Жазушылар одағы жапон әншісінен хат алды
06.08.2018
1074
0

Астананың 20 жылдық мерейлі мерекесіне орай, Астанадағы Ұлттық Академиялық кітапхананың шақыртуымен Хиросимада тұратын әйгілі жапон әншісі келіп, қазақ композиторы Т.Мұхамеджанов пен ақын Ұ.Есдәулеттің төл туындысы «Заман-ай» әнін орындаған болатын.


Осы мерекелік шара барысында Аста­на­ның Орталық кітапханасы әнші мен зия­лы қауымның басын қосып, ән авторла­рымен жүздестірген еді.
Бұл басқосуды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет пен қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам жүргізген болатын. Кездесуге Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро Кава­бата, Словакияның Төтенше және Өкі­летті Елшісі Петер Юза және Қазақстан­ның зия­лы қауым өкілдері қатысып, сөз сөйледі.
Мерекелік шарада жапон әншісі «За­ман-ай» әнін жылап тұрып шырқап, елді толғант­қан болатын. Кездесу барысында да жан те­бірентерлік әңгімесімен елді сүй­сінткен әнші Риёко Мичида жақында Қа­зақс­тан Жазушылар одағына хат жол­дады.

«Құрметті Ұлықбек Есдәулет мырза!
Қазақстанда маған көрсеткен ықыла­сыңыз бен жылы қабылдауыңыз үшін сізге үлкен алғысымды білдіремін.
«Заман-ай» әнін Қазақстанда орындау мен үшін өте маңызды әрі үлкен тәжірибе болды. Бұл ән – Қазақстан халқының ғана емес, Жапония халқының да жүрегіне ұя салған ән. Атом бомбасы мен ядролық сынақ зардабын тартқан Жапония мен Қазақстанның қасіреті, расымен ортақ. «Заман-ай» сол қасіретті жылдардың әлдиіндей әсерге бөлейді.
Осы жылдың 6 тамызында Хиросимада атом бомбасы тасталған азалы күнге 73 жыл толады. Менің қызымның үлкен атасы атом бомбасынан зардап шеккен адам. Күллі адамзаттың қасіретіне айналған мұндай қателік болашақта қайталанбас үшін, балаларға осы оқиғалар туралы көбірек айтуымыз керек деп ойламын.
Сондықтан, мен “Seed of Peace” («Бей­біт­шілік ұрпағы») ұйымының өкілі ретінде, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың маңыздылығы туралы әндерден тұратын CD дискілер жасау және оны кеңінен наси­хаттау жобасын іске асыруға шешім қабыл­дадым.
Осы CD дискінің ішіне «Заман-ай» әнін де қосқым келеді. Альбомдағы барлық әндер менің жеке орындауымда болған­дықтан, «Заман-ай» әні алдыңғы тізімде тұруы тиіс деген қорытындыға келдім.
CD дискіні жасау үшін, ән авторлары, яғни сіздердің рұқсаттарыңызды алуым қажет екенін жақсы білемін.
Құрметті Ұлықбек Есдәулет мырза!
Бейбітшілік пен ынтымақтастықтың маңыздылығы туралы әндерден тұратын алғашқы альбомымды құрастыру үшін «Заман-ай» әнін пайдалануға рұқсатыңыз­ды бересіз бе?
Ғафу өтіне отырып, Төлеген Мұхамед­жанов мырзаға да осы өтінішім туралы хабар жіберуіңізді сұраймын. Өкінішке орай, менде ол кісінің байланыс нөмірі де, поштасы да жоқ.
Қазақ халқының жүрегінен туған «За­ман-ай» әнін Хиросима тұрғындарынан бас­тап, бүкіл Жапония халқының тыңда­ғанын шын жүректен тілеймін.


P.S. Сондай-ақ, авторлық құқық сақтау үшін «JASRAC» атты Жапонияның авторлық ұйымына да сұрау саламын.
Тағы да көрісуге жазсын!
Рақмет!

Құрметпен, әнші Мичида Риёко

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір