ЖЫР ДЕГЕНІҢ – ҚЫЗ БЕРГЕН КЕСТЕЛІ ШЫТ
30.07.2018
2167
3

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ


БЕС ҚАЛАМЕН ҚОШТАСУ

Қазтуғанша толғау

Ай, Бесқала, Бесқала,
Анау жылдар соғып кенет заһар леп,
Аштық пенен қуғын-сүргін қатар кеп.
Қырдағы ел жаппай босқанда
Бәріне де болып ең-ау баспана.
Босқан елдің қазынасын түгендеп,
Тілін аман ап қалдың,
Дінін аман ап қалдың,
Ділін аман ап қалдың,
Жырын аман ап қалдың,
Рухын аман ап қалдың
Ғұрпын аман ап қалдың,
Өзге жұрттың алдында етпей масқара.
Енді, міне:
«Тауға да керек астана,
Тасқа да керек астана…» —
деп қайырыла көшкенде,
Көңілім нілдей бұзылып,
Көзіме моншақ тізіліп,
Бесқала, сені қимай тұрмын басқаға.
Уа, Бесқала, топырағың құт екен —
«Жабағылы жас тайлақ,
Жардай атан — ол болды.
Жатып қалған бір тоқты,
Жайылып мың қой болды.
Жарлы мен байы тең болды».
Жырауларын алқалап,
Жырлатқан мың сан той болды.
Кеше ғана босқан ел,
Абдырап, қатты сасқан ел,
Өсіп, өніп, толығып,
Мал мен жаны молығып,
Қабырғалы ел болды.
Ай, Бесқала, сенің төсіңде,
Етек жаптық, ес біліп.
Ару сүйдік маңдайын Айға тостырып.
Қарақалпақ пен өзбек,
Түрікпенді дос қылып —
Тілеулес елдер қашанда.
…Содан кейін төріңнен сенің керуен де керуен көшті жұрт,
Өзіңде туған құлынын,
Үйіріне әкеп қосарға.
Ай, дүние-ай, қайтейін,
Сен салмадың, мен салдым,
Кешіре гөр, ардақтым,
Қадіріңді жүрсек тіпті кеш біліп.
Қарақалпақ, өзбегім,
Қайырлы болсын сіздерге,
Бізден де қалған ескі жұрт.

ЖАНСУСАР

Қоңырат, саған кеп тұрмын!
Қарсы алатын кім бар-ау?
Мен келді деп жар салатын кім бар-ау?
Қуаныштан ән салатын кім бар-ау?
Көріп ең деп менің ғазиз анамды,
Мұңым шағар кім бар-ау?
…Атқа мініп, шығып сосын қырға анау,
Ұят болар, көзін көрген әкемнің,
Топ жыңғылдың әңгімесін тыңдамау.
Топ жыңғыл-ау, топ жыңғыл,
Сені көріп, кетті-ау үдеп шөл құрғыр…
Жаңалығын тыңдап сенен елдің бір,
Көкірегімді байытсам мен,
Сағынышым жеткізе алман он күн,
он түн айтсам мен.
Бойым сергіп, қалар ма екем жеңілдеп,
Қазақжапқа бір шомылып қайтсам мен?!
Иығыңа түсіп жылдар салмағы,
Қарағашым, қартайыпсың сен-дағы.
Жымиясың маған жұмбақ күйменен,
…Тіпті ол қыздың бетінен де сүймегем,
Білегінен ұстағанға мәз болып,
Шалқып-тасып қайтушы едім үйге мен.
Сондай күйде болды ма екен ол-дағы,
Таңғы шықтай мөлдір еді-ау, дариға,
Сол баланың арманы,
Сол бір қыздың арманы.
Қайран, менің бал күндерім, қайдасың?
Елесіңді талмап, ылғи тамсанам.
Ауық-ауық сүртпегесін айнасын,
Мыстан-Жылдар кетті асырып айласын…
Жан-Айнамды жаңбырыңмен
жарқыратып алуға,
Қоңыратым, келіп тұрмын мен саған…

САМАРҚАНДЫ КӨРГЕНДЕ

Уа, биік мұнаралы Самарқан!
Дидарыңды көрген адам қалар таң.
Көкірегіме сәуле түсіп ғарыштан,
Мен де өзіңді іздеп келдім алыстан.
Мені мұнда елемейді, тегі, ешкім,
Сені қызға сыйлар Хафиз емеспін.
Сұсты жүзі түгіл Әмір Темірдің
Кесенесін көргенде-ақ,
Мұздап кетті жонарқам…
Жақын келіп, аяулым,
Күмбезіңе жаққан түрлі бояудың,
Астарына үңілем деп аңырдым.
…Жарты әлемді қырып кеп,
Басып алған елден шебер іріктеп,
Салтанатты сарай салған Әмірдің.
Даңқты жолын әрі қарай жалғауға
Жұлдыздарға соқпақ сапты Ұлықбек*.
Мырза Ұлықбек ашып аспан қақпасын,
Талай жақсы бұрды-ау саған ат басын.
Басына кеп дұға қылып тұрмын мен,
Еритіндей көңілдегі көк тасым.
Аспан жақын бұл жерден,
Обсерваториядан тура тартқасын…
Уа, Самарқан!
Мың сан құлдың көз жасымен төселген,
Тұлпар мініп, өтіп иір көшеңмен.
Таныр ма екен бұл өзбек,
Жалаңтөстің ұрпағымын десем мен.
…Әй, бірақ та мына менің нем артық?
Алп, алп басып, алп басып,
Әр қадамын нақ басып.
Дүние шыр айналғанда кенеттен,
Бақ қолынан сусып кеткен неше ерден…

*Ұлықбек — Әмір Темірдің немересі, атақты астроном, математик.

БИБІ ХАНЫМ МЕШІТІ

Сапарлас дос Орал-Қосай Байсеңгірге.
Әңгімесін ескінің тыңдап алып,
Әй, Орал, мешіт жаққа жүр, баралық.
Бибі ханым мешітін көрмей кетсек,
Өкінерміз: «Келдік деп мұнда нағып…»
Самарқанның куә етіп таңғы аспанын,
Біз де дұға етелік.
Ал бастағын,
Сезінейік сан ғасыр бұрын мұнда,
Махаббат пен парасат арбасқанын.
Аңыз айтқан шебердің мұңлы зары,
Мойыныңды еріксіз бұрғызады.
Хақ-Тағала дәл мұндай ғаламатты,
Шын ғашықтың қолымен тұрғызады.
Жас жүрегі жатса да аласұра-ай,
Ерін жаудың қалдырмай табасына-ай.
Бибі ханым Ар жібін аттамапты,
Әйел болсаң, па, шіркін, бол осылай!
Болмаса да бірде-бір жанашыры-ай,
Шебер, сыздай бергесін жарасы ұдай.
Даңқты Әмір Темірден қорықпапты,
Ғашық болсаң, дариға, бол осылай!
Ақсақ Темір кеудесі ісіп… кектен,
Жеткен шақта бір жарлық түсіп Көктен.
Мұнараның басына шыққан Шебер,
Қанат бітіп, алысқа ұшып кеткен.
Әке бізге, біз айтар баламызға,
Жетті осындай әңгіме даламызға.
«Шындық басқа…», — деді жұрт…
Бірақ бізге,
Сеніп өлген дұрыс-ау сол аңызға.
Жыр дегенің — қыз берген кестелі шыт,
Алған сәтте өн-бойың кеткен ысып.
…Дәл осындай өлеңнен мешіт салып,
Арманың не алысқа кетсең ұшып?!

КАТТАҚОРҒАН. «ҚАЗАҚАУЫЛ»

Каттақорған түбінде — «Қазақауыл»,
Тәңір берген бұл да бір жаза ма ауыр:
Қауқылдасар қазақша бір пенде жоқ,
Шүңкілдесер өзбекше өзара кіл.
«Қазақауыл».
Иә, солай…
Қазақ тұрған…
Менің тілім осында сөз ап тұрған.
Анау белде жігіттер көкпар тартып,
Мына қырда шырқалған ғажап түрлі ән.
Күн сүйеді аймалап атырапты,
Жел ойнайды жұлмалап жапырақты.
…Ауыл жатыр төкпе күй төгілмейтін,
«Қазақауыл» деген тек аты қапты.
Өтті. Кетті. Бәрі де елес, демек,
Ту сыртымнан күледі жел өкшелеп.
…Ильястың жүзіне қарай берем:
«Осының түбі қазақ емес пе?» — деп…

*«Қазақауыл» — ауыл аты.
* Ильяс — фельдшер өзбек жігіті.

***

Бұл келген айдың атын Наурыз дейді
Көңілің жасыл желек, бауды іздейді…
Наурыз, Наурыз, біз сені жек көрмейміз,
Қарыңды белуардан жауғыз мейлі.
Десек-тағы: «Жастықтың қорқары не?»
Бозбала, күле берме сен кәріге.
Аяз-жеңгең құлақтан шымшып апты,
Құлақшынды шешуге ерте әлі де.
Долы боран таң атпай қағыныпты,
Бұл итіңнің әлі де кәрі мықты.
Ерте шыққан жолаушы қайтып келді,
Аудандарға барар жол жабылыпты.
«Баһаргүлді алмайық шошындырып…»
Маған әзіл айтады досым күліп.
…Көктем жайлы бәрібір ойлай берем,
Аппақ қарды тобықтан қарды кешіп жүріп.

ӨЗЕК

«Қилы да қилы заман болады,
Алмасып жылдар кезегі.
«Ұят болады…»,
«Обал болады…» —
Бабамнан қалған сөз еді.
Ырду да дырду жігіттік шақта,
Тентектік табар жарасым.
Артық кеткенін біліп тұрсақ та,
Жыртпадық аға жағасын.
Талай да талай шық тұнды көзге,
Кезгенде дүние сорабын.
Бабаның сөзі ұқтырды бізге
Бір тілім нанның обалын.
Ұяты қан боп бетіне шыққан,
Арқалаған жоқ ақ арым,
Көбелек болып отына асыққан,
Бәйшешек қыздың обалын.
Көкпар ғып тартып жан-жаққа мені,
Болған бір сәтте миым дал.
Бәле-жаладан қорғап келеді
Бабамнан қалған тыйымдар.
Шетсіз де шексіз сияқтанады,
Көрсетсе дүние кеңдігін…
«Обал болады…»,
«Ұят болады…» —
Ұмытпа мұны сен де, ұлым!

ҚАРҒЫН

Бір жан таппай сені өзіңдей ұғатын,
Бітпейтіндей көрінеді, ә, түн кейде…
Неменеге түнереді мына күн,
Ертең дүние өзгерерін білмей ме?
Әлем түгел кеткендей боп қуарып,
Кіл жамандық тереді ылғи тіл кейде.
Неменеге сонша ашулы мына жұрт,
Ертең дүние өзгерерін білмей ме?
Сәтін ылғи жүрмін күнде көріп мен,
Көлеңкеден қолын созар күнгейге.
Сонда да Гүл мұңаяды неліктен,
Ертең дүние өзгерерін білмей ме?
«Көктем сонша кешікті…» — деп өлеңмен,
Мұңын айтар жасып шайыр ұл кейде.
Қанша жерден таң атпайын дегенмен,
Күн бәрібір шығатынын білмей ме…

ФЕЙСБУК

Араласаң фейсбуктің көшесін,
Талай-талай жайтты бастан кешесің.
Жан-жағыңда жарқыраған суреттер,
Бір-біріне көрсетілген құрметтер.
Қайда жүрсің? Концерт, тойға бардың ба?
Сурет қайда, ойбай, дереу сал мұнда.
Құрбандыққа аталған мал, о, тоба,
Шалынады түскеннен соң… фотоға.
Жаға жыртып, айтысатын талайлар,
Мұнда-дағы бітпейтін дау-дамай бар.
Кенеттен ой айта қалса дүдәмал,
Кім болса да осы жерде сыналар.
Анау топта түрлі ойлар бар бағалы,
Саясатты шемішкеше шағады…
Аяқасты тұтанатын жанжалдар…
Тосын пікір, оқыс ойлар, болжамдар…
Ашылуы белгісіз бір жайттардың…
Жарнамасы газеттер мен сайттардың…
Табиғаттың сұлулыққа бай тұсы…
Еркектер мен әйелдердің айтысы…
«Айтқанымды істетем…» деп жер тепкен,
Долы қатын, соларға ұқсас, ұқсас еркектер…
…қатығы жоқ, құртқа шапқан көңілі,
Әумесерлеу даңғойлардың шеруі.
Талай-талай ақтаңдағы тарихтың,
Бір тұлғаның кім болғанын жаңа ұқтым…
Спортшысы жүлде алғаны қай елдің…
Етті қалай асатыны әйелдің…
Бір еркектің сатып алған бұйымы,
Бір сұлудың жаңа тіккен киімі…
Қуанышты, қайғыны да бөлісер…
Ренжісер, татуласар, келісер…
…Мынау көше — ақындардың көшесі,
Кездеседі дарындардың нешесі.
Ана бала — атқа мінген талапкер,
Талапкерге лайк бас та, мадақ тер…
Көктем жаққа көп ауған ба көңілі,
Бойжеткеннің үлбірейді еріні.
Жә, бұрылдық, онда неміз бар біздің,
Тартатыны рас исі жалбыздың…
…Сыртымыздан үңіле алсақ өзіміз,
Бәріміз де көгендегі қозымыз.
Шеті-шегіне жете алмайтын базар — бұл,
Мен де көзім жеткен жерді жаза алдым.

ПІКІРЛЕР3
Аноним 27.09.2019 | 21:54

Бауыржан аға, ассалаумағаликум. Мынау менің де жүрегімде шемен боп қатқан мұң-жыр ғой. Бетінен де сүйе алмай, қол ұстап, тұрып-тұрып қайтатын сәт теңдессіз тәтті сезім ғой жүректен өлгенше өшпейтін.

Аноним 30.01.2020 | 21:06

Мықты өлең! Мен де сол Бесқасқа өңіріненмін.

Аноним 30.01.2020 | 21:08

Бесқала деп оқығайсыз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір