ЖАЛҒЫЗДЫҚ ФЕНОМЕНІ
06.08.2018
13375
0

Осы бір жұмбақ әрі көпқырлы құбылыс бұрыннан бар болғанмен, оған деген көзқарас әртүрлі. Біреулер оны теріс құбылыс, жамандық деп біржақты қабылдауға бейім, ал екіншілері жалғыздық адам үшін қалыпты жағдай, оның пайдасы көп дейді. Дегенмен, қазақ жалғыздықты жек көреді, себебі «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан», «Жалғыздың аты шықпас, жаяудың шаңы шықпас», «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас», т.с.с. Иә, Абай атамыз айтатындай: «Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында. Дүниеде бар жаман да көпте, бірақ қызық та, ермек те көпте. Бастапқыға кім шыдайды? Соңғыға кім азбайды?» (37-сөз).


Бірақ, жалғыздықты игілік санайтындар да бар. Олар әрбір адам өз еркімен бір уақыт жалғыз қалып, өзімен өзі тереңдеп ойға шомуы қажет дейді. Бұлайша жалғыздықты қалау өзгелерден оқшаулануға, даралануға ұмтылудың бір түрі болуы да мүмкін.
Ал, үшінші көзқарас жалғыздық адам бол­мысының бір бөлшегі, қаласа да қаламаса да әр адам бұдан қашып құтыла алмайды деген пікірге кеп саяды. Біз жалғыз болып тудық, жалғыз өлеміз, бұған көну керек, тіпті ең жақын адамыңның өзімен толық үйлесім табу мүмкін емес. Жеке басыңа түскен азап­ты жүгіңді басқа біреуге артып қоюға бол­май­ды, оны тек өзің көтеруге міндеттісің.
Тегінде, рухани биікке көтерілген сайын, адамның жан-жағында өзін түсінетін адам­дар азая береді. Мұндай феноменді жал­ғыздық деуден гөрі, жалқылық, даралық де­ген жөн сияқты. Әлбетте, даралық та жал­ғыздықтың бір түрі, бірақ ол негізінен сол адамның өз қалауымен болады және ол одан ләззат, шабыт алуы мүмкін. Қай дәуірде болмасын, өз ортасынан ерекшеленіп туған адамдар әулие, данышпан, ойшыл, атақты ға­лым, т.с.с. ұлы адамдардың өмірі осылай өткені тарихтан белгілі. Данышпан адам үшін айналасынан оқшаулану, ай­на­ласынан безіну, жалғыз қалу – рухани ке­мелденудің, өзін-өзі жетілдірудің, өз бойын­дағы бүкіл қабілетті толық жүзеге асырудың бір шарты. Адамзат қоғамын алға жетелеген бүкіл жаңалық атаулы соны ойлап тапқан адамның жалғыз қалып, жайлылықта ой кешкен шабытты сәтінде дүниеге келген. «Ғылым көпке келген жоқ, бірден тарады» (Абай). Бұл үшін ол күнделікті күйкі тірші­лік­тен, оның кейбір қызығынан (қалыпты адам­дар үшін қызық саналатын) бас тар­тады, болмыс-бітімін жалғыздықпен үйлес­тіре өмір кешеді. Оның айналамен қарым-қатынасының дәнекері, адамдармен, тір­шілікпен байланыстырушы құбылыс – шығармалары, ғылыми жаңалығы, еңбегінің нә­тижесі. Демек, дана адам жалғыз болса да, сол болмысымен-ақ бүкіл адаммен бір­тұ­тас ғұмыр кешеді, адамзатқа қызмет етеді.
«Мен кіммін? Мен не үшін бармын? Кім үшін өмір сүрем?». Адам жалғыз қалған кез­де ғана өзіне осы сұрақтарды қоя алады жә­­не бұл үшін адам белгілі бір рухани дең­гейге жету керек. Адам өмірінің мәселесі, өмір­дің құпиясы мен тылсымдығы, өз «ме­нінің» ар жағынан бүкіл адамзатты көру – дара туғандардың еншісі. Осындай фи­ло­софиялық тұрғыдағы жалғыздық фе­но­мені – өзінің ішкі әлеміне үңілудің тәсілі, өзін табуы, тануы. Бұл негізінен кемел адамдар үшін қажетті және маңызды қасиет, ішкі еркіндіктің өлшемі. Дарынды адамның жал­ғыздығы шығармашылыққа қуат береді, айналамен өзара қатынасына игі әсер етеді. Жалпы, трансцендентализм өкілдері интел­лектуалдық оқшаулану идеясын қолдайды, тұлғаның шығармашыл күштерін белсенді ету үшін жалғыздықты таңдауын мақұлдай­ды.
Данышпан адамдар жалғыздық сәтін жиі бастан кешу арқылы тұлғаға айналады, оның қайталанбас, ерекше қасиеттері дами түседі. Бұл – рухани тереңдік белгісі. Өзінің физикалық жаратылысынан көтерілуге ұм­тылу, пенделікке сыни көзқарас оны өз­гер­туге итермелейді, мысалы, аскетизм – адам­ның тәни қажеттіліктерінен биік тұруы, пенделікке бас имеуі – рухани өсудің көрі­нісі. Бұл, әсіресе, діни тәжірибеде жиі кез­де­седі, айталық, Қожа Ахмет Яссауидің өмір­дің мәнін нәпсіні тыйып, рухани таза­лық пен ақиқат құндылықтардан іздегені мә­лім. Ол өзінің адамдық қадірін терең тү­сі­ніп, парасаттылық пен кемелдік мәрте­бесіне жету үшін ғаріптікті таңдады.
Қазақ «Жалғыздық Құдайға ғана жарас­қан» дейді. Тура мағынасына салсақ, талант­ты адамдарды Құдайға теңеу жиі кездеседі («Поэт, ты – царь. Живи один..». Пушкин). Бұл олардың ұлылығын, өзгелерге ұқсамас даралығын, ерекшелігін мойындау. Нағыз та­ланттар қай кезде де жалғыз. Абай Құнан­бай­ұлы «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым – тап шыным» десе, ғұмырының соңғы жылдарын жалғыздықты серік етіп өт­кізген Шәкәрім: «Қауымнан қаштым қағылып, Оңаша өмір сағынып, Жасымда біт­кен тағылық, Осы екен ғой асыл да. Ойға оңа­ша жер керек» деуі жаратылысындағы жал­ғыздықпен үйлесім тапқан жанының, сы­ры терең болмысының ерекшелігін, өз­геге ұқсамайтынын көрсетеді.
Осылайша, адамның өзімен-өзі тілдесе білуі, жалғыздықты дұрыс қабылдай білуі са­налы, кемеліне келген оқшаулану және бұл тұлғаға тән қасиет. Тұлғаға айналған адам­ның өзімен өзі қалуы, тілдесуінің мән-ма­ғынасы бар, ол үрейден мүлде аулақ, тіпті оның жаны жалғыздықтан жайлылық се­зеді. Бұл оның ерікті қалауы. Ал, жалғыз қалу қорқынышқа, ішкі қайшылыққа алып келсе, онда мұндай адамның жалғыз қалуы өзі үшін қауіпті.
Жалғыздықтан қашып, арзан, жалған қы­зықшылықтарға – ішімдік, құмар ойын­дары, нәпсі қалауы, т.с.с. беріліп кететіндер де осы қатардан шығады. Өз ойларымен оңа­ша қалудан қорқатын адамдар жалғыз­дық­тан қашу үшін ойын-сауық іздейді. Пас­каль тіпті соғысты, авантюраларды да адам­дар белгілі бір мақсатқа жету үшін жасамайды, бұл өзінен-өзі қашудың белгісі дейді. Сондай-ақ, суицидке баратындардың көбісі әлеуметтік жалғыздық дерті басына түскен адамдар.
Кейбір адамдар өзінің ерекше екендігін әсер­леп, өзін жоғары бағалап, дарындылы­ғын өз санасында жасап алып, басқа әлем­нен әдейі бөлектенуді құп көреді. Ондай адам­дар жақсы көру, сүю, жаны ашу сезім­дерінен ада, менмен, тәкаппар келеді. Оның бойында мекерлік, екіжүзділік пайда бола­ды, кәдімгі отбасы-ошағы бар жандарды, достары көп адамдарды түсінбейді, оларға іштей қызғана қарайды, бірақ, сырттай мойындамайды. Мұндай жалғыздық – адамның осы дүниедегі өз орны мен өмірінің мәнін жете түсінбеуі, айнала әлеммен үйле­сімге келе алмауын білдіреді. Әрине, әрбір адам өз іс-әрекетін өзі дербес таңдауға қа­қы­лы, өз таңдауы үшін өзі жауапты. Десек те, оқшаулану, басқа адамдармен қатынастан өз еркімен қашу, көбінесе өзінің жеке ба­сына ғана көңіл бөлу, нарциссизм – әлеу­меттік-психологиялық дерттің, жал­ғыз­дық­тың аномияға айналуының көрінісі.
Кейде «мен жалғыз емеспін» деп, өзін өзі алдау, иллюзиямен өмір сүру жиі кез­де­седі. Ал бұл бала кезіндегі зәбір-жападан, кем­сітушіліктен қорғану механизмі ретінде пай­да болуы да мүмкін. Оның емі – жалғыз қал­ғаныңды мойындап, мінез-құлқыңды, ай­наламен қарым-қатынасыңды түзеуге тал­пыну, жалпыға тән қасиеттерді меңгеріп, топ­пен бірге тірлік кешуге дағдылану. Топқа сіңіс­е алмаған адам жалғыздықты, демек, ер­кіндікті таңдап, саяқ өмір сүруге келіседі. Алай­да, онсыз да әрбір адамның ерекше, қай­таланбайтын жан иесі екенін ескерсек, көп­тен бөлектенбей, бірге өмір сүру, отба­сын құру, қартайғанда балалары мен неме­ре­лерінің ортасында отыру, жақын достары болу­дың өзі бақыт екенін тым кеш түсі­нетіндер де бар.
Жалғыздық – қазіргі ХХІ ғасырдың дер­ті, әсіресе, ол урбандалған, дамыған елдерге тән құбылыс. Миллиондаған тұрғыны бар қалада тұрып та адам өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Бүгінгі қоғамдағы жалғыздықтың те­реңдей түсуіне ықпал ететін себептер көп: біркелкі стандартталған өмір, интеллектуал­дық деградация, айналадағы адамдармен байланыстың әлсіреуі, яғни, қарбалас тір­лік, жұмысбастылық, уақыт-ақша ритмі жә­не т.с.с. Тіпті, «ғаламтордағы өмір» деген тү­сінік пайда болды. Достарың да виртуал­ды, қарым-қатынастың бәрі интернет ар­қылы жасалады, әлеуметтік желі – ой-пі­кіріңді бөлісетін басты орын. Бұрынғыдай ба­рыс-келіс, аралас-құраластық, шын мә­нін­де сиреп барады. Достарыңмен, туыс­тарыңмен, тіпті бірге тұратын ең жақын адам­­­дарыңмен байланыс шектеулі. Бұл үрдіс заманауи қоғамның жаңа проблемасын туғызды – индивидуализмге орын жоқ, мұнда әлеуметтік стереотиптер кең тарал­ған, адам социумда өзімен бірдей, өзінен ау­майтын, құндылықтары ұқсас адамдар ара­сында өзін жалғыз сезінеді. Мұның соңы не­ге апарып соғарын дәл болжау қиын.
Осылайша, жалғыздық феноменінің қы­ры мен сырын тізбелеуіміз тегін емес. Мұ­ның бәрі нақты адамның өмірге қана­ғат­танбауының себептеріне үңілуге, осындай ауыр жан жағдайынан шығуға тырысуына көмектеседі. Салдарды жою үшін алдымен оның себебін білу керек. Әйтпесе, жалғыз­дық­тың салдары ауыр – тұлғаның күйзеліске түсуі, депрессия, суицидке бару, экзистен­циал­дық вакуум, қоғамға қарсы мінез-құ­лық көрсету. Тіпті, демографиялық зияны да барын жоққа шығаруға болмайды.
Иә, адам жалғыз туады, жалғыз өледі, ой-пікірі, сезімі, шешім қабылдауы, – өзіне ғана тән, сол үшін де ол жалғыз. Әрқай­сы­мыз­дың сырт көзден таса, ешкім білмейтін же­ке әлеміміз бар. Ол біздің жанымыздың тым терең түкпірінде жасырынып жатыр. Кей-кейде өзіңмен-өзің оңаша қалып, сол түк­пірге үңілгенді ұнатасың. Бірақ, бәрібір де адам толық жалғыздық жағдайында өмір сү­ре алмайды, ол – қоғамдық жаратылыс иесі. Достық, махаббат, қарым-қатынас іс­петті қоғамдық өмірдің басты құндылықтары адам өмірінің мән-мағынасын құрайды. Адам өзінің әлеуметтік табиғи тілектеріне орай ұжымда, қауымда өмір сүруге ұмты­лады, оның іс-әрекеті мен санасы да соған сәйкестенеді, бұл қоғам үшін де пайдалы. Ал, жалғыздық феноменінің мәніне терең бойлау, түсіну – оның жағымды жағын қа­был­дап, теріс салдарын жоюға, жалғызбасты күн кешудің әдетке, өмір салтына айналып кетпеуіне ықпал етеді.

(Жалғыздық – грекше phainomenon – «құ­былыс», болған, бар нәрсе, яғни, айрық­ша, сирек оқиға немесе ерекше қасиеттерге ие адам дегенді білдіреді).

Дина ИМАНБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір