Қанат Әбілқайырдың «Аққорасы» тарихтан сыр жасырған тылсым мекен
06.08.2018
1317
0

Сыншы да – оқырман. Қанаттың «Бабай-бүр­кіт» әңгімесін алдымен сын көзімен оқып шыққаннан кейін, артынан оқырман ретінде ха­барласып, пікір білдірген едім. Содан кейін ара­дан хабар үзілген емес. Өзін осыншама «өк­шелегендегі» оқырман үмітін автор түйсік-көңіл­мен түсінер ме екен?!


Ойын қызған сайын, талап қатая береді.
Қанат – менің досым. Мен одан алдын-ала «қай шығармаң туралы жазайын?» – деп сұра­дым. «Аққорадағы жаңғырыққа» оның өзі ықылас танытты.
Шаблон және стереотип. Шаблон мен сте­реотиптен біз қанша қашсақ та құтылмақ емес­піз. Бұлар бізге ертеректегі ауыз әде­биеті, мифология, классикалық әдебиет, т.б. ба­ғыттағы озық үлгілермен келіп, жанымыз­ды «жадылап» алады. Содан кейін жазасың, жаз­ған сайын қаншама қуат-күшіңді түге­сіп, жаңағылармен арпалысуың керек. Жең­сең ғана – шын мықты, шын талантсың. Сон­да ғана әлемдік әдебиеттің биігі – се­нікі.
«Аққорадағы жаңғырық» әңгімесінде ав­тор екі нәрсені көрсеткісі келеді: бірі – қа­зақ тарихында болған қанды оқиғалардың со­ның бір үзігін – жаңғырығы табиғаттың өз жадына өшпестей жазылып қалған ауыр тра­гедия, екіншісі – «біз – тіріміз, бірақ сұйы­лып барамыз», – деген мәселе.
Әңгімедегі шаблон: таудағы мал баққан қа­раша үйге қаладан жазушы жігіттің келуі. Қариядан баба тарихын тыңдағысы келеді. Мұндай дайын шаблондар бар.
Тоқсаннан асқан қырсық шал мен оның не­мересі – қоңырқай ғана шаруа адамы; жұп-жуас, момын келіні һәм жалғыз ғана кі­шірек шөбересі сынды кейіпкер бей­нелерінен стереотипті тап басып тануға бо­лады. Яғни, бұрыннан таныс образдарды бел­гілі бір деталдар тұтастығы жасап шы­ғарып отыр.
Әңгіме жұмбақ, тылсым сырлы диа­лог­тан басталады.
Анау бір аңыздағы сұңғыла баланың: «Ата, таудың басына қар түскелі қанша бол­ды?», – деп, серіктерін айран-асыр қалдыра­ты­ны сияқты. Артынан онысы қарияның ша­шына қашаннан бері ақ түскенін сұра­ғаны болып шығып, жұмбақтың сыры шешілетін. Әңгіме экспозициясындағы диа­лог мүлдем жаман емес, тағылымды, со­нымен қатар, оқырман қызығушылығын ша­қыра алатын қуаты бар екендігін айта кету керек. Алайда, бұл да – стереотип.
Бас кейіпкер. Тоқсаннан асқан Төлеш шал­мен бастапқыда тіл табыса алмаған жазу­шы жігіт өзінің ә дегеннен қарияға неге ұна­мағанын түсіне алмайды. Алайда, «соқа ба­сың салт келдің» деп, қырсығып қалған шал­дікі дұрыс-ау. Қала – туған-туыс, бала-ша­ғадан біржола бас тартқызып, құйрық-жа­лыңды күзеп, жадыңды өшіріп, ит же­тек­теп қалған ақырыңды көруді армандайтын иірім. Өркениеттің адамзат баласын қайда апа­рып тірейтінін әлі ешкім де білмейді.

Сөйтіп, отбасы шежіресін та­ни түсуге құмартқан бас кейіп­кер мен қырсық шалдың жолы Аққорада түйісті. Аққора – та­рих­тан талай сыр жасырған тыл­сым мекен. Кейіпкер бабасының та­рихи трагедиялық оқиғасын қа­рияның аузынан естіп қана қой­май, сол түні орын алған мис­тикалық құбылысты өз көзімен кө­реді. Оқтаулы мылтықты жұ­лып алып қасқырдың аузынан елес-әйелді құтқарам деуі, кейіп­кер­дің – постмодернистік адам­ның бойында әлі де қайсар рух дәнегінің қалғандығын аңғар­та­ды.
Қимыл дари келе, қырсық шал бейнесі стереотиптен өсіп шы­ғып, кесектене түседі. Бұл да жазушылық шеберлік. Сол сияқ­ты, оқиға барысында автор бас кейіпкерін оның әртүрлі әрекеті ар­қылы өсіре береді. Бұл ішкі сю­жеттен – кейіпкердің жандү­ниесіндегі өзгеріс, арпалыстан бір көрінсе, сыртқы сюжеттен – кейіп­кердің айналасында болып жат­қан тартысты нәрселердің жүйе­лі сабақтасуынан тағы көрі­не­ді.
Мистика жанры туралы түйін­­ді сөз. Қазіргі заман проза­сы­нан жаңа тенденция – фэнтези жан­рының ұлттық бағыты қа­лып­таса бастағаны білінеді. Біз бұл тақырыпты алдағы уақытта аша түсетін боламыз.
Қанаттың «Аққорадағы жаң­ғырық» әңгімесіне де сыры терең, құпия-тылсым оқиға арқау болған. Қарағай басына кенеттен шөкім бұлт үйіріліп, ауа-райы­ның күрт суытуы, сол түні қала­лық жігіттің төбе құйқаңды шы­мыр­латар үрейлі оқиғаға куә болуы – жазушы қаламынан әсер­лі шыққан.
Сөйтсе де, дәл осы шығар­ма­сында Қанат Әбілқайыр өз по­тен­циалын толық пайдалан­ба­ған деп ойлаймын.
Егер кейіпкер қазіргі қала ада­мы­ның жинақталып, дара­лан­ған образы болғанда ғой. Оның тауға келудегі мақсаты де­рек алып қана кету емес, мы­салы, анау тылсым қарағайдың түбінде бабасы тығып кеткен қазынаны алу болса ше? Несі бар, қазір аз айлыққа қарап, пә­тер жалдаған қазақ көп, кейіп­кердің біраз бұзық пиғылды б­о­лып көрінуі оқырманды еліктіріп әкетері анық. Алайда, біз әлі де болса, «жағымды кейіпкер» жасау стереотипінен арылмай келеміз.
«Таң ата қар жауған екен, ая­ғы­ма киген жұп-жұқа топли­мен артыма із тастап кете    бар­дым».
Құлазу, ызғар… Өмір ертеңгі күн жылы шуағымен қарсы ала қой­масы айқын сезіліп, көңілге мұң ұялатады. Таныс мұң…

Анар Қабылқақ,
сыншы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір