АЛАКӨЛ – ТАРИХ ПЕН ТУРИЗМ МЕКЕНІ
06.08.2018
3837
0

Қазақстандықтардың біртектілігін нығайту жолында өңірлік-мәдени туристік кластерді дамыту – Елбасы Н. Назарбаев алға қойған Ұлт жоспары – бес институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның бірі. Ал Алакөл өңірі отандық туризмді дамытуда маңызды роль атқаратын аймақ.


Алакөл өңірі туризмнен бұрын, тарихи оқиғалардың куәсі ретінде де белгілі. Жоңғарларға тойтарыс беруде басты қантөгістің бірі осында болғаны бәрімізге мәлім. Алакөл – Қазақстанның таңғажайып көлдерінің бірі. Көл ағыссыз, пішіні қисық алмұрт тәріздес, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа созылған.

Алакөл қорығы

Алакөл еліміздегі ең ірі және мемлекет қарауына алынған маңызы бар қорық. Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында орналасқан қорықтың аумағы 12 телімге бөлінген, 65672 гектарды құрайды. Қорықта жеті тақырыптық жоба бойынша ғылыми — зерттеулер жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сондай-ақ «Табиғат жылнамасы» жазылады. «Табиғат мұражайы» жұмыс істейді. Шекарасында ұзындығы 2 км болатын қорғаныш белдем салынған. Қорықта 269-дан аса құстың түрі мекен етеді. Реликті шағала, жек дуадақ, қарабасты күлегеш, бізтұмсық шағала, бұйра және қызғылт бірқазан, ақбас үйрек және жер бетінен жоғалып бара жатқан суда жүзетін, шөл және тау құстарын кездестіруге болады. Сондықтан қорықты нағыз «құс базары» деп атауға болады. Балықтардың 17, қосмекенділердің 2, бауырымен жорғалаушылардың 14, құстардың 269 және сүтқоректілердің 33 түрі кездеседі. Омыртқасыздар мен инеліктердің 34 түрі бар.
2013 жылы Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары аумағында созылып жатқан Алакөл мемлекеттік қорығы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваты мәртебесін иеленді.

Алакөл туризмі

Алакөл аумағы орналасу жағынан экологиялық, танымдық, спорттық, емдеу-сауықтыру және аңшылық туризімді дамытуға қолайлы өңір. Сондықтан көптеген турист Алакөлдің емдік суына шомылу үшін емес, оның географиялық мүмкіндігін пайдаланып, тартымды демалыс ұйымдастыру үшін келеді. «Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы» экотуризмді дамытуға зор үлес қосуда. Қорық қызметкерлері экологиялық және танымдық туризмді дамыту мақсатында 5 туристік бағыт ұйымдастырған.
Алакөл көлі демалыс орны ғана емес, шипалы қасиетімен де танымал. Емдеу-сауықтыру туризмін дамыту бойынша Ақтүбек ауылында «Алакөл – Арасан» балшықпен емдеу-сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Орталықтың күніне 18 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар.
Аңшылық туризмінде ауданда 3 аңшылық шаруашылығы құрылған. «Алакөл көлінің жағалауында демалыс үйлері, демалыс аймақтары, пансионаттар Ақши және Көктұма ауылдарында орналасқан.
Аудандық кәсіпкерлік басқармасынан алынған ақпаратқа сүйенсек, бүгінде Алакөл ауданы аумағында 144 демалыс үйі, демалыс аймағы, пансионат, қонақүй және туристік кешен орналасқан. Атап айтқанда, 500 орынды СДО «Пеликан», 350 орынды «Ала теңіз», «Аласу» және 200 орынды «Қара Тас», 150 орынды «Көктұма» пансионаты, жекеменшік үйлердің жанынан ашылған қонақүйлер бір уақытта 4500 тарта демалушыларға қызмет көрсетеді. Бір шақырымға созылған Арбат, 30-ға тарта дәмхана орналасқан. Қазіргі таңда, 993 дана кіші архитектуралық форма қойылып жатыр. Осы демалыс орындарының мүмкіндігін жақсарту үшін облыстық туризм басқармасы ҚР туризм саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамаларын бекіту туралы №508 қаулысына сәйкес, көл жағалауының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 17 іс-шара қарастырыпты.
Соңғы жылдары демалыс аймағында ауқымды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Көркейту шаралары биыл да жалғасып, нәтижесінде жағалау 400 метрге ұлғайды.
Көлік құрылымын жақсарту мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен салынған теміржол Өскемен – Семей – Жалаңашкөл арасын жалғап, туристер санының еселеп артуына ықпал етіп отыр. Алакөл аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары көлге келген демалушылардың 80 пайызы еліміздің азаматтары екенін анықтаған. Бұл ішкі тиуризмнің өркендей бастағанының белгісі. Алакөлге келушілер қатары күрт көбейген. Көл жағалауында күн сайын 18 мыңдай адам демалады. Бүгінде туристер саны 600 мыңға жетіп жығылады…

 Аяулы ҚУАНЫШ,

ХАТУ «Электрондық журналистика» бөлімі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір