«ЖЕЗКИІК» ЕЛГЕ КЕЛДІ
20.07.2018
1221
0

Жезкиік сөзі исі қазаққа аң аты ретінде ғана емес, көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған Жақсыгелді Сейіловтың «Жезкиік» әні арқылы да жақсы таныс. Бұл ән таралғалы бері жезкиік десе әнсүйер қазақтың құлағына жанға жайлы әуен келеді.

Ұлытау төрінде осы әнмен аттас І Халықаралық музыка фестивалі өтті. Оған әлемнің үш құрлығы­нан 11 фольклорлық өнер ұжымы жиналып, мыс­ты шаһардағы Кеңгір су қоймасы жағалауында са­лынған жазғы амфитеатрда классикалық му­зыка майталмандары өнер көрсетті.
Үш күнге созылған айтулы музыкалық оқиға «Ру­хани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының «Қа­зақстанның киелі жерлері» жобасы және «Ту­ған жер» арнайы бағдарламасын іске асыру ая­сын­да өтті. Фестивальдің мақсаты – Қазақстанның мә­дени мұрасын сақтау, қазақ фольклорын да­мыту және классикалық музыканы насихаттау, ха­лық мәдениетін жан-жақты танымал ету.
Шараға Қазақстан, Австрия, Италия, Түркия, Әзер­байжан, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Молдавия, Ресей елдерінен әлемге әйгілі өнер­паздар қатысты. Кеш барысында КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева, Түркиядан келген Шенол және Гюльчохра Талынлы, Жан Тапин, Талғат Ыдырысов, Амантай Ибраев сынды әншілер симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Жезқазған аспанын әуезді әнге бөледі. Сонымен қатар, «Біржан Сара», «Абай» операларынан ария, Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» сынды қазақ классикалық музыкасымен қатар, дүние жүзіне әйгілі Джузеппе Вердидің, Жорж Бизе, Джакомо Пуччини, Джеймс Ласт, Иоганн Штраустың және тағы да басқа көптеген композиторлардың туын­дылары шырқалды.
Фестивальдің соңында Ұлытау аспанында әйгілі «Жезкиік» әні қалықтады.

Аяулы ҚУАНЫШ,
ХАТУ «Электрондық журналистика» бөлімі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір