Сұлтанмахмұт – дәуір суреткері
13.07.2018
4284
0

Арап Еспенбетов,
Қазақстанның Еңбек сіңірген
қайраткері, профессор


С.Торайғыровтың 1933 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген толық шығармалар жинағындағы фотосурет.

Қазақ өлеңі – мейлінше күрделі әлем. Көкірегінен жыр құйылған ақын-жыраулар өнері сайын даланың түкпір-түкпіріне жолы түсіп, аяқ басқан басқа жұрттықтарды таң қалдырғаны арғы-бергі тарихтан құлағымыз шалып, көзіміз көріп жүрген шындық. Қай заманда өмір сүрсе де қазақ рухының әманда биікте болуын қалайтын, ұлттық мүдде таразыға тартылғанда шындықтың бетіне қасқайып тура қарайтын азамат ақынын халқы да құрметтеген. Өзі өлсе де, сөзі өлмей, есімдері өлең өлкесінде мәңгі бақи қалып қоятын ақын мыңның бірі ғана. Уақыт алға қарай зымырай жүйткігенімен, ғасырлар тозаңы жасыра алмайтын, саф алтындай жарқырап, айналасына нұрлы сәулесін шаша беретін өміршең тұлғалар болады. Солардың бірі – қазақ өлеңінде мәрмәр тастан қашалғандай Сұлтанмахмұт ақын есімі.

С.Торайғыров – төтенше өзгерістер мен дүрбелең сілкіністер дәуірінде тарих сахнасына көтеріліп, XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде өзіндік жол салған, шығармаларына тұтас бір дәуірдің шынды­ғын сыйғызған суреткер. Ол артына өлмес те өшпес мол мұра, қымбат қазына қалдырған ұлы ақын. «Ақынның хаты өл­мей­ді», – дейді халық нақылы. Осы дана тұжырымды Торайғыровтың өміршең шығармалары дәлелдей түспек.
Шын мәніндегі мәдениетті, толыққан­ды лирика жайлы сөз қозғағанда Сұлтан­мах­мұт Торайғыровтың орны ерекше екен­дігін айтуымыз шарт.
Қаламгердің алғашқы қадамы, тұңғыш өлеңі төңірегіндегі әңгіме әдебиеттану ғы­лымында әрдайым маңызды. Шығарма­шы­лықты өмірлік мұратына айналдырған тұлғалардың, сөз өнерін зерттеуші зиялы қауымның қалам иесінің тырнақалды туындысы аясында қордалы ой өрбітуі кез­дейсоқтық емес. Сұлтанмахмұттың тұң­ғыш жазған шығармасы – «Секілді өмір қысқа жарты тұтам».
С.Торайғыровтың алғашқы жазған өлеңі «Секілді өмір қысқа…» дегенде, біз оның інісі Шәймерден Торайғыровтың қол­жаз­басына сүйенеміз. Ол өлеңнің то­лық нұсқасын келтіре отырып, шәкіртінің сәтті қадамына риза болған Мұқан ұстазы­ның айтқандарын былайша баяндайды: «Міне, жарайды, қандай жақсы өлең! Бұл алғашқы бастама, тырнақалдың ғой… Енді осы жазғаның жазған. Бірақ зорланып жазба, шабытың келгенде жаз. Сұлтан­ма­х­мұт­тың өз өміріндегі ең бірінші рет жаз­ған өлеңі осы еді». Осы пікірді үлкен жа­зу­­­шымыз С.Мұқанов та қолдаған: «Био­г­раф­тардың айтуынша, Сұлтанмахмұт өл­ең жазуға бала шағынан әуестенгенімен, бұл іске 1907 жылдан шұғыл кірісіп, қай­тыс болғанға дейін қаламнан қол үзбеген ақын».

С.Торайғыровтың 1922 жылы Қазан қаласында шыққан жинағының сыртқы мұқабасы.

Ал өлеңнің өзіне келсек, балаң ақын­ның алғашқы қадамы үшін сәтті туынды. Байырғы түр – он бір буынды қара өлең үлгісімен жазылған. XX ғасыр басындағы ақындарымыздың өлеңдерімен деңгейлес, көркемдігі жоғары, тілі таза, өрнекті. Бо­ла­шақ ақын өз өмірінің бір ғана қырын алып, ағынан жарыла жырға қосады.
Қаламды шын беріліп, алдым берік,
Әлдеқандай бір күшке көңіл сеніп.
Бұрын жалғыз оқу еді іздегенім,
Енді оған өлең жазу болсын серік.
«Әлдеқандай бір күшке көңіл сеніп» – шабыт, талант ұғымдарын сыйғызып тұр бұл жол. «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп келетін Абай өсиеті ойға оралады. Оқу, іздену жолына белін бекем буған Махмұт, енді ақындықты қоса серік еткен. Әрі қарай:
Сондықтан бір мақсатым өлең жазу,
Оқуменен бірге іздеп, қоса қазу.
Осы ойыма өткен түн серт берілді,
Менде болмас бұл ойдан өмірде азу,
деп ойын ұштай түседі. Ақын өзі жас бол­ға­нымен, алдына биік мақсаттар қояды. Ол – оқып білім алу, өлең жазу. Көзделген мақ­сатты, ақындық идеяны жыр жолда­рына шеберлікпен өрнектеген.
Ақындық өмірбаянының беташары «Секілді өмір қысқа жарты тұтам» туынды­сымен – С.Торайғыров болашағынан үміт күттіретін каламгер екендігін танытты, сөйтіп қазақ поэзиясының қасиетті табал­ды­рығынан аттады десек артық емес.
Шықай менен Шағала,
Қойың кетті бағана,
Тепең-тепең етесің,
Қойыңа қашан жетесің?! –
сияқты тақпақ өлеңдер немесе:
Тұмағымның құлағын,
Жұлып алдың, не түсті?
Үсиді-ау енді құлағым,
Міне, суық жел есті.
Не деп айтам апама,
Біліп қойса, бұл істі, –
деп келетін, табан астында импровиза­торлықпен айтқан ұсақ өлеңдерін досы Шәйбай Айманов естелігінде келтіреді. Бізге жетпей қалған, балаң ақынның көкірегінен ұшқан жырлар қаншама?!

Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы көшедегі ақынға орнатылған ескерткіш.

С.Торайғыров ауылда жүрген шақта қаламынан шыққан көлемді туынды – «Жарқынбай» (1910). Әдебиетшілердің «Жарқынбайды» кей ретте поэмалар қа­тарына қосуы көлеміне байланысты (304 жол) болса керек. Лирикалық толға­ныс­тан гөрі эпикалық баяндау басым жататын сәттер бар десек те, бұл кәдімгі сюжетті өлең. Бірден атап айту керек, дәулет молдығына мастанған өзімшіл, өркөкірек, топас жанның сатиралық образын, тіпті, сол тұстағы Жарқын­бай­лар­дың типтік бейнесін жасауға ұмтылған.
Жарқынбай арқылы заманындағы кертартпалықты сынауды мақсат тұтқан. Сұлтанмахмұт оның сыртқы кейпі мен іс-әрекетін сипаттауда тапқырлық көр­се­теді. Мәселен, бар малын шығындап бо­лыстыққа әзер қолы жеткен «сары жез знак таққан» Жарқынбай мен «қарғы таққан төбеттің» арасына параллель жүргізу, былай қарағанда, ұсақ деталь. Үңіле түссеңіз, үлкен, мәнді сурет сұранып тұр. Қотан айналасынан ұзап шықпай, сүйек-саяқпен күнелтетін, маңқ-маңқ үрісі үйреншікті болған төбетке жұртына зәредей де жылылығы жоқ, ұлықтардың иек қағуын аңдып, жалақтап отырған Жарқынбайды теңеуі сәтті, ұтымды шық­қан. «Он жыл оқып» бір кітап тауыспаған кеще ұлын қосарлай бейнелеу – Жар­қынбай образын толықтырады.
«Жарқынбай» өлеңінің көркемдік ерекшеліктеріне үңілгенде, ақынның образ жасаудағы шеберлігі көзге бұрын шалынады.
Оқу жоқ, көз орны бар, кеуде соқыр,
Көргенді, естігенді ми жоқ тоқыр.
Көзі көк, кірпігі ақ, түсі сары,
Алапес, өне бойы ешкі қотыр.
Бұл – Жарқынбайдың «күйеу баласы». Бояу айқын. Дайын, салынған сурет. Оқи отырып көресіз. Хас шебер жолы осылай басталар болар. «Мисыз ой», «талыс аяқ», «шартық бұқа» тіркестеріндегі эпитеттер орынды қолданылған, жағымсыз қылық­тар­дан оқушыны жирендіре, сескендіре түседі.
Ауылдағы оқуды місе тұтпай, мәде­ниет­­ті жерден білім алуды армандаған Сұлтанмахмұттың алғаш ат басын тіреген шаһары – Троицк. Қала өміріне араласу, мәдениет ошақтарымен танысу, әсіресе, «Айқап» журналының маңында болу, кейінде онда қызмет атқару – Торайғыров шығармашылығындағы бетбұрыстың алғышарттары.
«Шығамын тірі болсам адам болып» (1913) – осы тұста ақын қаламынан шық­қан біршама туындыларының шұрайлысы. Тұңғыш рет бұл өлең 1922 жылы Қазан­да жарық көрген жинағында жарияланады. Троицкіде оқып жүргенде туысы, досы Шәйбай Аймановқа жіберген фотосурет­тің сыртына жазған екен.
Құрбысына жүрек сырын жайып салған ақынның көтерілмек биігі жоғары. «Шығамын тірі болсам адам болып». Дәл осы бірінші тармаққа шәкірт ақын шалқар ой, терең мағына сыйғызған. «Адам болу» – салмақты сөз. «Адам», Сұлтанмахмұттың түсінігінше, халқын емірене, елжірей сүйетін, жүрегімен жұртына жылылық тілейтін асыл азамат. Шумақтағы «адам», «надан» сөздері поэтикалық контраста алынып, Торайғыров ойын айқын аңғартуға қызмет еткен.
Мен балаң, жарық күннен сәуле қуған,
Алуға күнді барып белді буған.
Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін,
Болмасам толған айдай балқып туған,
– десе, балалық көңілін бүкпей, бар дауы­сымен құдіреттене жырлаған, болашағын барлаған асқақ ақын бейнесі көз алды­мызда елес береді.
Өлеңде кездесетін символдық образдар – Жұлдыз, Күн, Ай, жарық, жақсылық нышандары, ізгілік белгілері. «Надан» сө­зі­нің ар жағынан мұнартып, күңгірт көрінетін тұтасқан қараңғылыққа қарама-қарсы әдейі қолданылған об­раздар. Әрі табиғат тамашалары Жұлдыз, Күн, Ай күллі әлемге ортақ болса, елінің тағдыры қабырғасын қайыстырып, «тебем деп тірі болсам надандықты» серт еткен азамат та барша халыққа ортақ деген ұғымға мең­зейді.
«Айқапта» қызметте жүрген шақта ақын қаламынан шыққан тағы бір туынды – «Қымыз» (1913) өлеңі. Әлеуметтік мәнді тақырыпты жалпы алып жырламай, ақынның ел өмірінің небір ұсақ деталь­дарына мән беріп, нақтылықпен, үлкен суреткерге тән құдіреттілікпен жырлағаны байқалады өлеңнен.
Қымыз тақырыбына назар аударған ақындарымыз баршылық.
Осы қымыз казаққа,
Мақтаның ба, асың ба? –
деп басталатын ұлы Абай өлеңі де бізге таныс. Сондықтан, бір қарағанда, селт еткізетін жаңалық, сонылық жоқ сияқты. Әйтсе де, құнттай оқысаң, Сұлтан­махмұт ақынның қымыз арқылы әлеумет­тік, философиялық терең түйіндерге мән бергендігі, тақырыпты басқа қырынан ашқандығы аңғарылады.
Қымызсыз, маған салсаң, Аплатон бол,
Көрмессің сөзің тыңдар ешбір жанды, – дейді ақын. Адамды асыл азаматтық қасиетімен емес, байлығына, дәулетіне қарай қабылдайтын заманындағы өресіз­дікті шенейді.
Ақылың Аплатондай болса дағы,
Қымыз бен еті жоқ құр татыр білім.
Бұл – XX ғасырдың тағы бір кемел суреткері Ахмет Байтұрсынұлы. Қос алып бірін-бірі қостап, толықтырып тұрғандай.
Басыңнан қымыз кетсе, қызық кетер,
Сын-сиық, сәулетіңді бұзып кетер.
Кешегі бәйік болып отырған жұрт
Күдерін бүгін сенен үзіп кетер.
Ақынның осынау қорытындысында «кеше», «бүгін» деп уақыт бере сөйлеу, ең үлкен сыншы уақытқа төрелік айтқызу бар. Қолыңнан қымыз тайса, сән-сал­та­нат­тың қоса жоғалып, қымыз бергенде лепіре мақтап, желдендіріп, қо­ше­мет­теуші берекесіз тобырдың сол сәтте ірге­сін аулақ салатынын айтуы, қы­­мыз иесі түсіне тұра бүркемелегісі ке­ле­тін шындықты әйгілеуі – Сұлтан­махмұт­тың тапқырлығы.
1917 жылдың 10 наурызында Том қала­сында емделіп, оқып жүрген С.Торайғыров Семейге келеді. Патшаның тақтан құла­тыл­уы бейнебір жер сілкінгендей, болмаса топан суы тасығандай адам естіп, көз көрмеген төтенше оқиға еді. Дүйім жұртқа азаттық әкеліп, ұлттық мемлекет құруға мүм­кіндік туған шақта Алаш қозға­лы­сы­ның бел ортасынан орын алады.
«Алаш ұраны» – Алашорда­ның гимні. «Алаш ұраны» – «Алаш» партиясының, адамзат баласының көзі көріп, құлағы естімеген өзгерістерді басынан өткеріп жатқан исі қазақтың ұраны еді. Сұлтан­махмұт елін емірене, жұртын тебірене сүй­ген ұлтжанды азамат. Атар таң, батар күнде тек қана ел қамын ойлап еңіреген, ұлтына жан тәнімен қызмет жасауды мұрат еткен Торайғыровтай перзенттің аласапыран уақытта бұлқынып тарих сахнасына көтерілуі заңды құбылыс.
«Алаш ұраны» – 1917 жылғы ақпан төң­керісінен кейін іле-шала жа­зылған шы­ғарма. Рухы биік, мақ­саты ізгі, бітімі оқшау туын­ды.
1917 жылдың 20 наурызында Петрог­рад­­тан Әлихан, Мұс­тафа, Міржақып «Алаш ұлына» атты мақа­ла жолдап, онда: «Азат­тық таңы атты. Тілекке құдай жет­кізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңел­дік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет өзгеге қазған оры өзіне ша­ғын көр болып, қайтпас қара сапарға кет­ті», – деп көңілдегі қуанышты зор шат­тық­пен хабарлады. Осы қуаныш лебі То­рай­ғыров өлеңінде жарасымды жалғасқан.
Сұлтанмахмұт қуанышты хабарды құшақ жая қуанып қарсы алды. Патшаның тақтан құлауын бостандыққа, теңдікке жету деп ұқты. «Алаш ұранындағы»:
Құрт аурудай жайлаған,
Құртпаққа бізді ойлаған,
Қанымызға тоймаған,
Қолымызды байлаған,
Елімізді лайлаған,
Ерімізді айдаған,
Жерімізді шимайлаған,
Өшті залым қарасы
Жасасын, Алаш, жасасын! –
деген шаттыққа толы тіркестер дү­йім жұрттың көтеріңкі көңіл-күйін өр­нек­тейді.
Төңкерістен соң қазақ жерінде кеңінен өріс алған автономия алу, өз алдына жеке ел болу идеясы «Алаш ұраны» өлеңінің өзекті түйіні, кесікті байламы.
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз!
Енді ешкімнің алашты
Қорлығына бермейміз!
Жасасын, алаш, жасасын! –
деп ақынның жігерлене жыр кесте­леуі сол заман ақиқатын көз алдымызға елестетеді. «Жасасын, алаш, жасасын!» рефрені бостандық, азаттық идеясының жасампаздығына ақынның қалтқысыз сенетіндігін көрсететін жанды айғақ.
Ақын – халықтың ұлы. Ол жеке басы­ның болмашы кайғысына түнеріп, мар­дым­сыз қуанышына шаттанумен ғана тынбай, дәуірі ұсынған өрелі мәселелерді түбірлей қозғауы қажет. Ал Торайғыров ғұмыр кешкен толқынды жылдар дәуір суреткеріне күрделі уақыттың шын­ды­ғын мейлінше терең ашу талабын қойды.
Сұлтанмахмұт Торайғыров – қазақ халқы тарихының айырықша маңызды, әдеби өрлеуінің ең бір тосын, шиеленісті кезеңінде көркемөнер сахнасына шыққан суреткер. Дәуір суреткері. Сондықтан болар, қаламгер шығармашылығын тұтастай тану, игеру барысында, тіпті, жеке шығармасын зерттеу объектісіне айнал­дыр­ған шақта қилы-қилы толғамдар, кере­ғар пікірлер бой көрсетіп қалады. Тегінде, осынау қиын түйіннің түп-тамырын ақын өмір сүрген тарихи дәуірдің ішкі мазм­ұны­нан, уақыттың күрделілігі мен оқиғалардың қосқыртыстылығынан іздеу абзал.
Ғасырлар, жылдар бойы еркіндікті көк­сеген халықтың ежелгі арманын бұл­жыт­пай танып, оны сол халықтың ізгі мүддесімен байланыстыра асқақ пафоспен жырлау – тек біртуар ұлы ақын ғана жүзеге асыра алатын үлкен, қомақты іс.
Табиғат сыйлаған ақындық дарынға қоса, нәзік сезім һәм зор білімнің иесі С.Торайғыров қас-қағымдай ғана уақыт ғұмыр сүріп, халқымыздың көркемдік ойы тарихынан мәңгілік орын алды. Мұның төркіні, қаламгер шығармаларының жан жүйесіне әбден сіңген халықтық рух, ұлт­тық дәстүр, азаматтық биік қасиеттермен тығыз байланысты.
С.Торайғыров тумысынан сезімтал, те­біренгіш, алғыр ойлы, зор талантты ақын, өршіл, бірбеткей азамат ретінде танылды. Алаштық идея дауылы оятқан, жігерлендірген Торайғыров ақындық алғашқы қадамынан «жоқ-барды, ертегіні терген» жоқ, қазақ өмірінің реалдық қал­пын, халықтың ізгі сезім-арманын көркем туын­дыларына арқау етті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір