КІМДІ АУДАРУ КЕРЕК? КІМГЕ АУДАРТУ КЕРЕК?
20.07.2018
1117
0

«Ақыл ақылдан қуат алады». Осы бір шығыс даналығы түрлі ойға жетелейді. Күллі адамзаттың рухани кемелденуі дәуірлердің бұлқынысында, сусыма уақыт сілкінісінде пайда болған, маңдайы жарқыраған «жалғыздардың» тағдыр-тәлейіне байлаулы.

Абайды арқа тұтамыз. Мағжанға мойын бұрамыз. Әуезовті көмекке ша­қы­рамыз. Күллі әлем таниды деп кеуде қа­ғамыз. Шынтуайтында, қазақ әде­бие­тінің шеңбер бұзып, шетел шарлап кет­пегенін мойындаған жөн. Қазақ жауһарларын, әлемді айтпағанда, түрік елдері түгел танып болған жоқ. Бар кі­нә­ні аударма саласының жүйелі жұмыс жасамауынан көрерсіз. Жақында жарты әлемді кітаппен жарылқап отырған Амазон дүкендерін шолып шықтық. Қа­зақ авторларының қаншасы тұр дей­сіз ғой. Саусақпен санарлық. Әбді-Жа­мил Нұрпейістің «Соңғы парызы» (Final Respects) мен «Қан мен тер» (Blood and Sweat) романы, Зәуре Батаева аударған Дидар Амантайдың шығармалар жи­нағы, Герольд Бельгердің, Бердібек пен Мұқағалидың аудармасын ғана көзіміз шалды. Бұның өзі бірнеше жыл бұрын аударылған шығармалар. Әрине, «әлем таныған қазақ әдебиеті» үшін бұл өте аз. Бәлкім біз дұрыс бағамдай алмадық. Жыл басында Оралханның «Кісі киік» атты кітабы ағылшын тіліне аударылды. Қазақ ПЕН-клубы Махамбет пен Қа­сым­ның, Қадыр Мырза-Әлі мен Мұхтар Ма­ғауиннің шығармаларын тәр­жі­ма­лауға талаптанып отыр екен. Іске сәт дей­міз. Тек аударма сапасына салғырт қа­рамай, ыждаһаттылықпен жұмыс жа­саса дейсің. Әйтпесе, Кеңес кезінде бір­неше мәрте аударылған авторларды қай­талап баса беруден абырой тапқан жоқ­пыз. Шетел тіліне аударылатын ав­торларды іріктеуде ашықтық керек. Бар­мақ басты, көз қыстылықпен та­мыр-таныстыққа ту ұстату – әп-әсем бас­таманың берекесін қашырады. Ке­рек болса, «қызыл шекпенін» желбегей жа­мылып, ескі сүрлеудің етегіне сәжде қыл­ған жазармандарды күресінге тас­тауға тура келеді. Арнайы комиссияға ар­тылар жүк ауыр. Жері мен тегіне қа­ра­май-ақ, қазақ ақыл-ойын әлемге танытар тұлғаларды топқа қосуы қажет. Тізімге Әуезов бастаған алыптарымыз, 60-90 жылдардағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері енері анық. Одан кейін жастардың жақсы шығармалары сұрыпталады. Тізім мейлінше қысқа болса да, әлем оқырмандарына ұялмай ұсынар дүниелеріміз аударылса бол­ғаны. Бірде ақын Гүлнәр Салықбай жас­тармен кездескенде: «Цветаеваның «Я тень теней» деген өлеңін мен «көлең­ке­нің иесімін» деп аудардым. Әйтпесе, оны тікелей «көлеңкенің көлеңкесімін» деп аудара салуға болады. Менің аудар­мам­ды оқыған әдебиетші Амантай Шә­ріп: «Көлеңкенің иесімін» дегенің ке­ре­­мет қой. Цветаеваға қалай қия салдың?» – дейді. Қызығып, Цветаеваның 5-6 өлеңін аудардым. Кейін оның кітабын қа­зақша шығаратын болып, өлеңдерін тапсырыспен аудардым. Арнайы аудар­ғандарым өзіме ұнамайды», – депті.

P.S.:
Қазақтың мойнында әлі толық өтелмеген қарыз бар. Ол – адамзат ақыл-ойына қосар қарыз. Қарыз өтелмей, парыздан құтыла алмайсың. Енді кешігуге болмайды.

Шерхан ТАЛАП

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір