БІРЕУГЕ ТАР ТІРШІЛІК, БІРЕУГЕ КЕҢ…

1
128 қаралды

Тұрмағанбет КЕНЖЕБАЕВ


* * *

Есепсіз өткен күндердің, қалқам, есесін
Қайтарсам деппін бекер шын.
Келмеске кеткен жастығың қалай өтелсін? –
Көнесің дағы, нетерсің?!.

Көктем де өтер, алыстап кеткен армандай,
Көңілге, жаным, жетер күз!..
Кеш ұқтық бәрін, айды аңсап жүріп аңғармай
Ақымақ болған екенбіз!..

Шаршадым

Сергелдең болдым сенделіп,
Сабылып босқа шаршадым.
Алдады арман, ақ үміт
Айналам тұнған сар сағым!..

Таусылды тағат-төзімім,
Қырқылды қиял-қанатым
Өтеусіз өткен өмірім
Қай жаққа кетіп барасың?..

Күндерім қайта оралмас,
Түндерім түнек жамылған…
Жүрегім мынау – жалаңаш,
Тірегім қайда табынған!..

Сенімнің сынып семсері,
Жігердің жүзі мұқалды.
Үзілді ме әлде жол шегі
Сөнді ме сезім шырағы?!.

Жеткізбес жүйрік уақыт,
Кеудеден қағып қарсы ағын…
Қажеті қанша жұбатып –
Шаршадым, жаным, шаршадым!..

Өткінші
Өткінші бәрі, бәрі де
Өткінші бақыт, бақ деген.
Алдамшы мынау өмірде
Өлімнен шындық жоқ бөтен!..

Өңмендеп, өктеп, өзеуреп
Жарқыным, босқа аптықпа!..
Даурығып сонша не керек –
Бір күндік аштық-тоқтыққа?!

Жанықпа, жаным, желігіп
Алдың – жар, артың – қара түн…
Дегбірің қашып, демігіп
Құдай-ау, қайда барасың?!

Жанарың жаудай арбасып,
Жағаға қолың жармасып,
Жүргенде көзді шел басып
Өмірің өтер сорлатып!..

…Жоғалтқан жарық, жылуын
Жүрегім – жамау, ой – құрау…
Онсыз да қысқа ғұмырдың
Қадірін білмей қойдық-ау!..

* * *

Қыз қуып, қызық қуып
Жоғалттым жылдарымды.
Жел қуып, желік қуып
Жоғалттым жырларымды!..

Сән қуып, сауық қуып
Өсірдім көңілімді…
…Бәрі енді жалықтырып
Өшірді-ау өмірімді!..

* * *

Өзімді өзім қамшылап
Өлетін болдым сен маған…
Сөнді ме сезім-шамшырақ
Семді ме мендік арман-ән?!.

Көшті ме өмір көктемі,
Өшті ме жүрек жалыны?..
Күрсінер көңіл – көк теңіз
Жоғалтқан жырын – дауылын!..

Кеудемді күдік кеулеген,
Көршеңгел қайғы жұлмалар.
Жанымды жырға шөлдеген
Жан бар ма нұрға бір малар?!.

Күн бар ма қайта нұр төгер,
Осы ма әлде жазымыш?!
Жүректі жалын-жыр себер
Өлтірер болды сағыныш!..
Жанардың тайып жарығы,
Санамды сары мүк басты.
Шаршатты мені сағыныш –
Сағыныш мені шаршатты!..

Сезімсіз жүрек – сергелдең,
Сенімсіз өмір өмір ме?!.
Жаралы жаным тербелген
Қайықтай дүлей теңізде!..

КӨҢІЛСІЗ СӘТ

Кең дүние-ай, көп пе еді қиянатың?..
Қиянаттан жерім жоқ сыя алатын.
Мынау құнсыз өмірдің құны қазір
Насыбайдың құнындай бір-ақ атым!..

Көп екен ғой көргеннен көрмегенім,
Көп екен ғой бергеннен бермегенім.
Сен емес боп шықты да сен дегенім –
Мен емес боп шыққандай мен дегенім…
… Көп екен ғой, құдай-ау, көрмегенім!..

Көп екен ғой татқаннан татпағаным,
Көп екен ғой тапқаннан таппағаным.
Мынау тұман тіршілік қазір маған
Жасырынбақ ойнындай жас баланың!..

ШАБЫТСЫЗ ШАҚ

… Жалыны сөніп сезімнің,
Арылған майдай тортасы
Айтайын деген сөзіңнің
Аузыңнан шығар қаңқасы.

Көбелек-көңіл гүл қуған,
Талпынып қанат қағады…
Жеткізбей судай сырғыған
Күндерім кетіп барады.
Жарықсыз, нұрсыз құр кеуде
Меңіреу, мылқау табыттай…
Ұстатпай қойды-ау бұл неме
Тереңдегі алтын балықтай!..

Жалтара қашып құйын күн,
Жанымды салды азапқа.
… Толғағы қатты жырымның –
Қуаныш па, әлде, мазақ па?!.

Жүрек

Жатса да шаттық сәулесін сеуіп,
Жастықтың жалынды әнімен.
Жетеді апат белгісі келіп
Жүректің тамырларымен.

Жатса да бақыт шапағын шашып,
Арайлы армандарымен…
Уақыт уын жатады тасып
Жүректің арналарымен.
Күн – өмір жанның жарасын мәңгі
Жазса да шуақтарымен.
Ағады қайғы қара сулары
Жүректің бұлақтарымен.

Сарқылып сенім, арманың алдап
Күн көзін жұмбағанымен.
Тіршілік түнін жатады жалғап
Жүректің жылғаларымен.

Жастықтың жалын – алауы сөніп,
Төзімің таланғанымен.
Жетеді өмір хабары келіп
Жүректің тарамдарымен.

Өмірдің барлық сырлары келіп,
Кеудеме қаланғанымен…
Тарайды қайта жырларым болып
Жүректің каналдарымен!..

* * *

… Қарағым-ай!..
Қарашы бұл өмірдің мазағын-ай!..
Біреуге тар тіршілік біреуге кең
Білмедім, неге бұлай?!.

Жарығым-ай!..
Жаратқанның қайтесің жазуын-ай?!.
Қақпақыл ғып кебектей електегі
Лақтырған тағы былай!..

Қанатым-ай!..
Айырылып аққудың баласындай…
Алыстадың – ақыры кім біліпті
Боларын тап осындай!..

Қарағым-ай!..
Не қыларсың өмірдің мазағын-ай?!.
Біреуге кең тіршілік біреуге тар
Білдің бе, неге бұлай?!.

* * *

Қаламымның ұшынан қаным тамып,
Қаным тамып, құмарым, жаным қанып
Бір жыр жазсам, содан соң өкінбес ем –
Өкінбес ем кетсе де барымды алып!..

Тірлік біткен жеңілер түбі өлімге,
Сұрарым тек сол ғана – тілерім де…
Бір-ақ өлең, жыр құмар бар қазақтың
Мәңгі-бақи қалатын жүрегінде!..

Қаламымның ұшынан қан тамызып,
Кең далама қалғыған ән салғызып
Бір жыр жазсам, шіркін-ай, бар ақынды
Бұл кім өзі дейтұғын таң қалдырып!..

… Содан кейін!..

Тірі жанбыз
… Тырбанған тірі жанбыз!
Тірлікті де түбі ақыр ұғынармыз.
Білте шамға жиналған көбелектей
Жарығына өмірдің жылынармыз!..
… Өйткені – тірі жанбыз!..

Әзірге тірі жанбыз…
Әлі талай сүрініп, жығылармыз!..
Тәуба қылып содан соң тіршіліктің
Құшағына қайтадан тығылармыз!..
… Себебі – тірі жанбыз!..

Біз деген тірі жанбыз!..
Құмартамыз сондықтан, қызығамыз…
Адасамыз жетпеске жетпек болып
Таласамыз – тағы да ұрынамыз!..
… Ақыры жығылармыз!..

Тырбанған тірі жанбыз!..
Тірі жанның ертеңгі күні қарыз…
Ертелі-кеш пенденің бұл өмірге
Неге келгендігін де ұғынармыз!..
… Өйткені – тірі жанбыз!..


Ризамын

Ризамын Тәңірдің бергеніне,
Тіршілікке келгенім – көргеніме!..
Кеткен аз ба көз жұмып жөргегінде,
Өткен аз ба айналып ермегіне!?.

Разымын тағдырым – талайыма,
Жүгіргем жоқ тірліктің оңайына…
Жығылмадым күштінің қолайына,
Жәрдем еттім әлсіздің талайына!..

Жаратқанға мың алғыс сезім берген,
Жырласын деп өмірді көзім көрген…
Сұрасын деп езіліп, егілгеннен
Сақтасын тек тасынып, төгілгеннен!..

Ризамын, Тәңірге, разымын!..
Нұрын төгіп тіршілік шырағының,
Нәрін беріп ұлы өмір бұлағының,
Қанатынан ұстатқан пырағының!..

Разымын бәріне, ризамын!..
Тәубе етемін Тәңірге – сиынамын!..
…Өз кеудемде тұрғанда шыбын жаным
Көрсем болды өмірдің бұйырғанын!..

Қайран жастық
… Қайран, Жастық, жасындай жанып-өшкен!..
Өте шықтың жұлдыздай ағып өткен…
Құлазыған көңілдің гүлзар бағы
Қазан ұрған ағаштай сәні кеткен!..

Қайран, Жастық!.. Өмірдің сәні ме едің?!.
Сәні ме едің, әні ме ең, мәні ме едің?..
Сырласымдай көруші ем мына әлемді –
Қимасымдай болушы ед бәрі менің!..

Қайран, Жастық!.. Келмеске кеткенің бе?..
Кеткенің бе, шынымен өткенің бе?!
Көктемімді ұрлады ұры уақыт
Көз жеткізіп күздің де жетпегіне!..

Қайран, Жастық, қайтейін, қош бол енді!..
Бекер ме еді барлығы, босқа ма еді?!
… Білмеймін батамын ба, қаламын ба –
Ұстаған адамдаймын қос кемені!..

1 пікір

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.