Қадірі қашқан сөз, беделі кеткен жазушы
28.08.2015
2722
0

«Сөз деген жалғыз ғана мәңгілік нәрсе». Бұл сөзді кімнің айтқаны есімде жоқ. Сөз деген әдебиет емес пе. Ал осы әдебиетті жасайтын, қолына қалам алып, сөз өнерімен ұлтқа қызмет ететіндер – жазушылар. Өткен ғасырда жазушы болу, сөз өнерімен ұлтқа қызмет ету, сол кездегі ұрпақтың санасына мықтап орныққаны белгілі. ол ұрпақ көркем шығармалардағы қаһармандарға (кейіпкерге) қарап бой түзеді, рухани байыды. Сол тенденция кешегі тоқсаныншы жылдарға дейін өміршең болып тұрды. Десе де, бізге әлі де соның табы көктемнің жылы лебіндей сезіледі. Жазушы болудың, жазудың шығармашыл адамнан басқа ешкім сезіне алмас азабы мен тозағы, рахаты мен ләззаты, жазушы бақыты, бүгінгі қазақ қоғамындағы жазушылардың әлеуметтік жағдайы, жазушы көңіл-күйі, қазақ қоғамы, жалпы, кейінгі ұрпақ біз соларға қарап бой түзеп, рухани байи алдық па? Осы сұрақтар төңірегінде қазақтың бір топ жазушыларының ойына тамыздық тастап көріп едік.

– Өткен ХХ ғасырдың 90-шы жылдарына дейін жазушылардың беделінің, әлеуметтік жағдайының қандай болға­нына өздеріңіз куә болдыңыздар. Сол кез­дегі ұрпақ жазушыларға еліктеп бой түзеді. Бүгінгі қазақ қоғамындағы жазу­шылардың әлеуметтік жағдайы қалай? Жалпы, кейінгі ұрпақ қазақ қоғамы жазушыға қарап, бой түзеп, рухани байи алды ма? Әңгімені осыдан бас­тасақ…

Мархабат БАЙҒҰТ:
dsc_8829– Осыдан бірер жыл бұрын аса бай­лардың қатарына қосылып, тү-у-у төбе­лерде зораятын, бірақ бәзбіреу­лер секілді онша зорсынбайтын таныс кісі күтпеген жерден қонаққа шақырды. Бір ауланың айналасына бірнеше коттедж салған. Бір аула деп отырғанымыз біздікіндей жер телімі­нің жеті-сегізі ғой, әрине. “Природа” жасап тастаған… Адам қорқады. Бір жағы­нан риза боласың. Жер­дегі жұмақ. Бізден басқа төрт кісі жұп­тарымен шақы­рыл­ған екен. Екеуі туралы еміс-еміс еститін ек. Екеуін анда-санда, аса абыройлы дейтұғындай «дөй-дөкей» жиындарда көретінбіз. Төртеуі де, зайыптарымен қосқанда сегізі де сезік­тене әрі таңыр­қана қарады. Түрлі-түрлі ыңғайда, алайда, бәрінің көзқа­рас­та­ры мен пейіл-пиғылдары бір арнада тоқай­ласып: “Мынау қалай, қайтіп шақырыл­ған?”, “Мұның дәл осы ортада оты­ратын­дай жағдайы бар ма еді?”, “Бұл неге, неғып жүр”, “Түк түсінсек бұйырма­сын” дескенін (іште­рінен, әрине) анық аңғарғанбыз.
Былтыр тағы бір тұлға құ­дайы ас өткізді. Туған ауылындағы өзен бойы­нан саяжай салған екен. Жерлес бол­ған­дықтан шақырған шығар. Шарбақ­тың ортасына таман “титан самауыр” қай­натып, ағаш жарып отырған екі “бомж­дың” жанынан өтіп бара жат­қаны­мыз­да сақал-мұртын көптен қырмаған егделеу біреуі қасындағыға сыбырлап: “Анау жүдеңкі кісі жазушы ғой. Баяғыда “Интер­наттың баласы”, “Нәурізек” деген кітап­тарын тоздырып ем” деді. Бүйрек шір­кініңіз бүлк етті. Білдірмей ғана бұ­рыл­дық біз. Әлгі адам әдейілеп теріс қарады.
Әнекиіңіз, солай. Әдейілеп аз ғана мы­салды өзімізден келтірдік. Айып етпе­гейсіздер. Қазақ қоғамында материалдық байлық, материалдық қажеттіліктер, “Ақша-Құдай” биіктерде қалықтап, рухани құндылықтар, көркем әдеби әлеміңіз төменшіктеп қалғанын жоққа шығара алмайсыз. Рынок дейміз. Зерттеушілердің зерделеуінше, көркем әдебиетіңіз рынокқа бірігіп, кірігуі үшін ұлтыңыздың ұзын саны кем дегенде 25 (жиырма бес) миллионға жетпегі жөн екен. Сонда ғана кітап сатып алатын, оқитын оқырман ойда­ғыдай болмақ. Ал қазіргі қазақ қоға­мында қалай?… Қайталамай-ақ қоялық.
Рахымжан ОТАРБАЕВ: 
images– Иә, ол өткен дәуренді ойласам, бойымды бейшара бір сағыныш торлайды. Одақтың беделі, жазушының абыройы қандай еді. Қасиетті қаламнан туған әр шығармаға елеңдеп, емініп бағатынбыз. Ұлтқа – мұра, кейін­гіге ұлағат деп қабылдадық. Қалың оқыр­ман да солар жасаған кейіпкерлерге қарап бой түзеп, қиял кешіп, рухани әлеммен біте қайнасып жүрді. Бұл жазушының тек беделі ғана емес, шынайы бақыты да еді! Заман аунап ақты. Кейде «Біз елді ойдан, қиялдан жасаған кейіпкерлері­міз­бен тәрбие­лейміз деп жүріп, осы жұрт­ты мына қазіргі қатал қоғамға бейім­сіз ғып шығардық-ау» деп ойлаймын. Рухани бай­лық бар да, жеке өмір бар ғой. Қазірде екеуінің басы піспей тұрған жоқ па? Ал, біздің көп дәулеттілер ше? Меценат болу­ға жарайтындарды айтам. Байлық­тың балалық ауруынан әлі күнге айыға алмай жүр. Бір олигархқа айтқаным бар: «Жина­ған алтын мен ақшаңды молаңа алып кететін фараон емессің ғой. Әдебиетке жәрдем берсеңші» – деп.
Роза МҰҚАНОВА: 
26614c85ea84a5338f429437e40b528c– Бүгінгі қазақ қоға­мын­дағы жазушы­ның жағдайы адам жы­лар­лық. Жазушыға қарап, бой түзеу үшін, оған кісі қызы­ғар­лықтай болмақ ке­рек емес пе?! Бәтең­кесінің тұмсығы ақ­жем болып, тозып жүрген бейшара жазушы кімге тұтқа, кімге пір болмақ?
Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңде ұлттық рух өте күшті болды. Қасым ақын­ның «Бермесең бермей-ақ қой баспа­наңды. Сонда да тастамаймын астанамды» дегеніндей. Қаламақы бермесе де, қаламын ешкім тастамады. «Жазу­ға ер­кіндік келді ғой, басымыз ноқ­тадан шық­ты, тарихтың айтылмаған сыры, ашыл­маған ақиқатын айтатын, жазатын күн туды» деп қуанды. Жазушы мен ақын ақысыз еңбек етті. Халықтың рухын кө­тер­ді. Нан мен сабынды талонға алып отырған халықты қаламының қарымы мен шешендігімен, зиялы ойымен сабыр­ға салды. Жазушылар облыс­тар­ға барып, ел-ішін аралап, үгіт-насихат жүр­гізген кезеңді де көрдік. Ол кезде жазушы қоғамға қажет болды. Халық жазу­шыны тыңдайтын, сенетін. «Ел еңсе­сін көтеріп, етегін жинар, уақытша қиын­дық­қа шы­дайық, қаламақы да шешілер» деген ниетпен талай дүние келді әдебиет­ке, драматургияға, ғылымға. Бірақ ақысы төленбеді. Ел еңсесін тіктеді, есін жиды. Дамыған отыз елдің қатарына да кіруге әне-міне қалған сияқты. Бірақ ӘДЕБИЕТ деген ұғым жоғалды. Кітап атаулының бәрі әдебиетке айналды, кітап шығарған­дар­дың бәрі жазушыға айналды, театр директорлары – драматург болды. Шенеунік­тер – ғалым болды. Айтқанымыз – өтірік, жаса­ғанымыз – жалған болды. Әдебиеттің көбесінің сөгілгенін көрдік. Жағым­паз­дыққа бой ұрғанын көрдік. «Жағымпаз әдебиеттің» иесінің жоғары марапатқа жеткенін көрдік. Әдебиеттің құны кетіп, «Жазғандарыңа ақы сұрамаң­дар! Қала­ма­қы жоқ!» деген қадірсіздігі­мізді көрдік!
Мен өзгелер үшін емес, өзім үшін шы­рылдап отырмын. Жақында бір театр «Мысықтар патшалығы» пьесамды сах­на­лауға аттай қалап сұрады. Іле-шала, «Біз бұл шығарманы қоятын болдық, ұнап отыр. Бірақ сіз «қаламақы талап етпей­мін» деген қолхат жазып, директордың атына жіберсеңіз!» – дейді. Бұдан асқан сорақы­лық жоқ шығар. Мен неге қыл­мыскер сияқты қолхат беріп, өз еңбегіме берілетін ақыдан өз еркіммен бас тартуым керек? Мұндай шектен асқан заңсыз­дыққа кім жол беріп отыр? Бұл қандай заң?
Қазір мемлекет жұмыс беруші кәсіп­керлерге субсидия береді. Мен жұмыс берушімін. Менің жазған шығар­мам театрда сұранысқа ие. Режиссер қой­ғаны үшін айлық алады, актер ойна­ғаны үшін айлық алады, суретші декорациясын жасағаны үшін айлық алады, ком­позитор пьесаға музыка жазғаны үшін айлық алады, көрермен менің шы­ғармамды көру үшін билет сатып алып, театрға табыс түсіреді. Сонда жұмыс беруші негізгі АВТОР неге қаламақыдан қағылуы керек? Мәдениет министрі бірі келіп, бірі кетіп жатады. Бұл мәселе күн тәртібінен 22 жылдан бері түспей келеді. «Қарным­ның ашқанына емес, қадірімнің қаш­қа­нына жылаймын» деген екен біреу. Бүгінгі қазақ қоғамы үшін жазушының қадірі кеткен. Қарны да аш, қадірі де жоқ. Қаламақы сұрамайтын, сұраныста жоқ авторлардың балаганын қою қазақ-орыс театрларында кеңінен орын алған. Себебі, олар қаламақы сұрамайды, олар­ға сахнада шығармаларының жүріп жатыр дегенінің өзі бақыт. Ал ондай «бақыт­тың» маған қажеті жоқ. Мен еңбегімнің құнын сұраймын.
Мен Сайын Мұратбеков сынды ұлы жазушының екі томдығына берілген қаламақыға ренжіп, түңіліп, министрлікке келгенін көрдім, Қалихан Ысқақ сияқты қазақ сөзінің зергерінің алған қалам­ақысын шәй-пәйіне, дәрі-дәрмегіне жет­кізе алмай, жасы келгенде газет-жур­налда жұмыс істеп отырғанын көрдім, Фариза Оңғарсынова сынды дара ақын­ның науқасқа ұшырағанда емделуге қаражат таппай, есік-есікті аралап, мү­жілгенін көрдім. Бұлар – әдебиеттің пірі болатын. Олардың өмірінің соңында көр­ген күні осы болды. Мұнан кейін әдебиетті кім пір тұтқандай, кім жазушы болғысы келеді дейсіз?! Қазір әдебиетке білімді, ойлы, сезімі жүйрік, терең балалар кел­мейді. Мен Өнер университетінде дәріс беремін. Әдебиеттен бейхабар, Әуезовтің кім екенін білмейтін, ал бүгінгі жазушыны мүлде оқымаған, жазуы еміле қатеден көзашпайтындар келеді оқуға. Мүлде кітап оқымағандар, мектепті ең төмен көрсеткішпен тәмамдағандар келеді. Олар қандай шығарма жазып, кімді таңқалды­рады дейсіз? Бүгінгі қазақ қоға­мының келбеті өкінішке қарай – осы.

– Сіздер қай-қайсыларыңыз да жазу­шы­лықтың үлкен мектебінен өткен қаламгерсіздер. Алғашқы шығар­ма­ларыңыз жарияланғанға дейін сіздерде жазушы боламын деген сенім болды ма? Алғашқы шығармаларыңыз жа­рия­ланғанда жазудың рахаты мен ләззатын қаншалықты сезіне алдыңыздар.

М.БАЙҒҰТ:
– “Күн астындағы Күнікей қыз” деген алғашқы әңгімемізді Байкал­дың арғы жағында, Даурия даласында, әскер қатарында жүргенде жазып, аудандық газетке жолдағанбыз. Хат жазып тұратын қызымыз: “Әңгімеңді оқы­дық. Бүкіл аудан шулап жүр. Менен басқа біреуді тауып апсың ғой, қош бол…” деп қатқыл мәлім­деме жіберіпті. Сүйген қыздан ажырап қалу қаупі жүрек қалталарын қалтырат­қанымен, шығар­маның шын сендіргеніне іштей рахат­танған сезім қалтыраған қалталарды жұбата жылытқаны жадымызда жаң­ғы­рады. Бертініректе Дулат Исабековтің үш әңгімемізді қолмен жазылған күйінде алып қалып, “Жалын” журналында жа­рия­ла­ғанындағы, ұлы ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың алғы сөз жазып, “Жаң­ғақ” дейтұғын дүниемізді “Жұлдызға” шы­ғарғанындағы, тұңғыш кітабымыз “Шіл­дені” кішіпейіл, көркем мінез Нәсі­реддин Серәлиев дүкеннен сатып әкеліп, сүйінші сұрағанындағы үлпіл-лүпіл ләз­затқа ештеңе тең келмес. Тек перзентті болған сәттегі қуанышпен ғана теңе­сер..
Р.ОТАРБАЕВ:
– Жаныңды «келіге салып» – жазасың. Сыңар сөз, образ жасау, табиғат дірілі, уақыт мөлшері, бәрі-бәрі қиялыңнан туып жатса, азап емей немене? «Шыңғыс хан­ның көз жасы» хикаятын жазу үстінде әлгі айтқан азапты анық сезіндім. Қарама- қайшылы­ғы көп ұлы тұлғаның соңғы дем үзер шақ­та­ғы ойы, өкініші не болды екен? Ал, тол­ған! Қаламыңның ұшынан сәуле шашырап суреттеп көр!
Ылғи саяқтау жүремін. Сондай шақта жолыққан біреу: – Жалғыз келе жатырсың ғой, – деген. – Жоқ, – дедім. – Жан-жа­ғым­­нан кейіпкерлерім қаптап еріп келеді…
Р.МҰҚАНОВА:
– «Қазақс­тан пионері», «Балдырған», кейіннен «Жалын», «Жұлдыз» журналдары жазуға жол ашты. Жетінші сыныпта жүріп, аудандық газетке жарыққа шығып, ауыздана бастадым. Фамилиямның Роза Мұқанова болып, тас­қа басылып шық­қаны үлкен бедел болып көрінетін. Ал­ғаш­қы әңгімелерім республикалық басы­лымдарға шыққанда Мұхтар Маға­уин, Дулат Исабеков, Әзілхан Нұршайықов, Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкей, Тұрдыбек Алшынбаев, Тұрсын Жұртбаев сынды алыптардың аузына іліндім. Менің дипломдық жетек­шім Сағат Әшімбаев болды. Жазушы Бексұлтан Нұржекеев алғашқы кітабым­ның жарық көруіне көмектесті. Үлкен әдебиетке жол ашылды. Жастық шақтың өзінің батырлығы да, тасырлығы да болады. Жастықтың романтикасымен, ал­бырт­тығымен әдеби ортаға қызықтым, жақсы көрдім, аға-апаларыма еліктедім. Бәрін пір тұттым.
Қазіргі жастар дәл біздердей үлкен­дерді пір тұтып, тазалықпен жақсы көр­мейтін сияқты. Мен өзім жақсы көрген жазушы-ақын апаларымнан ешқандай көмек сұрамаппын. Ешбіріне мен туралы жазыңыз, алғы сөз жазыңыз деп қолқа салмаппын. Ол бір әбестік, ұят болып кө­рінетін. Өз еркімен жазған мақалалары, хаттары әлі күнге дейін сақтаулы. Қазір бірлі-екілі жастарға жылы сөз айтсаң қол­қа сала кетеді, біреулерге тапсырып, мені мақтасаңыз, мені ұсынсаңыз дегенді қымсынбай айтады. Біздер үлкендердің жанына барып, амандасуға жүрексінетін­біз. Мен Мұхтар Мағауин ағадан қатты қорқатынмын. Әңгімелерімді «Жұлдызға» беруге де бата алмайтынмын. «Қазақ әдебиетіне» бірнеше әңгімелерім шыққан­нан кейін ғана «Роза шығармаларыңды бізге алып кел!» деп ұсыныс жасағаны есімде. Дулат Исабеков қолымнан жетелеп, «Жазушы» баспасына қызметке алып келді. Ол кезде «Жазушы» баспасында тек классиктер жұмыс істейтін. Сайын Мұратбеков пен Қалихан Ысқақ ағаларым «Мәңгілік бала бейне» спектак­ліне жиі келетін. Сайын ағамның спектакльден шыққандағы бірінші сөзі «Роза, айналайын! «Күш атасын танымас» деген сөз бар. Қалихан мен Әкім мұндай шығар­ма­ны әлі жаза қойған жоқ» деп қалжың­дағаны бар еді. Сайын ағамның жандүние­сі нәзік адам еді. Төлен Әбдік аға Жазу­­­шылар одағына кітабы шықпаған үш адамды Олжас Сүлейменовке айтып, «Бұлар талантты жастар» деп мені, Гүлнар Салықбайды, Ғалым Жайлыбайды кезексіз мүшелікке алдыртты. Ағалар алақанының жылылығын сезіндік.
Бұл күндегідей «ауылдастың аты оз­сын» деген мінез жоқ еді ол кісілерде. Әдебиетке жанашырлықпен қарады. Біздің әдебиетте жолымыз болды, ағалар­дың қолдағанын да, қолпаштағанын да сезіне алдық.

– Жазушылық деген бір қарағанда ешкім мазалай алмас ауашада (оңа­шада), ертеңгілік күннің шұғыласын жамылып немесе терезеден түскен ай сәулесінің нұрына малынып жазуға отыру – бұл енді нағыз керемет әрі азап­ты жұмыс. Нешеме сағаттардан жыл бойы тапжылмай жұмыс істеу деген – өзіңді-өзің ауыр еңбекке салу деген сөз. Шығармашыл адам үшін жазудың азабы деген сенен басқа ешкім сезіне алмас құпия әлем. Жазушы деген әрі бақытты, әрі бақытсыз адам. Жазудың азабын қаншалықты сезіне алды­ңыздар?

М.БАЙҒҰТ:
– Кейбір әңгімелеріңіз әуелгі сөйлем­нен-ақ әдіптеле жөнелер. Әлдебір құпия нәрсе жетелей жебеп, демеп, қаламыңыз ойыңыз бен сезі­міңіз­ге ілесе алмай, тұла бойыңыз қалтырап-дірілдеп қоя беретіні бар. Ондай дүниелер туындар қарсаңдағы түндерде таңға­жайып түстер көруіңіз бек бәлкім. Көбіне­се қалықтап ұшып жүресіз немесе нешеме беттерді жатқа жазып тастайсыз. Түсіңізде. Ал кейде бір де бір сөйлеміңіз көңілге қонбай қояды. Қан­шама қағаз шы­ғындайсыз. Бес-алты беттік әңгімені бес-алты мәрте көшіресіз, өшіресіз, жыр­та­сыз. Жазудың ғажабы мен азабы тең тайталасар. Әлбетте, әркімде әртүрлі шығар.
Р.ОТАРБАЕВ:
– Бақыттың өзі – мөлдір мұң!
Р.МҰҚАНОВА:
– Жазу – күй таңдамайды. Соғыс болып жатса да жазатын адам жаза береді. Жаныңды салып жазбасаң, жаз­ғаннан ләззәт алмасаң, шығарма шық­пайды. Сарылып, таусылып, жарты жа­ныңды беріп жазасың. Ал ол дүниеңе ақысы төленбесе, сахнада қойылмаса, оның азабын тартып, мехнатын көргеннен пайда не? А.П.Чехов «Алтыншы палата» деген әңгімесін жазғаннан кейін журнал­дың редакторына хат жазады. Хатында: «Мынау дүниені Сізге жіберіп отырмын, көңіліңізден шықпауы мүмкін. Бірақ жа­рыққа шығарсаңыз, маған қаламақы бо­лар еді. Күн көре алмай қалдым. Егер шығарма тым көңілсіз болса, арасына махаббат жайлы да кірістіріп берейін» – дегені бар. Абырой болғанда «Алтыншы палата» әңгімесінде махаббат жоқ. Бірақ шығарма жарыққа қалай шыққан деп таңқаласың. Орыс қоғамының іріп-шіріп біткенін көресіз.
Кейде қоғам қандай тақырыпты ұнат­са, соның ыңғайына қарай икемделуге тура келеді, «қаламақы төлесе болды», деп. Бірақ ол – ӘДЕБИЕТ емес. Өнердің принципі басқа. Моцарт симфонияларын, операсын театрға қойдыру үшін театр директорларынан талай қорланған болатын. Ақыры жан бағу үшін водевиль жазу­ға тура келген. Бірақ тарихта опера мен симфониялары қалғанын білесіз.
Әрине, шығарма жазу – бақыт, егер жемісін беріп, халыққа жетіп жатса. Ал оқырманға, көрерменге жетпеген шығар­ма – өлі дүние. Ол санатта жоқ болып саналады. Меніңше, бұл суреткер үшін – трагедия.

– «Бұл дүниедегі ең бақытты адамдар, жалғыз ғана шынайы бақытты кісілер – тек өз жұмысынан шексіз ләз­зат ала алатын адамдар болса керек. Бұлардың қарасы көп емес. Әдетте айтыла бере­тін­дей мол санға жетпейді. Ал шығар­машыл адамдары осы санат­тағылардың аса маңызды құрамдас бөлігі екені анық. Осы тұрғыдан алғанда олардың ең берісі тіршілік гармониясынан жан қалауын табушылар. Бұл дү­ниеде өзің­нің нағыз бақытына ай­нал­ған жұмыстан артық жолына барыңды арнауға болатын шаруа болмаса керек. Ал дәл осы өз­дерінің жасампаз қиял­дарынан асып-төгілген қуаны­шынан тірліктің ма­ғынасын тапқан, бір сағат­тық еңбегі бір сағаттық рахатына ай­нал­ған жандарды әлдебіреулер қыз­ғанып, күндеп жатса, мен бұған таң­дан­бас едім. Бір адам жазғанын жақ­сы не жаман, ұзын-қысқалығына қарамастан, жазуды жанындай сүйсе, онда ол сөзсіз жазудың рахатын сезіне алады. Шығармасының жақсы не жаман болғанына қарамастан хал-қаді­рінше еңбек етсе, бұл олар үшін ең үл­кен қуаныш». Бұл сөзді атақты ағылшын Черчиль айтыпты. Сіздердің ұғымы­ңыздағы жазудың рахаты деген не нәрсе өзі?

М.БАЙҒҰТ:
– Уинстон Черчиліңіз қан­ша­ма министрліктерді, Ұлыбританияны бас­қар­ған, қайшылықтары да, таң­ғажайып қасиеттері де көп болған, әлемдік, адам­зат­тық өзгерістерге әсер еткен әйдік тұл­ға ғой. Өзі небір тарихи, өмірбаяндық, әдеби дүниелер жазған екен. Мына жерде де шығармашылық және шығармашыл адамдар айрық­шалығы, бақыты, рахаты, ләззаты мен қуанышы хақында жақсы айтыпты. Біз Черчилльдің “әлде­біреу­лердің қызғануы мен күндеуі” туралы пікіріне ғана тоқ­тал­сақ деп отырмыз. Айналайын Алматыңыз бен Астанаңызды қайдам, алыстағы ай­мақ­тарыңыздың өзінде де Черчилль шы­мыр­латқан қыз­ғаныштың қызылкөздігі мен күндеудің, іштарлықтың күйелеуі үдеңкіреп кеткен заманға тап болдық. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұр­сынұлы “абақтыға жап­қанынан” гөрі “ауыл ит­терінің қапқаны” қатты бататынына қат­ты налыған еді ғой. Адамзаттың Абайы да “айнала-төңі­ре­гіндегі” күйе жаққыш­тардан күйініп, “мұңдасып, шер тарқатар кісі болмаған соң , ғылым өзі — бір тез қартайтатұғын күйік”, деп те күйін­ген.
Япырай, дейсің. Мына заманыңызда да, мына қоғамыңызда да күншілдік, кекшілдік, күйешілдік үдеп барады. Адамдарыңыздың аярлануы, алаяқтануы айрықша. Білдірмейді. Бәрін. Күншілдік жымысқыланған. Кекшілдік жылпос­тан­ған. Күйешілдік күрделіленген. Басты-бас­ты әрекеттер БАҚ-тарға көшкен. Әлеу­меттік желілеріңіз әулекіленген.
Күлесің. Кейде күрсінесің. Өзіне талай күйе жағылған сөзгер зергеріңіз Ғабит Мүсірепов: “Өзі таза адам өзгеге күйе жаға алмайды. Күйе жағу үшін өзіңде күйе болу керек” деген екен. Ға­бең – Ғабең ғой. Қаншама қаһарлы пат­ша бола тұра сөз өнерін, шығармашылықты төбесіне көтерген Черчильге де риза боп отырыппыз.
Р.ОТАРБАЕВ:
– Нашар жазушы, нем­кет­ті шығармаға айтар сөз жоқ. Бауыржан Момышұлы «Бақаның бағынан сұң­қардың соры артық» – деген. Мейлі ғой, аспан асты кең, олар да еңбек ете берсін…
Р.МҰҚАНОВА:
– Жазудың рахаты шамалы. Жазу үшін тақырыбыңды терең білуің керек. Өз білгенің аздық етеді, іздену керек. Ізденіп жүріп, көп оқиға табасың, енді ол дүниені зергердің шеберлігіндей жасайсың, оқырман қызығатындай, бұрын-соңды мұндай дүние кезікпегендей таңдан­дыр­ғың келеді. Осының бәрі үлкен сурет­кер­лікті талап етеді. Жазушылық –журналис­тика емес қой, көрген білгеніңді жаза салатын. Өз заңдылығы бар.

– Жазушы бақыты деген не өзі?

М.БАЙҒҰТ:
– Қаламгер-қайраткер Сауытбек Абдрахманов ініміз: “Бізге жазып тұр­саңызшы. Газет таралымы 150 мың дана (ол кезде солайтұғын, қазір 200 мыңнан асты). Жүз елудің бәрі әңгімеңізді оқы­майды. Елу мыңы да оқымайды. Делікші. Ең болмағанда он мыңдайы оқиды ғой”, – деген еді. Жеті-сегіз жыл бұрын. Хадис шәрібіңізде “мың кісі жақ­сы адам ғой десе” ондай жанға сауаптың молая­тыны меңзеледі. Ұлтының қолына су құймаққа арзиды-ау деген жазушы бақытты шығар.
Р.ОТАРБАЕВ:
– Бір сәттік шығармашылық қуанышты сезінген кездерім жоқ емес. «Слава – товар невыгодный. Стоит дорого, а сохраняется плохо» – депті Бальзак. Рас сөз. Оның өзі өтпелі нәрсе. Мал­данып жүре беруге болмас. Десе де, пьесаларым театр сахнасына шығып, көрер­мен­мен табысқанда, атақты Сарбонно уни­верситетінде менің шығарма­шы­лығыма арнап, лекция оқылғанда, 240 мың сту­денті бар Каирдағы әл-Азхар универ­ситетіндегі кездесуде, Архангельск, Новосібір, Владикавказ қалала­рын­д­ағы кітапханаларда «Проводник судьбы» атты кітабым бойынша оқырман конференциялары өткенде, Қытай баспаларында шыққан кітабымды мол тиражбен қайта басып, сондағы қазақ ауылдарына тегіс тарату жайлы арнайы тоқтам алынғанын естігенде тәуба дегенім рас.
Өкінетінім, менен қалам қуаты мық­ты жазушы ағалардың небір ғажайып туындылары әлем тілдеріне әлі күнге аударылмай жатыр.
Р.МҰҚАНОВА:
– Жазушы бақыты – шығармасының танылуы. Жоқ дегенде бір шығармасы ха­лықтық шығармаға айналуы керек. Оқырман сенен бұрын шығармаңды танып тұрса бақыт қой. Жазушы мен ақын өз шығармасын өзі айтып, өзеуреп отыр­ғаны әбестеу көрінеді. Оқырман жазу­шыға оның шығармасы жайлы, өзгеден ерекшелігі жайлы айтып берсе, мақтануға болады. Бұл күнде оқырман табу оңай емес, оқырман суреткердің шырақшысы ғой.

– «Сөз деген жалғыз ғана мәңгілік нәр­се» деп кімнің айтқаны есімде жоқ. Біз осы сөздің қадірі кете бастаған заманға тап болдық. Оның зардабы туралы айтыңыздар­шы. Абай айтқан «сөз түзелді, тыңдау­шы сен де түзел» дейтін заманға біз жуық арада қайта орала аламыз ба?

М.БАЙҒҰТ:
– Алла тағала адам баласын көркем мінез үшін, көркемдік үшін жаратып еді. Көркем әлемді де адам үшін үйлестіріп еді. Өкінішке қарай, сол адам­затыңыз көркемдікті, үйлесімді жауыздық қолымен қиратып, бұзақы пейілмен бұзып жатыр. Соның бәрі көркем әдебиет­тен алыстаудан. Зарар-зардап қазірдің өзінде бадырайып біліне бастады. Адамзат, оның ішінде көркемниетті жүдеп-жадай баста­ған қазақ қоғамы көркем әдебиетке шынайы бетбұрыс жасамаса, ақыры – құрдым. Абай айтуын айтқан. Өзі сөзді түзегенімен, өз кезіндегі қоғамды пәлен­дей түзете алмады. Алайда, айна­ла­сын­дағы озбыр обырлар мен жебірлер ал­дағы замандарда Абай сөзінің тың­да-ла­тынын түсінді. Абайдың әділдігі, Абай­дың адалдығы, Абайдың ақындығы мен хакімдігі алашты баурап алатынын ұғынды. Сондықтан сабады. Сабатты. Өзін жойды.Бірақ, сөзін жоя алмады. Данышпаныңыз бүгінгі және ертеңгі тыңдаушыға, болашаққа арнап жазған. Жүз он жыл бұрын қазақ өлеңінің сұлтаны Сұлтанмахмұт: “Абайды оқы, таңырқа!” десе, бүгінгі біз пақырыңыз әлімізге қарамай: “Абайды оқы, орында!” деп мәселе көтеріп жүрміз.
Р.ОТАРБАЕВ:
– Сөз – кие. Оны аса қас­тер­леп ұстамасаң, орнымен қолданбасаң, бола ма? «Киесі ұрады» – дейтін еді ғой атам қазақ. Дүниені мызғытпай сөз ұстап тұр. Ұнамды, ұнамсызы болар. Бәрібір – сөз! Сондықтан қадірін қашырып алудан қорқам. Қорқып сыйлау деген бар. Әне, құрмет тұтудың ең көкесі – сол! Сондық­тан сөзбен ойлау керек. Ойнау – күнә! Бірақ күнә, сауапты мына бұлағай заманда кім ескеріп жатыр?! Жұрт әдебиет­тен, жалпы өнер атаулыдан алшақтап кетті. Бір күні көшеде, базарда, бизнес орталығында, әуежайда жұрттың сөзін бақтым. Бар-жоғы 30-40 сөздің аясында тіл қатысады екен. Қоры сол! Сонымен қарым-қаты­нас жасайды, тірлік кешеді, бала өсіреді, той жасайды, келіседі, кетіседі… Жағамды ұстадым! Қаныңды ерітіп, сүйегіңді бал­қыт­қан қазақтың мәйекті тілі қайда кетті? Жыланқарағы жоқ сұрқай сөздерге күніміз қарап қалғаны ма? Әлде шынайы өмір тілі бір басқа, әдеби тіл басқа ма? Қақалып қал­сақ та, Құдайдан бірдеңе дәметіп отыратын халықпыз ғой. Десе де, болашақтан үміт үзбейік, інім.
Р.МҰҚАНОВА:
– Жуық арада әдебиеттің қадірін, құнын білетін тыңдаушы бола қоймас. Біз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда үлкен серпілістер болды. Бірақ әдебиеттің ол өкілдері тұрмыстың тауқы­ме­тімен құмға сіңіп кетті. Оларға қорған боларлық орта да, билік те болмады. Қазір дәл сол кезеңдегідей шығармалар туған жоқ. Әрине, водевильдер көп. Кинода, театрда, әдебиетте де. Өкінішті. Өкініштісі, әдебиетке деген оқырманның талғамын жоғалтық. Біз өз көрер­мен­де­рі­міз бен оқырмандары­мыздан айырыл­дық. Біздің бүгінгі оқырман будан­дас­ты­рыл­ған әдебиеттің зардаптарына үңілмей-ақ сіңіре беретін болған.

«Дөңгелек үстелді» жүргізген
Сержан ТОҚТАСЫНҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір