ХАТТАР, ХАТТАР, ХАТТАР…
19.07.2018
3395
3

Алматыда С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің ұйымдастыруымен «Мұқановтың хатханасы – Письмотека Муканова» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Бұл кітапқа «Ақниет» корпоративтік қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Серік Қалықұлы Абдуллаев демеушілік жасады. Белгілі жазушылар, ақындар, ғалымдар және Сәбеңнің ұрпақтары, музей, кітапхана қызметкерлері қатысқан басқосуда көп ойлар қозғалды. Мұқановтың эпистолярлық мұрасы рухани жаңғыруға қосылатын сүбелі үлес болатыны айтылды. Қазақ әдебиетінің классигі, академик, жазушы С.Мұқановтың 1924-1973 жылдар аралығындағы өзі жазған және өзіне жазылған үш жүзден аса хаттар алғаш рет іріктеліп, сұрыпталып, хронологиялық жүйеге түсіріліп, жарыққа шықты. Көлемі – 24,5 баспа табақ. Кітаптың құрастырушысы, алғысөзін жазған әрі жауапты редакторы – Музей кешенінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Әділғазы Қайырбековтің ұсынуымен газетіміздің оқырмандарын осы кітапқа енген хаттардың бірнешеуімен таныстыруды жөн көрдік. ХХ ғасырдың тыныс-демі, бояу-бедері, жеке тұлғалардың дүниетанымы, көзқарасы, наным-сенімі аңғарылатын бұл хаттар уақыт өткен сайын құнын арттыра түсетіні анық.


С.МҰҚАНОВ – Ү.БАЛҚАШЕВҚА

Үмітбай! Екі көңілді бір орын­нан нендей реттерде болса да бірге шығару тұрмыс тәжірибасында ірі, ауыр жұмыс. Мақтаншақтық өзіне басқа, мен осы аз ғана жа­сымда талайлармен жолдас болып көрдім ғой, сол жолдас­тық­тардың ішінде, жолдас болған жолдас­тарымның ішінде ілуде біреу бол­маса, бір жерінен жарықшақ шық­пай қалғаны болған емес, бұл тәжірибамен дәлелденген жұмыс. Шынында жарықшақтықта екі түрлі мәніс бар. Мұның бірі – саяси жақтан негізгі жолы бір бол­ған адамдардың тұрмыс құ­былы­сында қайшы келетін реттері көп болады. Талассыз мәселе негізді болмайды деген біздің партияның хадисі ғой. Бұл жағы­нан қарағанда түпкілікті жасайтын жұмыстардың жарықшақпен барып бүтінделуі өте қажет, сон­дықтан бұл жарықшақ ықтиярсыз керек етілінеді. Бірақ саяси жа­рық­шақ жалпылықтың ортасында талқыланады. Екі личностьтің бұл талқыға қол сұғуға хақы жоқ. Екін­­ші жағынан – екі кісінің (личность) арасында болатын жарықшақтық бар. Бұл жарық­шақтық екі адамды не балдай тату, не тұздай ащы қылады. Мұның негізі – екі кісі бірін-бірі «осының маған осы жері ұнамайды-ау» дегеннен шығады. Бұған дәлелге екеуміздің личный тұрмысымыз­ды алайық. Көзбе-көз отырып мен саған шын доспын деу әрі ағат­тық қой, біреудің біреу дос­тығын көзбе-көз отырып біл­мейді, өмірдің мың түрлі хара­каттарына қарай біледі. Сон­­дық­тан да екеуміз де жүздесіп отырып доспыз десіп көргеміз жоқ. Шынында бұлай деу балалық. Әйткенмен, бірге жасас­қан аз ғана күндердің ішіндегі істерімізге қарағанда, менің ойым, Үмітбай екеуміздің жүре­гіміз бір жерден шығады – деп ойлайтын едім, тұрмыстың негізгі жұмыстарында бұлай болға­ны­мызбен, болмашы істерде екеу­міздің арамызда әлі де түсінбеген мәселе бар көрінеді. Бұған сенің жазған хатың дәлел. Сен «сағыну, сағынбау…» деген екі сөзді жаза­сың да мені әкеліп соңғыға тір­кейсің. Мұның ағаттығың емес, неге десең сенде солай-ау деген фікірдің әлі барлығы. Үмітбай!.. Ұжданым деген сөзді ауызға алуға ұжданы бар кісіге өте қиын сөз ғой, өзіңше дұрыс болғанмен, маған соңғы сөзді тіркеуің менің түсінісіме хаталығың. Бірақ өзіңе хата демеймін, неге десең сенде – «әй, солай-ау» деген фікір бар.
Үмітбай! Фальсафаны былай қоя тұрғанда сөзіңнің бәрі алтын. «Айтулы достың жаны бір» деген бұрынғының бір мақалы бар. Бұл сөз өте терең сөз һәм мысқыл­да­нып шыққан сөз. «Екі кісі шын дос болса, екеуінің жаны қосыла­ды» деген сөз шығады. Екі жан бірге қосылса екі адам көрініске екі басқа болғанмен шынында бір адам. Жаны қосылмаған адамда достық болмайды. Сенің мені сағынғаның маған шын достығың екен. Мен өзім де солай едім. Мен­дегі жалғыз хаталық болмашы жұмысымды сенен іріккендік, мұ­ным хат жазбағаным. Бұл жағынан кіна сенде емес, менде. Бірақ сағын­ғанда кісі шын досты ғана сағынады, адам баласының өмірінде досынан басқа жақыны жоғы тәжрибамен бекіген іс. Сенің хат жазып отырғандағы қандай халда отырғаның менің көз алдымда тұр. Бұл жағынан мен мақтануға хақым бар, неге десең ақын жаны суретшіл жан. Ал менің қандай настроенияда отыр­ға­ным­ды сенің қалай сурет­тейтініңе көзім еркін жетпейді. Әйткенмен шамалауымша өзім ойлағандай болуыңа керек. Бұл сөз осымен бітсін. Енді істеген бір приступленияма келейін: Сейіт­қасымды менің түрмеден шығарт­қанымды естіген шығар­сың. Біздің қыстайғы сөзімізде оған рақымшылық істейтін жеріміз жоқ еді ғой. Сейітқасым түрмеге кіргенше мен сол фікірден ауғам жоқ. Бір күні түрмені көрейін деген фікірмен жаныма бір кісі ертіп түрмедегілерді араладым. Әй, Үмітбай-ай! Басы жұмыр пендеміз ғой, түрме айтуға оңай көрінеді, саналы кісіге түрме қай­ғылы қара тұманды ой береді екен. Нансаң төрт сағат аралағанда мен ойламаған ой қалған жоқ шығар… Бір кезде арт жағымнан біреу «Сәбит!..» деп айғай салды. Жаныма еріп камераларды ашып жүрген солдат дауыстағанға ақы­рып тастады. Айналып отырып әлгі камераға келсек айқайлаған Сейітқасым Әмрин екен. Біз ка­мераның ішіне кіргенде түсі сұп-сұр болып үндеместен қал­шиып қатты да қалды. Жалғыз-ақ қо­лын­­да ұстап отырған кітабы діріл­деп, көзі мөлдіреп кетті. Басқа ой ой ма?! Өткен күндер еске түсті. Өзіміздің бірге жататын күнде­ріміз. Әсіресе Рабфактың кең за­лында бір түні Байтұр­сынов­тың турасында Сейітқа­сым­ның Сүгі­ровпен төбелесе жаз­дағаны. Оның мұғалімдік күні, өзімізге ерке­лейтін уақыттары һәм аяғында мынадай түрмеге ілігіп, кешегі жолдасы төре болып түрме аралап жүргенде оның иығы салбырап жыламсырап отыр­ғаны,.. осының бәрі көз алдымнан тізбектеліп өтті. Тап сол минутта Қасымның жан сыры менің қо­лымда сықыл­ды еді. Сонан басқа камераларды көрмей, қалғанын ашқызбастан түрмеден тайып отырдым. Ұзын сөзді қысқартып айтқанда, Сейіт­қасымды шығар­тып жібергенге дәлелім осы. Рас приступ­ле­ния­ларына қарағанда бұлай істеуге мүмкіндігі жоқ, бір­ақ ісімнің дұрыс, хатасына кө­зім жетпейді, әйтеуір менің Қа­сымға арнаған ойымды бірінші жағынан түрме, екінші жағынан бес күнгі жақын жолдастығы же­ңіп кетті. Бұл араға қанша ба­тыр­лық қы­ла­йын десем де болмады. Бұны да бі­тірдім. Өзім елге кетіп бара жа­тыр­мын. Елде июльдің 5-іне ше­йін болам. «Ғи» туралы өздеріңнен айрылған соң ойлан­ғам да жоқ. Хош. Сәбит. 13/VI – 1924 жыл.

P.S.: Біріне бірі жалғаса ба­сы­лып отырған менің бұл он хатым­ды, жақын арада маған Үмітбай Балқашевтың өзі әкеліп сыйлады. Хаттың сөздері өзгеріссіз басылды. Сәбит Мұқанов. 23-ІІ-1960 жыл. Алматы. (СМҒМӘММК – 1-ЖА, 139-б.). (Он хат тек Үмітбайға жазғандары. Ә.Қ.).


Ш.ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ – С.МҰҚАНОВҚА

1931 жыл, 3 февральда елсіз­дегі Саят қорада жазылды.
Ардақты Сәбит бауырым! 11/ХІІ-де жазған хатыңызды жаңа ғана алдым. Бүгін Аягөзге жүрмек адамнан осы хатты асығыс жаздым. Қолымда барынан біраз ғана жазбамды жібердім. Олар: «Бәйшешек бақшасы», «Нар­тай­лақ әңгімесі», «Қазақтың түп ата­сы», жиырма бес жасымда жазған – «Бозбала мен кәрілік», отыз екі жасымда жазған – «Баламен айтысып жеңілгенім». Қолымда қаражаттық ақша жоқтығынан бұларды өзіңіз почта қаражатын төлеп алар деп доплатной қыл­дым. Бұрын басылған: «Қазақ айнасы», «Еңілік–Кебек», «Қал­қа­ман–Мамыр» деген өлеңдерімді әрбірінен өз қаражатыммен 1000 /экземпляр/ дана бастырып елге таратып едім, «Қазақ, қырғыз, қал­мақ, түрік шежіресін» де бір мың бастырып таратып едім. Со­лар­ды балаларға іздетіп, шежіре­нің бір жыртылып қалғаны табы­лып; бұрынғы басылғанында қате бар, әм қосылмаған сөздер бар болғандықтан көшіріп жатырмын түзетіп. «Әділ, Мария» деген ро­ма­ным­ның көшірмесі Алматы­дағы осынан барып қызметте тұрған Бағдәулет Құдайбер­діұлында бар шығар. Оның тұрағы Алматыда, Лепсинская көшеде, №63. Сол балада: Американың Пешірстав деген әйелі жазған құлдар тұрмысы жайынан, «Том ағай балағаны» деген қазақшаға аударғаным бар шығар. Бірақ оларды бастырам деп рұқсат алып еді. Ол екеуін бір баламыз өлең де қылып еді, табылса менің сөзше жазғанымды бастырғаныңыз мақұл, өлеңшесін өзіңіз білесіз.Қолымда «Шыныбақ әңгімесі» деген пьесаға аударуға лайықты бір романым бар болса да, басқа кісі оқый алмастық шорнабай болғандықтан, көшірмей жіберуге болмайды. Және Пушкиннің «Дубровский» деген романын қа­зақша өлеңге аударып ана бір жылы Семейде бастырылып еді. Ол үйде бар еді, мынау адамнан жіберуге болмады. Бұлардан басқа да аудармаларым, өлең, сөздерім бар, бірінші уақыт тығыз болып, екінші қырық бес жасымнан бергі өлең, сөздерім философия жағына салынып: об отвлеченного вопро­са объективное рассуждение бол­ғандықтан, үкімет басуға рұқсат қылмас және бұл кезде халыққа тарату да лайықсыз ба деп жібер­мей қалдым. Себебі: жан сыры, жаралыс сыры, дүниедегі тамам шатақ діндер туралы жазылған. Қырықтан аса бергенімде: Жан не? Дін не? Барша әлем қалай жа­рал­ған, адамға жаратушы жағынан не өзінің ар, нысабы жағынан салынған міндет бар ма? Болса ол не? Адамда толық ерік бар ма? Жан өлген соң жоғалатын зат па? Адам бұл өмірде не ғылған жөн? деген сияқты ылғый дене сез­імі­мен сезілмей іш жаққа: әдетіне, дініне, нанғанына, құмарына бұрылмай ойлайтын ноқтасыз – таза ақылмен ғана білетін істер туралы: дін ғалымы, ғылым ғалы­­мы, ойшыл философтардың бұл туралы жазған кітап, айтқан сөз­де­рін өзімше сынға алып, дұры­сын алып, терісін тастап шығарған қорытындыларым еді. Мен: пәлен пайғамбар, түгілен профессор айтты дегенге тоқтап қалмаймын. Өз ақылым қабыл алмағанды кім айтса да теріс көрем. Бірақ ақыл қабыл аларлық дәлел айтса, ол кім болса да бас ұрам. Мақтанып кет­тім. – Мақтан емес іздегенім, тамам адам пайдасы болғандық­тан, ақылым айтқан хақыйқатты айтпай тұра алмаймын. Еріксізбін.
Міне, осыны айтып отырға­ным­да адамшылық арым: барша адам баласына пайдалы деп 30 жыл инемен құдық қазып тапқан хақыйқатты неге жіберіп, алды­мен осыны басуын неге тіленбей­сің деп еркімді билеп, «Жан сыры, Жаралыс сыры» деген қысқаша қорытындымды тағы жібердім. Әттең, дүние, осыны құры қазақ­ша ғана басып қоймай, орысшаға да жақсы переводпен (смыслен.) переводтап, ғылымды азаматтың бірі еңбек етіп, переводын өзіме көрсетер ме еді? Қазақшасы тез басылып шығар ма еді? Тірі күнім­де не қарсы айтылған дәлелді сын­да­рын, не білімді ойшылдар­дың қабыл алғанын біліп өлсем армансыз болар едім. Бұл «Жан сыры», «Жаралыс сыры» басыл­май­тын болса, тез қайтарғаныңыз­ды өтінемін. Лажы болса, қолжаз­баларымның бәрін қайтырып отырарсыз. Тағы бір тілегім: менің қай жазбам басылса да, ба­сы­лысымен баспахана харажатымен маған әрқайсысынан елу данасын жіберсеңіз екен. Балаларыма, достарыма мирас деп беру үшін. Қайсысы басылса да Мұтылған деген атыммен басылғаны жөн болар еді. Бір сөзім: менің кейбір өлеңдерім қазақтың бұрынғы өлең, жырларының әнімен айтыл­майды, әрқайсысының өзім шығарған әні (матифы) бар. Әнді хатпен ұғындыруға болмайды. Өзім барып ұғындыруға, жергілік­ті үкімет басындағы кейбіреулер­дің қараңғылығынан қолда қара­жат, баста бостандық қалмай тұр. Хош! Бақытты болыңыз! Мұтыл­ған.

P.S.: Бұл хаттың Шәкәрім Құдайбердіұлыныкі екенін, бірінші­ден – аталған кітаптардан білдім, екіншіден – хатта аталған Бағ­дәулет деген баласы келіп айтты. Кітап беріп жібердім деген адамы әкеп берген жоқ. Почтамен салдым деген кітаптары келген жоқ, бала­сы қолдарындағы кітаптарын бер­­ген жоқ. Хатқа «Мұтылған» деп қана қол қойылған. /С.Мұқа­нов/ Қолы.5/V – 1952 ж. (ҚР ОММ, 1634 қор. Қолжазбаның түпнұсқа­сы араб әрпінде).


М.ЖҰМАБАЕВ – С.МҰҚАНОВҚА

Құрметті жолдасым, Сәбит. Сіз менің Петропавловскідегі орыс мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүргенімнен хабардар боларсыз. Январьдың басында мені қыз­метімнен босату туралы мәселе қозғалғанымен де біраз уақытқа басылып қалған еді. Бірақ, ян­варь­дың соңында бұл жай тағы әңгіме болды да, мені жұ­мыстан шығарып жіберді. Не себепті бо­сатылғанымды сұрасам, қалалық оқу ісінің меңгерушісі жалпы саяси себептерге бай­ланыс­ты дегенді айтты. Міне, 20 шақты күн болды, жұмыссыз отырмын. Декабрьде көркем әде­биет­тердің қазақ баспасымен Толстойдың «І Петр», Некрасов­тың «Декабрис­терін» аударуға келісімшартқа отырған едім. Содан бері одан да хабар жоқ. Ол жақтан мен өте қиын халде оралдым. Әсіресе, жұмыссызды­ғым жаныма жаман батады. Мен Қазақстанға жаңа жолға түскенім­ді өзімнің қалам ұшыммен көрсет­сем деген жалғыз тілекпен орал­дым. Қалай болғанда да орталыққа жетуім керек деп шештім. Егер жолға қаражат тапсам, орталыққа баруды ойлап отырмын. Әрине, өз халімнің мүшкілдігін айта оты­рып, Сізді де бірдемеге міндет­те­гім келмейді. Сізге осылай жазу­ға қазіргі халім итермелеп отыр. Кешіріңіз. Бұл хатты қыдырып келген туыстарым жақтан, «Сте­пняк­тан» жазып отырмын. Төрт-бес күннен соң қай­тамын. Құр­мет­пен, Мағжан. 20 февраль, 1937 жыл. (СМҒМӘММК. Қолжазба қо­ры).


С.МУКАНОВ – И.СТАЛИНУ

Товарищ Сталин! В конце 1924 года я был на Вашем приеме. Тогда я был студент Оренбургского Рабфака и молодой коммунист с 4-летним партстажем. К Вам я зашел с заявлением, что я пишу стихи и казахские националисты сидящие в органах печати их не пропускают. Вы, основательно поговорив со мной, мою рукопись дали на рецензию. После полу­чения рецензии через Агитпро­потдела ЦК ВКП/б/ я знал, что Вы распорядились вещи печатать. Таким образом в свет появился мой первый сборник стихов на ка­захском языке.
В первомайском номере 1933 года газеты «Известия», на первой странице ее, под портретом Лени­на и Вашим печаталось мое стихо­творение «Здравствуй, май». Зам. редактора этой газеты того вре­ме­ни Цыпин на другой день вызвал меня к себе в редакцию (я тогда учился в ИКП) и сказал что «Ваше стихотворение очень понравилось товарищу Сталину, он об этом нам сообщил». После этого на русском языке начали печататься мои сти­хи книгами.
К революции я пришел бесп­ри­зорником и неграмотным (ро­дил­ся в 1900 году в семье батрака). Учился лишь при советской влас­ти, окончил ВУЗ. Стихи начал писать тоже при советской власти. За 20 лет я написал около 50 тысяч стихотворных строк, 4 романа, много повестей, рассказов, пу­бли­цистических статей. Все они вышли книгами. В партию я вступил в 1920 году. Проходил все чистки без единого замечания. В 1937 году я был исключен из рядов партии «за связь с врагами наро­да». Правда, у меня была ошибка. Я хвалил казахского поэта Сей­фул­лина, который после оказался врагом. Но я его хвалил не как вра­га, а как орденоносного со­ветс­­кого писателя. Свою близору­кос­ть в этом деле я признавал в моих заявлениях. Но в какой еще связи я был? С кем? Я не понимаю до сих пор и мне об этом никто ничего не говорит. А я сам хорошо знаю, что ни с кем в связи в анти­партийных делах я не был.
Партийная организация Ка­захс­тана упорным молчанием отвечает на мои жалобы. Уже три года без ответа лежат мои заяв­ления в ЦК КП/б/К.
В отношении условий для работы, я пользуюсь всеми преи­му­ществами. Материально живу хорошо. Имею доверие в ответс­твенных делах: делал доклад на съезде писателей Казахстана, принимал участие в составлении письма (писателей и турксибцев) в стихах на Ваше имя, составляю учебники, руковожу аспирантурой Пединститута, все мои произве­дения печатаются. Казалось бы, для человека этого достаточно. Но я привык жить в партийной обс­тановке. 18 лет состоять в ней и вый­ти из ее рядов – самый тяже­лый удар для человека, тем более для меня, потому что меня, как человека, вылепила сама партия. С одной стороны, неудобно пи­сать Вам эту жалобу, потому что ЦК КП/б/К еще формально не рассматривал мое дело. По су­щес­тву, ЦК КП/б/К по моему вопросу нарушает все решения ЦК БКП/б/ о порядке разбора пар­тий­ных вопросов. Прошу, това­рищ Сталин, Вашего вмешательс­тва. Хотя неудобно, но все-же я про­шу Вашего приема. Я хотел бы с Вами побеседовать по вопросам ку­льтуры и литературы.
Для того, чтобы Вы имели предс­тавление о моем партийном деле, при сем прилагаю мою речь на заседании Облпартколлегии. До конца сентября я буду в Моск­ве. О приеме и результате моего заявления прошу сообщить мне в адрес Союза Писателей СССР (ул. Воровского,52).
С товарищеским приветом Ка­захский писатель (Сабит Муканов), 13/ІХ-40 г. Москва. (ЛММКСМГМ – 5-ЛА, 260 с.).


С.МҰҚАНОВ – Ғ.МҮСІРЕПОВКЕ

Ғабит! Аманшылық. Алматы­ның ыстық күнінде шыжып жүріп жатырмыз. Мұхтар, Есмағамбет, Бегалин үшеуі Семей жаққа кетті. Өзгелері қалада. Майданнан Дүйсенбек келді. Жақында Саин келмек, жыл жарым партизанда болыпты. Әдебиетте айта қалған­дай жаңалық жоқ. Ғабиден «От ортасында» дейтін пьеса берді. Соғыс кезіндегі егіс туралы. Тәуір деп қабылдадық. Әбділда пьеса­сын әлі бітірген жоқ. Қажымның «Едігесін» оқып ек, пьесадан гөрі поэмаға жақын екен. Өзімнің сценарийім («Жайлау») аяқталып келді, шықты ғой деймін, домот­дыхқа 10 күнге кетіп, аяқтағалы жатырмын. Жұрттың уәдесі көп те, берері жоқ боп қынжылтып жүр. ЦК-ның қаулысына біраз уақыт болып қалды. Бергеніміз шамалы. Бір дәмеліміз өзіңсің. Алған жүгің ауыр, көтереді деп сенеміз. Біраз кеңесті телефонмен айтқам. Командировканы бір айға созып, ақшасын жібердік. Керекті материалдарды алсаң кешіге бермегенің де жөн.
Елге барасың ғой. Мұнда Қа­зым­бет келіп, Арыстан сонымен кеткен, қазір елде. Менің елге барар-бармасым нағайбіл. Егер бара алмасам, Арыстанды сен ала қайт. Августың ортасында барма­сам, елге бармағаным. «Жаңа­жол­дан» хат алдым: Садуақас та, Жүкен де өліпті. Елге барарыңда те­лег­рамм берерсің. Повесіңді жібер. Сәлеммен Сәбит. 0.3. Үй ішің аман. Алматы қаласы 1943 жыл 17 шілде. (ҚР ОММ. 1864 қор. Қолжазба).


С.МҰҚАНОВ – Ж.ШАЯХМЕТОВКЕ

Қадырлы Жұмеке! Мен Моск­ва­да жатырмын (гостиница «Москва», №412). Жазушылар со­юзы­ның пленуміне келгем. Пленумнен кейін біраз уақыт қала тұруға тура келді. Естіген болар­сыз, жолдас Сталин пленум ал­дын­да Фадеевті, Горбатовты, Си­моновты қабылдаған ғой. Мәжілісте Молотов, Жданов жолдастар болған. Жолдас Сталин әдебиеттің өркендеуі туралы пікірін айта кеп, біраз нұсқаулар берген. Фадеевтің баяндамасы осы нұсқауға сәйкес жасалды. Оны газетадан оқыған боларсыз. Фадеев Сталин жолдастың алдына жазушылардың тұрмысы жайында біраз мәселе қойған екен, Сталин жолдас бұл жөнінде қаулы алуға уәде берген екен. Осыған байла­ныс­ты жазушылар союзының секретариаты республика өкіл­дері­мен бірнеше рет маслихат өткізіп, қай республиканың не тілегі барын анықтап алды.
Туысқан республикалардың біразының (алдыңғы қатар­да­ғы­ларының) жағдайларымен таныс­қанда біздің союздың біраз елеулі жетіспейтіндігі көрінді: 1) Бір­не­ше республиканың союзында жазушылардың «Дом отдыха», «Дом творчества» дегендері бар екен, бізде олар жоқ. 2) Бірнеше республикада: клубы, столовойы, кітәпханасы, физкультуралық комнаталары бар үйлер бар екен, бізде ол жоқ. 3) Грузия, Азербай­жан, Украина, Белорусия, При­бал­ти­ка елдері сияқты рес­публи­ка­лардың бірнеше қалаларында жазушылардың пәтеріне арнап жил-комбинаттар берілген екен, бізде ол жоқ. 4) Союздық тоғыз республикада әдебиет газеті, гослитиздат бар екен, бізде олар жоқ. 5) Союздық 11 республикада литфондтың бөлімі бар екен, бізде жалғыз адамдық қана өкілі бар. Союздық республиканың лит­фон­­дыларында подсобное хозяйс­тво болады екен. Мәселен, Гру­зия­­дағы литфондының 47-жылға сметасы 1,5 миллион сом, біздікі 69 мың сом. 6) Біздің союздың жылдық сметасы 650 мың сом, Өзбекстанның союзынікі 1,800,000 сом. Ал атқарып отырған қызметтеріне қарағанда, біздің союз кеуде жерден орын алады екен. Фадеев баяндамасында солай деді. Маслихаттарда, әрине, мен «сендерде олай, бізде былай екен» деп ешқайсысына шағым айтқам жоқ. Тек тыңдаушы боп, мәліметтерін жазып алып отыр­дым да, «бізге не керек?» деген кей­бір хажатты тілектерімді айт­тым. Кейін секретариат менің баяндамамды тыңдап, бірнеше мәселе жөнінде қаулы алды (қаулысын осы хатқа тіркеп отыр­мын). Бұл қаулыға кірмеген – штат мәселесі. Біздің союзда жөнді штат жоқ қой. Көп союздар­да солай екен. Солардың бәріне унифицированный штаттың проектісі жасалды. Республикалар бес категорияға бөлінгенде, біз, бірінші категория боп, Украина, Грузия, Азербайжан, Армения, Өзбекстан қатарына іліктік. Егер өкімет бекітсе, штатымыз ойда­ғыдай болатын. Сталин жолдас­тың Фадеевке берген уәдесі РСФ­СР-лық министрлер советінің қаулы­сына айналып, жуырда келді. Төрт қаулы алынған: 1) жазушылардың үйі туралы; 2) правление ССП СССР-дың шта­ты туралы; 3) гонарар мәселесі ту­ралы; 4) жазушылардан налог алу туралы. Төрт қаулы да ойда­ғы­дай алынған. Осы төрт мәселе­ден, республикалардағы союздар­дың правлениелерінің штаты ғана бүкіл союздық штат комиссиясын­да қаралады екен, өзге үш мәселе туралы әрбір союздық республи­каның ми­нистр­лер советі өз қау­лысын алу хажат көрінеді.
Пленумнан кейін мен үш мә­се­лемен кідірдім: 1) Штат мә­селесі. Оны біраз таласпен өт­кізуге тура келетін түрі бар. Мен республикалық правлениенің штатын молайтумен қатар (оны молайтпақ), бес облыста (Семей, Қызыл-Орда, Шымкент, Қара­ған­ды, Қостанай) отделение ашу­ды, өзге облыстың бәрінде өкіл болуды қойдым. Союздың секре­та­риаты қабылдады. Ендігі мәселе штаттық комиссияда. Жуырда қаралады. 2) Соңғы 2-3 жылда біз Москвада қазақ әде­биетінің де­када­сын өткізуді айтып жүрміз ғой. 1946 жылы біз даяр боп та қалғамыз: орыс тілінде 30-дан артық кітәбіміз шыққан, выставка әзірлегеміз. Сол кезде ЦК ВКП/б/-ның былтырғы қау­лы­сы шықты да, ол қаулы ал­дымызға жаңа талаптар қойды ғой. Соған жауап берейік деп декада мәселе­сін уақытша доғар­ғамыз. Әнеукүні Москваға жүрер алдында мен Мұхаммет­жанмен ақылдасып, осы мәселені ССП СССР-дың алдына қоюға риза­шылық алғам. Мұнда бұл мәселені қабылдап, 1948 жылдың июнінде өткізуге қаулы алды. Соның планын жасап жатырмыз, 1 август күні секре­тариат планды бекітеді. 3) Соңғы 4-5 жылда күрделі нәрсе жаза ал­май, мен халық алдында ұятты едім ғой. Былтыр ЦК ВКП/б/-ның қаулысы шыққаннан бері, сол қаулыға жауап ретінде мен «Сыр-Дария» деген роман баста­ғам, мақсатым: Сыр бойында соң­ғы кезде қазылған каналдарды, жер суаруды, астық үшін күресті көрсетуде. Романды Москваға жүрер алдында ғана бітіргем. Орыс­ша аудармасы да қатар біт­кен (аударған Домбровский, өзім­мен бірігіп аударды). Романды мұн­да жақсы қабылдады. Жазыл­ған бірнеше отзывтың екеуін (Фа­деев және Скосырев) Сізге жібе­ріп отырмын, таныссын деп. Роман­ды екі орын басады: 1) из­дательство «Молодая гвардия», 2) журнал «Новый мир». Романға бол­ған аздаған замечаниелер бар еді, соларды түзеп беріп кету ке­рек болды. Осы үш себеппен Мос­к­вада кідіріп жатырмын. Тегі августың бесіне шейін болармын, әйтпесе, жоғарыда аталған хажат­ты істеріміз шала қалатын. Сіздің мұнда екеніңізді естідім. Бірақ демалыста жатыр деген соң, при­ем сұрап мазалағым келмеді. Мына хатты істеліп жатқан істер­ден мәлімет берейін деп жаздым. Уақытыңыз болса жолыққаным жақсы-ақ болар еді, ауызша айта­тын да біраз жұмыстарым бар.
Жолдастық сәлеммен – (Сә­бит Мұқанов). 23-VІІ-1947 жыл. Москва. (СМҒМӘММК – 9-ЖА, 70-б.).

(Жалғасы бар)

ПІКІРЛЕР3
Аноним 20.12.2019 | 10:51

Жалғасын қашан жариялайсыздар.Өте қажетті дүние екен.Бақытнұр Әділов 20.12.2019 жыл.Алматы қаласы

Аноним 04.01.2020 | 11:52

I congratulate, your idea is very good

——
https://ekb-on-air.ru/44977

Чтобы жить в дружбе с теми, с кем живешь постоянно, надо вести себя с ними так, будто вы видитесь всего раз в три месяца.

——
https://glavufa.ru/81687

Я знал сарматское изречение: «Руку, которую еще не собираешься отрубить, нужно целовать…»

——
https://www.kolmovo.ru/news/365335

I thank for the information.

——
https://perm-open.ru/91448

тупа пад сталом!!!!

——
https://pishet-omsk.ru/66752

I consider, that the theme is rather interesting. Give with you we will communicate in PM.

——
https://piterskie-zametki.ru/83373

Аноним 23.04.2020 | 17:49

Не не

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір