170 жылдыққа – 170 түп емен
25.08.2015
1456
0

20Абайдың мерейтойы қарсаңында ақын мерекесін әркім әр түрлі қарсы алғысы келеді. Біреулері той тойлап, енді бірі түрлі жарыстар өткізуді қолға алса, Гөзел Құлжабаева ақын құрметіне арнап, 170 емен отырғызғысы келген екен. 170 емен – екі жыл бойы арнайы ыдыста өсіріліп, осы күні кісі бойынан асып қалған, дайын ағаштар. Яғни бұл ағаштар бірден орманға айналары анық…  

Гөзел Құлжабаева,

«Гүлзар» қоғамдық қорының құрылтайшысы, кәсіпкер

– Ақын құрметіне ағаш отырғызғыңыз келген екен, бұл ой қайдан туды?
– Өзге елдердің көгалдандыру жұмысы­мен танысу мақсатында шетелге сапарлап жүремін. Бірде Францияға жол түсті. Француздар үлкен тұлғамыз, қолбасшымыз деп санайтын Наполеон Бонопарттың басына бардық. Сол жерде бізді таныстырып жүр­ген гидтер, қазір бұл жерді жоғарыдан тамашалаймыз деп алып кетті де, жоғарыға шық­қан соң, «Егер қиын болмаса, біздің қол­бас­шымызға бірнеше рет иіліп тағзым етсеңіздер», – деп өтінді. Олардың салты со­лай екен. Мен өмірімде Абайдың басына құран оқытқаныммен, қабіріне басымды иіп көрмеппін, неліктен Наполеонға тағзым жасауым керек деп, бас тарттым. Бас ақы­ны­мыздың 170 жылдық мерейтойында, ақынның туған жеріне 170 емен, өзге де тал-дарақ апарып ексем, ол жайқалып ну ор­манға айналса, ақынға деген құрмет осы­дан басталмай ма деген ойға келдім.

Әдетте, біз мерейтой десе, ақшаңқан үйлерді тігіп, мал сойып, қонақ шақырып, мәз-мейрам боламыз. Тұлғаларымыздың ескерткішінің, музейлерінің айналасын абаттандырып, тапшы бола бастаған тұщы суды қолжетімді қылсақ – дұрысы сол емес пе?

– Сонымен, Абай еліне ат басын бұр­дыңыз…

– Абай туған жер, оның әдеби-мемор­иал­­ды музейі орналасқан жер – еліміз үшін маңызды нысан. Мен ағаш егем деп жалғыз бара қалсам, ойымның дұрыс екеніне кім сенеді? Сондықтан Жазушылар одағы төр­ал­қасымен ақылдастым. Сөйтіп, бізді одақ­тың мүшесі, әрі сол жақтың тумасы, ақын Бауыр­жан Жақып бастап барды. Мем­лекет қорғауындағы музейдің айналасының көркемдігі тек жергілікті тұрғындарды ғана алаңдатпауы тиіс қой, әрқайсымыз ақын тойына шамамыз келгенінше үлес қоспасақ, Абайдың ұрпағымыз деп несіне мақтанамыз деген оймен Семей жаққа тартып отырдық. Біздің қазақта «Жақсы әке жаман балаға қы­рық жыл азық болады» деген жақсы сөз бар. Мен көрген елдерде, мәселен, Францияда жақсы әкелер – тарихи тұлғалар кейін­гі ұрпағына мәңгілік ақша жасап кетіп­ті. Еуропаның қай қаласына барсаң да, бұрын­ғы патшаларының, ірі тұлғаларының құрметіне музейлер ашып тастаған. Ол музейлерге кіру үшін уыс-уыс ақша төлейсің. Мәселен, Оксфорд қаласында Черчилль дүние­ге келген үй бар. Қазір музей. Черчил­льдің отбасы онда, тіптен, тұрмаған да екен. Анасы аяғы ауырлаған сәтінде осында қыдырыстап келіп, босанып қалады. Музейге кірсеңіз, Черчилльдің анасы осы кереуетте босанды деген бір шағын кереует, сәбиді шомылдырған астау тұр. Черчилль­­дің әкесі сүйінші хабарды естіген соң почтамен 15 доллар жіберген екен, соны растайтын құжат ілінген. Бары – сол. Ал сіз сол музейге елу доллар төлеп кіресіз. Қазақ даласы­ның ғажайып ұлына арналған музейге бара жатып, осылар еске түсті. Абай еліне кіре берісте «Абай жолы» деп жазып қойыпты. Бөрілі ауылында Мұхтар Әуезовтің музейі, үйі бар екен. 12 шақты үйлі ауыл өте жұ­пыны көрінді. Қалған ел көшіп кеткен. Ең­лік-Кебек кесенесі жотада, жанында бастау бар. Іргеде дайын су келіп тұрса да тал-дарақ та егілмеген. «Әйгерімнің бастауы» маңы көгал жер. Әйгерім – сұлулық символы емес пе, Абай ынтызар болған арудың бастауы жасыл желекке малынып, гүл-дарақпен көмкеріліп тұр­мағаны қалай? Жиде­бай – аты айтып тұрғандай қалың жиде өскен жер ғой. Дәл қазір аздаған жиде бар екен. Қалған жерді шеңгел, ши ба­сып кетіпті. Шеңгел – қарау­сыз жерге өсе­ді. Оның тамыры өте қатты, өсімтал бола­ды, асфальтты, құрылысты бұзып, кез кел­ген жерге шыға береді. Мұрайжайға те­гін кіресің. Гид сізден ақша да алмайды. Абайдың тікелей кіндігінен тараған ұрпақтары туралы мәлімет бергені жөн де шығар. Алайда, бүгінгі таңда Абайдың төрт әйелінен қалған ұрпақтан еркек кіндікті жоқ, Абайдың ұрпағы құрыды деген сипат­тағы сөз адамның көңіліне қаяу түсіреді ек­ен. Абайдың ұрпағы – күллі қазақ халқы емес пе? Музейге келген халыққа кішкене де болса насихаты мол әңгіме айтылса екен деген тілек қой біздікі.
Абайдың тұрған үйі мен жатқан жерінің арасы 1 шақырымдай жер. Осы екі ортаны трактормен жыртыңыздар, тегістеңіздер. Ақын құрметіне осында 170 емен әкеп егіп кетейін дедім. Сөйтсек: «Қара­уыл­­да саябақ жасап жатырмыз, аға­шы­ңызды сонда еге қойыңыз», – дейді. «Ағаш егетін жер таппай отырған жоқпыз, Абайдың құр­ме­тіне отырғызайық деп едік», – деп, аудан әкімімен сөйлеспекші болдық. Алайда, ақын тойына дайындықтың қар­баласымен жүр ме, әкімнің бізбен сұх­бат­тасуға уақыты табылмады, әкімнің орынбасары: «Өз жоспарымыз бар, ағаш егудің керегі жоқ, ағаш егу жайлы әңгімені біз шешпейміз, нысан республикаға қарайды», – деп шығарып салды.

– Сіз егемін деген емен ағаштары ол жерге жерсінетін бе еді?

– Әрине, тек суғарса болды. Өз ауылымда – Алматы облысының Кербұлақ ауданында 52 гектар жерге бақ ектім. Ал менің ауылымның топырағы – тастақ. Сол жерге де ағаш егіп, орман жасап отырмыз ғой. Ал мұнда, су табылса болғаны.

Суды шығарудың да еш қиындығы жоқ екен. Себебі, Жидебайда ши өсіп тұрғанын көргенмін. Ши бар жерден құдық қазсаң, су шығатыны анық. Жергілікті тұрғындардан қанша метрден су шығады десем – қырық метрден шығып қалуы керек дейді. Қырық метр жер қазу соншалықты қиын жұмыс емес деп ойлаймын. Тіптен, Абай ауылы маңында ештеңені тиіспейміз деген күннің өзінде, сол жаққа су апарып қойса, музейге келген адамдар, Абайдың құрметі үшін бір шелек суды сатып алып, бір еменнің түбіне құйып кететіндей қылып жағдай жа­сау­ға да болар еді ғой деймін. Әйтпесе бәрі тегін, бәрі тым жұпыны. Мен ешкімнен ақша, қызмет, тендер сұрап отырған жоқ­пын. Өз қаражатыммен барып, өзім сатып алған, өзім екі жыл күтіп-баққан ағаштарды отырғызып беріп кетейін деймін. Ал олар трактормен жерді жыртып беруді қиын­сы­нып, нысанның республикаға қарайтынын желеу етеді.

Иранда Риза молданың мешіті бар. Сол жерді сыпыру үшін, кәдімгідей тізім жасалып, адамдар жылдар бойы кезекке тұрады екен. Біз Абайдың маңын көгалдандыруға, егілген ағаштардың қурап қалмауы үшін су­ғаруға, керек десеңіз, айнадай қылып тазалауға осылай таласуымыз керек. Жер­гілікті билік те, Абайдың барша қазаққа ортақ екенін түсініп, мұндай жақсы істерге бөгесін болмауын ойластыруы керек-ау.

Музей мемлекеттің қорғауында деп қарап отыра бермей, Абай үшін төрт гектар жерді әдімеліп қоршап, ағаш егіп қойсақ, бізге кім кедергі болмақ?
– Демек, 170 еменіңіз Жидебайға егіл­мей­тін болды. Оны енді не істемек ойыңыз бар?

– Қазір Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Нұрым ауылында жаңа мектеп салынуда. Соның жанынан аудандық әкімшілікке айтып 1,5 гектар жерді қоршатып, әкімшілік­пен ақылдаса отырып, бақ ашпақпын. Ақын­ның мерейтойына деген құрметім сол қалпы, бұйырса, «Абай жолы» деген бақты сол жақтан көркейтсем бе деген ой бар. Көзім көріп келді, Әйгерім бұлағының, Абай ауылындағы өзге де нысандардың макетін сыздырып, үлкен бақ жасау ойымда бар.

Одан өзге, Семей мен Қарауылдың ара қашықтығы 200 шақырымдай жер екен. Қазақ даласына ең жақсы жерсінетін ағаш – қарағаш. Әр шақырым сайын топтап қарағаш отырғызса, Семейдің даласы да, Абай ауылына баратын жол да жайқалып қалар еді деп ойлаймын. Сонда, есептеп көр­сем, оншақты мың түп қарағаш керек екен. Алматының маңынан жер алып, сол қарағаштарды қазірден баптай бастасам, алдағы бір-екі жылда Семейден Абай ауылына дейін ұзатып салар қарағаштар ексем деген жоспарым бар. Мұныма рұқсат бе­ретінін-бермейтінін білмеймін, бірақ ағаш егуге ешкім кедергі келтірмес. Жалпы, осындай елге қадірлі, құрметті адамда­ры­мыздың осындай торқалы тойларында ағаш егу сияқты сауапты жұмыс атқарудың еш сөкеттігі жоқ қой деп ойлаймын…

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Қ.Серікқызы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір