АБАЙДЫ ТАНЫП БОЛДЫҚ ПА?
13.08.2018
2781
0

Абайтану – қазақ рухани дүниесінің көрнекті өкілі, кемеңгер ақын, данышпан ойшыл Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын, философиясын зерттеу, ұғып-түсіну, насихаттау жөніндегі ғылым. Абайтану – қазақ әдебиеті ғылымының іргелі бір саласы. Абайтанудың негізін ақынның көзін көрген Кәкітай мен Тұрағұлдан бастап, Мұхтар Әуезовтің өзі қалап берді. Бұл ғылымның алғашқы кезеңінде Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев және басқа Алаш қайраткерлері де ерекше үлес қосты. Бізге Абайтанудың үш кезеңі белгілі. Соның ішінде бұл ғылым 1950 жылдары басталған гүлдену кезеңінде жаңа белеске көтерілгені мәлім. Алайда, Тәуелсіздікпен бірге келген Абайтанудың үшінші кезеңі бірқатар жетістіктерге қол жеткізгенімен де, ойшыл мұрасын танып-білу ісі әлі де ізденісті талап етеді.


Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы ЮНЕСКО-ның арнайы ше­шімі­мен дүние жүзі бойынша мерекеленген бо­­латын. Өйткені өз заманынан асып туған ғұ­лама Абай шығармашылығында жал­пы адам­заттық құндылықтар жайында толғанды. Қа­­зақ ақыл-ойының биік шыңы болған ақын мұрасының әлемдік деңгейде мойын­далуы оның әлеуметтік-мәдени және дү­ниетанымдық негіздері терең, тылсым сыр­ға толы шығармаларын танып-білуге жаңа мүмкіндіктер берді. Бірақ, ұлтымыздың бү­кіл озық қасиетін бір бойына сіңірген, қазақ этносының тұтастығын, бо­ла­­шағын ойлаған Абай өмірі мен шы­ғар­ма­шылығы, дүниетанымы, өз деңгейінде зерт­теліп, лайықты бағаланудың орнына әлі күн­ге дейін кейінге шегеріліп отыр. Егер то­талитарлық Кеңес өкіметі кезінде Абай мұрасы қасаң таптық көзқарас тасасында қа­лып, шыққан тегі үшін біржақты наси­хат­талған болса, бүгінгі Тәуелсіз елімізде ақын мұрасын зерттеу ісінің тоқырауына не се­беп? Осы сұрақты көрнекті абайтанушы, фи­лология ғылымдарының докторы, бүгінгі қа­зақ әдебиеттануының абыз ақсақалы Ме­к­емтас Мырзахметовке қойған едік.
– Абайтану ғылымындағы бүгінгі таң­да­ғы басты мәселенің бірі дүниетанымның өз­геруінде жатыр. Өйткені, бұрынғы атеис­тік-материалистік көзқарас ғылыми тұр­ғы­дан терістеліп, жалған таным деп мойын­дал­ды. Кванттық физикамен келген жаңа дү­ниетаным «материя шешуші емес, сана ше­шуші» деген байламға келді. Сондықтан Абай­тануға қатысты ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарының барлығы осы жолға қойылуға тиіс. Бірақ біздің философтар тым-тырыс. Әлем­дік ғылымда үлкен өзгерістер болып жа­тыр, ал қазақ философтары үшін ештеңе өз­гер­мегендей.

Бұл жаңалықтарды жар салып, халықтың санасына жеткізетін ең ал­дымен философтар болуы керек еді. Бірақ олар атеистік, материа­лис­тік дүниетанымға шырмалып қал­ғаны себепті әлемге жаңа дү­ние­танымның келгенін сезінбей, се­зін­се де жүректері дауаламай үнсіз отыр. Философтар үндемей отыр­ған­мен, әдебиетшілер өз тарапы­мыз­дан жаңа бағытта жұмыс істей береміз. Осыған байланысты Абай­тануды бұрынғы атеистік рельстен алып, кванттық физиктер салған Ұлы сана жолына қарай бұру керек. Бұ­дан басқа бағыт жоқ, – дейді абай­танушы.
Қазіргі таңда М.Әуезов атын­да­ғы әдебиет және өнер инсти­ту­ты­ның Абайтану бөлімі Абайдың «То­лық адам» ілімін зерттеумен ай­­­налысуда. Бұл бөлімнің өзі соңғы жыл­дары қысқартуға ұшырап, сау­сақ­пен санарлық ғалымдар қалған. Елі­міздегі ғылымды қаржыландыру жүйесінің өзгеруі себепті қоғамдық ғы­лымдардың да грантқа тәуелді күн кешуі жүйелі, толыққанды зерт­­теу­лер жүргізуге кедергі болып отыр. Бір кезде гүлдену кезеңін бастан кеш­кен Абайтанудағы дағдарыс сал­дарынан дана ақынның сөздері бү­гінгі ұрпақтың жүрегіне толық жол таба алмауда. Өйткені, бұл са­ла­да шешімін күтіп, зерттелмей жат­қан мәселелер жеткілікті. Мә­се­лен, Мұхтар Әуезов «Абай мұра­сын зерттеу ісіндегі жетістіктер мен ке­містіктер» деген мақаласында көр­сетіп берген Абай мұрасының текстологиясы, ақын шығар­ма­ла­ры­ның халықтығы, орыс әдебиеті мен Шығысқа қатысы, т.б. абай­тану­дың проблемалық мәселелері те­рең талдауды күтіп жатыр. Мә­се­лен, Мекемтас Мырзахметов аға­мыз бұған дейін Абай шығармала­рын­­дағы терминдерді тереңдеп тү­сі­не алмай келгенімізді айтады: «Менің өзім де талай жылға дейін ті­сім батпай, кіре алмай жүрдім. Со­дан көп жылдар бойы әрбір сөзді же­ке-жеке зерттедім. Қазір енді «Абай ұлағаты» деген сөздікте Абай­дың 84 сөзіне түсіндірме беріп отыр­­мыз. Ал Сайдалы Оразалиев де­­ген шәкіртім Абайдың 143 сөзін қам­­титын екі томдық еңбегін жа­зып бітірді, жақында жарияланады. Біз оларды терең меңгеріп ал­майын­­ша, Абайға кіре алмаймыз». Мі­не, енді осы еңбектерді зерттеу­ші­лер кеңінен кәдеге жаратуға тиіс.
Абайдың рухани мұрасының шыңы – «Толық адам» ілімі екені бел­гілі. «Абай неге бұл ілімді жасады де­генге келсек, «Абай заманына дейін қазақ халқы рухани монолитті халық болатын. Отаршыл патша үкі­меті осы қасиетіміздің түбіне же­­тіп тынды. Батыс Сібір генерал-гу­­бернаторы М.Сперанский сияқ­ты­лар «қазақ даласында өсетін сексеуіл деген ағашты балталасаң да сынбайды, оны тек өзіне-өзін ұрып қана сындыруға болады екен» деп, осы әдісті қолданғаннан кейін бұрынғы рухани тұтас бітімді халық мінез-құлқы бұзылған, бә­леқор, арызқой, тыныш жатпай­тын тобырға айналды. Осыны түсінген Абай халықты бұл індеттен сақтап қа­лудың жолын іздеді. «Толық адам» ілімін жасауының себебі сол. Бұл жөнінде Кеңес үкіметі кезінде ай­тылмады. Қазір біз сол патша отар­шылдығы бұзған ұрпақтың ұр­па­ғымыз. Бойымызда жат елден жұқ­қан бәлекеттің бәрі бар. Бұдан арылудың бірден бір жолы – Абай­дың «Толық адам» ілімінде» дейді М.Мырзахметов.
Ғалымның айтуынша, «Толық адам» ілімінің тамыры тереңде жа­тыр. Бұл ізгілік идеясына сүйенген «ке­мел адам» туралы ой алыптары­нан қалған рухани мұралар жүйесі: біздің дәуірімізге дейінгі Алып Ер Тоңаның «Ақи немесе жомарттық» ілі­мі, орта ғасырлардағы әл-Фара­би­дің «Парасатты адамы», ХІ ғ­а­сырда туған Жүсіп Баласағұнидің «Жәуан­мәртлік» ілімі және ХІІ- ХІІІ ғасырда Қожа Ахмет Ясауидің «Хәл ілімі». Абайдың «Толық адам» ілі­мінен кейін Шәкәрім «Ар ғылы­мын» жасады. Міне, осы «бірімен бірі табиғи түрде жалғасып, дәстүр­ге айналған рухани құбылысты толық танып, ғылыми тұрғыдан ха­лыққа насихаттау – абайтану са­ласындағы ең басты міндетіміз» дей­ді М.Мырзахметов.
«Абайға күрескер болмады де­ген кінә қою жөнсіз. Ол заманда қы­лыш асынып жауға шабудың кезі өтіп кеткен болатын. Сондықтан Абай идеялық күрес жүргізді, хал­қын жаңа жолға қарай бастады». Абай­танудың білгірі айтқан бұл сөз қазіргі «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­масымен тікелей үндесіп жатыр. Ел­басы Н.Назарбаев та «Көненің кө­зіндей болып жеткен осындай асыл қазыналар халық игілігіне жа­ра­тылып, жаңа заманның адам­да­рын тәрбиелеуге қызмет етуі қажет» деп атап көрсеткен болатын. Сон­дық­тан, бүгінгі ұлттық болмысы мен дүниетанымы өзгеріп, тіпті бұ­зылып бара жатқан қазақ қо­ға­мын рухани, моральдық сауықтыру­дың бірден-бір жолы – Абай іліміне оралу. Өйткені, ұлы ойшылдың бү­кіл шығармашылық қызметінің бас­ты нысанасы – адам. Патша отар­шылдығының бүтін ұлтты ыдыратып, бөлшектеп жойып жі­беруді көздеген жымысқы сая­са­тының салдары мен қауіп-қатерін кө­зімен көрген ақынның басты мақ­саты – арлы, адамгершілік қа­сиеті жоғары, еңбекқор, білімді, са­бырлы, иманды, қанағат пен ұят­ты білетін, танымға құштар, игі жүр­екті адам тәрбиелеу болды. Ол өз халқын осыған шақырды. Бұл идея ақынның бүкіл шығарма­шы­лы­ғына үзілмес желі болып тартылған.
Қазіргі біздің қоғам ең алдымен осын­дай адами ізгі қасиеттерге мұқ­таж екені хақ. Жетпіс жылғы кеңес­тік езгі тұсындағы дініміз бен ділі­мізге нұқсан келуі, ана тіліміздің шет­тетілуі, ұлттық болмысымыз бен мінез-құлқымыздың өзгеруі, т.с.с. рухани нәубетпен қоса, жаңа мың­­жылдықпен бірге келген жаһан­­данудың, оның ішінде бұқа­ра­лық мәдениеттің ең теріс жақ­та­рын тоқтаусыз бойымызға сіңіріп жа­тырмыз. Абай уытты сөздерімен аяу­сыз сынаған ұнамсыз қылық­та­рымыз көбеймесе азайған жоқ. Адамшылық жағыңды дамыту, ақыл­ды, білімді адамды жоғары ба­ғалау, адам болып өмір сүру, ха­лық­қа, қоғамға пайдаңды тигізу, адамды құрметтеу, адам мен табиғат бірлігі – бүгінгі таңдағы басты мәселе. Яғ­ни, бұл заманда «іші алтын, сырты кү­міс» Абай сөздерінің қажеттілігі ар­та түседі. Мұның барлығы ой­шыл­­дың «Адам бол» қағидасының мазмұнын құрайды. Сондықтан, Абай­дың сарқылмас мол мұрасын бү­гінгі күн тұрғысынан зерттеп, ха­лыққа жеткізудің өзектілігі ай­рық­ша артып отыр. Бұл ретте Ме­кемтас ағамыз бастаған абайтанушы ғалымдар Абайдың «Толық адам» ілімі – халқымыздың рухани тазару жолындағы теңдесі жоқ құралы деп санайды.
– Мұны жүзеге асырудың бір­ден-бір жолы – Астанадан әлемдік деңгейдегі, Қазақстанда бұрын-соң­ды болмаған Абайтану ғылыми-зерттеу институтын ашу. Бұл – уақыт талабы. Саңлақ тұл­ға­ла­ры­мыздың рухани қазынасын халқымыздың жаңа дүниетанымға оралуына дә­некер болатын рухани күшке ай­налдыру – қоғамдық ой-санада жаңа­ша рухани бетбұрысқа айнал­мақ, – дейді М.Мырзахметов.
Арнаулы ғылыми орталық ашу жөніндегі ғалымның бұл ұсынысын Астана қаласында Қазақстан-Ресей университеті жанынан біраз уақыт жұмыс істеген Абайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ал­махан Мұхаметқалиқызы да қоз­ғап келеді.
– Бүгін біздің арамызда кейбі­реу­лердің Абай туралы оғаш пікір ай­туының өзі бүгінгі қоғамның бет-бейнесін көрсетеді. Өйткені, біз Абайды өз деңгейінде таныта ал­май келеміз. Абайдың өлеңдерін жат­қа айтамыз, шығармаларын біле­міз, ал Абайдың өзін әлі тани ал­май отырмыз. Әуезовтің өзі Абай де­ген мұхиттан «қасықтап алдым» дей­ді. Әзірге ақынның әрбір шы­ғармасын талдау, түсіндіру, жеткізу ғы­лым жүзінде ғана зерттеліп ке­ле­ді. Ал қарапайым халық үшін Абай әлі жұмбақ. Мектеп бағдар­ла­ма­сын­да өлеңдері мен қара сөздері бар, бірақ ол қалай оқытылуы ке­рек, Абай не айтқысы келді, бұл жа­ғы қамтылмаған. Баланың таны­мын, жас ерекшелігін ескермей оқулық құрастыру үлкен қателік, – дейді ұстаз.
Алмахан Мұхаметқалиқызы биыл ақынның «Білектей арқа­сын­да өрген бұрым» атты өлеңіне 130 жыл толып отырғанын айтты. Осы орай­да «Қазақтың бояусыз, еш жа­сандылықсыз сұлу қыздарын дәріп­тейтін, жастарға үлгі болатын бай­қаулар неге ұйымдастырмасқа» деп налиды абайтанушы. Тіпті, Әбілхан Қастеевтен кейін көркемсуреттегі Абай тақырыбына барған сурет­ші­лер де жоқтың қасы болып шық­ты.
Өкінішке қарай, Қазақстан-Ресей университетінің жанынан ашы­лып, төрт жарым жыл жұмыс іс­теген, ақын мұрасын насихаттауға өзіндік үлес қосқан бұл орталық оқу ор­нының қызметін тоқтатуына бай­ланысты жабылып қалған. «Сондықтан бұл іске ең алдымен мем­лекет қамқорлығы керек. Абай де­ген ұлттың ұстазы ғой, Абайды та­ныған ел қазақты таниды» дей ке­ле, Алмахан Мұхаметқалиқызы Елордамызда Абайға арналған жеке орталық болмайынша, ұлы тұл­ға­мызды жас ұрпаққа лайықты таны­та алмайтынымызды жеткізді.
Ал әзірге Абайды тану ақынның туған күні қарсаңындағы өлең оқу, ке­зекті мерейтойын өткізу сияқты же­келеген іс-шаралармен шектелу­де. Ақын мұрасын насихаттау әлі күн­ге дейін ескі әдістермен жүр­гі­зіле­ді. Айталық, көрші Ресейде Пуш­киннің туған күні Президент жар­лығымен бекітілген ерекше мә­ні бар мереке. 100 жыл бұрын құ­рыл­­ған ресейлік Пушкин қоға­мы­ның әлемде 20-дан астам бөлімшесі бар. Сол ұйымдар жұмыла жүргізіп отырған заманауи насихат жұмыс­та­рының арқасында Пушкин нағыз халықтың ақынына айналған. Жаңа пушкинтанудың иконографиядан бас­тап бұқаралық мәдениеттегі Пуш­кин, мектептегі Пушкин, көр­кемсуреттегі Пушкин, театр қойы­лым­дары, кинофестивальдер, көр­кем, деректі және мультфильмдер, т.с.с. шаралары еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қамтиды. Жастар Татьянаға хат жазып, оған міндетті түрде жауап алады. Анна Керн шалынысып құлаған тасқа дейін Пушкиннің музейіндегі үс­телдің үстінде жатыр. Яғни, қазіргі ыл­дам-жылдам заманда Пушкин шын мәнінде халықтық тұлға бо­лып отыр. Содан да болар, артында ма­териалдық байлық емес, екі сан­дық қолжазба қалдырған Пушкинді оқу қазір де сән болып есептеледі.
Қорыта айтқанда, Абайдың жаңа мыңжылдықтағы ғұмырының ұзақ болуы нақты іс-шараларды та­лап етеді. Бұл үшін бір арнаға түс­кен өрісті, іргелі, жүйелі зерттеулер, жаңа Абайтану керек. Сондықтан М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Мекемтас Мыр­­­захметов бастаған абайтанушылары ұсынып отырған «Толық адам ілімі» бағ­дарламалық еңбегіне мемле­кет­тік деңгейде назар аудару, қолдау қа­жет. Ақын өмір сүрген тарихи жер­лерді сақтау, абайтануға қатыс­ты жаңаша сипаттағы іс-шараларды қолға алу, ақын шығармаларының текстологиясын бір ізге келтіру, се­ми­нарлар, дәрістер, кештер ұйым­дастыру, Абайға қатысты әрбір ғи­маратты музейге айналдыру, кітап, оқу­лық шығару – осының бар­лы­ғын үйлестіру жаңадан ашылатын ұлттық мәртебесі бар Абайтану инс­титутының басты міндеті болуға тиіс. Арнайы құрылымы бар инс­ти­тут құрамына әдебиетші, философ, дін­танушы, т.б. мамандарды топ­тас­­тыру қажет. Ұлттық код атаулы – ауыз әдебиеті, фольклор, салт-дәс­түр, әдет-ғұрып, мәдениет те осы орталықта әзірленетін дү­ние­лер­дің өзегін құрайтыны сөзсіз. «То­лық адам» ілімін негізге алған «Абайтану» оқулықтары бастауыш сыныптан тартып қайта жазылып, жаңа талап жас буынды тәрбиелеуге, Ұлттық сананы рухани жаңғыртуға қызмет етуі маңызды.
«Сакральды абайтану» «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағыттарының біріне айналса құба-құп.
Талабым, таяғым, жігерім, азығым,
Маңдайыма ұстаған ақын
Абай – қазығым, –
деп жазыпты Жүсіпбек Аймауытұлы 1918 жылы «Абай» журналында. Дәл осы ұстаным бүгінгі күні де Абай­­ға деген көзқарасты айқын­дай­­ды. Жаңа мыңжылдық жолай­ры­ғында тұрған қазақтың жас ұр­пағы әлемдік деңгейдегі ойшыл тұл­ғаға қаншалықты алыс немесе жа­қын болары да осыған байла­ныс­ты екені хақ. Ата баласының адам­ның баласы болуын көксеген озық ой қашанда өміршең.

Дина ИМАМБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір