Зәмзәгүл ШӘРІПОВА
20.07.2018
1818
0

Қазақ өнері мен мәдениеті ауыр қазаға ұшырады. 87 жасқа қараған ша­ғында Қазақстанның халық әртісі, «Отан» орденінің иегері Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы Шәріпова дүниеден қайтты.
Зәмзәгүл Шәріпова 1931 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы ХХ парт­съезд ауылында дүниеге келген. 1947 жылы Алматының Жоғарғы ки­ноак­терлер мектебін бітіріп, «Қазақфильм» киностудиясында және Қазақ ра­диосында қызмет еткен. 1953 жылы М.Әуезов театрының актерлік құра­мына қабылданып, сол уақыттан бері үзіліссіз осы театрда қызмет етіп, ак­­терлік диапазоны кең актриса ұлттық драматургия мен әлемдік клас­сикадан сан қырлы 100-ден аса бейне сомдаған.
Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы ұлттық классика мен заманауи драматургияда – М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Айман, «Қарагөзінде» Қарагөз, Ғ.Мүсіреповтің «Ақын трагедиясында» Ақтоқты, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде» драмасында Ева Браун, Ә.Тәжібаевтың «Көңілдестерінде» Дәмеш, Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!», «Ой, жігіттер-ай!» комедияларында Нұрсұлу, С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажалында» Ажар, Д.Исабековтің «Әпкесінде» Қамажай, А.Бекбосынның «Соңғы сезімінде» Ана, Ф.Буляковтың «Отыз ұлың болғанша…» комедиясында Сәлиманың рөлдерін ойнаған.
Әлемдік классика мен заманауи драматургияда – Шекспирдің «Отел­ло­сында» Дездемона, «Ричард ІІІ»-де Королева, Горькийдің «Күннен туған­да­рында» Елена,
В.Дельмардың «Өкінішті өмірінде» Анита, Л.Зорин­нің «Варшава әуендерінде» Гелена, М.Метерлинктің «Соқырларында» Со­қыр әйел, тағы да басқа көптеген рөлдерді орындаған. Зәмзәгүл Шәріпова жасаған сан қилы сахналық бейнелердің ішінде ерекше тұлғаланғаны М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Қарагөз бейнесі. Бұл бейне актриса шығармашылығының ең жарқын кезеңі болып, оның талантының лирика-драмалық қырын мейлінше ашты. Трагедиялық актриса ретінде де мүм­кін­дігі мол екенін танытқан рөлдерінің ішінде ерекшесі С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажалындағы» Ажар болды.
Қазақ өнерінің үлкен тұлғасы Зә­мзә­гүл Нүсіпбайқызы – көркемсөз оқу­дың үлкен шебері.
Ол ұлттық классикадан радио мен те­ледидарда көптеген шығарма жаз­дыр­ды. Мысалы, С.Сейфуллиннің «Аққу әні», М.Әуезовтің «Абай жолы» ро­манынан үзінділер Қазақ радио­сы­ның алтын қорына енді. Ал оның «Ақ­қудың айырылуы» моноспектаклін осы жанрдағы ерекше табысы деуге бо­лады. Актрисаның балаларға базар­лы­ғы – кешкі ертегілері Қазақ радио­сы­ның алтын қорында сақталған.
З.Шәріпова киноактриса ретінде де танымал. Ол режиссер Ш.Ай­ма­нов­тың «Дала қызында» Нұржамал, «Біз осында тұрамызында» Дина, ре­жис­сер Қ.Әбусейітовтің «Өмір жолында» Хадиша, Б.Шәріптің «Заманай мен Аманайында» Ана, тағы да басқа бірталай кинофильмге, сондай-ақ режиссер Ә.Мәмбетовтің «Абай» телефильміне түскен.
Ұлттық өнерге сіңірген ерекше еңбегі үшін З.Шәріповаға Қазақ КСР ең­бек сіңірген әртісі (1959), Қазақ КСР халық әртісі (1966) құрметті атақ­та­ры берілді. «Құрмет белгісі» (1959), «Халықтар достығы» (1981) және Тәуел­сіз Қазақстанның «Отан» (2005) ордендерімен, сондай-ақ, бірнеше дүр­кін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет» грамоталарымен ма­рапатталған.
Қазақ киносы мен театр өнерінің жұлдызы Зәмзәгүл Шәріпованың жарқын бейнесі біздің жадымызда әрдайым сақталады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі


Ұрпаққа үлгі бір ғұмыр аяқталды

Зәмзәгүл қазағымыздың маңдайына біткен аса бір сұлу, көркем актриса еді. Өзі оқу орнын бітіргеннен кейін радиода, телестудияда қызмет атқарды. Рахия Қойшыбаева апамыз осыдан түбі бір актриса шығады-ау деген ниетпен М.Әуезов атындағы театрға алып келген болатын. Осындай қасиетті қара шаңырақта кешегі Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова, Рахия Қойшыбаева, Сабира Майқанова сынды апаларының ізін жалғап жүрген ізденімпаз актри­салардың бірі де бірегейі еді. Тіпті, ұлт жанашыры Мұхтар Әуезов Зәмзәгүлді өзінің кейіпкері Қарагөзіне ұқсатып, батасын берген екен. Мәскеу қаласында Ғ.Мүсіреповтің «Ақ­ан сері – Ақтоқты» қойылымындағы Ақтоқтының бейнесін жоғары деңгейде сомдады. Зәмзәнің үні, сөз саптауы ерек­ше болатын. Оның радиода оқыған ертегілерін балаларды қойып, үлкендер де ұйып тыңдайтын. Кейінгі сіңілілеріне үлгі боларлық Зәмзәгүл Қазақстанның шоқтығы биік жарық жұлдыздарының бірі еді. Иманды болсын!

Сәбит ОРАЗБАЕВ


Өнер үшін жаралған жан еді

Зәмзәгүл – әдемілік пен шеберліктің символы. Қарагөз, Ажар сынды образдарды аса биік деңгейде сомдаған актриса. Театрда өзіндік мінезі мен ерекшеленген талант иесі. Театр үшін туған, театр үшін жаралған тұлға. Сахнада әдемілік пен мінезділікті, адамгершілік пен сыйластықты ұштастыра білген. Мен сыйлайтын, құрметтейтін адамдардың бірі. Зәмзәштің жас кезін еске алсам, қабырғам қайысады. Көз алдымда Зәмзәштің тек әдемілігі мен әдептілігі қалыпты. Осындай жақсы адам­ның ортадан кеткені жүрегіңді ауыртады. Қимаймыз… Арты қайыр­лы болсын!

Асанәлі ӘШІМОВ


Бар өмірін театрға арнады

Өнері кейінгілерге үлгі болатын, бар ғұмырын театрға арнаған ардақты актриса, Зәмзәгүл апамыз арғы дүниеге аттаныпты.
Жұмыр жерде болғаннан кейін жұмылмайтын көз жоқ, түбі бір түліктің де, түйіні бір жібектің де селкеусіз, сеті­неусіз болуы мүмкін емес… Францияда сапарда жүрге­німізде қадірлі Зәмзәгүл апамыз дүниеден өтті. Елдегі аға-апаларыма, әріптестеріме көңіл айтамын… Зәмзәгүл анамыздың екінші өмірі енді басталады ғой. Жаныңыз жан­наттан болсын, апа!.. Кешегі уығын өзіңіз тіккен театр­дың намысын нардан құлатпау үшін біз осында барымызды саламыз…
Руxыңыз пейіште шалқысын!

Бекжан ТҰРЫС


Екеуміз жақын араластық

Зәмзәгүл рольдердің барлығын да шебер ойнайтын. Театрға ең бірінші келгенде Зәмзәгүлді кездестірдім. Үлкен апаларының ортасында жарық жұлдыз­дай жарқырап, күліп тұрған алтындай қыз, шашын маңдайынан бөле екіге өріп алған. Көздері қап-қара, сұлулығында шек жоқ. Ойпырым-ай, әртіс деген осын­дай болу керек екен ғой деп ішіме түй­дім. Оның адамгершілігі керемет бола­тын. Әртіс болу үшін адамның жақсы қасиеті болуы керек. Зәмзәгүлді ұмыт­пай­мыз. Ол бес аспап: актриса, радиода дик­тор болды, даусы қандай жағымды, қоңыр үнді, көрерменнің көзайымы бол­ған Зәмзәгүл дубляж аудармасына қатысты. Қазір Зәмзәгүлдей актриса бар ма, жоқ па, білмеймін. Берілген мәтінді дер кезінде жаттап алып, құбылта сөй­лей­тін. Қойылымдардың басты роль­дерін сомдайтын. Ол өнерді қатты баға­лай­тын. Жеті жылдай төсек тартып жатты. Көңіл сұрай барғанымда маған «Нүкеш-ау, денсаулығыңды күт, мен өнер-өнер деп жүре беріп, осындай жағ­дайға душар болдым ғой. Десе де, ол өнер атаулыдан жаманшылық көргенім жоқ» дейтін. Екеуміз жақын араластық жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

Нүкетай МЫШПАЕВА


Зәмзәгүл апаның бойтұмары Қарагөз еді

1953 жылдан бастап М.Әуезов театрының актерлік құра­мына қабылданып, сол уақыттан бері үзіліссіз осы театрда қызмет еткен, актерлік диапазоны кең актриса ұлт­тық драматургия мен әлемдік классиканың жауhар­ларында бір-біріне ұқсамайтын 100-ден аса саxналық бейнелерді сомдап, образдар галереясын жасады. Солардың ішінде Зәмзәгүл апамыздың өнердегі бойтұмары – М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Қарагөз бей­несі. Актриса апаймыздың өнер кеңістігінде қол жеткізген жетістіктері мен ерен еңбегі жас буын үшін жарқын үлгі. Зәмзәгүл Шәріпованың ұрпағына, тума-туыстары мен әріптестеріне қайғырып көңіл айтамын. Зәмзәгүл апаның өнерде адалдық пен тазалықты ту еткен жарқын бейнесі, адами болмысы — жүрегімізде сақталады. Иманың жолдас болғай, Зәмзәгүл Апа!

Асхат МАЕМИРОВ


Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма секретариаты Қазақстанның Халық артисі, театр сахнасы әрі кино өнерінің шеберлерінің бірі, көрнекті актриса

Зәмзәгүл Шәріпованың

қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туысқандарына, өнер саласындағы әріптестеріне қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.


М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы аталмыш ұйымның Бейнелеу өнері бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Диляра Шәріповаға аяулы анасы, актриса

Зәмзәгүл ШӘРІПОВАНЫҢ

қайтыс болуына байланысты қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.


ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір