Еттен қашқан қазақ

0
117 қаралды

Оралхан ДӘУІТ


«Ішкен-жегенін жазыпты» деп сөге көрмеңіздерші… Өткенде бір қызық болды. Демалыста Таразға барғанымда отбасыммен Шымкент жаққа қарай жолға шықтық. Әдеттегідей досым телефон шалды.

– Ойбай, Ореке, сендерді Шымкент жаққа қарай шықты дегенді естіп, қазанға ет салайын деп жатырмыз, – деп.
– Ой, Ғалеке, әуре болмай-ақ қойсаңдар дұрыс болар еді. Біздің аралайтын жеріміз көп болып тұр.
– Жоқ, несіне әуре боламыз… Анда-санда Шымкентке бір келгенде үйден дәм татпай кеткендерің ұят болады. Етті қай уақытқа дайындайық?
– Ғалеке, шынында біздің кіріп шығатын жеріміз өте көп боп тұр. Алдымен Түлкібастағы қайын жұртқа кіреміз. Олар да ет асып күтіп от­ыр. Одан Молдахан ағамның үйіне «құтты болсын» айтып шығуымыз қажет. Келесі ап­тада бесік той істейін деп жатыр. Сол қуа­ныш­тарымен алдын-ала құттықтап шыға салайық деп едік. Олар да ет асып, күтіп отыр. Ең соңында інім Бақытжанның үйіне барып қонамыз. Олар да қазанға ет салып күтіп отыр… Осыншама етті бір күнде жеп шығу асқазанға да оңай болмас… Сондықтан шай іше салсақ дұрыс болар еді. Бәріне ризамыз…
Шынымды айтсам, жоғарыда айтқан үйлерге кіріп шығуды жоспарлағанымыз рас. Бірақ, олардың қандай тамақ істеп күтіп отыр­ғанын бір құдай біледі емес пе? Біздікі тек досы­мыз­дың отбасын аяқ астынан әуреге салмайық­шы, мейлінше жеңіл-желпі бірнәрсе істей салса екен деген ой еді.
Сонымен досым екеуіміз ары ақылдастық, бері ақылдастық. Келіншектеріміз де сөйлесті. Қысқасы, олар палау істеп күтіп отыратын болды.
Түлкібасқа қайынжұртқа кірдік. Кірген кезде газ плитаның үстінде тұрған қазанға бірден көзім түсіп, ішінде пісіп жатқан тамақ ет емес екенін бірден сездім. Өйткені, қазанның қақпағының жан-жағын орамалмен жауып қойған екен. Қысқасы, қайын жұрттан палау жедік.
Одан досымның үйіне барсақ, келіншегі әдемілеп палау басып қойған екен. «Ұялған тек тұрмас» деген, «Әп-бәрекелді, палау жемегелі көп болып еді» деп, қолды жуып отыра қалып, күрішті тағы соғып алдық.
Түс қайта ағамның үйіне бардық. Негізі ал­дын-ала ескертпей барғанбыз ғой. Барсақ, ағам мен жеңгем жұмыста, екі қызы, баласы бар екен. Екі қыз ылдым-жылдым шай дайындады. Дас­тар­ханға отыра бергенде ағамның қызы «Асығыс емес шығарсыздар, бір тамақ істеп жіберейін» деп сұрады.
– Не тамақ істейсің?
Келіншегім екеуміз жымың-жымың етіп қа­тар сұраппыз ғой.
Ағамның қызы ойланып қалды:
– Лағман істеп жіберейін…
– Ой, жоқ, рахмет, біз өте асығыспыз… Шай ішеміз де тұрамыз. Ағам мен жеңгеме сәлем айт. Жол алыс болғандықтан той күні келе алмайын деп тұрмыз. Сондықтан алдын-ала құттықтап шығайық дедік…
– Онда түннен қалған тамақ бар еді. Соны жылытып жіберейін…
– Не тамақ?
– Палау… – дейді ғой аузын толтырып…
Қысқасы, түннен қалған тамақпен шай іштік.
Сөйтіп енді Бақытжан інімнің үйіне қарай шықтық.
Көліктің рулінде келе жатып келіншегімнен сұраймын ғой:
– Гүлнар, осы біздің Бақытжанның үйіндегі келіннің төркіні қай жақ еді? – деп…
– Өзбекстан, Ташкент ғой, – деді келіншегім жұлып алғандай…
– Енді Ташкенттен келген келін бүгін ет асып отыр деп ойлайсың ба? – дедім қулана қарап.
Келіншегім түсіне қойды. Бір-бірімізге қарап ахахалап күліп алдық.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.