БІРІҢ КЕТТІҢ – БАТЫСҚА, БІРІҢ КЕТТІҢ – ШЫҒЫСҚА…
30.07.2018
1651
0

(Біздің дәуірімізге дейінгі Х ғасыр мен ХVІІІ ғасыр аралығындағы көне қытай жазбаларындағы түркі тектес ақындардың әдеби мұралары)

Қазақстанның ұлттық тәуелсіздігін тарихи тұрғыдан баянды етуде жазба мұралардың маңызы ерекше. Ол мұраларда елдік идеямыздың қалыптасуының тарихи даму жолы көрініс береді. Көне түркіден бастап бүгінгі күнге дейінгі өзінің рухани әлемінде 16 жазу үлгісінде жазба мұра қалдырған қазақ ұлтының тарихи, әдеби-мәдени жәдігерлері осы уақытқа дейін ғылыми тұрғыдан жинастырылып, жүйеленіп, сипаттама берілген жоқ, қазақ тіліне де тұтастай аударылмай келді. Көшпелілер үнемі қозғалыста болды, олар Арғы Алтайдан бастап Альпіге дейінгі ұланғайыр кеңістікте тоқтаусыз көшіп жүрді. Отырықшы жұртқа жылқыларды жүгендеуден бастап үзеңгі, шалбарға дейінгі мәдени жетістіктерін енші етті. Өздері де олардың мәдениетінің дала жағдайына үйлесімділерін сіңірді, сіңіп те кетті. Қазан жаңарды, ақыл ауысты – дегеніміз осы. Жыл қайыруымызға дейінгі дәуірдің өзінде, батыста – Анақарыс (б.д.д. 620 жыл) пен Лаушаң Қызайдан (б.д.д. 174 жыл) бастаған «ақыл алмасу» үрдісі, батыста – Еділ патшаға, құба қыпшық ханы Қоншаққа ұласқан, шығыста – көк түріктер қағанаты тұсындағы Тоныкөк абызға, Шыңғыс хан кезеңіндегі жалайыр Мұқылайға ұласып, ақыры сол елге сіңіп тынды. Шыңғыс ханның әскерінің денін түркі текті тайпалар жасақтағаны белгілі. Ал ол ұлыстардың құрамы негізінен керей, найман, қаңлы, қарлұқ, арғын, қыпшақ, оңғыт (уақ) тайпалары екені тарихи шындық. Сонау Алтайдан қотарылған көш те, әскерге алынған жасауыл да: «Балқан, Балқан, Балқан тау, О да біздің барған тау» – деп, шығыстағысы – ішкі Қытайда, батыстағысы – Балқанда» қалып қойды. Олар үш ұрпаққа, яғни, немереге дейін өздерінің әдет-ғұрпын, тілін, дінін сақтады. Одан кейін сол елдің тілін, ілімін, дәстүрін меңгеріп, будандасып кетті.

Тұрсын Жұртбай,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор


Алайда сарай мен орда мырзалары өзінің туған тілі мен дәстүрін қатты ұстанды, өзі­нің боданындағы елдің тілінде ел билігін жүр­гізу намыс саналды. Олар 1368 жылғы мон­ғол ордасы құлағаннан кейін қашан үрі­мі үзіліп біткенше сол дәстүрді ұстанды. Шың­ғыс ханның әскерінің құрамында бол­ған жалайыр Мұқылай сияқты тегі түркі, нақ­ты рулық тектерін сақтаған қолбасылар мен орда кеңесшілері, хатшылар мен түрлі мән­сап иелерінің жырлары қытай жазуымен хатқа түсті. Олар өздерінің аттарына қаңлы Бай­хуа, оңғыт (уақ) Ма зучаң, найман Най­жән (З.Сәніктің пайымдауы), керей Нығы­бай, қыпшақ Садулла (Сағдолла) деп хат­та­ған. Қытай жазба деректеріндегі тегі түркі ақын­дардың шығармалары Лю жиңмин мен Шиң ханьшүй құрастырып бастырған «Ба­тыс өңірінен шыққан ақындардың таң­да­малы өлеңдері» (Үрімжі, Шыңжаң халық бас­пасы, 1987) атты жинаққа топастырылып бе­рілген. Ескерте кететін бір жайт, батыс пен шығыс ғалымдары, оның ішінде Л.Н.Гумилев та найман мен қоңырат, керек тай­­паларын түріктенген монғол тай­па­ла­рының қатарына жатқызады. Сондықтан да кей­бір ақындардың тегі монғол деп көрсе­тіліп жүргені де байқалады. Әрине, бұл ар­найы зерттеп, тиянақтауды қажет ететін мә­селе.
Міне, осы топтамаға еніп отырған «Кө­не қытай жазбаларындағы түркілік әдеби үл­гілер», негізінен, сондай тағдырлы ұрпақ­тың шығармаларын қамтиды. Мұнда, жыл қайыруымыздан бұрынғы Х ғасырда қытай бек­задасы Му тяньзы хатқа түсірген Батыс­тағы хан анасының толғауынан бастап ХІІІ ғасырдан өлеңі хатталған, ХІХ ғасырға дейін үрімінен 17 ақын шыққан Садуланың соңғы үрімі Са дазыға дейінгі ақындардың өмір­баяндары, тегі, шығармашылығы, сақталған мұрасы туралы деректер қамтылған. Ол туралы қытай ғалымдары «Кіріспеде»:
«Еліміз ежелден тартып көп ұлтты мем­лекет болып ірге бекітті. Үзілмей жалғасып ке­ле жатқан тарихтың ұзақ көшінде ұлт­тар­дың өзара жауласуы, отарлауы, билік жүр­гізуі орын алды. Сонымен қатар осы ұл­т­тар­дың арасында өзара түсінісу, ынтымақтасу, сіңі­сіп кету үдерімі де жүзеге асты. Міне, осын­дай екі түрлі қарым-қатынастың бары­сында бүгінгі Жұңхуа ұлттары (бүгінгі таң­дағы қытай мемлекетіндегі барлық ұлттарды мең­зейді – ауд.) қалыптасты. Көп ұлтты қы­тай елінің гүлденіп-көркеюіне әр ұлттың хал­қы өз үлесін қосты, мәдени көркем өнері өза­ра ынтымақтастық жағдайында дамыды. Осындай аса мол мәдени-көркемөнер мұра­лардың ішінде азсанды ұлттардың (қытай елін­де қытай ұлтынан басқа ұлттарды азсан­ды ұлт деп атайды – ауд.) өз ана тілінде хат­­­талған әдеби мұраларынан тыс, қытай тілінде жазылған мәдени жәдігерлер де сақталып қалған. Қытай тілінде жазылған бұл шығармашылық еңбектер сол ұлттың шығармашылық әдеби үлгісінің бастау көзі болып табылады. Өйткені аз ұлттардың өз жазуы қалыптаспай тұрғанда олар қытай жазуын қолданған. Сондықтан да, аз ұлт­тардың ежелгі әдебиетін зерттегенде, осы қытай тіліндегі шығармашылық еңбектерге жеңіл қарауға болмайтындығын естен шы­ғармаған жөн»,– деп ашық жазған.
Жинақтағы ақындардың шыққан тегі түркі екеніне ешкім де күдік келтірген емес. Тек олардың бүгінгі түркі халықтарының қай­сысына жататыны туралы екіұшты пікір­лер бар. Мысалы, осы басылымның ұйғыр тіліндегі аудармасында олардың денін ұйғыр деп көрсетеді. Ал қытай тарихы мен кө­не жазуын түбірімен қотара оқитын Н.Мыңжан, С.Жанболат, Ж.Мырзахан сияқ­ты ғұлама бастатқан Ш.Ахмет, Б.Ежен­хан, С.Сұңғатай, Ж.Ошан, М.Оразбай, Н.Мұхамедханұлы, З.Сәнік, Т.Зәкенұлы, И.Нұрахмет, Н.Кә­мел­хан­­ұлы іспетті қы­тай­танушы ғалымдар қаң­лы, қарлұқ, теле-телеуіт, қыпшақ, арғын, найман, керей, уақ, жа­лайыр, қоңырат, дулат руынан шық­қандығын дәлелдей пікір білдіреді. Біз, нақ­ты дәлелді, иероглифтік мазмұны ажы­ратылған ру аттарын ғана көрсеттік. Ал «Те­ле жыры» мен «Идіқұт жы­ры» сияқты ха­лықтық сыпаттағы жырлардың жалпы түр­кі жұртына ортақ екені, оны ешкімнің де меншіктеп алуға құқы жоқтығы анық. Саясатқа бойлап кірмей-ақ, мына мәселені ашық айтуға болады. Жалпы қытай қауымы үшін түркі, Түркістан деген сөздер жабық, тиым салынған ұғымның қатарына жатады. Сондықтан да түркітану, түркология деген ілім оларда жоқ, тек ұйғыртану деген сала ғана бар. Соның салдарынан түркология ғылымына қиянат жасалып, ортақ мұраның бір ұлттың еншісіне телініп кетіп бара жатқанын «қытай түркологиясының атасы», академик Гың шымин мен профессор Су бихай бізге қынжыла отырып айтып беріп еді. Бұл, пікір алысу тұрғысындағы мақала бол­мағандықтан да, біз ойымызды орайы келгенде арнайы айтармыз деген желеумен, осы емеурінмен шектелеміз.
Тек мынадай түйткілді үш мәселеге тоқ­тала кетеміз. Бірінші, мұндағы жырлар қы­тай тілінде хатқа түскен. Сондықтан да олар қытай ақындары. Ендеше, жинаққа неге кіргізілген? – деген қойылуы мүмкін сауалға берер уәжіміз мынадай. Иә, бұл жазбалардың барлығы да көне қытай тілінде хатқа түскен. Бірақ, жинақты құрастырушылардың анық және сенімді дәлелмен көрсетіп отыр­ға­нын­дай, олар ешқашанда қытай ақындары ре­тінде танылмаған, қытай әдебиетінің өкі­лі болып есептелмеген, тек ғылыми мүдде тұрғысынан зерттеу тақырыбы есе­бінде жарияланған. Сонда олар қай халық­тың өкілі ретінде қатарға қосылуы тиіс? Бір ғана жұрттың аясына сыймайды. Мысалы:
Ойқастап оңды-солды бастым қамшы,
Сорғалап тебінгіден ақты тамшы.
Семсердей болмаса да өткір жүзі,
Үш құлаш өрімінің ұзындығы –
Дойырды жібергенде бір иіріп,
Түменді бір кісідей тұрды үйіріп,
деп «Қамшы» атты өлең жазған Баянды (Баян) ішке тартпай, сыртқа тебетіндей себеп жоқ.
Шу өңірінде туып, ер жетіп, Құбылай хан­ның ордасына шақырылып, сыпай бол­ған Хатудың (Хы ту) егде тартқан ша­ғын­да алыс ауылынан хат әкелген «Ылаушыға» арнап жазған:
Қақпа алдында арбакеш тұр,
хабар ай­тып қуанышты мархабат,
Айтуынша: келіпті ол атажұрттың
аманатын арқалап.
Туған жерден хат әкепті,
қымбат одан бар ма асқан,
Айқыш-ұйқыш таңбаланып, тексеріліп,
мөр басқан.
Хатты ашып, көз жүгірттім,
жазуына қарадым да қиылып,
Ал ылаушы көз алмайды,
танысындай өзімсіне жымиып.
Ағайынның амандығын білген кезде
көтеріліп оң қабақ,
Көзімнен жас аға берді,
мөлдір моншақ сорғалап.
Деп жазыпты: «Кеттің алыс үміт іздеп, бауырым,
Есің барда еліңе қайт, күтіп отыр ауылың…».
Сол бір сәтте құс –
жүрегім бұлқынды да кеуде қысып,
Ұмтылды алға, кететіндей
бозторғай боп елге ұшып, –
деген өлеңіндегі ұлы далаға деген сартап сағынышты мойындамауға, немесе осынау бір сезімді ішке тартпауға бола ма? Біздің қазіргі жамыраса жазып жүрген ауыл туралы өлеңдерімізбен тақырыптас болғанымен де, ішкі аңсардың қуаты нағыз поэзияның арынын байқатады. Ал «Теле жырындағы»:
Маң жазығы Шұғайдың қоныс болған телеге,
Көк күмбезі – шаңырақ, көкжиегі – кереге.
Самал желмен жайқалып, қақ жарылса шалғындар,
Арасынан қылаңдар отарлы қой, табын мал, –
деген көркем сурет әр қазақтың жанына қор­мал, жадына ұйытқы болса керек.
Бұл өлеңдерді олар қытай тілінде жазды ма (соның ішінде, Шыңғыс ордасы күй­ре­генге дейінгі ақындардың шығармасы), жоқ, аударылды ма? (Кейінгі толқындарға бұл уәж жүрмейді). Бұл мәселе деректану­шы­лар тарапынан әзірше көтерілген жоқ. Себебі, Құбылай ханның да бір шумақ өлеңі сақталған. Шындығына көшсек, Құбы­лай­дың көне қытай жазуын меңгеріп, сол тілде өлең жазуға еш мүмкіндігі болмағаны анық. Демек, бұл шумақ аударма болуы ақиқатқа жа­қындайды. Сондықтан да мұндай төл­жан­ды туындыларды түркі жұртының, со­ның ішінде қазақ елінің де көркем ойлау жүйе­сінің жемісі ретінде қарастырдық. Егер­де, тілдік белгіге қарап бауырға тартсақ, он­да Шоқан Уәлихановтан да, Салық Ба­бажановтан да, саяси-экономикалық ең­бектерінің денін орыс тілінде жазған Әнуәр Әлімжановтан да, Олжас Сүлейменовтен де, Алтыншаш Жағановадан да, Бақыт Ғафудан да, Орынбай Жанайдардан да, бірде-бір зерт­теу монографияларын қазақ тілінде жа­зып көрмеген академиктер мен ғылым док­торларынан да, қытайдың маңдайалды жазу­шылары, шығармаларын қытай тілінде жа­затын Әкпар Мәжит пен Еркештен де, Ғай­ша Тәбәрәк пен Әбдуәлиден де, Еркін Ауға­ли мен Нұрбақан Кәмелханнан да, жә­не сол қатарлы жүздеген қандастарымыздан бас тартуымыз керек пе? Біз олардан бас тар­та алмаймыз. Ендеше, сондай ділдік бу­дан­дасуға ұшыраған тағдыр иелерінің қа­тарына «Батыс өңірінің» ақындарын да жат­қызу – намысты тәуекел емес. Кері­сін­ше, оларды ұлттық текті сақтап қалған тек­тілердің қатарына қосқан сауап.
Екіншіден, біздің басты мақсатымыздың бірі – көшпелілер мен түркі тектестердің көркем ойын жинақтап, салыстырмалы түр­де олардың көркем ойлау жүйесінің қа­лыптасуы мен даму жолын бүгінгі көз­қараспен бағамдау. Ежелгі грек, көне қытай, жә­не ескі араб, ескі парсы, соғды, тот мон­ғол (будда ілімінің уағыздары) жазу­ларын­дағы (бұларға кейінгі томда орын беріледі) аңыздар мен әфсаналарды қазақ ұлты қа­лыптасқан кезеңдегі әдеби мұралармен са­лыстыра отырып, олардың тектес тамыр­ларын тану, сөйтіп, алаш жұртының да та­рихи көркем ойлау қабілетінің пат­шалықтар мен империялардың ақыл-ой парасатының тең екендігін бүгінгі тілі жап­пай жаттанып бара жатқан ұрпаққа аң­дату әрі сақтандыру. Егерде ұлттық тілден жап­пай ажырау үрдісі тоқталмаса, онда бүкіл ұлтымызды «батыс өңірі» ақындарының тағдыр тәлкегі күтіп тұрмасына кім кепіл? Әрине, бұл үмітсіздік, шарасыздық емес. Тәлім тағылымы. Қандай да бір ылаж ай­тылғанымен де күндердің күнінде күн тәр­тібіне қойылып, зерттелетін мәселе. «Ой, барлық тарихымыз қытай жазбала­рын­да хаттаулы тұр. Шіркін!..», – деп тамсана бер­генше, бір тәуекел жасағанды лайық көрдік.
Монғол ұлысының құрамында қаға­нат­тың тізгінін белсене ұстаған, бүгінгі қазақ ұлтының қормалы саналатын қаңлы, үйсін, оңғыт, жалайыр, керей, арғын, найман, қоңырат, қыпшақ, меркіт, теле тайпа­ла­ры­ның өкілдері рухани салаға да етене ара­ласқаны анық. Олар қағанаттың ертауылы мен сартауылының санатында қытайдың ішкі өлкелерінде орда тапсырмасын орын­дай жүріп, сар далаға деген сағынышын өлең­мен басқан. Мысалы,
Сырымды айта аламын кімге ашық,
Сағындым ауылымды жатқан қашық.
Жат жерді жаудан қорғап жүргенімде,
Жылдарға жылдар кетті тағы ұласып.
«Кел!», – деген нәзік үні жанды еріткен,
Есімнен бір кетпейді бала ғашық,–
деген жыр жолдарындағы аңсар соны анық аңғартады.
«Бала ғашық» деген тіркес бүгіннің қол­данымы болғанымен, «бала кездегі ғашық қыз­ды» ұмытпаған ертауылдың, яғни, Са да зінің рухын:
Найза менен қылыштан,
Жарып шыққан, тұлпарым.
Қанды қырғын ұрыстан,
Алып шыққан, тұлпарым.
Бармаған жер, аспаған,
Тау қалмаған, тұлпарым.
Төрт тұяғың баспаған,
Жау қалмаған, тұлпарым.
Ат – ер қанаты,
Ер – ел қанаты,
Дегізіп едің, тұлпарым!

Терістіктен жел тұрса,
Ықтатпап ең, тұлпарым.
Қарауылдап, шеп құрса,
Ұйықтатпап ең, тұлпарым.
Не бір сыншы тұрқыңа,
Мін тақпады, тұлпарым.
Алып ажал ырқына,
Тоқтатпады, тұлпарым.
Ат арыса – тулақ,
Ер арыса – әруақ,
Дегіздің бе енді, тұлпарым!, –
деген екпінді өлеңінен байқайсың. Мұндай жырды тек аттың құлағында ойнаған қыр баласы ғана жаза алады. Алишаның туған ауылының суретіне қарап:
Аулымды көргендеймін жүрген бармай,
Суретке көп қарадым көзімді алмай.
Япырмау, шыныменен сол ара ма,
Үңілдім әр көрініске терең барлай.

Қарадым сол суретке тағы анықтап,
Тура он жыл мен кеткелі шығанға ықтап.
Қанша рет одан бері көл жаңарды,
Ақша бұлт үй үстінде тұр қалықтап.

Жаң ханның есі кетіп тұр ойланып,
Көргенде құтханасын мұңайды анық.
Арбасып алақұйын заманалар,
Еліне бара алмаған бір айналып.

Жабығып өмір өтті елден жырақ,
Жегені – шөп-шалаңмен, құр жапырақ.
Есінде күн кешкені аш өзек боп,
Қайысқан қара орман болып тұрақ, –
деп толғануында, киіз үйдің үстінде қонақ­таған ақша бұлттың өзін сағынуында тек ақындық толғаныс қана жатқан жоқ, онда тағдырдың өкініші де жатыр.
Ғұмыры солтүстік батысқа телмірумен өткен Баян жыраудың ұлыс ойранға ұшы­рап, еліне қайта алмағанын армандап:
Отанға опа бермей уақытында,
Күн кештім орманды ықтап, қыратында.
Дариядай жылып аққан бойдағы қан,
Ұқсайды қасіретті сұрапылға.
Бетке алған солтүстікті Чаң жияңдай,
Сұм жүрек ұмтылады ұлы Отанға, –
деген жолдарындағы туған жерге деген аң­сар­дың астарында қандай ауыр қасірет жа­тыр десеңізші.
Бұл өлең – ана жұртқа арналған жыр­лар­дың ең таңдаулыларының қатарынан орын алуға лайық. Біз ғой, Шыңғыс ханның ертауылдарын тек жауыз деп қана түсінеміз. Сөйт­сек, оларда да сағынатын жүрек, езіле­тін бауыр, егілетін көз жасы бар екен.
Бірің кеттің – батысқа, бірің кеттің – шығысқа,
Қосылмады басымыз, осыларың дұрыс па?, –
деп Гау кігүң айтқандай аңсарлы жолдар осы жинақтың сары өзегі болып табылады.
«Батыс өңірінен шыққан ақындардың таңдамалы өлеңдері» жинағындағы көне қы­тай иероглифіндегі жазуын хатқа түсір­ген, жолма-жол аударған – орталықтың же­­­текші ғылыми қызметкері, магистр Ер­кінжан Сыламханұлы. Оған ғылыми қыз­меткер Анаргүл Әбділхамитқызы септесті. Ал қытай деректері ежелгі қытай тарихының жиынтығы «24 тарихтан», Сыма Сианьнің «Та­рихи жылнамасы» мен Бань Гудің
«Ханнамасынан», ғылыми оталықта аудары­лып басылған Гай шаньлиннің «Оңғыттар тура­лы зерттеуінен» және өзге де дереккөз­дер­ден алынды. Олардың атауы сол еңбектер пай­даланылған тиісті тұстардағы сілтемелер мен түсініктерде көрсетілді. Қазақ ұғымы үшін қиындық тудыратын қытайдың дәс­түрлі жыл қайырымы туралы қысқаша түсі­нік беруге де тура келіп тұр. Қытайлар әр пат­шалық әулетті бір дәуірге есептейді. Со­ның ішінде таққа отырған кезекті мұрагер өзі­нің патшалығына ат береді. Мысалы, Шыңғыс хан империясын Құбылай қаған 1271 жылы «Юань патшалығы дәуірі» деп жа­­­риялады. Ал ол таққа отырған 1260-1264 жыл­дарды «Жұң тұң жылнамасы», ал 1264-1294 жылдарды «Жы юән жылнамасы» деп атады. Сонда, «Жұң тұң жылнамасының» 1-жылы десе – 1260 жыл, «Жы юән жыл­на­ма­сының» соңғы жылы десе – 1294 жыл бол­ғаны. Сондықтан да тарихи жазбадағы юән патшалығын монғол ұлысы немесе монғол қағанаты деп өзгертпедік. Бұл ретте, қытайда болған алты айлық іссапар кезінде сирек басылымдарды табуға көмектескен Сұлтан Жанболатов, Әлімжан Нұрғазыұлы, Мұхтар Әбілқақұлы, Жан дин жиң, Еркін Ауғалиұлы, Мұнай Әбілбайұлы, Нұрбақан Кәмелханұлы сияқты азаматтарға ризашы­лық білдіреміз.
Әдеби аударманың иесі – осы жолдар­дың авторы. Ішінара тәржімалауға И.Нұрах­мет, Б.Жылқыбекұлы, О.Тұржан қатысты. Олардың аты-жөні аударған өлеңдерінің соңында көрсетілді.
Жолма-жол және әдеби аударма бары­сын­да кездескен үлкен ділгірліктің бірі – қы­тай тіліндегі терминдер мен жағыра­фия­лық атаулардың, кісі аттарының қазақ ті­лін­де қалыптасқан тұрақты жазылу үлгі­сінің бол­мауы. Бұрынғы орыс транскрипци­я­сымен түс­кен терминдер мен атаулар қазақ тілінде, әсі­ресе, көркем аудармада тілді тұтқы­р­лан­дырып, өлеңнің ырғағы мен буын санын сақтауға кедергі келтіреді. Мысалы, монғол ұлысының қытайша дыбысталып, аталуы – юән, орысша – юань деп жазы­ла­ды. Мұн­дағы дыбысты жұмсартып жеткі­зетін «ь» белгісінің міндетін қазақтың «ә» дыбысы атқарып тұрғандықтан да, шань – шән, ань – ән, юань – юән деп алынды. Бұл ретте қы­тайдың көне тілінің бірден-бір білгірлері, оқымыстылар Б.Еженхан мен Ж.Ошанның, С.Сұңғатайдың аударма­шылық тәжіри­бе­леріне («Қазақстан тарихы туралы Қытай де­рек­темелері, І-V том», «Қазақ хандығы мен Цин патшалығының саяси-дипло­ма­тия­лық қатынастары туралы қытай мұрағат құ­жаттары», І-ІІ том) сүйендік. Ал ажы­ра­тылуы анық Тай бу хуа – Тайбұқа, Не гу бай – Нығыбай, Са ду ла – Сағдолла сияқты кісі аттарының қытайша, латынша жазылулары «Өмірбаянның» алдына дербес көрсетілді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір