достары мен серіктестері, этномәдени бірлес­тік­тердің басшылары мен белсенді мү­ше­лері, ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың өкіл­дері, студент жастар қатысты. Осы мерекелік шара кезінде төрт аймақпен, яғни Теміртау, Балқаш, Жезқазған қала­лары және Абай ауданымен тікелей эфирде қосылу ұйымдастырылды. Мұндай акция облыстың 9 қаласы мен 9 ауданында болып өтті. Жалпы, облыс бойынша бұл акцияға 121 мыңдай адам қатысты. Түрлі этномәдени орталықтардың өкілдері «Тайқазан» республикалық қайырым­ды­лық акциясын белсенді қолдаушылар болды. 7 ақпанда Қазақстан халқы об­лыстық Ассамблеясы «Менің Қазақс­таным» атты аймақтық фестиваль өткізіп, онда қазақ тілінде ән шырқалды. Фестивальге облыстық 14 этномәдени бірлес­тік­тердің шығармашылық ұжымдары қатысты. Әндер негізінен, Қазақстанға, туған елге арналған патриоттық тақы­рып­та болды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған «Менің Қазақстаным» пойызы республикалық акция аясында Теміртау, Жезқазған қалалары, Жаңаарқа ауданында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мәдени және қоғамдық шаралар өткізіп, халыққа медициналық, әлеумет­тік, құқықтық қызметтер көрсетіп, сон­дай-ақ, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, ауыл­шар­уа­шылығы және т.б. мәселелер жө­нін­де кеңестер берді. Ағымдағы жыл­дың 19 сәуірінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» акциясы аясында «Теміртау – бейбітшілік пен бірліктің қаласы» форумы өткізіліп, онда «Тайқазан» респуб­ли­калық эстафетасының символын қарсы алу рәсімі өткізілді.
Бұдан кейінгі уақытта Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблея­сының және облыс әкімі аппаратының «Қоғам­дық келісім» мемлекеттік меке­месі­нің мұрындық болуымен қоғамдағы келісім мен тұрақтылық тақырыбына арналған бірнеше «дөңгелек үстел» мен балаларға арналған қайырымдылық ак­ция­лары болды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі және облыстағы этномәдени орталықтар Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Саран қаласында мерекелік концерт берді. Наурыз айында Ассамблеяның 20 жылдығына арналған облыстық бейнелеу өнері мұражайымен бірлесіп «Достық палитрасы» атты көрме ұйымдастырылды. Екі аптаға созылған бұл көрмеге 20 ұлт өкілінің 45 бейнелеу өнері шығармалары қойылып, көрермендер көзайымына айналды. Ал 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде Спасск мемориалдық кешенінде митинг-реквием өткізіліп, оған қала жұртшылығы, этно­мәдени бірлестіктердің, діни бірлес­тіктер өкілдері және Испания, Эстония, Франция, Литва, Румыния, Оңтүстік Корея елдерінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері, Польша елшілігінің өкілі қатысты. Митингіде Спасск лагерінде қайтыс болған испандықтар мен эстон­дық­тарға арналған ескерткіш тас қою рәсімі болды. Оны ашу кезінде Эстон Республикасының бұрынғы Президенті Арнольд Рюйтел мен Испанияның Қазақс­тандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мануэль Ларотча сөз сөйледі. Олар осы жерге жерленген жерлестерін еске алып, осындай ескерткіш тас қоюға мүмкіндік берген Қазақстан халқына ризашылық білдірді. Тізіп айта берсе Ассамблея жылына арналған мұндай шаралардың жал­пы саны жүзден асып жығылады. Жыл аяғына дейін талай игі істердің өткі­зілуіне мұрындық боламыз.
IMAG0867– Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақс­тан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Біз барлық қазақстандықтар арасын­дағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Этноса­ра­лық келісім – ол өміршеңдік оттегі», – де­гені бар. Осы сенімді нығайту жо­лын­­да Қарағанды облысының Қазақс­тан халқы Ассамблеясы қандай жұмыс­тар атқарып жатыр?
– Иә, Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру үшін елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтаудың қаншалықты маңыз­ды екенін атап өтті. Қандай да жарқын істер елде тыныштық болғанда ғана жүзеге асатынын тағы да бір рет шегелеп айтты. Қоғамдағы тұрақтылықты, этно­са­ралық келісімді сақтау және нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ро­ліне айрықша тоқталды. Осы бағыттағы ауқымды істерге Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының да қосып келе жатқан азды-көпті үлесі бар деп санаймын. Себебі, біздің кенді өл­кеде жүзден астам ұлт өкілі еңбек етіп, өмір сүріп жатыр. Облыстық Ассамблея 1995 жылы наурыз айында құрылды. Облыс әкімі жанындағы консультативті-кеңесуші органның құрамында 105 мүше бар. Олар – этномәдени орталықтар басшылары, зиялы қауым өкілдері, ел арасында сыйлы, беделді азаматтар, бизнес өкілдері, ақпарат құралдарының басшылары, жігерлі жастарымыз. Сонымен қатар, республикалық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына 21 қарағандылық енгізілген. Облыс аума­ғын­да 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Оның 22-і облыстық, 54-і қалалық және аудандық орталықтар. Соңғы үш жылда жергілікті этномәдени бірлестіктер саны екі есе өсті. Мұның өзі әр ұлттың өз салт-дәстүріне, тарихына, тіліне деген азаматтық қызығушылығының артқанын байқатады. Сонымен қатар, мұндай белсенділікке жергілікті биліктің этномә­дени орталықтардың жұмысын мораль­дық және материалдық қолдауы әсер етті деген ойдамын. Жер-жерде қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңестері қоғамдағы, ел арасындағы түрлі өзекті мәселелерді бірлесе шешуге өз ықпалын тигізіп келеді. Сонымен қатар, облыстық Ассамблея жанындағы ғылыми-сарап­шылық кеңес жұмысы да өз нәтижесін беруде. Әлеуметтану, саясаттану, тарих, білім және мәдениет саласындағы іргелі зерттеулер жазып жүрген ғалымдарды топтастырған осынау құрылым жұмысы шеңберінде көптеген кездесулер, «дөң­гелек үстелдер», ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылып өткізілді.
Биылдан бастап облыстық ҚХА қыз­метін қамтамасыз ету үшін облыс әкімі ап­паратының «Қоғамдық келісім» ме­мле­кеттік мекемесі құрылып, жұмысқа кіріс­ті. 2015 жылдың соңына қарай Қарағанды қаласында Достық үйінің құрылысы аяқталады. Бұл мекеме – тыныштық пен келісім, азаматтық бастамалар орталы­ғына айналатын болады. Облыстағы этномәдени орталықтар аймақта өтетін барлық қоғамдық шараларға, ұлттық мерекелерге белсене қатысып келеді. Ассамблеяның басты міндеттерінің бірі – облыста тұрып жатқан ұлттардың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін дамыту болып табылады. Осы мақсатта этно­мә­дени орталықтарда жүзден астам шығар­машылық ұжымдар, ән-би ансамбльдері тұрақты жұмыс жасайды. Олардың кей­бірі «халықтық» деген атақ алып, респу­б­ли­калық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлде алып жүр. Басқа ұлт өкілдерінің тілін оқыту мен дамыту үшін 41 этнолингвистикалық сыныптар жұмыс істейді. Мысалы, «Эрфольг» неміс оқу орталығында 14 ұлттың баласы неміс, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тереңдетіп оқиды. Облыстың 15 мектебінде неміс, татар, поляк, корей тілдері ана тілі ретінде оқытылады. Бір сөзбен айтқанда, Қара­ғанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан аймақта этноса­ра­лық келісімді сақтап, дамыту үшін қол­дан келгеннің бәрі жасалуда.
– Қазақ әу бастан қонақжай, бауырмал халық. Әрі дана Абайдың «Ада­мзат­тың бәрін сүй, бауырым деп» деген қағи­дасын ұстанатыны бар. Қоғамдағы азаматтық біртектілікті қалыптастыру үшін мейірім, жылылық, ағайынгершілік мінездерінің де үлкен роль атқаратыны бел­гілі. Ел мен елді жалғастыратын осын­­дай мінездерді сақтай білу қан­ша­лық­ты қиын әрі маңызды деп ойлайсыз?
– Тарихты саралап қарайтын болсақ, ел тағдырынан талай зұлмат жылдардың өткенін байқаймыз. Талай соғыстар мен ұзаққа созылған жаугершілік замандарды да бастан өткердік. Бертін келе қол­дан жасалған аштық, қуғын-сүргін, бодан­дық, тоталитарлық жүйенің құрсауы қатты қамыты… Бәрі, бәрі қазақ халқы­ның басынан өтті. Бірақ біздің халық өзінің дархандығы мен кеңпейілділігін еш жо­ғалт­пай сақтап қалды. Мәселен, кешегі жоң­ғар шапқыншылығынан кейін әлсіре­ген қазақ даласына іргедегі қырғыз ағайын­дардың көз алартып, шекарамызға баса көктеп кіргені бар. Бірақ олардың бетін Абылай бастаған қазақ әскерлері кері қайтарады. Соғыс болған соң тұтқын­ның да болары анық қой. Қазақ-қырғыз қақтығысында да қазақтар жағы бауырлас елдің бірталай азаматын қолға түсір­ген. Алайда, өзге елдегілер тәрізді құл­дық­қа сатып тентіретіп жібермей, жер беріп, мал беріп өз алдына қазақтың бір руы етіп қойыпты. Бұл да болса біздің халқы­мыз­дың дархандығының бір көрінісі емес пе? Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз айтпақшы: «Біз ежелден мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз». Қазақ ешқашан өзі бастап өзгеге соқтықпаған. Қашан да «қой үстіне боз­тор­ғай жұмыртқалаған» бейбіт өмірді аңсап, сол күнге қол жеткізу үшін барын салған. Өзгені жатсың деп өзегінен теуіп көрмеп­ті. Оның бір дәлелі ретінде отаршыл қы­зыл империяның тұсындағы қуғын-сүр­гінді айтуымызға болады.
Ұлы аштық пен репрессия салдарынан барынан айырылып, тентіреп кетудің аз-ақ алдында отырса да, бізге айдалып келген өзге ұлт өкілдерін сыртқа теппей, бауырына басты. Репрессия жылдарында түрлі себептермен қазақ даласына жүзден астам ұлт өкілдері қуғындалған. Олардың бірсыпырасы КарЛАГ тәрізді ірі лагері болған біздің облысымызға әке­лінді. Ол кезде жергілікті тұрғындардың да жағдайы оңып тұрмаған еді. Әйтсе де, сырттан әкелінген ұлттарды мүсәпір деп мүсіркеп, соңғы нанын бөлісіп жеген де қазақ. Әлсізге қамқор болатын дархан мінезін Сталиннің ысқырған саясаты да әлсірете алмады. «Елге ел қосылса құт, елден ел кетсе жұт» деп білетін жергілікті тұрғындар оларды бөтенсіген жоқ. Оған жүздеп, мыңдап мысалдар келтіруге болады. Осыған орай жақында облыстық «Вайнах» шешен-ингуш орталығы депор­тацияға ұшыраған өз ұлтына арнап «Нас породнила Сарыарка» атты естелік кітап шығарды. Сол кітапта 1943 жылы Қара­ған­ды жеріне күшпен әкелінген шешен-ингуштердің сол кезде бастан кешкен оқиғалары айтылған. Ол уақытта бала болған, қазір ақсақал жасына жеткен шешендер қазақтардың бір бөлмеге бірнеше отбасын паналатып, бір түйір құртымен бөліскенін баяндайды. Міне, бұл елдің бірлігі, бауырмалдығы болса, қандай қиындықты болмасын жеңуге болатындығының айқын дәлелі деп білемін.
– Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары төңірегінде атқарылып жат­қан жұмыстар туралы айтсаңыз. Ел бо­лашағы үшін жасалып жатқан қадам­дарды талдау, талқылау, түсіндіру жұ­мыс­тары бойынша облыстық ҚХА нендей қызметтер жасауда?
– Жалпы, кез келген елдің дамуы, өр­кендеп өсуі, ең алдымен, сол елдің басшысына, оның тұлғалық қасиеттеріне тікелей байланысты болмақ. Оған әлем елдері тарихынан көптеп мысалдар келтіруге болады. Өз басым, бүгінгі тәуел­сіз Қазақстанның барлық жеткен жетіс­тік­терін, толайым табыстарын, ең алдымен, Елбасының ерен еңбегімен бай­­­­ла­­ныстырамын. Тарихи өлшеммен ал­ғанда қысқа ғана мерзімде Қазақстан шын мәнісінде ғасырлық жолды жүріп өтті. Әлем елдерін есінен тандырған, әбігерге салған дағдарыстардан өтті. Жай ғана өтіп қоймай, экономикасы тұ­рақты, қай жағынан алып қарасаң да қуатты, мықты мемлекетке айналды. Оны азуын айға білеген алпауыт елдердің барлығы да мойындады. Тұрақтылық пен татулықтың, бейбітшілік пен берекенің ғажайып үлгі-өнегесін көрсетіп отыр әлемге. Бірақ уақыт бір орында тұрмайды. Өмір өзгереді, мақсат-міндеттер де жаңа­рады. Сондықтан да замана тамырын тап басып, тани білген Елбасымыз біздің алдымызға бүгінгі күні тың міндеттер қойып отыр. Бүгінгі Қазақстан Ұлт көш­бас­шысының бастауымен әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межелеп отыр. Сол үшін бес инс­титу­ционалдық реформа қолға алынып, Президенттің тікелей нұсқауымен жаңа сүре жол ашылып, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары ұсынылды. Қазіргі күнде Ұлт жос­парын аймағымызда түсіндіру, тал­қылау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында Ұлт жоспарын ақпараттық сүйемелдеу мақсатында жұмыс тобы құрылды. Арнайы медиа-жоспар жасалып, ақпарат­тық-түсіндірме жұмысын жүргізу үшін өңірлік БАҚ, облыстық интернет ресурс­тар мен әлеуметтік желілер жұмыл­ды­рылды. Ақпараттық топтар облысы­мыз­дың барлық қалалары мен аудандарында жұртшылықпен жүздесіп, Ұлт жоспарында айтылған қадамдарды жан-жақты тал­қылап, үлкен жұмыс жүргізуде. Сон­дай-ақ, республикалық ведомстволар басшылары мен өкілдерінен құралған ақпараттық топтардың кездесулері де өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Бір сөзбен айтқанда, Ұлт жоспары халық арасында кең қолдауға ие болып, қызу тал­қы­лануда.
– Сөз соңында оқырманға не айтар едіңіз?
– «Ырыс алды – ынтымақ» дейді қазақ. Біздің жас мемлекетіміздің алға қарай қарыштап дамуы ел тұрғындарының бе­реке-бірлігінің арқасында мүмкін болып отыр. Тұрақтылық сақталған елге қашан­да бақ қонады. Қазір бірліктің жоқтығынан іштен іріп, күн сайын кері кетіп жатқан көрші елдердегі жағдай осыған дәлел болуы керек. Біздің тәуелсіздігіміздің алтын қазығы да осы ұлттар мен ұлыс­тар­дың бір шаңырақ ас­тында тату-тәтті тұ­рып жатқандығы. Әл­бетте, бұл ең алдымен, Елбасымыздың үлкен жеңістерінің бірі. Ендігі міндет – осынау баға жетпес байлығымызды, құнды қазынамызды көздің қара­шы­ғындай сақтап, ұлтаралық татулықты дамыту. Бұл – бүкіл қоғамның алдында тұрған абыройлы міндет, біздің әрқай­сысымыздың азаматтық парызымыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қарагөз СІМӘДІЛ.
Қарағанды қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір