СҮГІРДІҢ САҢЛАҚ СЕРІГІ
06.08.2018
2006
1

Сүгір күйлерінің уызын емген, тума талант Ергентай Борсабаев есімі бүгінде көмескіленіп барады. Ол ұлттық мақтанышқа айналған күйшілердің ішіндегі ерекше қолтаңбаға ие болған дара композитор, күйші Сүгір Әліұлының сирек те саңлақ шәкірттерінің бірі еді. Сөз жоқ, сирек Сүгір шертпе күйдің негізін қалады, импровизациялық үрдістің классикалық үлгісін жасады, музыка тілін өзінше әрледі, қазақ сахарасына бұрын-соңды естілмеген жаңа ырғақ әкелді. Саңлақ суреткер салған «суреттерді» санасында саңылауы бар адам тебіренбей тыңдамауы мүмкін емес-ті. Тіпті, оның орындау шеберлігі, күй тілінің ерекше иірімдері, қайталанбас қайырмалары, діңкеңді құртар дірілдері үлкен бір академия болатын.


Міне, осы Сүгір күйлерінің нәзік иірімдерін, әуенінің ырғақтық, тақырыптық даму өзгерістерін мей­лінше дәл қайталай білу екінің бірінің қолынан келмес еді. Дом­быра ішегін асты-үстіне кезек қа­ғып, керек тұсында перделерді сезімтал саусақтармен қоса қабат басып, мың-сан тәтті ызыңдар өрнектеп, күйді сәт сайын түрлендіре түсіп орындау асқан шеберлікті қажет етеді. Осы ретте сирек шәкірт Ергентай Борсабаевтың Сүгір салған соқпақтың сүрлеуімен жаңылыспай жүре алғанына тәнті қаласыз. Мәселе Сүгірдейін саңлақтың ше­бер­лік­терін дәлме-дәл қайталай білуде, күйдің көркемдік кескінін келістіре кестелеуінде жатыр.
Бұл ретте әр саланың төл ма­манынан «тіл» тартқан ләзім. Белгілі музыка зерттеушісі, профессор Біләл Ысқақовты тыңдап көрелік. «Импровизаторлық негізде дамитын күй әуенінің саздық жүйесінің көп өзгеріске түспей, тұрақты шығар­ма­шылық қалпын сақтап орындалуы және оның біртұтас көркем туынды ретінде қалыптасуына орындау­шы­ның қосар үлесі зор болады. Қолдан қолға өтіп, ұстаздан шәкіртке қала­тын күй болмысының шәкірттер қолында қайта сомдалып, сақталып қалуымен қатар, керісінше шеберлігі шыңдалмаған шәкірт қолынан озық туындының өзі көркемдігінен айы­ры­лып, біртіндеп жоғалып кетеді. Сондықтан болар Сүгір күйлерінің ғұмыры Ергентай атты талантты шә­кір­тінің қолынан қайта түлеп, одан әрі ұзара түскен. Ергентайдың орын­дауындағы Сүгірдің «Жолау­шының жолды қоңыры», «Бес жорға», «Ың­ғай төк», «Шалқыма» күйлері басқа орындаушыларға қарағанда айтар­лық­тай дамып, өзгермейтін тұрақты қалпын сақтаған. Әсіресе, «Бес жорғаның» Ергентай қолындағы нұс­қасы тың әдістермен әуендік бө­лім­дерге өте бай. Ергентай күйшінің орындаушылық шеберлігінде кәсіби деңгейге жеткен, өзіндік қолданысы қалыптасқан, жүйесі берік көр­кем­дік ағынды байқаймыз» дейді ол. Бұдан әрі айта келіп, күй саласы­ның білгір маманы Біләл Ысқақов «Күй өнері – ешбір халықта жоқ, шежірелік өнер қазынасы. Ал,Ергентай Борса­баев – дәстүрлі күйшілік өнердің соңғы могиканы» деп түйіндейді. Кезінде профессор Қаршыға Ахме­дия­ров «Ергентай Борсабаев арнау­лы оқу орнын бітірмесе де тартысы-әлемдік дәстүрлі классикалық үлгі. Өзіндік орындаушылық қолтаңбасы бар» деп әділ бағасын беріпті.
Осындай пікірді КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов те білдіріпті. Белгілі өнер қайраткері орындаушымен дәмдес болғанын айта келіп, Ергентайдың домбыра тарту шеберлігіне қайран қалады. Белгілі композитор, про­фес­сор Кенжебек Күмісбеков кезін­де «Қазақ күй өнерінде әуендік таби­ғаты мен құрылымдық болмысы бөлектеу бір саласы бар – ол Қаратау өңірінің күйшілік мектебі» деп жазды.
Иә,Созақ сахарасы өнер өрін­дегі, оның ішінде домбыра тартудағы хас шеберлерге кенде болмаған. Сондықтан да заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов «Созаққа барсаң күй­ші­мін деме» деген сөзді тегін айтпаса керек.
Сүгірдің саңлақ шәкірттерінің бірегейі Ергентай ағаны мен оның Созақ аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі болып еңбек етіп жүргенінде кезіктіріп, талай рет дәмдес-тұздас болдым.
– Әкем Борсабай елге сыйлы, өт­кен ғасырдың аласапыран, кол­лек­тивтендіру, колхоздастыру кезін­де белсене еңбек сіңірген, соның нәтижесінде ауылдық кеңестің төрағасы болған кісі еді. Ол Созақ көтерілісінің куәгері. Ашаршылық­ты да бастан өткерді. Ұлы Отан соғысы кезінде ауыл тұрмысын көтеруге көп еңбек сіңірді. Ал, мен ауылдық кеңестің хатшылығынан ұзамадым. Одан соң кеңшардағы дүкенде сатушы болып жұмыс істедім. Өнерімнің арқасында авто-к­луб меңгерушісі болдым, – дегені есімде қалыпты.
Жұқалтаң келген, қалқан құ­лақ,шегір көзді, шоқша сақалды Ергентай ағаны кездестірген сайын одан Сүгір жайлы сұрайтынмын. Ал,1999 жылдың қараша айында полиция ардагері Байғара Үдербаев Шымкент қаласында тұратын Ер­гентай ағаның үйіне ертіп келді. Біз ұзақ әңгімелестік. Көп әңгіме ай­тылды. Ерекеңнің Құдай қосқан қосағы Төребике қайтыс болып, шөгіп-ақ қалған кезі екен. Сонда да еңсесі биік, бізге сыр алдырған жоқ. Құндақтағы домбырасын алып, Ықыластың, Сүгірдің бірнеше күйін шертті.
– Сүкең жарықтық жаңылмай, талмай сексен бес күйін тартушы еді. Ол кісідей болу бізге қайда? – деп бір қойды.
Ұмытпасам, Ерекең автоклуб меңгерушісі болып жиырма жылдай еңбек етті. Талай рет іс-тәжірибесін газетке жаздық. Екінші тың ерлеріне мәдени қызмет көрсетіп жүргенін дәріптедік. Алайда, балалық ауылы­нан ұзай алмадық па әлде шалалық па, ағаның шәкірттік жолы жөнінде кең көсіліп, сыр бөлісе алмаппыз. Міне, енді, соның реті оңынан келіп тұр. Бұл мүмкіндікті бос жібермеу керектігін түсіндім.
Қос қанатының бірі-қосағынан айырылған ағаның ендігі көңіл тол­қынын басары, оңашада мұңын ақта­рып сырласары-кәрі серігі дом­бырасы екенін пайымдадым.
– Бабаларымыз «орта жолда атың өлмесін, орта жаста қатының өлмесін» деп бекер айтпаған. Бала мен келіннің өз тірлігі жетеді, кәрі серігім домбыраны қайта қолға алған жайым бар,-деп бізге қарады.
Біз домбырашының шешілуін тостық. Ол ұзақ күттірген жоқ. Қоз­ғалақтап қойып әңгімесін бастады.
– Біз Сүкеңмен Жайылма деген жерде іргелес отырдық. Менің әкем Борсабай Рахметов №12 ауылда, яғни, «Қызыл ту» колхозында ауыл­дық кеңестің төрағасы еді. Оның үстіне Сүгірдің әкесі Әлі мен біздің Рахмет аталарымыз көңілдері жақын ағайынды кісілер болған.
Сүкең біздің үйге жиі келеді. Ол келгенде әкем алдына домбыра әке­ліп қояды. Сүкең домбыраны бап­тап, шертіп тартады. Оған сабалап тарту жат. Керемет ызыңдар бой- бойымызды аралап өтіп, буын-буынымызға дейін майдай ерітеді. Мен күй таусылмаса, Сүкең тарта түссе екен деп жатамын. Сүкең күйді селқос тыңдап отырған жанды аңғарса, домбырасын тастай салады. Біз қыбыр етпей ұйып тыңдауға тырысамыз. Оның үстіне Сүкең күй тарт­қанда дем шығару қайда? Тіп­тен, мал екеш мал да күйсегенін қойып, күйге елітіп қалғандай тым-ты­рыс бола қалушы еді.
– Мына Ергентайым сенің күй­ле­ріңді ұйып тыңдайды. Осыған күй тартуды үйретсеңші, – дейді әкем Сүкеңе.
– Әлі жас қой, бұған домбыра үйрену қайда? – деп Сүкең қыңы­райып қалады.
Сол Сүкең кейде киіз үйде дом­бы­раны бір өзі отырып тартады. Домбыраның қос ішегі бебеу қағып, небір әуезді әуенді мың құбылтады. Мұндайда үйге кіріп келсеңіз, атақ­ты күйші домбырасын шанағынан қақ бөліп, үйден шыға жөнелуден тайынбайды. Сонысын білетін біз күйді киіз үйдің сыртынан тыңдай­мыз. Мен де осылай тыңдап жүріп көптеген күйлерін өзімше үйреніп алдым.
Иә, Сүкең шікәмшіл еді. Күйле­рін бұзып тартқан адамды жаны сүймейтін. Біз оның ыңғайын тауып үйрендік. Алдынан кесе-көлденең өткеніміз жоқ. Ағайын әрі аралас-құралас болған соң ба, Сүкеңнің маған ықыласы ауды. Оның кербез де көркем күйлерін кідіртпей, жаңылмай тартуға талпынушы едім, – деп бір тоқтады Ергентай аға.
Мұнан соң ол Сүгірдің Үшкөкше құмында лағын жоғалтып, желмаяға мінген жұмбақ жолаушыны қалай кезіктіргенін, атаның оған домбыра сыйлап кеткенін өз ауызынан естіге­нін айтып берді. Тағы бір елең ет­кізері – Сүгірдің Ұлытаудағы Мафруза қызбен домбырада күй сайысына қалай түскенін ұлы сазгердің өз аузынан естуі еді.
– «Әттең, Мафрузаға үйлене ал­мадым. Сөйтіп, екі әруаққа шейіт болдым. Құдай маған ұл перзент бермеді» деп мұңайып отырушы еді жарықтық, – деп Ергентай аға сөзін сабақтады, – Соған қарағанда «Тел­қоңыр» – Мафрузаның күйі. Сон­дай-ақ «Жолаушының жолды қоңы­ры», «Ыңғайтөкпе» күйлері де Маф­­рузаның күйлері болуы мүмкін. Осы күйлерді Сүкең өле-өлгенше тартып кетті. Жұрт оларды Сүгірдің күйлері деп тартады.Солай шы­рағым, күйдің кейде осылай ауысып жүретіні де болады. Ал, Мафруза аты кейін аталмай кетті. Сүгір күйші осыған налып өтті ме екен?
Менің есіме кезінде Төлеген Мом­бековтің төл туындыларына талас болғаны түскен. Сонда біреу­лер Төлегеннің кей күйлерін Сүгірге апарып теліп еді. Осы дауға терең де тылсым Тәкен аға араласып, Төле­геннің күйлерін өзіне қайтартып бергізген.
– Сүгір күйші сараң болған деседі. Бұл жөнінде не айтасыз? – деп Ергентай ағаны сөзге тарта түстім.
– Сүкеңнің сондай бір кілт, шікәмшіл мінезі болушы еді. Менің он төрт-он бес жасқа келіп қалған кезім. Киіз үйдің іргесінен тыңдап жүріп, Сүкеңнің біраз күйлерін үйреніп алған кезім. Бірде Сүгір көкем үйге келді. Әкем Борсабай:
– Мына жаман неме сенің біраз күйлеріңді домбырада тартатын болып жүр. Батаңды бер, – деді.
-Қане, онда тартсыншы, – деді Сүкең.
Мен оның біраз күйін бірінен соң бірін төгілдіре жөнелдім. Сүкең тыңдап отырды да: «Мына қалқан құлақ сары қайтеді-ей. Күйлерімнің бәрін үйреніп алыпты ғой» деп сүйсінді. Бірақ батасын берген жоқ. Содан кейін ол мен отырған жерде күй тартпайтын болды.
Тағы бірде мынадай оқиға бол­ды. 1955-1956 жылдардың бірі еді. Алматыдан Жаппас Қаламбаев мені арнайы іздеп келіп, «Сүкеңе мені алып баршы» деді. Сүкеңдер «Талап­ты» колхозында жүгері егіп отырған. Жаппас екеуіміз жүгерілік басын­дағы үйіне түстік. Сүкең шешілді. Жаппас аға тор дәптеріне әлдебір нүктелерді түсіріп отырған. Дәптерге нүкте түсіру жиіледі. «Мұнысы несі?» деп аң-таң қалып отырған­мын. Әлден соң Жаппас аға қобызын қолына алды. Жаңа ғана Сүгір көкем тартып отырған «Тоғыз тарау», «Шал­қыма», «Бес жорға», «Тел­қоңыр», «Ыңғайтөкпе», тағы басқа да күйлері қыл қобызда мың сан үнмен құбылсын келіп. Сүгір көкем аң-таң.
– Ау, қайдан ғана тез үйреніп ала қойдың? – деді Жаппастың қолын­дағы дәптерге қарап.
– Міне, мына нотаға күйлеріңізді түсіріп алдым, – деді сонда Жаппас.
Сүгір көкем сазарып отырып қалды да «Енді саған күй үйретпей­мін» деп орнынан тұрып кетті. Біз нота дегеннің не екенін сонда ғана білдік.
Мен Ынтымақ ауылынан «Тас­ты» кеңшарына 1959 жылы көштім. Екі жылдан соң, яғни, 1961 жылы ауылға келсем, 97 жастағы Сүгір кө­кем кәдімгідей қалжырап қалған екен. Ол өмірінің соңғы жылдарын Созақта тұратын күйеу баласы (Ұл­баланың күйеуі) Айтбайдың үйін­де өткізді. Сол жылы көкем қайтпастың кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне кете барды. Жүрегім қан жылап қала бердім.
Жарықтық «күнәһар боламын» деп суретке түспеуші еді. Қыр мұ­рын­ды, ашаң келген сұлу кісі бола­тын. 1941 жылы Ұлбала атты қызы­ның күйеуі Айтбай Қауқанов атасы намаз оқып отырған кезінде бір қырынан суретке түсіріп алған-ды. Кесенесінің басына ілінген және газет-журналдарда жарияланып жүрген сурет осы. Басқа суретін мен көр­генім жоқ, – деп Ергентай аға қымыз толы керден кесеге қолын созды.
Артынша көңілденіп, дуалға сүйеулі тұрған домбырасына қол созды. Жетпістің жотасына көтеріл­ген Ерекең ұстазының күйлерін тартуға сараңдық танытқан жоқ. Екі ішектің асты-үстін бірдей алып, дом­быраны саусақпен шертіп отыр­ды. Шебер саусақтар сылқым домбыраның төсінде еркін ойнақ­шып, бірде шанақтан, бірде сағадан шалып, шымшып, толғап, ерсілі-қарсылы шертіп, сансыз ызыңды қырық құбылтты.
Жетпіске аяқ басқан шағында Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының шақыруымен Ергентай кездесуге келеді.Қаршыға Ахмедияров, Біләл Ысқақов, Уәли Бекенов Ерекеңнің күйлерін тыңдап, оған «Дала акаде­мигі» деген ат береді. Студенттер Сүгір шығармасына байланысты осы кезге дейін белгісіз болып кел­ген астарлы да қызық әңгімеге қаны­ғады. Студенттер Ықыластың, Сүгірдің күйлерінің шығу тарихын егжей-тегжей сұрастырып біледі. Даланың даңғайыр дана шалы көсіледі сонда. Одан мұны күтпеген жастар таң-тамаша қалады. Негізінен табиғат Ерген­тай­дың бойына күйшіліктен бөлек, термешілік, ақындық та қасиет берген ғой. Кезінде келіні Шахизада атасының өлең-термелерін жинап, хатқа түсірген екен. Олар Ергентай Борсабаевтың сексен жылдығына орай шығарылған жинаққа енді.
2002 жылы 20 желтоқсанда Ере­кең Ықылас Дүкенұлы атындағы мұражайда Сүгір Әліұлының туға­нына 120 жыл толуына орай өткен ғылыми-тәжірибелік конференция­сына келеді. Келесі күні, яғни, 21 желтоқсанда Қазақ радиосының «Күй құдіреті» бағдарламасына қа­ты­сады. Ол осы бағдарламаны жүргізуші белгілі сазгер, күйші Қалқаман Жүнісбекұлына сұхбат берген. Осы бағдарлама аясында Ере­кең Ықыластың үш, Сүгірдің сегіз күйін таспаға жаздырады. Кім білсін-ай, осы күйлер өшіріліп кетті ме екен, Қазақ радиосынан мүлде берілмейтін болды. Есесіне Сүгірдің күйлері Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Әлімхан, Жанғали, Сәрсенғали Жүзбаевтардың, Саян Ақмолданың орындауында жиі беріліп жүр. Басын ашып алайық, қызғаныш деген қызыл ит кеңірде­гімізден алып тұрған жоқ. Айтпағы­мыз, Сүгірдің сирек шәкірттерінің бірі Ергентай Борсабаевтың күй­шілік өнері насихатталмай қалды. Егер радиодан, телеарнадан Ерекең­нің орындауында Ықылас, Сүгір күйлері жиі болмаса да аракідік беріліп тұрса,өзге күйшілерден оның ерекшеліктері айқын көрініп тұрмас па еді?
Көз көргендер Сүгірдің саңлақ серігі, күйлерін кеңінен насихат­таушы Ергентай Борсабаев туралы әлі талай әңгіме қозғар деген үміт басым.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІРЛЕР1
Диана 07.08.2018 | 17:22

керемет дүние екен. Осындай мақалаларды көптеп шығару керепк қой,.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір