АТАЙЫ
06.08.2018
1925
2

 

 

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ


(аллегориялық әңгіме)

…Где и когда ты встречал
Без подножья вершину…
Р.Рождественский

Бүгін аңдардың патшалығы Қа­ра Орманда үлкен жиын. Аңдардың патшасы Бағыз арыстан өзінің мұ­ра­геріне тақты түсіп беріп, бұрын­ғы­лар жүрген жолмен Көп бейіт ша­һа­рына аттанбақ. Исі Қара Ор­ман әулеті – ұшқан құс, жүгірген аң атаулы Құрылтай алаңына жина­лып, үйір-үйірімен әркім өз топба­сын алға шығарып орналасқан.
Ұзыны мен ені бір шақырым болатын үлкен алаңға қаптай ор­наласқан аң мен құстан көз тұнады. Желбіреген үкі, жебе, қауырсындар. Қомданған қанат, кейкиген бастар. Шошайған, жер сызған ұзынды-қысқалы құйрықтар. Тікірейген, қалқиған құлақтар. Қасқайып көк­ке біленген қылыштай азулар. Жер­ді тілгілей тарпыған тұяқтар. Ара-арасында шаңқ еткен, қаңқ еткен, арсылдаған, ырсылдаған абыр-сабыр сүт пісірім уақытқа созылды. Күн түске тырмысқан шақта қара­ғай­дан қиыстырып жасаған үлкен тақтың үстінде бір жамбастай жат­қан Бағыз арыстан орнынан тұрып, шоқиып отырды. Оң аяғын көтерді. Теңіздей толқып, ормандай шула­ған тірі жан қалт тына қалды. Бәрі­нің көзі үйдей үлкен тақтың орта­сын­да отырған, бір кездегі құдіретті, ал қазір можа-можа болып қар­тай­ған шүйкедей Бағызда. Бәрінің құлағы сөне бастаған әлсіз дауыста.
− Уа, хайуанат! – деді Бағыз. – Мен араларыңнан кететін уақыт тақаған сияқты. Біреу ерте, біреу кеш түсетін жолға мен де бет бұр­дым. Дәм-тұздың таусылғанын өзім де сезуші едім. Тек бабалардан, әр­уа­қ­тардан қашан жарлық келеді деп кү­туде едім. Алдыңғы түні аян жет­ті. Әкем Керіскей екен. Өздеріңді талай от пен судан тайдырмай алып шыққан Керіскей, «Бағыз, − деді. – Жердегі шаруаң бітсе – мұндағы орның дайын. Қасыма кел».
Әр патша тақтан түсерде өзінен бұрынғы патшалардың ерліктерін шежіре қылып мұрагерге, туған халқына айтып кетуі керек. Салт солай. Қара Орман тарихын мен де шолып өтейін.
− Қара Орман әулетінің алғаш­қы өкілдері Ұлы Дария анадан, сол Ұлы Дария ананың суынан жара­ты­лыпты. Нұрлы шуаққа, мейірімге толы дарқан Дарияның аясында бабаларымыз неше ықылым заман алаңсыз, бақытты ғұмыр кешіпті. Сонымен уақыт өтеді. Күндердің бір күні ел басына күтпеген зұлмат төніпті. Өзінің толқынымен ай­ма­лап, осынша уақыт асырап-сақтап келген Дария апамыз кенеттен суып сала беріпті. Алдымен Дария­ның бетін жеңіл мұнар басады. Мұнар күннен-күнге қоюлана бе­ре­ді. Жел тұрады. Барған сайын кү­шей­ген жел ең ақырында екпіні тау құлатқандай, өзі ызғырық суық бір алапатқа айналады. Содан соң Дарияның көз көрмейтін тереңінен алып сең жағаға қарай лап қояды. Қырғын басталады. Бет-бетімен қашқан аңдар әр жерде сеңнің ас­тын­да жапырылып қала берсе керек. Қаншасы үседі. Қаншасы Дарияның лебімен құрдымға тар­ты­лып кетеді. Сол кезде есінен ада­са қоймаған бірнеше топбасылар бас қосып, Қара Орманның ше­жіре­сіндегі алғашқы Құрылтайды шақырыпты. Патша сайлау содан қалыпты. Топбасылар елдің тағ­ды­рын, кенеттен өзгерген Дария ана­ның мінезін торыға айтып кеңеседі. Зұлматтан құтылудың жолы біреу-ақ. Кету керек. Шаршы жердің, әй­теуір бір бұрышына сиярмыз дей­ді. Шашылып, берекесі кеткен жұртты жинаған екен. Қара орман­дай қаптаған аңдардан төбелдей-ақ қалыпты. Көптеген хайуанат тегі ұш­ты-күйлі жоқ. Қырылған. Неме­се қашып құтылған. Өзіміз талай со­ғысып, талай жеңген сасық бөрі­лер сол кезде жоғалдыға саналған екен. Жоғалмапты. Сең қозғалғанда елдің алды болып қашқан. Келіп осы Қандысайға тоқтаған. Өсіп-өніп кеткен. Иә, сонымен, әңгі­ме­міздің алғашқы ұшығына оралайық.
Ұзын сөздің қысқасы, бабала­ры­мыз азғантай елдің патшасы етіп Дауылқар бүркітті сайлайды. Қас­та­рында отырған қырандардың топбасы Шыңырау сол Дауыл­қар­дың ұрпағы. Сонымен Қара Орман­ның алғашқы патшасы елді тығы­рық­тан алып шықпақ болады. Шы­ғандап көкке ұшыпты. Төрт та­рапты қанаты талғанша шарлап­ты. Ақыры Қара Орман жұртының үміті үзіле бастаған шақта әбден шаршаған Дауылқар қайтып келген екен. Ес жиып, әңгімесін айтады. Жер дүниені басқан сеңнің арасынан жолақ тауыпты. Құс ұшса қанаты талған алыс жерден кең жазира, көк майса орманды мекен тауыпты. Енді бөгелмей жүріп кету керек. Қара Орман шежіресіндегі Ұлы көшкін деп аталатын шеру басталады. Шиеттей күшіктерін ауыздарына тістеп алып, табаны мұз бен тасқа тілініп, азғантай топ ауыр да азапты жол тартады. Қан­ша­сы жолда үсіп өледі. Қаншасы шөл мен аштан өледі. Дауылқар осы сапарда жерге бір сәт қонбапты. Аспанда қалықтай ұшып, үнемі бағыт көрсетіп тұрыпты. Ес кетті, жан шықты дегенде арып-ашып Қара Орман әулеті осы қазіргі ме­ке­німізге жетіп жығылады. Сөйткен Дауылқар да дүниеден өтіпті. Өз міндетін атқарып, елді қиын деген бір өткелектен өткізіп салыпты. Енді одан кейінгі патшалардың үлесі де ешбір жеңіл болған жоқ. Аяқ астынан ілбісіндердің жер қайысқан халқы келіп орманымызға ойран салыпты. Осы ауыр соғыстың үстінде Қара Орманның қасиетті патша тағына бірнеше ер келіпті. Бәрі де ұрыс үстінде қаза тауыпты. Ақыры бел қайысып сынғалы тұрған шақта жас батыр Албарыс­тың бастауымен халқымыз үлкен жеңіске жетеді. Ілбісіндерді дүркі­ре­те қуып, жосылта қырады. Екі жыл­дан кейін ес жиып оңалған Қа­ра Орман әулеті басып кіріп ілбі­сін­дерді өзіне бағындырады. Қара Орманның бір еліне айналдырады. Албарыс он жыл патша болыпты. Ақыры жыландар елімен титықтат­қан ауыр соғыста бір айдаһармен жек­пе-жекте ол да өледі. Қара Ор­ман әулеті бұл елді де бағынды­рып­ты. Ақылмен үлкен елдің бір руы­на айналдырыпты. Одан кейін Қара Орманның қасиетті патша тағына жүз ер келіп, жүз ер кетті. Жә­не солардың бірде-біреуі өз ажа­лы­нан өлген жоқ. Майдан үстінде қаза тапты. Ақыры тәжді менің әкем Керіскей киді. Ол да өзіне тие­­сі­лі шайқастың бәрін абырой­мен аяқтап дүниеден көшті. Одан кейін мен патша болдым. Мен тақта отырған кезең де тыныш болған жоқ. Тұтқиылдан жасалған май­мыл­дардың шабуылы… Күн тұтыл­ған сасық бөрілердің жорығы. Бірақ өзіне көп руды қосып, айбынды елге айналған Қара Орман әулеті қайыспады!
Ойсырата шаптық! Қабырғасын қақырата соқтық! Ақырында май­мылдар да бізбен тізе қосуға мәж­бүр болды. Сасық бөрілер ғана көз көр­­мейтін, құлақ естімейтін бір жаққа қашып құтылды. Міне, абыройы­мыз бір мысқал да кемімепті. Жең­іл­­меппіз. Ылғи жеңіппіз. Жеңілген­дер дәргейімізге бас ұрып, қата­ры­мызды көбейтіпті. Ұрға­шы­лар дүниеге жаңа ұрпақ келтіріпті. Жер қайысқан ел болыппыз. Ірге берік. Шаңырақ биік. Осындай күйіңді, болып-толған кездеріңді көріп қуанып отырмын. Әрине, бірде бүгінен, бірде шігінен түсетін дүниеде тұрлау жоқ. Көңілде күмән көп. Бірақ дүниедегі күмәннің бәрін бір ұрпақ, бір патша шеше ал­майды. Дүниедегі шайқас атау­лының бәрін бір ұрпақ тауыса ал­майды. Әр ұрпақ өзіне тиесілі не­сібе-дәмді өзі татуы керек. Өзіне тиесілі айқас-шайқасты өзі өткеруі керек. Айқасып, шайқасып өспесе, айбынды ұлдарың көзін ашып-жұмған күшікке айналмақ. Сөйтіп, осыншама күшпен тірнектеп жинаған абырой бір-ақ күнде тө­гіл­мек. Міне, менің сендерге айтатын өсиетім. Енді өздерің лайық көрген болашақ патшаларыңды атаңдар.
Тақтың алдындағы шағын алаң­ға әрбір рудың топбасылары келіп отырысты. Ұзақ кеңес басталған. Тақтан дәмелі бірнеше жасты сұ­рып­тады. Олардың айбынын, ақы­лын сараптап келе біріне-бірі тати­тын екеуін таңдады. Содан кейін кішкентай ғана бойы бар, талайдан озған ойы бар Базар кірпі таққа бет­теді. Бағыздың тура алдына ке­ліп таяғына сүйеніп тұрып, суырыла сөйлеп кетті:
− Уа, Бағыз! Сен бүгін бізді қат­ты толқыттың. Баяғы бұлдыр за­ман­ды айттың. Есімізге сен тартқан шеру, сен бастаған кескілескен ұрыс­тар түсті. Қол бастаған ер, ел бастаған патша сен сынып түс­кен­нен кейін, сенің келең, сенің за­ман­­дастарың – біздің де талқа­нымыз таусылған екен дедім. Қатты қамықтым. Қайыстым.
Маңдайын таяққа сүйеп мұңай­ған күйі тұрып қалды. Бір кезде ба­сын көтерді. Көзінде жас. Қос тамшы сырғанап төмен ақты.
– Уа, Бағыз! – деді содан кейін сөзін сабақтап. Құрақтай сызылған дауысыңда түйіртпек бар, − Заман кімнің басынан болса да өтеді. Бақ­сам біздің еліміз қартайып, құбыла­ға бет түзепті. Шерудің басында баяғыдай батыр Бағыз. Бірақ арман жоқ. Артта ақар-шақар ел қалды. Жас ел. Айбынды ел. Батыр ел. Енді ол елге ақылды патша, ер қолбасшы ке­рек дедің. Қара Орманның елі батырға да, ақылманға да соншама толы екен. Ұзақ сараптадық. Ақыры ақылымен де, ерлігімен де бас­қа­лар­дан оқ бойы озық тұрған екі жас­қа тоқтадық. Біріне бірін жығып бере алмадық. Өзіңнің мұрагерің бола алатынын, ізіңді баса алаты­нын өзің таңда. Ерлердің атын ат­айын. Көк бөрілердің топбасы! Атайы!
Тақтың оң жақ қанатында қа­рауытып тұрған қалың нөпірді қақ жарып алпамсадай зор, шымқай сұр арлан Атайы тақтың алдына келіп бас иді де шоқиып отырды.
− Жолбарыстардың топбасы Мамыт! – Тақтың сол жағында мұрт­тары едірейіп-едірейіп отырған жолбарыстардың ішінен үйдей зор біреуі көтерілді де салақтай жортқан күйі Бағыздың тура алдына келді. Сол әдеппен бас иіп Атайымен қа­тар орналасты. Қара Орманды сіл­тідей тыныштық басты. Хайуанат атаулының назары тақтың алдында қатар тұрған елден ерек кесек бітім­ді Атайы мен Мамытта, басын тө­мен салып қалың ойға кеткен Ба­ғыз­да.
Бағыз сірке басқан кірпіктерін сілкіп қойып, шайқалып отырып ұзақ толғанған. Алдында отырған екі жастың ұрыстарда көрсеткен ерліктерін, үлкен жиындарда айт­қан кеңестерін есіне түсіріп ойлас­тыр­ған. Ой елегінен өткізген. Қара Орман жұртшылығы тағаттан айы­ры­лып қозғалақтай бастағанда бір шешімге келген.
− Уа, хайуанат! – деді. – Ал­дым­да екі арлан отыр. Жауға салсам бірі шоқтықтан алар азуым, бірі қап­сы­ра тартып, қақырата сойған тыр­на­ғым болды. Кеңеске салсам бірі те­реңнен тартты, бірі жеті қат көк­тен жасындай соқты. Осынша жас­қа келгенше осындай сынға түсіп көрмеппін. Кәрі басымды онда да, мында да соқтым. Ақыры мынадай бір байламға келдім. Қара Орман қашанда болсын өзін бастаған батырлардың ерлігімен, өзін баста­ған патша-уәзірлердің ақылымен Қара Орман болып келді. Бас­та­рыңнан әлі талай өткелек өтеді. Ел басына күн туғанда қиыннан қиыс­ты­рып, қысқа толғап шешім таба­тын басшы керек. Осыған ұрымтал Атайыны лайық көрдім. Ықыласым Атайыға ауды.
− Абырой қонсын саған, Атайы! – деді сосын Атайыға бұрылып. Атайы салмақпен бас иді.
− Ал бейбіт кезде елдің, жердің тағдырын тереңнен толғап, ұзаққа болжайтын уәзір керек, – деді Ба­ғыз сөзін жалғап. – Бұған тұң­ғиық ойлы Мамытты жөн көрдім.
Мамытқа бұрылып:
− Абырой қонсын саған да, Ма­мыт уәзір! – деді.
− Жаса, Бағыз! – деді Базар кірпі шат дауыспен. – Жаса, кәрі тарлан! Жаса, ақылгөйім!
Іле Қара Орман жұртшылы­ғының Бағызды мадақтаған, жаңа ғана бірі патша, бірі уәзір сайланған екі арланды мадақтаған қалың қошеметі жер дүниені басып кетті. Содан кейін жас патша мен уәзірдің шапағат етуі басталды. Елдің топбасылары, құрметті сар­баздар бірінен кейін бірі келіп дәргейлеріне бас ұрады. Артынан бүкіл Қара Орманның жер қайыс­қан халқы бәрі бірдей тағзым етті.
Мереке басталды. Ойын-той он күнге созылды. Сайыс, ойын атау­лы­ның барлық түрі тамаша­ланды. Атақты сарбаздар шығып білек пен азуды көрсетті. Әдіс пен тәсілді көрсетті. Үлкен-үлкен ағаштарды тамырымен қопарды. Қарағайдың қожыр-қожыр бездерін парша-парша қылып шайнады. Қарсы келген ойыншыны үстінен асырып жіберіп таңынан тартты. Жалт бергенде мойнынан сығып қыл­қын­дырды. Жарадар қылудың, мерт қылудың небір жолдарын көрсетті. Бұдан кейін жас жеткін­шектердің өнері тамашаланды. Олардың ізкесерлігі, білек күші, азуының өткірлігі, жүйріктігі, қы­ра­ғы­лы­ғы бағаланды. Бұғылардың соғысы, бұғылар мен қасқырлардың соғысы, жыландар мен кірпілердің соғысы, жыландардың атақты биі көрсетілді. Қара Орман жұртшы­лығы осы ойынмен қаншама уақыт­тың өткенін байқамай қалып­ты. Қызыққа елтімеген – жалғыз Бағыз. Әлдебір ауыр ойлардың салмағынан еңсесі езіліп, көңілі жүндей түтілді. Қатар отырған Атайы мен Мамыт Бағыздың бұл күйіне онша мән бермеген. Кәрі тарланның соңғы сапар алдындағы мұңы деп ойлаған. Қателесіпті. Оны кейін ұқты. Ойын-той бітіп, жұрт есін жиғанда бір­неше күннен бері тақтың үстінде амалсыздан шыдап жатқан, әбден сілесі қатып шаршаған Бағыз орнынан көңілсіз көтеріліп, өзінің Көп бейіт шаһарына ертең аттанаты­нын, ата салты бойынша оны бұл са­парда жас патша мен жас уәзір шы­ғарып салуы керек екенін айтқан.

***

Ертеңіне таң жаңа сібірлеп атып келе жатқан кезде Қара Орманнан шыққан үшеуі шығысты бетке ұс­тап жалғыз Бағыз білетін соқпақпен тартып кетті. Жол өте ұзақ еді. Алды­мен он күн бойы кәрі арыстан­ның артынан салпақтап отырып ит тұмсығы өтпейтін самырсын тоға­йын жарып өтті. Атайының мұрны­нан көпке дейін әлдебір хош иіс кетпей қойды. Одан кейін он күн бойы әлдебір биік таудың жықпыл-жықпыл жолдарынан, биік құздары мен терең шатқалдарынан өтті. Ақыр соңында Қара Орманнан шыққанына тура отыз күн болғанда елсіз даланың сағым буған алыс көкжиегінде қарауытқан тағы бір тау көрінді. Отыз күннен бері ләм-мим деп тіл қатпаған Бағыз сонда ғана жақ ашып, алыста қарауытқан таудың Көп бейіт шаһары екенін айтқан. Төрт күн жүріп сол таудың сілеміне ілініп, алтыншы күні шың­ға тақаған. Ертең нысаналы жер­ге жетеміз деп отырғанда осыдан бір ай бұрынғы түйткіл шешілді. Осы­дан бір ай бұрынғы күмән… сейіл­геннің орнына қоюлай түсті.
− Атайы, Мамыт! – деген Бағыз. – Ертең біз Қара Орман патшалары өзін-өзі жерлейтін, тек патшалар мен уәзірлер ғана білуге тиіс Көп бейіт шаһарына кіреміз. Мен сонда қаламын. Сендер елге қайтасыңдар. Көңілім алаң. Жүрегімде қасіретті сыр бар. Әнеукүні мерекелеріңнің шырқын бұзбайын деп ештеңе айтқан жоқ едім. Енді айтатын кез келген сияқты.
Бұл бұдан неше ықылым заман бұрын болған оқиға екен. Бұл хи­кая­ны менің аталарымның атасы­ның жетпісінші аталары өсиет етіп айтқан көрінеді. Ол тірі жан Дария ананың құрсағынан жаңа ғана шығып, жарық дүниеге көзін жаңа ашқан кез. Аңдар шөп қана жейді екен. Ол кезде олар бірінің етіне бірі жерік емес екен. Таулардың орны шалқыған теңіз, ал теңіздердің орны от шашып лақылдаған таулар екен. Аталарымыз аңыз қылып айтатын, төбесімен көкті тіреген алып айдаһарлар, қанатымен жел соқтырған алып самұрықтар, бір көлді бір өзі іше салатын алып су сиыр­лар сол кезде жасаған екен деп. Ешкім көрмеген бір мақлұқат сол кезде пайда болыпты. Біз сияқты төрт аяқтап жүрмейді. Арт­қы екі аяқпен жүреді. Бір аяқпен жүрсе де, әйтеуір осы Дария анадан жаратылғаны белгілі ғой. Өзіміздің әулетті туған демей, туысқан демей, бала демей, шаға демей қыра берсе керек. Елде жоқ өнер шығарып, ор қазып, соларға хайуанат атаулыны қуып, құлатып, мерт етіп, қолында­ғы жарақпен өлтіреді екен. Етін жеп, терісін киім етеді екен. Тіпті де­сең­дер, амалын тауып жаңағы ал­ып аждаһаларды да сол орға жы­ғып өлтіре берсе керек. Ақыры аң­дар шыдай алмай жиналып барып сөй­леспек болыпты. Жаңағы екі аяқ­ты орнынан тұрған күйі әзер-әз­ер сөйлесіпті. Аңдар бұнысын да кө­теріп алып, сабыр сақтайды. Од­ан сұраған екен: сен неге өзің сияқ­ты тірі жанды осынша қисапсыз қырдың деп. Ол айтыпты: мен сен­дерге үкім жүргізу үшін жаратыл­ған­­мын. Ашсам алақанымда, жұм­сам жұдырығымда болуға тиіс­ті­сіңдер. Атып жеймін бе, қуып жүріп орға жығып жеймін бе – оны өзім білем. Тіпті хайуанат сендерді қойып, түбінде мынаның бәрін – қолын созып орман-тоғай, өзен-көлді, от шашып жатқан тауларды көрсетіп − өзіме құл етем дейді. Себебі: мен ерекше жара­тылған жан­мын. Жарық дүниеге үкім жүр­гізу үшін жара­тылғанмын. Мұндай астамшылыққа шыдамаған аңдар жаңағы менмен жанды үй-орма­ны­мен жыраққа қуып жібе­ріпті. Кете­рінде ол айтқан дейді: рас, қазір біз азбыз. Бірақ түбінде біздің жетінші, яки, жетпісінші ұрпағымыз мен айтқан сертті орындайды. Бәрің біздің боданға түсіп, құлымыз бола­сыңдар. Әзірге сайрандай тұрыңдар. Сөйтіп кетіпті. Ол орманды тастап шыққа­нына қанша жыл болғаны белгісіз. Әйтеуір жүз жыл емес. Мың жыл да беріде жатыр. Мүмкін үш мың, мүмкін бес-алты мың жыл. Оның қай тарапты мекендеп кет­кенін, қай елді алғанын ешкім біл­мейді. Ешкім білмеген. Осы әнеу­күнгі уа­қытқа дейін.
Атайы мен Мамыт бір сәтке аңы­­рып Бағызға қараған.
− Ие, − деді Бағыз қайталап. – Әнеукүнгі уақытқа дейін.
− Сонда қалай? – деді алдымен ес жиған Мамыт. – Көргенің ғой сол екі аяқтыны?
− Иә, − деді Бағыз. – Екі аяқ­тыны емес, екі аяқтыларды. Көп екен. Қисапсыз көп екен. Біз Қара Орманнан ешқайда шықпай өмір­ден кенже қалыппыз. Ал олар бұл кезде… дүниенің төрт бұрышын те­гіс жайлап үлгеріпті. Өнерді иге­ріпті. Қолында жау жайрататын от қаруы бар.
Атайы мен Мамыт бірден жа­мы­рап «өнер» дегеннің не екенін сұраған.
− Өнер, – деді Бағыз, – ол әр нәрсенің сырын ашу. Сырын ашу арқылы оны өз ығымен жүргізу. Мі­не, өнер деген. Сол екі аяқтының ерекше жаратылғаны рас болу керек.
− Сендер мереке үстінде не бай­қа­дыңдар? – деп сабақтады ары қарай Бағыз. – Байқамасаңдар айтайын. Естеріңде ме, біріңді пат­ша, біріңді уәзір сайлағанда да, одан кейін мереке үстінде де иттер­дің топбасы Сарқыт жандарыңа бір рет те келген жоқ. Дәргейлеріңе бас иген жоқ. Оның сыры неде дейсің­дер ғой. Сарқыт менімен бірге бол­ған. Екі аяқтыларды екеуміз бірге көргенбіз. Оның патша мен уәзір та­ғайындау кезіндегі ерекше оқшырайып бөлек отыруын, мереке үстіндегі шетін мінезін мен осыдан көремін. Көңіліне алалық кірген Сарқыттың. Сендер елге барғанда Сарқыттың орнын сипап қалула­рың мүмкін. Егер мен білетін Сар­қыт болса, ендігі бөліне көшкен шығар сол жаққа. Екі аяқтыларға қарай. Менің сол жиында күмәнім бар деуім сол еді. Кім біледі, Қара Орманның, біздің әулетіміздің ен­дігі жердегі тағдырының қалай болатынын. Әйтеуір, қорқынышты көрінді.
Атайы мен Мамыт шарасыз күйде отырған Бағызға қараған. Не істейтіндерін сұраған.
− Білмеймін, − деді шаршай бастаған Бағыз. – Осы уақытқа шейін алып келдім. Осы дәрежеге жеткіздім. Енді білмеймін. Бірің – пат­шасың. Бірің – уәзірсің. Ше­шің­дер. Табыңдар. Екі аяқты­лар­мен соғысасың ба, әлде қопарыла көтеріліп, олар бара алмайтын (әй, қайдам) мекен іздейсің бе.
− Ал, мен, – деген сосын Бағыз, − енді тек… тыныш өлім тілеймін. Егер тыныш өлуге мүмкіндік берсе.
Үшеуі ортадағы отты айнала, күз­гі аспанда бадырая көрінген суық жұлдыздарға қарап жатып, мазасыз ұйқыға кеткен.

***

Шаһар тік құздың шетіндегі үлкен алаңға орналасқан екен. Бұл арадан жер көрінбейді. Алаңның ортасындағы шаһар шексіз аспан­ның әлдебір жерінде қалқыған жапырақ сияқты әсер қалдырады. Жақпар тастардан қалап жасаған ұзыннан-ұзақ бірнеше сәкі. Сә­кілер­ге Қара Орманның патшалары орналасқан. Атайы соларды аралап кетті. Басқалардан оқшау қарап тұрып Атайы қыранның қандай болғанын көз алдына елестетті. Еті ағып, ақжем болған сирақтың өзі Атайының бойынан биік! Алып. Ақылға сыймайтын алып. Одан кейін төменірек сәкіде алып арыс­танның қаңқасы тұр. Одан кейін аю. Одан кейін Албарыс батырдың сүйе­гі тұр. Атайы ұзақ аралады. Жүзге жуық патшаның сұлбасын көріп шықты. Және бәрі қасқайып оты­рып жан тапсырған сияқты. Бойла­ры түзу. Бастарын биік ұста­ған. Атайы өзінің осы араға қалай отыра­тынын көз алдына елестетіп көрді. Бойы тітіркенген. Ойламауға тырыс­ты. Бұдан кейін алаңның ар жағында не бар екенін көргісі кел­ген.
Алаңның шетіне барып, төмен­ге көз салды. Биік. Өте биік. Жерден соншалықты биік көрінетін қаз­бауыр бұлттардың өзі өте төменде, сай түбіндегі қар сияқты көрінеді екен. Сәлден соң алғашқы әсердің алдамшы екеніне көзі жетті. Бұлт­тар қар сияқты емес… мүлдем басқа нәрсе. Бұл араны аңдардың пат­шалары бекер таңдамаған-ау деген ой келді. Жердің шеті осы ара сияқ­ты көрінді. Дүние осы арада бітетін сияқты. Биіктік жайлы, жер жайлы ойлар мүлдем қалады екен. Көк­жиек жоқ. Аспан да жоқ. Тек тік төмен кететін құз бар. Аржағында… аппақ тылсым дүние. Атайы қанша тырысса да есіне ештеңе түсіре ал­мады. Ой да жоқ. Қиял да жоқ. Кеу­де бос. Сана таза.

***

Бағыз екеуін шаһардың аузына дейін шығарып салды:
− Ал, енді қош болыңдар, − деді. – Қош! Қош! Алаңдамаңдар! Бөгел­меңдер! Тура елге тартыңдар! Асы­ғыңдар! Қош! Қош!
Түйте көңіл, күмәнді оймен қос арлан Қара Орманды бетке ұстап, тартып кетті.

***

Күн-түн демей жортқан екеуін жолдың ортасында күздің қалың жауыны басты. Тынымсыз су кешу­мен самырсын тоғайына кірді. То­ғайдан өткенде жауын басылды. Қыстың ызғары сезілді. Қырау түс­ті. Қара Орманға бір күндік жол қалғанда аспан қақ айырылып, жаз бойы, күн бойы қамауда әзер шы­дап жатқан жындар босап шықты да, жер мен көктің арасында бұлар көрмеген ойнақты салды. Ию-қию борап. Оңың қайда, солың қайда, алдың қайсы, артың қайсы – біліп болмайсың. Күркіреп көшіп жатқан қар. Дүниені сыпырып-сиырып алып кететіндей құдіретті леп… Екеуі әбден адасты. Қарға көмілді. Бір кезде тылсым тыныштық орна­ған екен. Жындардың үздіксіз сұра­пыл күйі тоқтапты. Қатты қардың үстімен жортқан екеуі Мұзғар тауының басына шығып Қара Ор­ман жаққа қарап біраз тұрды. Ор­ман­ның үстін қалың мұнар жапқан. Жас патша мен жас уәзір келіс­кендей құйрықты бір бұлғаң еткізіп төмен ақты. Орманға тақағанда мұнар да сейілді. Бұларды жол тосып абыржыған, торыққан үлкен топбасылар қарсы алды. Амандық-саулықтан кейін Атайы мен Мамыт болған жайды сұрастырып қанған. Бағыз түс көргендей қылып айтып­ты. Бұлар кеткеннен соң үш күн өтіп, төртінші күні таңертең Сарқыт бастаған иттердің елі ұшты-күйлі жоқ болып шығады. Аңдар ұзыны мен ені бірнеше күндік жол болатын Қара Орманды әбден кезеді. Жық­пыл-жықпылдың, қуыс-қуыстың бәрін тінтеді. Жоқ. Содан кейін бірнеше топбасы мен бірнеше жас батырлар болжаммен терістіктегі Қандысайға тартады. Сол арада іздерін шалады. Екі күн жүріп, үшінші күні таңертең барынша суыт кетіп бара жатқан иттердің көшін қуып жетеді. Топбасылар мен батырлар көшті тоқтатып қойып сөйлеспек болған екен. Сарқыт оны құлағына да ілмей жүре сөйлеседі. Топбасылар мен батырлар амалсыз­дан Сарқытқа ілесе жүріп әңгімені індетеді. Қара Орманмен мәңгі біргемін деген антың қайда дейді. Өзім бердім, өзім бұздым депті Сарқыт. Жә, депті топбасылар. Енді неге сөгіле көштің, соның себебін айтшы. Тым құрымаса айтып өлтірсеңші. Айтайын депті Сарқыт. Елдеріңнің кетеуі кеткен. Рас, қазір айдындап тұрсыздар. Бірақ дүн­иенің төрт тарапын лайлаған екі аяқты мақлұқат бар. Адам дейді оның атын. Көрдім. Көрдім де дәргейіне бас ұрдым. Егер ол Қара Орманға келе алмай жатса, − ол оның қолының қысқалығынан емес. Келеді әлі. Бәріңді қырады. Ал мен өз елімнің егесі, өз елімнің патшасы, – депті даурығып, – ұр­пақ қамын ойлауым керек. Сен­дер­мен болу, «Қасиетті Қара Орман әулетімен болу» депті одан кейін мырс етіп – болмаумен бірдей. Топбасылары мен батырлар тағы бірдеңе айтпақ екен. Енді сөзді көбейтпеңдер депті Сарқыт. Мені ешкім тоқтата алмайды. Алған бетімнен қайтпаймын.                                                                                                                  Сол кезде азғантай ғана топқа Сарқыттың сарбаздары тұтқиылдан лап қояды. Мұндай шабуылды күтпеген батырлар мен топбасылар берекесіз ұрыс салып шегінеді. Бәрі сол арада қырылыпты. Бағыздың ұлы Шеруші де. Қасқырлардың топ­басы кәрі уәзір Мәуліт те. Бәрі. Тек қырандардың топбасы Шы­ңырау ғана сытылып шығыпты. Болған жайды сол айтып келді. Қара Орман әулеті ілезде қалың қол жинап анттан тайған ақымақ елді жазаламақ болып жолға шығады. Таба алмапты. Сарқыт Сызашық өзенінің ішімен кетіпті. Із жоқ. Со­нымен қалың сарбаз жолы болмай қайтыпты. Атайы басқа нендей жаңалық барын сұраған. Сол кезде жыландардың топбасы Қадырхан қинала тұрып атағы жер жарған екі аяқтыларды, Адамдарды көргенін айтты. Қай кезде ме? Осыдан он күн бұрын. Шолғыншылар орманның түстік жағында тұрған. Сыбдыр естіледі. Сосын жаңағы екі аяқты­лар­дың бірнешеуі шыға келеді. Бұларды көріп қалады. Іле қолда­рын­­дағы жарқылдаған ұзын түтік­терін бұларға қарай көздеген екен – от шашыпты. Бірнеше жас айда­һар сол арада тіл тартпай ке­теді. Өзім суға сүңгіп барып талға жа­сырын­дым. Әйтпесе мен де өлер едім деді Қадырхан. Түрлері ме… Екі аяқпен жүреді. Көздері алдында. Кәдімгі екі көз. Мен қолдарындағы жараққа көбірек қарадым. Ұзын. Кез келген жерден жайратады. Отты үздіксіз бүркеді. Міне, болған жай. Енді Қара Орманды түстік жақ шетінен шаба бастапты. Аз күнде Қара Орман қоршауда қалуы мүм­кін. Аз күнде олар Қара Орманның ортасындағы қасиетті Құрылтай алаңына да келуі мүмкін. Атайы жоғары қарады. Бағанағы мұнар қайта пайда болыпты. Еңсені басып төмен түсіп келеді. Міне, Қара Ор­манның алып ағаштарының ұшына ілінді. Төмен түсті. Тағы. Орман ішін көк шуда алды.

***

Қара Орманның ішін мазасыз тыныштық басты. Үш күннен кейін өзінің шолғыншыларымен орман шебінде жүрген Қадырхан айдаһар­дан шұғыл хабар келді. Қара Орман жан-жағынан қоршауға алынған. Баяғы екі аяқтылар. Шығатын саңылау қалмаған. Не істеу керек. Атайы жедел Құрылтай шақырды. Болашақ ұрыстың жайын ақылдас­пақ. Неге екені белгісіз, Атайыға осы Құрылтай – соңғы Құрылтай, осы болатын ұрыс – соңғы сияқты көрінді. Атақты сарбаздар, қолба­сылар, уәзірлер тегіс жиналған соң Атайы көп созбай болашақ ұрыс жайында кімнің не ойлайтынын, тіпті ұрыстың керегі бар ма, жоқ па – осыларды сұраған. Кәрі сарбаздар мен қолбасылар еш ойланбастан соғысу керек деген. Басқа жолы жоқ. Соғысып жеңу керек. Не өлу керек. Екінің бірі. Атайы да осы шешімге келген.
Бірақ уәзірлердің пікірі мүлдем басқа болып шықты. Соғысып жеңе аламыз ба. Әліңді шамала. Қол­дарында сұмдық қаруы бар. Өздері көп. Дүниенің төрт бұрышы со­лардікі. Соғысқан жөн бола қояр ма екен. Енді не істеу керек деген Ата­йы. Шығатын жол, сыналап кете кететін жасырын сайлар бар. Кету керек. Кеткенде қайда бара­мыз деген Атайы. Дүниенің төрт бұры­шы солардікі емес пе. Онда… біл­мей­міз деген уәзірлер. Бірақ бірде-біреуі Сарқыттың жолына түсейік дегенді айтпады. Атайы үстінен ауыр жүк түскендей жеңі­лейді. Ұрыстың жоспарын талқылау басталған. Қара Орман сарбаз­дарының ұзын саны он мыңнан асты. Әскер қасиетті Құрылтай алаңын айнала қоршап майдан құрмақ. Алғашқы соққыны қарағай мүйізділер жасамақ. Жауды сас­ты­рып, бұзып кіріп шебінің берекесін кетірмек. Одан кейін қару жұмсауға келмейтін қоян-қолтық ұрыс бас­тал­ғанда майданға жасырын тұрған азулылар – қас­қыр, жолбарыс, арыстандар, сілеу­сін мен ілбісіндер­дің жасақ­тары кірмек. Жауға негізгі соққыны осы­лар беруге тиіс. Бұлар­ды Атайы өзі бастайды. Ұрыс қыз­ған­да тар жерде қимылдай алмай­тын қарағай мүйізділер майданнан шығып, шет тұруы керек. Қашып шыққан жауларды қия бастырмай жойып отыруы керек.
Әсіресе, қоян-қолтық ұрыстың мәселесі әбден тәптіштелген. Не­гіз­гі салмақ, әрине, азулыларға тү­седі. Ұрыс кезінде күзендер қарғып, өзінің үйреншікті әдетімен жаулар­ды тамақтан алып, тас болып қатуы керек. Қадырхан айдаһардың сар­баз­дары да осы жерде қатты қимыл­дауы керек. Оқ жыландар атылып, жаулардың кеуделерін тесуі керек. Сұр жыландар жауларды мойнынан, бастан шағуға тырысуы керек. Кеш­ке шейін созылған кеңес осы­ған тоқтаған. Баяғыдан келе жатқан соғысудың үйреншікті тәсілі. Тек кеңестің аяғында тартыншақ уәзірлердің бірі жаулар қару жұмса­ма­ған жағдайда не істейтіндерін сұра­ған. Атайы бұған ойланбай жауап берген.
− Егер олар жау болмаса, бейбіт ел болса, шолғында жүрген Қадыр­хан­­ның сарбаздарын атар ма еді?! Олар бізбен ел болуға келе жатыр дегенге мен ешқашан сенбеймін.

***

Екі аяқтылар көп күттірген жоқ. Құрылтайдан соң үш күннен кейін олар салған жол дәл іргеге келді деген хабар жетті. Тағы үш күннен кейін Қара Орманның ішін екі аяқтылардың даусы жаңғырық­тырып кетті. Қара Орманның іші екі аяқтылар жаққан оттан жап-жарық болып кетті. Өріс тарылды. Барлық сарбаз кеңес қабылдаған шешім бойынша Құрылтай алаңы­на топтастырылды. Сірескен қол. Қарағай мүйіздердің өзі бір орман. Одан ары лек-лек азулылар: Сабыр­лы арыстандар. Оттай жайнаған көкшуландар. Жайшылықта мау, жау көргенде серіппедей атылатын шұбар ілбісіңдер. Қиғаш көзі от шашқан, азуы ақсиған сілеусіндер. Күркіреген жолбарыстар. Монти­ған күзеңдер. Текшелеп тебен артқан үнсіз кірпілер.
Таңертеңнен Атайы қалың әс­кер­ді орман ішіне жасырып, алдың­ғы шепке бұрын келісілгендей қа­ра­ғай мүйізділерді шығарып қойды. Елдің бәріне жасырынуға, үндемей отыруға бұйрық берілген. Қара Орманның ішін сілтідей тыныштық басты. Тігілген құлақтар ғана таңғы тымық ауаны сақтықпен тыңдайды. Міне, алыстан дабырлаған дауыстар естілді. Өте көп. Үздіксіз сытырла­ған аяқ дыбысы құлақтан кіріп, жүрекке барып соғатындай.
Және де екі аяқтылар жақтан әлдебір әупілдеген таныс дауыс естілетін сияқты. Дауыс, аяқ дыбы­сы молая түсті. Теректердің ара­сынан қараңдап қалың топ көрінді. Келесі сәтте алаңның шетінде аты аңызға айналған екі аяқтылар тұр­ды. Ешкімнің жоқ екенін көріп тұрып қалған екі аяқтылардың тұлғасын Атайы жауынгердің жіті көзімен шолып өткен. Асып бара жатқан ештеңесі көрінбеді. Орта бойлы. Артқы екі аяқпен жүргені болмаса бұның да төрт мүшесі, бір басы бар екен. Екі көзі алдына біт­кен, мұрын, ауыз… қойшы, хайуа­нат­та кездесетін белгінің бәрі бар. Тек жүндес емес. Жүн төбесінде жә­не мұрын мен иектің астында ға­на, кейбіреулерінің жағы мен шықшытында қалған. Қолдарында Бағыз айтқан ұзын түтік. Қап-қара. Күнге шағылысып суық жылты­райды. Осы-ақ. Атайы қанша зер салып қараса да, екі аяқтылардың бойынан бұдан басқа ешқандай артық белгі көре алмады. Көңілдегі күмән сейілген. Өздерінің жеңеті­ніне нық сенген. Осы кезде қарағай мүйізділердің егесі Сақсы Атайыға қараған. Бастайық па дегені. Атайы иек қағып рұқсат берді.
Сақсы басын көтерді. Бұғы, ма­рал атаулы бойларын жинап, ша­буыл­ға дайындалды. Келесі сәтте мың сан тұяқ ошақтай-ошақтай топырақты серпіп тастады. Қарағай мүйізділер тегеурінімен Қара Ор­манды көшіріп жіберердей болып қарсы беттегі жауға қарай төгілді. Жасырынып тұрған сарбаздар де­мін ішіне алып, ұрысты қызықтауға дайындалған. Кенет… бұлар мүлдем күтпеген іс болды. Екі аяқтылар тізерлеп отыра қалып, қолдарын­дағы түтіктерін кезенген. Найзағай шартылдағандай дыбыс естілді. Келесі сәтте жойқын шабуылдың алдыңғы легі опыр-топыр болды да кетті. Атайы дым түсінбеді. Бұл не керемет! Мүйізімен тас уататын, екпінімен үй құлататын қарағай мүйізділер екі аяқтылардың қолын­дағы түтіктен от жарқ ете қалған кезде әлдебір көрінбейтін жартасқа соғылғандай қалт тұра қалады да шекесінен шөге береді. Үсті-баста­рын қан жауып кетеді. Бір шектен аса алмайды. Құлаған алдыңғылар­дың үстіне кейінгілер шығып ары аспақ болғанда тағы да… тағы да жаңағы жалынға ұры­нады! Кеуде­ден алып балғамен ұрып жіберген­дей тұрып қалады. Омақаса құлай­ды. Бірақ жаудан қайтып көрмеген қарағай мүйізділер тоқтайтын емес. Баса көктеп ұмтыла береді. Қара Орманның қашанғы мақтанышы, бетке ұстар сарбаздар, жауға алды­мен барып белін сындыра соғатын ерлер көз алдында қы­рылуға айнал­ды. Ғаламат қантөгіс өз кезегін күтіп жасырынып тұрған сар­баз­дарды мүлдем езіп тастағандай. Бәрі бірдей тас мүсіндей қатып қалған. Ең алдымен Атайы ес жиды. Құлағына Мамыттың – Атайы, ерлер қырылуға айналды. Шабуыл­ға шығуға бұйрық бер, − деген даусы жетті. Атайы гүр етті.
– Алға!
Алаңға алдымен атылып шық­ты.
Келесі сәтте орман іші сарбаз­дарға толып кетті. Қара орманның туының жығылғанын, бұл ұрыстың соңғы ұрыс екенін әркім-ақ нық түйсінген сияқты. Көздеріне қан толып екілене ұмтылған. Астаң-кестең. Қалың топ екі аяқтылардың ішіне кіріп үлгерді. Сол екі арада жайрағаны қаншама. Ыр-ыр еткен, қыр-қыр еткен, арсылдаған, қаң­қыл­даған, жалын тиіп қыңсылаған дауыстар. Сақылдаған азу, ысқы­рынған жыландар дыбысы. Құ­рылтай алаңын шаң басып кетті.
− Атайы, сақ бол!
Атайы жалт бұрылып, өзіне түтігін кезеніп тұрған екі аяқтыны көрді. Жан ұшыра секірді. Жанынан тыз етіп бірдеңе ұшып өтті. Екі аяқты еңкейіп, жарағын ондай бер­генде Атайы да лап қойды. Бор­байдан алып бір-ақ шайқаған. Далия құлаған неме беліндегі басқа бірдеңесін алмақ болғанша Атайы тамаққа тұмсықты көміп жіберді. Сүйектері торғайдікіндей мұншама ұсақ болар ма. Бытыр-бытыр үзілді. Тұяқты бір-ақ серпіп жан тапсырған екі аяқтыны тастай салып, екінші­сіне ұмтылған. Бұл кезде сарбаздар екі аяқтылармен әбден араласып, енді аспай-саспай қылыш азуды оңды-солды сілтеп, қан жалата қа­саптауға кіріскен. Өздері де оңып жатқан жоқ.
Екі аяқтылар ұзындығы қарыс сүйем бір жарағын алып – онысы өткірлігі жағынан азудан ешбір кем емес екен – олар да тілгілеуге кіріс­кен. Өзіне қарғыған азулыны сол қолымен алдарқатып тұрады да, оң қолындағы жарақпен ішінен есіп жіберіп ішек-қарнын бір-ақ ақта­рады. Атайы бұл тәсілді де тез ұқты. Алданған болып тұрады да, шалт қимылмен иіліп барып әлгі пәлекет жарақты қол-қолымен қансырата жұлып алады. Екінші секіргенде темір қақпан екі аяқтының мой­нына сақ ете қалады. Кенет Атайы­ның құлағынан бір алапат өткір азу ала түсті. Бұл екі аяқты емес. Оны бірден білген. Олар бүйтіп тістей алмаса керек. Еңкейе бере сап-сары сирақты көрді. Құлағына жармас­қан бәлені серпе лақтырған. Құлақ­тың жартысы жұлынды. Анадай жерге ұшып түсіп, атып тұрған мақлұқ бері бұрылғанда Атайы тұрған орнында сүрініп қалды. Сарқыт! Антын бұзып елімен көшіп кеткен, қаншама ерді жер жастандырған, екі аяқтыларға қосылған қарғыс атқыр Сарқыт!
− Тоқта! – деген Атайы.
– Жекпе-жек! Қашпа!
Атайыны таныған Сарқыт зымыраған бойы қатар тұрып алып, түтіктерін кезенген екі аяқтылардың арасына кіріп жоқ болды. Атайы түтіктердің өз жағына бұрылғанын сезді. Жалын шыққанда жата қал­ған. Бұл жолы үстінен қатты лақ­тырған бір уыс тас ұшып өткендей болды. Тағы қарғыды. Екі аяқтының біреуін опыр-топыр жұлып түсірді де топқа сіңіп кетті. Құрылтай ала­ңы құжынаған аң мен екі аяқтылар. Екі жақтың да сарбаздары мол. Кештің қызыл шапағы қайнаған ұрысты, жарқылдаған азуды, атылған түтік самсаған өліктерді әлдебір қызыл реңге бояған. Қасап­қа тұмсығымен кіріп кеткен сар­баздар ымырт үйіріліп сам жа­мырағанда барып естерін жинаған. Соңғы рет бір-бір атып, бір-бір қауып әркім өз жағына тарасқан. Атайы сарбаздарын санады.
Әскердің үштен бірі қырылған, жаралылар қаншама. Ұрыс үстінде ет қызумен жүре берген. Қазір тұра алмай жатыр. Бұлар енді сарбаз емес. Қадырханның шолғын­шы­лары маңайды әбден сипалай тін­тіп, өздерінің тышқан жүгіріп өте алмайтын қоршауда екенін мәлім­деген. Атайы бәрін селқос тыңдады. Оның ойы ертеңгі ұрыстың жайын шарқ ұра пысықтауда еді. Екі аяқтылар кетпейді. Ол айдан анық. Ертеңгі ұрысты неғұрлым табысты өткізуге тырысу керек. Бүрсікүнгіні де. Одан арғы күнгіні де. Өстіп ең соңғы сарбаз қалғанша ұрыс салу керек. Одан кейінгіні көреміз.
Бірақ ертеңіне ұрыс бұлар күт­кендегіден мүлдем бөлек кейіпте өтті. Ұйықтамай ерте тұрған сарбаз­дар лек-легімен алаңның арғы ше­тін бетке ұстап лап қойғанда бұрын көрмеген зұлмат басталды. Екі аяқтылар… ағаштың басына шығып алыпты. Кешегі қырғын ба. Оқ бұршақтай жауды. Әрқайсысы бір-бір қолға татитын қайран ерлер бірінен кейін бірі үзіліп кетіп жатыр.
Аз ғана ғұмырының ішінде небір құқайды көрген Атайының өзі дүниеден түңіліп кетті. Тау-тау болып қисапсыз қырылған аңдар. Ыңырсып аунап, өзін-өзі қауып жатқан бейшара аңдар. Қан тегенек болған жер. Қанға тайып жығылып өлермендене шабуылдап, теректің басындағы екі аяқтылардың тым құрыса біреуін алып түсе алмай құса болып еңіреген сарбаздар. Кеш бата тірі қалған аз ғана топпен Атайы қоршауды бұзып шықпақ болды. Мұнда да елу шақты сарбазды құрбан етіп, әзер дегенде адыра қалған Қара Орманнан сытылып шықты. Естерін жиғанда әркім өз бетімен лағып кетіп бара жатты.
Атайының бұдан кейінгі өмірі көрген түс сияқты. Алғашқы күні беті ауған жаққа жүре берген. Қай жермен де жүргені белгісіз. Әйтеуір бір кезде Көп бейіттің маңайында жүр екен. Дәлірек айтқанда Көп бейіттің орны. Бұрынғы орны. Таудың өзі жоқ. Түн ішінде самал­дай жарқырап бұрын көрмеген қала тұр. Қаңғырып жүре берді. Бір күні қараса Мұзғар тауының маңайында жүр екен. Осы арада Атайыға Қара Ормандағы қырғыннан әлдеқалай аман шыққан Сауран қаншық жо­лықты. Екеуі тұмсықтарын түйіс­тіріп, бірін-бірі иіскелеп, тебірене жылап ұзақ тұрған. Сосын солтүс­тікті бетке ұстап ессізге тартып кетті. Бірақ еш жерден елсіз мекен таба алмады. Сол жортқан бойда бұлар бір кезде Қара Орман әулетін күн астына таратқан Ұлы Дария анаға барды. Бірден таныған. Шалқып-толқып жатыр. Жарты дүниені бір өзі алған. Бірде шуақты. Мейірлі. Бірде ашулы. Долы. Атайы басын суға тығып, Дарияның даусын тыңдады. Хал нешік Атайы дейді. Халсызбын, дейді Атайы. Өзіңнен тараған Қара Орман әулетінің соңғы тұяғы алдыңа келіп тұр. Қандай ақылың, қандай көмегің бар. Менде не көмек бар дейді Дария. Қолымнан келген көмек – құшағыма алып шым батыра аламын. Қап-қараңғы, жып-жылы тереңде мазасыз ойдан арылып, мәңгі тыныштықта ғұмыр кешесің. Атайы басын жұлып алды. Дарияның үстіне көз жүгіртті. Ас­пан астын күңірентіп, қара түтінді будақ-будақ атып, баяу жылжып келе жатқан пәлекеттің не екенін түсінбей ұзақ тұрған. Пәлекеттің үстінде баяғы екі аяқтылардың жүргенін көрді. Мынау алып нәрсе солардың су үстінен жүзу үшін жасаған құралы болды. Екі аяқты­лар Дарияны да жайлапты.
Бұлар қар басқан меңіреу дала іздеді. Бірақ қар басқан меңіреу даланың орнына іркес-тіркес салынған қалаларды көрді. Асудың өзі күш әлдебір биік жалдар. Осы жалдардың үстімен жер дүниені солқылдатып, үздіксіз жүйткіген бір пәлекеттер. Кеңірдегі сорая ас­панға қара түтінді үздіксіз атқан әлдебір үйлер. Ұлы Дарияны жа­ғалап үміт үзбей тағы да жол тарқан. Бос әурешілік екен. Алты ай қыс, алты ай жаз жортқанда осы көрініс еш өзгерген жоқ.
Сол баяғы құжынаған қалалар. Жолдар. Түтіндеген пәлелер. Ара­сы­нан жол табудың өзі қиын. Екеуі төрт тараптың бәрін шарла­ған. Бармаған жер, шықпаған тау қал­мады. Аспан астында бұлар жайла­маған жер, сірә да, жоқ шығар дескен. Бетті Қара Орман жаққа түзеген. Өлсек сонда өлейік дескен. Ел шетіне жеткенде Саураннан айырылды. Ойраны шыққан Қара Орманға жеткенде – бұл араға да қала салынып үлгеріпті. Сауран күшіктеген. Ыңырсып, шиқылдап, қыңсылап жатқан шикі өкпелерді Атайы бір-бір қауып өлтірген. Жаны шыға тулаған Сауранның өзін оңдырмай бір қауып, бізге ендігі жерде ұрпақтың түкке де керегі жоқ деп түсіндірді. Әлсіреген өлекшінге қызыл іздеп жолға шыққан Атайы түске дейін қаңғы­рып түк таппады. Ақыры бір қай­қаңға шыға келгенде ойда жайылып жүрген бір мақлұқты көрді. Көз тоқтатып қараған. Бойы мен тұрқы бірдей. Быртиған қысқа аяқты. Шоқтығы тұтасып кеткен. Икемсіз жуан мойын. Мүйізі Атайының бұрын көрген мүйіздеріне ұқсамай­ды. Қарағайдай айбынды емес. Қарақшыдай сорақы. Басын көтерді. Көзі алақандай. Мағына­сыздау. Екі аяқтының қолына түскен аңның бәрі осындай милауға айналатын шығар деген ой жылт етті. Атайы құлағын жымитып ұмсынды да атылып кетті. Астаң-кестең. Атайы шоқтыққа азуды көміп жіберіп сылқ етіп аунап түскенде, милау жануар еңсеріліп жүре берді. Үндемейді. Ебедейсіз дене шалқасынан аунағанда баға­надан бері нысанадан төмен болып жер сызып тұрған әукеге Атайының тісі қаптал ілінді. Темір қақпан сақ-сақ етіп екі қайшылағанда мидай толқыған жануардың жұлыны үзіліп сеспей қатты.
Сауранды ертіп екеуі тұмсықты қызылға жаңа батырғанда арт жақтан айғай шыққан. Атайы жалт бұрылып бірнеше екі аяқтыларды көрді. Біреуінің қолында таныс түтік.
− Кеттік! – деді Атайы.
Сауран мол қызылдан тағы бір қарпып бұрыла берді де шыр көбелек айналып отыра кетті.
− Алға! – деді Атайы өлекшінді санынан қауып алып. – Алға!
− Ерім! – деді сонда Сауран ентігіп. – Мені қалдыр да өзің кете бер. Мен жүре алмаймын. Мен… бұ дүниелік емеспін.
Түтік тағы атылды. Бұл жолы Атайының алдындағы топырақ бұрқ ете қалды.
− Бол енді, кет! – деді Сауран.
− Қош! – деді Атайы. Құйрықты бір бұлғаң еткізіп, жұлдыздай сор­ғалап жөнелді. Сол қашқаннан мол қашып талай елді мекеннен өтіп, ақырында Мұзғар тауына тірелген. Ойланбай жоғары тартты. Не болса да сонда жатып көрмек.

***

Маужырап шырт ұйқыда жат­қан жерінен шошып оянды. Маңай­дың бәрі тарс-тұрс, гүрс-гүрс. Осы қазір жер қақ айырылып кетердей. Қарғып тұрды. Екі аяқтылар. Ғасырлар бойы тұрған Мұзғардың шың-құздарын жарып құлатып жатыр. Ең соңғы тиянақ – Мұзғар­дың қар басқан ұшы. Атайы солай қарай салған. Шыңға шыққанда, алдынан қызарып таң да атты. Бұл қалжырап отыра кетті. Көңіл шар­шаған. Жүрек суыған. Барар жер қалмады. Басар тау қалмады. Қыза­рып атқан күннің шапағы көзкөрім жерді қолмен қойғандай анық көр­сетті. «Айналаның бәрі сонау көкжиекке дейін түтіндеген қала­лар… қалалар… қалалар. Шаршы жер, төрт тараптың бәрі қалалар… Өзен-көл, дария-теңіздер – бәрі сенің қолыңа көшкен. Сенің алып кемелерің жүзеді. Төңіректің бәрі жол… жол… жол. Әне, аспанда құс ұшып барады. Алып құс. Бірақ, тірі құс емес. Темірден жасалған. Сен жасаған темір құс. Ғарышқа қол созыпсың. Оны да аларсың-ау. Уа, Адам! Құдіреттісің. Биіксің. Созсам қолым жетпейді. Мына менің кішкентай ғана ақылыма сыймай­тын зорсың. Күнмен таласқан құзар шыңсың. Бірақ… бірақ етегі жоқ шыңды қайдан көрдің!
Жарлығың неткен қатты еді! Қара Орман қайда? Оны мекендеген қасиетті халық қайда? Жердегі жан-жәндіктің шыққан Отаны – Ұлы Дария ана. Сен де сол Дария ана­ның бір баласысың. Біздің бауы­рымызсың. Мейлі, жасы үлкен аға­мыз бол. Өз ұяластарыңды сон­ша неге қырдың? Осы зұлмат ер­тең өз басыңа тумасына кім кепіл?..
Қара Орманымды, қасиетті халқымды жоқ қылдың! Халқыммен бірге мен де өлдім. Сен жеңдің. Мен жеңілдім. Міне, тәж. Міне, тақ».
Төменге бір-ақ рет қараған. Сосын сонау көрінген қыртыс тасқа қарай бар пәрменімен атылды.

***

Дүниенің қызығы таусылған ба? Өзінің қалай аман қалғанын біл­мейді. Тасқа соғылды. Көзінің алды жарқ етті. Дүние қап-қара болып өшті. Өлуге тиіс еді. Өлмепті. Есін жиғанда әлдебір жанға жайлы төсеніште жатқанын көрді. Сүйек­тің бәрі сынған. Сырқырай ауы­рады. Үсті-бастың бәрі аппақ етіліп таңылған. Алдына қойылған әлде­бір шалапты алғашында ішпей қойған. Ақ киім киген екі аяқтылар­дың бірі дабырлап күліп кірді де, әлдебір нәрсені ашып, ішінен бір құралды алды. Оны басқа бір құралға орнатты. Ақыры сонысын алып кеп мұның санына тыз еткізіп пісіп алды.
Сәлден соң Атайы шалапты қалай сіміріп салғанын байқамай қалды. Көп күн өтіп оңалғаннан соң өлу әрекетін қайта жалғас­тырған. Өзі жатқан темір торға басын соқты. Зеңіп тұрып қалды. Тағы соқпақ болып ұмтыла берген­де, екі жағынан келіп қалған екі аяқтылар бұны мықтап тұрып байлап тастаған. Тіпті, буынып өле алмайсың. Денені әр жерден қайыс белбеумен шандып тастапты. Бұл аз болғандай үстіне бір ине жұтқандай ілмиген өлекшінді кіргізді. Қыр­сығып қарамай қойған.
Жаңағы ақ киімді кіріп келді де (бұрынғыдай дабырлап күліп кірді, Атайының жүрегі суып кетті) санына тағы бір нәрсені пісіп алған. Аздан кейін Атайы өлекшіннің жанына қалай жүгіріп барғанын өзі де білмей қалды. Бұларға дауа болмады. Әр нәрсеге дайындап қойған құралы бар. Атайы ақыры көнген. Мойынсұнған. Ештеңеге қарсыласпайды. Енді ештеңеге таң қалмайтын шығармын деп ойлаған. Бір күні бұлар жатқан темір торды мойны сорайған бір алып көтеріп алды да, жалдың үстімен жүйткитін пәлекетке тиеді. Арсыл-гүрсіл жүріс басталды. Үлкен шаһарға келді. Торды алдыңғы алыптың ағайыны болу керек – арбиған біреу көтеріп алды да, енді доңғалақты бір пәлекетке тиеді. «Доңғалақты» шаһардың ортасындағы үлкен қоршауға кірді. Тор көтеріліп, аспан­мен қалқып келіп тұғырға қондырылды. Көрші торда отырған мақлұққа көзі сонда түскен. Күді­рей­ген жал. Басында шашағы бар ұзын құйрық. Бір жерден көрген сияқты. Бұрылып, шалапқа бас қойғанда арт жақтан аңыраған дауыс шықты.
– Атайы! Уа, Атайы! Уа, шыққыр көзім нені көріп тұрсың! Ел қайда? Қара Орман қайда? Баяғы заман қайда? Елің қайда?
Жалт қараған Атайының төбе құйқасы шымырлап кетті. Көрші торда көзі боталаған… Бағыз арыс­тан. Екеуі шұрқырай көріскен. Өлтірмепті. Өлейін деп жатқан жерінен дәрі беріп тірілтіп алыпты. Көп бейіттің күлі көкке ұшқан. Бұны осында алып келген. Жанына бір қаншырды қосқан. Қара Орман егелерінің көбін көрдім деді Бағыз. Мамыт осында. Әнебіреу шеткі торда. Қазір ұйықтап жатқан шы­ғар. Қадырхан айдаһар да осында. Бөлек тұрады. Үлкен әйнек торда. Пәлен де осында. Түглен де осында. Бәрі де осында болып шықты.
Миы айналып, құсқысы келіп тұрған Атайы, − Ал… Сарқыт ше? – деген. – Сарқыт қайда?
Сарқыт та осында деген Бағыз. Біз тұратын хайуанаттар көрмесінде емес, әрине. Екі аяқтылармен бірге тұрады. Анда-санда екі аяқтылар­дың кішкене балаларын, әйелдерін ертіп келеді. Керіліп-созылып, есі­неп жүріп бәрімізді аралап шығады. Талтаңдап үйіне қайтады.

***

Балалар келіп қызықтайды. Үлкендер келіп қызықтайды. Шау тартқан кәрі қасқыр ешкімге назар аудармайды. Тек көк шыбындар мазаны алғанда ғана басын изейді. Құйрығын бір бұлғаң еткізеді. Күні-түні бас көтермей ұйықтайды. Тамақ келгенде ғана көзін ашады. Қайтадан ұйықтайды. Көрші тор­дағы арыстанды елемегеніне, оның мұны ұмытқанына қаншама жыл өтті десеңізші!
Тек анда-сана ғайыпта қалқып жүрген әлдебір елес санасын қарып өткенде, Қара Орман, қасиетті әулет есіне түскенде, өзінің патша екені есіне түскенде, Атайы ырыл­дап барып әбден мұқалған тістері­мен темір торды қажалайды, қай­тып келіп еш жазығы жоқ, бұйығып ұйықтап жатқан арса-арса кәрі өлекшінді талайды.

1979 жыл.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 11.02.2020 | 19:47

Таласбек гений ғой! Елі соны түсінбеді, түсінбесе өзі Атайы құсап кетедіауайай…

Аноним 11.02.2020 | 19:48

Таласбек гений ғой! Елі соны түсінбеді, түсінбесе өзі Атайы құсап кетедіауайай…
Төреғали Қазиев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір