«АУЫЗДАНДЫРУ» ОПЕРАЦИЯСЫ
30.07.2018
2365
1

Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
сыншы

Көршінің ұлы әскери міндетін өтеп оралды. Әке-шеше қуаныштан есі шыққан. Қой сойылды, қымыз сапырылды, есіктен төрге дейін жайылған дастарқанның белі қайысып тұр. Отыз күн ойын болмаса да, үш күн, үш түн болғаны анық.


Күндіз – той, түнде – «вешір». Енді ше? Тәуелсіз елдің әскери қатарына іліну бір бақыт болса, од­ан он екі мүшең аман, тірі оралудың өзі екі есе бақыт емес пе?! Көршілер гулеп отыр:
– Енді осы тойдың ізін суыт­пай бұл баланы аяқтандырып жі­бе­ру керек. Болмаса саяқ жыл­қы­дай не пәлеге тез ұрынады бұлар.
– Е, әлі жас қой. Оның үстіне ен салып кеткен адамы болмаса…
– Со да сөз боп па? Ана Дү­ріл­деуік Дөйттің құлағына бір тигізсе болды. Қазір көшеден біреуді тыпырлатып басып әкеп береді. «Семіз бәйбіше» атанған Руслан­ның әжесі ақырды:
– Шулама, түге, өңшең дара­қы. Тыпырлатып басып әкелетін қыз мал деп пе ең? Басып әкеп қо­лына ұстатқанды ала салатын менің балам кемтар ма, нақұрыс па? Әлде өздігінен қатын ала ал­май­тын міні бар ма еді? Аллаға шү­кір, Русланым ой десе – ойы, бой десе – бойы бар, ақылға – ке­мел, тәрбие көрген бала. Бұйырса кө­ріп жүріп көріктіні, таңдап жүріп тек­тіні алады. Көшеден ұстап әкел­генді келін ету сүйе­гімізге таң­­ба емес пе? Алла нәсіп етсе, құда түсіп, қалыңын беріп, сонан соң жасау-жабдығымен Қыз Жібектің көшіндей толық­сытып түсірем келінді… Көшеден ұстап әкелген келінде көрген бола ма, одан туған балада тек бола ма? О, несі-әй, түге! – деп туласын.
– Енді, әже, біздікі не ғой… Бая­ғыда сіздің заманыңызда-ақ: «Бір түнде сегіз қызды алып қаш­тым», – дегенді қалай айтты онда?
– Сөзің бар болсын. Байыбына барсаңдаршы әуелі. Ол заманда алып қашса, амалсыздықтан. Екі жас бір-біріне ұнады, сөз байласа­ды. Тек жігіттің қолы қысқа, қа­лың­мал төлеуге күйі жоқ. Міне, осы жағдайда қыздың келісімімен алып қашады. Қазақтың ар-ұяты – қыз бала. Біреудің оң жақта үкілеп отырған қыз баласын зор­лықпен алып қашып көр. Бұл екі рудың арасындағы қан төгіс со­ғыс­қа дейін жеткізетін…
– Ойбай, қойдық, қойдық, әже. Онда өзің таңда.
– Таңдаса не бопты? Әуелі десең жіп таққан адамым да бар… Немере­сінің осыдан екі жыл бұрын бі­реу­ге «жіп тағып» кет­кенін қайдан білсін байғұс әже. Абырой болған­да, немере таңдауы мен әже таң­дауы бір жерден шықты. «Көрші­нің қызы керемет еді» десе де­ген­­дей, көршінің қызы Кәмшат саздау жердің сары ағашындай сол­қылдаған, құлын мүсіні бұзыл­маған, жүріс көр­меген, тәрбиелі қыз еді. Бәрі әже арманындай болды. Құда түсілді, құйрық-бау­ыр желінді.
Той күні жақындаған сайын албырт жігіттің көңілі алабұртуда. Қызға деген сезімінде селкеу бол­маса да, ұяңдық па, жүрексіну ме – кезек шарпысады. Әр кеш сайын құрбы жігіттер мұны ортаға алып, гу-гу етіседі. Үйленгені бар, үйленбесе де «өмір көргені» бар – бәрі ақылшы…
– Ей, сен өзі ауызданып пе ең? – деді Дүрілдеуік Дөйт төтесінен. Руслан қызарып кетті.
– Пәлі, осының өзі әлі ауыз­дан­баған ғой шамасы.
– Сонда қалай, үйленгенге дейін-ақ. Жоқ, оған Кәмшат келіс­пейді. Ол ондай қыз емес.
– Ей, сен де бір… Саған өз қы­зыңа бар деп тұрған біреу бар ма? Қай ғасырда өмір сүріп отырсың өзің? Үйленгенше тұмсығың қан­ға тимеу деген не деген сұмдық! Түк тәжірибең болмаса, алғашқы түні келіншегіңнің алдында позор боласың.
– Сонда…
– Не сондасы бар. Давай, ер­тең сені ауыздандырамыз. Көзіңді ашып, өмір көрсетеміз. Дүрілдеуік дүрілдеді – бітті. Айтылған күні ай­тылған жерге үш жігіт Русланды алып жөнелді. Әлдеқандай кө­ше­дегі әлдеқандай пәтерге итермелеп кіргізді де, көшеде тосатындарын айтып қала берді. Оңаша бөлме. Төсек пен үлкен айна. Бойжеткен қыз. Ұзын бойлы, ақсарының әде­місі, қоңырқай бұйра шашты, келбетті жігітке қыз сәл таңырқай қарады. Әдетте мұнда қырқылжың қарындылар мен теке сасыған күтім­сіздеу не арақ сасыған қызыл көздер келуші еді. Қызға жігіт те таңдана қарады. Толқынды қара шаш, қайқы кірпік, көгілдір жанар. Толық кеуде, тоқ балтыр, дөңгелек бөксе… Осындай қыз да көшеден жігіт іздейді екен-ау! – деп таңданды жігіт.
Қыз жүзінде қылымсу да, ұялу да жоқ.
– Қанша сағат? – деді. Апалақ­та­ған жігіт соткасына үңіле беріп еді, қанша уақытқа созылады деп тұрмын саған деп қайталады қыз жігіттің кещелігіне ыза болып. Жі­гіт иығын қиқаң еткізді.
– Сағаты елу доллар, если чо! – деді қыз. Жігіт тағы иығын қи­қаң еткізді. Келесі сәтте қыз айна алдына барды. Атлас халатын ая­ғына сыпыра салды. Енеден ту­ған­дай жалаңаш екен. Жігіт қал­шиып қатты да қалды. Қыз ең әуелі иығына түскен толқынды бұйра шашын алып, айна алдына қойды. Тақырлау, өңсіз сұйық қоңыр селеу шашы бар ек­ен. Одан екі қайқы кірпікті еппен алып қойды. Көз жанарын сұқ сауса­ғымен сүйкеп қалып, жұп-жұқа көгілдір екі әйнекті (лин­заны) әлдеқандай кішкене құтыға салды. Қайқы кірпік те, көгілдір жанар да жоғалып, орнында сәл қанталаған, шаршаңқы бозғыл көз қалды. Жігіт көңілі әлем-та­пы­рық. Келер сәтте не болды дей­сіз ғой, қыз төңкерген кеседей көлемді екі омырауды сыпырып айнаның алдына тастады. Ор­нында арық түйенің өркешіндей салпиған қос тері қалды. Мұны­мен де бітсе жақсы ғой. Қыз енді сәл қозғап-қозғап дөңгеленген бөксені, бал­тыр­дағы қос бұлшық етті алды. Ал­ды да айна алдына апарып қой­­­ды. Құдай-ау, жігіт не көрді дей­­сіз ғой. Баяғыда, оқушы кү­нін­де анатомия кабинетінде көрген ске­лет елестеп кетті көзі­не… Рус­лан бөлмеден жанұшыра атып шық­­ты. Жүрегі айнып, лоқ­сып та жі­берді. «Қалай болды, қа­лай бол­ды» деп қасына арсалаң­дап жетіп кел­ген Дүрілдеуікті құлақ шекеден бір перді де, жүгіре жөнел­ді. «Ауыз­­­дану» операциясы осымен бітті.
Руслан қалыңдығымен күнде кешке кездесіп жүрді. Қол ұстасып қыдырып, болашақ туралы тәтті ар­мандарға берілетін. Кейде көз­дері түйісіп қалса, бір-біріне сон­ша­лықты ынтызар сезіммен қарап қалатынын өздері де біле бер­мей­тін. Еркін де ерке, қылықты қыз­дың таза, пәк жанарына, күнәсіз еріндеріне қарап тұрып, жігіттің есіне кейде өткендегі «ауыздану» түсіп кететін де өнебойы сәл тітір­кеніп, әлденеден жиреніп кететін.
Той да өтті. Екі жас оңаша қа­лар шақ та келіп жетті. Қыз айна алдына барып, атлас халатын сы­пыра бергенде, жігіт қорқыныш­тан көзін жұмды. Жоқ, жалаңаш емес екен. Қыз бұры­мын тарқат­ты. Жігіт шошына түст­і. Жоқ, өзі­нікі екен. Қыз сәл ұяла жы­миып бұған жақындады. Жігіт қызды құшақтай алды. Құба талдай нәзік те серпінді дене, сәл ғана тікшиген тастай қатты қыз омырау, қан тепсінген аққұба жүз, оттай ыстық еріндер…
Жігіт осының бәрін асығыс ай­малап, толассыз сипалай берді, си­палай берді. Әлі де секемденіп тұр… Әлден уақытта барып қызға «Осының бәрі өзіңдікі ме?» – деді. Ештеңеге түсінбесе де қыз әдеттегі еркелігіне басып, «Жоқ, енді бәрі се­нікі» деп, жігіт құшағына құлай берді…
Ары қарай ешкімнің ақыл-кең­есінің керегі де шамалы еді. Та­биғат-Ана екі періште жанды өзі-ақ осылай «ауыздандырды».

ПІКІРЛЕР1
Расима 15.08.2018 | 15:58

Әмина апамызды жақсы білемін! Ақындығы өз алдына! Тамаша жазылыпты!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір