Қалиханды аңсау
28.08.2015
1939
0

120841_1003779837_45120Менің иман нұрлы досым Қалихан, әр күні адам болып жасаған инсани кәміл… Жыл сайын Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы алдында туған ауылым Малыбайға баратынмын. Қамыстан жасалған үйдің алды көшеге дейін сыпырылған. Тап-таза. Бұны келін, немерелері сыпырған шығар деп ойладым. Ойым дұрыс болмай шықты. Жіңішке тобылғыдан жасалған сыпыртқыны көтеріп, осы үйдің иесі, әпкем Зинәтхан қарсы алдымнан шықты. Оның кәсібі – мұғалім. Қазір тоқсан жасқа келді. Махмұт Қашқаридің жасына келемін деп сенімді айтып жүр, өте сауатты оқырман ана. Мен берген кітаптарды оқып шығатын. Әпкемді көкірегіме басып, амандастым. Әпкем мені есік алдында қалдырып қойып, көшеге шығып кетті.

Біреуді іздеген сияқты, мен келген жаққа ұзақ қарап тұрды да, кейін қайтып, ақырын басып жаныма келіп тұрып, сұрады:
– Қалихан, қени? – деп ұйғырша сұрады. – Әр жылы, мені, Малыбай диқандарын, «Наурыз мей­рамымен» құттықтап кететін еді ғой!
Жүрегім сыздады, ауырды еріндерім діріл­деп, ештеңе айта алмадым.
– Жә, қазір өзі де келіп қалар, жүр үйге!
Екеуміз үйге кірдік. Көгершіннің тұмсығындай бөл­меге жозы қойылып, дастархан үстінде алма, өрік-мейіздері, тандыр тоқаштар, бір шыны қаймақ тұр еді.
Әпкем ұйғырдың, қазақтың әдет-ғұрпын, ұлт­тық-дәстүрін өте жақсы білетін. Қонақты күту, сый-құрметпен шығарып салуды өзінің ұждан намысы деп білетін.
– Қалихан қаймақ қосылған, тандыр то­қаш­тарын жақсы көреді емес пе – деп терезеге қай­та-қайта қарады, үйдің есігін жаппады. Екі рет тағы далаға шықты, қайтып кіріп, неге келмеді екен дауысын да естімедім, – деп ақырын дас­тарханға келіп отырды. Дастархан үстінде екі үл­кен апқұр кесе шыныға әпкем көк тамыр шыр­маған оң қолымен шөмішті ұстап, қорадан еткен шәй алып кеселерге құйды. Қалиханның еткен шайына, қоңыр-қызыл жиделерді салып қой­ды…
Әпкем осы жолы менімен көп сырласпады, оның дастархан алдындағы сөзі, хикаясы аяулы Қалихан жайында болды. Қалиханды менің Қазақбай ағам өте қатты сыйлайтынын, ол келгенде міндетті түрде Қалиханнан бата алып қой соятынын, Қалекең жақсы көретін қамыр-на­рынды пісіріп беретінін, Қазақбай ағам өлгенде қабіріне бір уыс топырақ салып келіп, құдды өзінің туған бауырынан, туысынан айырылғандай жылағанын, көне сандықты ашып Қалихан сыйлаған ақ орамалды көрсетіп, сөйлеп кете берді…
Жиде салынған Қалиханның еткен шәйі суып қал­ған еді…
Әпкем мені шығарып салды.
– Қалиханға менен сәлем айта бар! Еткен шә­йі суып қалды… деп айт! Мына қаймақ қо­сыл­ған тоқаш нанды Қалиханға апарып бер! – де­ді.
Иә, әпкемнің жан жылуымен айтылған сөзі, сә­лемі еді…
Бірақ мен, қадірменді, қадірлі, пәк көңіл мінезді ақ жарқын абзал жан Қалекеңді қайтыс болды деп айтуға аузым бармады. Бізді қимай, кең дүниеге сыймай бақилыққа кеткенін қалай ай­тамын. Тоқсан жасқа келген әпке-анамды ая­дым. Өмірімде нұрлы әпкемді сол күні бірінші рет алдаған едім… Алла көріп тұрды, естіп тұр­ған болар! Кешір мені, күнәһар пендеңді! Мен кінәлімін! Жазамды бер! – деп, іштей жалындым. Шығыс әдебиетінің классигі Руми айтқан­дай: «Тірілер арасында өлгендер жүр, өлгендер арасында тірілер бар!» дегендей, Қалихан менің діл жүрегімде мәңгі хаят, тірі. Оны әпке-анама қай­тыс болды деп қалай айта аламын!.. Қале­кеңнің «Қара орман», «Ақсу – жер жаннаты» кі­тап­тарын оқыған ұйғыр оқырмандары да, мен ой­лағандай ойлайтынына кәміл сенемін… Қа­лекең тірі, арамызда…

***

Мен «Идиқұт» романымды жазамын деп ауылым Малыбайға келіп, ол елдімекенде он жыл тұрып, айтулы романымды жаза бастадым… Осы жылдарда ұйғыр қаламдастарым қалай тұрып жатырсың, жазуыңа жағдай жасалды ма деп келмеді!
Алайда, аяулы бауырым Қалихан жазушы Сайынды ертіп келіп, менің хал-ахуалымды сұ­рап біліп тұрды. «Сен қазір кедейсің, ал Ақа Ақ­сопыұлы «Идиқұт» роман-эпопеяңды жазып бітір­сең, сен ең атақты жазушы аталасың!» – деп көңі­лімді көтеріп қоятын. Кейде біз үшеуіміз Са­йын­ның Байсейітте тұратын ұйғыр құда­ла­ры­ның үйіне барып, сыйлы қонақ болатынбыз…
Еңбекшіқазақ ауданының жер қорынан ма­ған жиырма гектар жер берді. Мен оны «Арзу» қо­жашаруашылығы деп құжат алдым. Жерге жү­гері, темекі, май, соя өсірдім. Жазуым біраз тоқ­тады… 2002 жылы мені Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықты беру Комитетінің мүшесі етіп сайлаған екен. Алматыға келген едім, Қалиханмен кездестім.
– «Идиқұтты» жазып бітірдің бе? – деп кенет­тен сұрады.
Мен ақиқатты айттым.
– Әй, Ақсопыұлы, сенің жерді сүйетініңді бі­ле­мін. Ата-бабаңның диқаншы екенін де білемін. Екі қолыңа бір күрек емес, бір кетпен ұстауды қой! Аллаһ берген талантыңды жерге айырбас­тама! – деп жазуымды жалғастыруымды шеге қағып айтты…
– Сен де, Қалеке, туған жерің Қатынқа­ра­ғай­дан жер алсаңшы, – деп қойдым. Ол үнде­ме­ді…
Солай болды. «Индиқұт» тарихи романымды бі­тіріп, Алматыға қайта оралдым. Қалекеңнен сүйінші сұрап, үйіне бардым. Мен Қалекеңнің үйін­де қазақ жазушыларының кітаптарынан бас­қа, өзбек, қырғыз, тәжік, татар, башқұрт, ше­шен, орыс, украин, словак, болғар тілдерінде жа­рық көрген кітаптарын көрдім. «Менің көркем шығармаларым осылай аударылса, па, шіркін!» деп армандаған едім. Құдайға шүкір, орыс, түрік тіл­деріне роман, повестерім тәржімаланды…
Достым қолжазбамды сұрады. Бердім… Бір ай­дан кейін: «Әдемі, көркем жазылған дүние екен. Маған ұнады. Жақсы жазыпсың! Баспаға бе­ре бер!» деп қолжазбамды қайтарды.
– Қай баспадан шығаруды көздеп отырсың? – деп сұрады.
– Әрине, менің бұдан басқа да роман, по­вес­терім басылған «Жазушы» баспасынан шы­ғара­мын! – дедім сенімді.
– Өте дұрыс ойлапсың, Аха! Қимылда, ендеше!.. Саған сәт сапар!… «Идиқұт» романым мем­лекеттік тапсырыспен 2003 жылы «Жазушы» бас­пасынан жарық көрді. Мен Қалекеңе тағы да сүйінші сұрап, «Идиқұтты» сыйладым. Ол өте қуан­ды, ал менің, әрине, қуанышым шексіз болды…
Екі жылдан кейін:
– Әй, Ашири, сен «Идиқұт» романыңды ұйғыр­лар­дың «Илһам» сыйлығына ұсынбайсың ба, – деді.
– Қалай болады екен, Қалеке!
– Мен оқып шықтым. Мен білетін қазақ сөз­де­рі. Қиналмадым. Саған ризамын. Тарихи кейіп­керлер Шыңғыс хан, Идиқұт елінің Идиқұты Баурчуқ Арт Текин, білім-білікті Найман хан­дығының мөрін ұстаған Тататуңа образдары се­німді мықты сомдалған екен. Бұл кітабыңа ре­цензия-пікір десең де мейлі, жазып та қойдым. Мі­не! – деп көн сөмкесінен бүктелген бір парақ қа­ғазды қолыма берді… Менің «Идиқұт» романы­ма бірінші дәрежелі «Илһам» сыйлығы берілді. Мі­не, пәк ұжданды, мейірімді, мәшһүр жазушы ме­ні осылай рухымды көтеріп қорғап жүрді. Өмі­ріме пана болып жүрді.
Менің ҚазҰУ-нің филология факультетін бі­тір­генімді, әкім, мәшһүр жазушы М.Әуезовтің қо­лында дәріс алғанымды, қазақ тілі мен әде­биет мұғалімі екенімді жақсы білетін Қалекең.
– Ей, Ақсопыұлы, сен неге қазақша жаз­бай­сың. Қазақ тілін жақсы білесің. Кітаптарыңды өзің тәржімелеп көрмейсің бе! Жазғаныңды қа­зақ оқырмандары да оқып білсін. Біз қазақтар мен ұйғырлар тілі, діні, тамыры бір, бір-бірін жақ­сы түсінетін түркі халық. Ежелгі қадыми дәуір­лерде түркілердің балбал тастарға жазып қалдырған жазу ескерткіштерін екеуіміз жақсы білеміз, солай емес пе, Аха!.. Қазақ халқының әде­биетіне де еңбегіңді сіңір. Маған ұнаған, ме­нің күллі ішкі сезімімді, зейінімді тер­беткен ана «Идиқұт» романыңды өзің тәр­жі­ме­лесеңші. Білмеген сөздерді менен анықтап алар­сың. Көмектесейін! – деді.
Мен өте қуандым!
Қалекеңді, әзиз досты сол үшін де айрықша құр­меттейтінмін. Менің қамқоршымның сөзінен ша­быттанып, шығармамды тәржімелеуге кірі­сіп­ те кеттім. Оның кітаптарын оқығанымда, ана ті­лінің мейлінше шұрайлы, мейлінше әдемі, мей­лінше бейнелі, өрнекті өрісінен нәр алып туған ті­лін інжу-маржаннан, алтыннан бетер қадір­лей­тінін байқадым. Мен қазақ тілін қаншалықты жақ­сы білемін десем де, Қалекеңнің повесть, ро­мандарын оқығанымда, қазақ тілін әлі де болса үйренуім керек екен деген тұжырымға кел­дім. Қалихан шығармаларындағы мен біле бер­мейтін сөздерді сөздік етіп жинадым. Бұл сөз­дігім жалғасын табуда.
Қалихан: қазақ тілі – араб, парсы тілдері қо­сылмаған сап, таза тіл. Сіздер ұйғырлардың тіл­дерінде араб, парсы тілдері өте көп екен. Бай­қадым, қолданыпсың!
Қазақ тілінің өте бай тіл екенін Қалекең өз шы­ғармаларында дәлелдеген.
Бір күні Қалекең менімен сөйлесті.
– Аударып біттің бе? – Шығармаң не болды? – деп сұрады.
– Тәржімелеп жатырмын!
– Сен «Идиқұтты» қазақшалап біттің бе? Неге осыншама созылып кетті? – деп дауыс көтерді.
– Жүз жетпіс бетті тәржімеледім, Қалеке! – де­дім. Қалихан қуанып, қарқылдап күлді.
– Жарайды. Онда соны әкел, қарап берейін! – деді…
Қалихан! Он бес күн ішінде мені тастап, ұй­ғыр қалам досын жылатып қойып, өзі бақилыққа кет­ті. Мен пендешілік жасадым. Олай болатыны еш ойыма да келмепті. Бәрін аударып бірақ апарып беремін деп ойлаппын! Қап-қап! Хәп-хәп!.. Аударуды жалғастырайын десем, құлағыма Қа­лиханның «қашан бітіресің!» деген дауысы ес­тіледі де тұрады… Бірақ Қалиханның рухы мені қол­­дап жүр, мен оған сенемін, романымды қа­зақ тіліне аударуды жақында жалғастыр­дым…
Қазақ драматургтері, театр зерттеушілері, театр ­сыншыларымен бірге драматург Қалихан Ысқақ та менің «Идиқұт» қойылымымды ұйғыр теат­­рында көрді. Режиссер Ялқунжан Шә­миев­тің еңбегіне өте риза болды. Кейін бұл қойылым Ор­талық Азия Мемлекеттерінің ІІІ Халықаралық театр­­лар фестиваліне қатынасты. Қ. Қожамияров атындағы мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының «Идиқұт» қойылымы ең үздік спек­­такль деп, ІІ орынға ие болды. Қалихан мені құт­­тықтады…
Ұлт мақтанышы, рухы жоғары Қалекең маған «Оты­кен, Қатынқарағай, Белқарағай, Қуқарағай, Өрнек, жер мен суға таласа берген ұйғырларды Най­ман мемлекеті Тибетке қуып тастап… Жарасын сол Тәңірсуын да жазған. Бұл мекендер ме­­нің Отаным, сені апарып көрсетемін деуші еді». Бірақ мені апарып көрсете алмады. Өлім де­­ген дұшпан себеп болды… Бірақ жаным тәнім-де болса, Қалекеңнің туған отанын барып кө­ремін…
2013 жылы әдебиет және өнер қайрат­кер­леріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жә­не президенттік стипендиясын тапсыруға Қа­­зақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Алматыға кел­ген еді. Әлі көз алдымда, Қалихан Ысқақ Пре­зидент алдында сөйледі. Оның сөзіне Елбасы риза болды. Ол ештеңеге жалтақтамай, Президент алдында азамат және парасаттылық жазушы екенін көрсетті. Сол күні тәуелсіз Қа­зақ­стан ұйғыр әдебиетінің өкілі ретінде Президент маған да сөз берген еді… Сөйледім… Сол кү­ні Қалихан екеуіміз естелік үшін суретке түс­тік.
Оның қолында сүйенетін таяғы бар еді.
– Қалеке, бір минут таяғыңызды тастаңыз де­сем ол:
– Мәңгі тастар едім! – деп күлді.
Ол: «Мен өз басым тек қазақ үшін ғана жазып келемін! Өз халқыңа ұнайтын еңбегің болмаса, өзгені жарылқап қайтесің» деп Қазақстан Жазушылар одағының құрылтайында сөйледі.
– Бұны қалай түсінуге болады? – деп сұра­дым.
– Сен де ұйғыр үшін жаз, түсіндің бе! – деп иы­ғымды алақанымен ақырын басып қойды. – Өз ұлттық бояу болмысымызбен көріне алсақ қа­на біздің әдебиет өседі, – деді.
Қалихан өзінің жүрек жылуын менен, ұйғыр әдебиетінің классик жазушысы Хизмет акамдан да аяған? Жоқ-ты. «Келмес күндер елесі» роман-эссесінде былай жазды:
«Мен жақсы білетін ұйғырдың екі жазушысы – Хиз­мет-әкам мен Ахметжан Ақсопыұлы Ашири еді. Ахметжан күні бүгінге дейін дос-жаран болып араласып жүрміз, оның ағайын-туған­да­ры­мен де таныстығым үзілген жоқ… Жүз елу ша­қы­рымдағы Малыбайда тышқан мұрны қанаса, ба­сын маған сақтап отыратын әдеттері. «Әй, Қа­леке, саған арнаған бір тоқтым бар еді, сені кү­те-күте көксау боп өліп-ақ қалғаны» деп көр­ген сайын қалжыңмен қағытып қоятыны бар. «Та­науыңды көрсетсең болды. Сенің арқаңда мен де сорпа-суан ішіп жырғап қалайын да» дей­ді. Ағасы Қазақбай марқұм мені туғанындай көру­ші еді. Ахметжан ауылына барған сайын жігіттер мені сұрайтын болыпты».
Екі жазушы да, қазақ ауылында туып-өскен. Қазақ мектебін бітіріп, жоғарғы оқу орнының қа­зақ факультеттерін тауысқан. Қазақтың тілін ға­на емес, салт-дәстүрін де жатқа біледі. Жақ­сының қасиетін бойына сіңіріп, жаманын ке­ке­тіп-мұқатқан емес, өздерін біздің жұрттан бөлек санағанын көрсем, естісем нағылсын», – деп иман нұрымен жазысады. Қ.Ысқақ. «Келмес күндер елесі» роман-эссе естелігінде. «Жұлдыз», 2010 ж.
Көп жылдық қарым-қатынастардан кейін, жү­регіме жақын алтын қалам иесі Қалиханның мен қадірлейтін ерекше үлгі алатын кісілік қа­сиеттерін айтып өтейін: Ұлт мүддесі үшін тұрақты көзқарасы бар, ұлттық намысы бар жазушы. Ел­дің сөзін сөйлейтін, елдің ойын, арзу-арман­да­рын терең түсінетін шебер қаламгер екені кө­кейіме қонатын. Қалекең жан-жақты, білімді-білікті әлемдік деңгейде ойлай білетін жазушы. Ол қаламгердің беделі үшін күрескер, менің мәң­гі досым, пендешілікке, ұсақтыққа ұрынып көр­меген, оның бойында әрқашан азаматтық, ұлт­жандылық қасиеттерін байқайтынмын. Оның еш­теңеге жасқаншақтығы жоқ-ты. Қоғамдағы ащы шындықты айта білді, көзқарас, талғам, та­ным, парасат Қалекеңе тән қасиет, ұлттық мүд­деге келгенде жазушының ойы еш өзгер­ме­ді.
Бұлардың бәрі менің болмысыма, таби­ға­тыма, адамгершілік қасиетіме үлкен әсер етті. Қа­зақ жазушысы арқылы мен өзгердім. Қазақ хал­қын сүйдім! Олардың рухани қазыналарын та­ғы да оқып, жан дүнием бахраман болды!..
Осындай алып прозашы, драматург, кинодраматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әр күні адам болып жасаған Қалихан Ысқақпен көп жылдардан бері бірге өткізген естен кетпес күндерімді көз алдыма келтірсем, мен ерекше бақытты жазушы екенмін.
Қалихан Ысқақтың әрбір кітабы, драмалары күллі адамзаттың рухани байлығы, мәңгі тәуелсіз Елдің, халықтың, Отанымыздың інжу-маржан алтын қазынасы деп айтар едім…

Ахметжан АШИРИ,
жазушы-драматург,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір