ПЕТЕРБОРДА ОҚЫҒАН ЖЕТІСУ ҚАЗАҒЫ
20.07.2018
1752
0

(Б.Сырттанұлының студенттік кезеңі туралы)

Санкт-Петербург!
1703 жылдың 16 мамырынан бастап мұқым орыс халқын темір­дей қатты тәрбиеге көндіріп, уы­сында ұстаған қаһарлы І Петр пат­шаның арқасында жаңа мәде­ниет­ке бетбұрыс басталды. Нева өзе­нінің бойынан үлкен шаһар бой ­көтеріп, Еуропаның өркение­ті­не бейімделе бастады. Көрікті шаһар! Қазірдің өзінде әр көшесі, әр бұрылысы, әр ғимараты тұнып тұрған тарих қой, шіркін!
Петербор шаһары басынан түр­лі зұлматты өткерді. Фашистік Гер­манияның соққысына да төтеп бе­ріп, «Батыр қала» («Город ге­рой») атанды. Бомбалар тасталып, снарядтар жарылып жатса да, бұрынғы көркін, сұлулығы мен көне тарихын сақтап қалды. Міне, бүгінде осы қала турист біткеннің арманына айналды. Әлі күнге дейін Петербор – әдебиет пен өнердің, мәдениеттің аса ірі ошағы. Өнер тұнған Петербордың тарихы – адамзат тарихының бір келелі кезеңі екеніне ешкім дау айт­паса керек. Дәл осы қалада қан­шама классикалық көркем әде­биет үлгілері жазылды! Клас­сиктер тұрған үйлердің қа­быр­ға­сына қойылған ескерткіш-тақ­таларды санау да мүмкін емес. Тарихының қадірін білетін ел – өт­кенін қиратпай, бұзбай келе­шекке сақтап келеді. Ал, біздің ежелгі мәдениетімізге қатысты сақталып, бүгінгі күнге жеткен не бар еді өзі? Болған күннің өзінде саусақпен санарлық қана. Ал, Пе­тербордың өркениетіне еріксіз қызығасың, кейде «неге біздің елдің қаласы болмады» дегендей қызғанасың да. Көрген адамын тамсандырған, таңдандырған сұлу қала, аңыз қала Петербордың топырағын ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысында нешелеген қазақ өрені басып, еуропалық культі зор шаһардан қалыптасып, азамат ретінде өсті. Дамыды. Империя астанасының қоғамдық-саяси өмірі – қазақ жастарының ұлт­шыл­дық ұстанымы мен саяси дү­ниетанымына, демократиялық-ли­бералдық көзқарасына мейлін­ше әсер етті.

Б.Сырттанұлының СПб Императорлық университетінің ректорына жазған өтініші РФ, Санкт-Петербор Орталық тарихи архиві, 14 – қор, 3 – тізім, 25876 – іс.

 

 

 

 

 

 

 

 

 


            Альма-матер

Прометейдің білім алауы жан­ған Императорлық университет білімге ынтық болған қыр баласы Барлыбек Сырттанұлының да саяси көзқарасының қалып­тасуы­на үлес қосты. Петерборда оқып жүріп, қазақтың сайын даласының әр қиырынан білім іздеп келген қатарластарымен танысып, жы­рақ­та жүрген соң, өзге ұлт өкілдері сықылды «Жерлестер» ұйымын құ­рып, бір-біріне тіреу, бір-біріне қамқор болды.
Барлыбек оқыған шығыстану факультеті беделді университеттің алғашқы құрылған бөлімдерінің бірі болатын. 1854 жылдың 3 қара­ша­сында император І Николай­дың бұйрығымен шығыстану факультеті құрылады. Шығыстану факультетінің ашылуы – Ресей үшін аса маңызды оқиға болды. Өйт­кені, осы факультет арқылы шы­ғыс халқының тілі мен мәде­ниетін, тарихын тереңірек түсіну – Ресей ғылымының өзекті мәсе­лесі болған-ды. Ал, бұл факультет құ­рыл­ған соң, Х.Д.Френ, О.И.Сен­ковский, Ф.-Б.Шармуа, Б.А.Дорн, М.И.Броссе сынды атақты оқы­­мыстылар дәріс оқып, фа­культеттің дамуына қызмет етті. 1855 жылдан бастап факуль­тет алғашқы оқу жылын бастап, талапкерлерді қабылдай бастады. Алғашқы факультет деканы профессор А.Қазымбек бастаған А.О.Мухлинский, И.Н.Березин, Д.А.Хвольсон, В.П. Васильев, А.В.Попов, М.Тантави, К.Ф.Голс­тунский, Л.З.Будагов, К.А.Кос­сович секілді профессор-оқыту­шылар құрамы жасақталып, сту­денттердің білікті де, білімді ма­ман болып даярлануына қа­жыр-қайраттарын салды. ХХ ғасырдың алғашқы кезеңіне дейін факультетте «араб-парсы-түрік-татар», «моңғол-қалмақ-татар», «қытай-манжұр, еуро-араб», «ар­мян-грузин-татар» тілдері раз­ряды бойынша 5 мамандық даярлан­ды.
1886-1890 жылдары Барлыбек Сырт­танұлы шығыстану факуль­те­тінде «араб-парсы-түрік-татар» тілдері разряды бойынша білім алды. Архив деректеріне сүйенсек, студент Барлыбек Сырттанұлы В.В.Григорьев, Н.И.Веселовский, В.В.Радлов сынды танымал про­фессорлардың дәрісін тыңдаған. Тағы бір қызық дерек, П.М.Ме­лио­ранский, В.В.Бартольд сынды танымал ғалымдар Барлыбекпен қатар «араб-парсы-түрік-татар» тілдері разряды бойынша оқыған.


Барлыбектің дипломы хақында

Б.Сырттанұлының дипломы
РФ, Санкт-Петербор Орталық тарихи архиві, 14 – қор, 3 – тізім, 25876 – іс.

2017 жылдың көктемінде Пе­тер­борға барып, Орталық мем­ле­кеттік тарих архивінің қорымен жұ­мыс істедік. Зор мүмкіндік ту­ған соң, қолымызды шідерле­мей, сарғайған ескі құжаттарды мо­лынан көшірген едік. Сарғыш тарт­қан ескі құжаттардың бір па­расы осы – Барлыбек Сырттан­ұлы­на тиесілі. Петербор архивінен табылған құнды құжаттың бірі – Барлыбектің дипломы. Верный ер балалар гимназиясын үздік бітір­ген талапкер 1886 жылдың 20 та­мы­зында Санкт-Петербор Им­ператорлық университетінің сту­ден­ті болып қабылданады. Ал, 1890 жылы альма-матері болған Петербор университетінің шы­ғыс­тану факультетін үздік дип­лом­мен тәмамдаған. (Диплом № 892, 1890 жылдың 21 тамызында бе­рілген).
Студент Б. Сырттанұлының же­ке оқу жоспарына назар аудар­сақ, «араб тілі», «араб әдебиетінің тарихы», «парсы тілі», «парсы әдебиетінің тарихы», «түрік-татар тілі», «Осман әдебиетінің тари­хы», «Түркі тайпалары», «шығыс тарихының жалпы курсы», «Орта Азияның батыс бөлігі тарихы», «Орталық Азия тарихы», «Парсы та­рихы» сияқты жекелеген курс­тар­ды оқыған. Ал, оқу бі­тіретін жылы «орыс мемлекетінің құ­қы­ғы», «халықаралық құқық», «по­лицейлік құқық», «қаржылық құ­қық» және «саясаттану негіз­дері» пәндерінен мемлекеттік ем­тихан тапсырған ( РФ, Санкт-Петербор Орталық тарихи архиві, 14 – қор, 3 – тізім, 25876 – іс).

Студент Б.Сырттанұлының жеке оқу жоспары
Құжат РФ, Санкт-Петербор Орталық тарихи архиві, 14 – қор, 3 – тізім, 25876 – іс.

P.S.:
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Петербор Императорлық университетінде оқыған қазақ жастары некен-саяқ. Ал, Жетісу облысы бойынша алғашқы жоғары оқу орнын тәмамдаған қазақ баласы Барлыбек болатын.
Петерборда білім алған Барлыбек Сырттанұлы – Қазақ ордасы құлағаннан кейін «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» сынды Алаш жұртының Уставын жазып, патшалық империяның бодандығында жүрген елін азат еткісі келіп, ұлттық бұлқыныстың тегерішін Алаш зиялыларымен бірге айналдырып көріп, мігірсіз қозғалысқа қосып берген ерен тұлға!

Елдос ТОҚТАРБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір