Туристерге киіз үй тігілді
13.07.2018
1090
0

«Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайында туристерді қабылдайтын этноауыл ашылды. Біріккен Ұлттар ұйымы даму бағдарламасының Қазақстандағы бөлімшесі қолдауымен құрылған арнайы орын қазақтың алты қанатты киіз үйлерінен тұрады. Бұл – Астананың 20 жылдығына жасалған тамаша тарту.

Бір жыл бұрын БҰҰ бір топ өкі­лі осында арнайы келіп, қола дәуірінен қалған баға жетпес мұралармен танысқан еді. Сонда аталған ұйымның ТМД және Еуропа елдері бойынша Аймақтық бюросының директоры, БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Джихан Солтаноглу мұнда бірінші рет ат ізін салғанын, «Таңбалы» қоры­ғы­ның болашағы зор табиғи жәдігер ретіндегі маңызын бағалап, мұра­жай басшылығының этноауыл ұйымдастыру туралы ұсынысын құптайтынын жеткізген еді. Бұл бастама көп ұзамай қолдау тауып, «Таңбалы» мұражайы БҰҰ Даму бағдарламасының 13 миллион 597,5 мың теңге грантын иеленді. Сол қаржыға әрқайсысы алты қанатты бес киіз үй алынып, эт­но­ауыл­ды және осындағы күзетшілер үйін электр қуатымен жабдықтау үшін күн сәулесі мен желден қуаттанатын 5 киловаттық дербес электростансасы орнатылды.
Аңырақай жазығының шат­қалды шетінде қаз-қатар тігілген біркелкі ақшаңқан үйлер алыстан көрінеді. Есте жоқ ескі заман жә­дігерлерін тамашалау үшін «Оң­түстік астанадан» Батысқа қарай 170 шақырымды еңсеріп, осынау ашық аспан астындағы қорық-мұражайды тамашалауға келетін­дер енді алдымен осында аялдап, таңбалы тастарға саяхатын қазақ­тың ұлттық салт-дәстүрімен та­нысудан бастайтын болды. Кер­е­ге­лі киіз үйлердің іші ұлттық бұйым­дармен жабдықталған. Сонымен қатар, мұнда ұлттық та­ғам­дардан дәм татып, демалатын мү­м­кіндік те қарастырылған. БҰҰ Даму бағдарламасының био­алуантүрлілік пен экожүйелерді сақтау жобасы аясында жүзеге асы­рылған этноауылдың салта­натты ашылуына жан-жақтан жи­налған туристерге жасалған осындай жайлылықты сөз етіп, ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілген «Таңбалы» қо­рық-мұражайының адамзат үшін маңызына, халықаралық ұйыммен біздің елімізде бірлесе жүзеге асы­рылып жатқан басқа да жобаларға тоқталды. Бұл орайда, аудан әкімі Бағдат Әлиев сөз бастап, БҰҰ үйлестірушісі және Даму бағдар­ламасының Қазақстандағы тұ­рақты өкілі Шимомура Норимаса мырза, ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттері бойынша өкілі, Кластерлік бюро директоры Пиккат Криста ханым, ҚР Ауыл­шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов, «Қазақ Туризм» Ұлттық ком­паниясы акционе­р­лік қоғамы Басқарма төр­аға­сының орын­басары Тимур Дүйсен­ғалиев, Вен­г­рияның Қа­зақ­с­тандағы елшілігінің Бас консулы Юдит Ланг ханым жылы лебізін білдіріп, этноауыл лентасын қи­ды. Аудан әкімі Бағдат Әлиев мұра­жай жұмысын қол­даған халы­қ­ара­лық ұйым өкілдеріне алғыс білдірді. «Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының директоры Абай Сәдуақасұлына, киіз үйлерді жабдықтаған аудандық «Әйел­дерді қолдау орталығы» қоғамдық ұйымының төрайымы Галина Әлжановаға БҰҰ тарапынан Алғыс хат тапсырылды.

Болат АБАҒАН.
Алматы облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір