Абай қорық-мұражайы – ұлтымыздың рухани ордасы
25.08.2015
2054
0

19Іргетасының қаланғанына жетпіс бес жыл толғалы отыр­ған Семейдегі Абай қорық-мұра­жайы Қазақстандағы ірі мәдени орталықтардың бірі. Бүгінгі таң­да елімізде мұражай – ғылым­ның, білімінің, мәде­ниет­тің қа­лып­тасуына ықпал ететін ғылы­ми-танымдық ба­ғытта қыз­мет атқаратын өз алдына дербес мекеме. Осындай мекеме­лер­дің бірі – өл­кеміздегі Абай­дың тарихи-мә­дени және әде­би-мемо­риал­дық қорық-мұражайы. Қорық-мұражайдың негізгі қызметі – Абай өмірі мен шығарма­шылы­ғына және оның ақындық өнер айналасын, сол за­мандағы тарих пен мәдениет құбылыс­та­рын, заттық, құжаттық жәдігер­лерді зерт­теу, сақ­тау, насихаттау, қорғау. Мұра­жай қа­за­қ­тың ұлы жазушысы, академик М.О.Әуезовтің ұсынысы бойынша Абайдың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1940 жылы Қазақ ССР-нiң Халық комиссарлар кеңесiнің 1 сәуiрдегі қаулысы негізінде құрылып, сол жылы 16-шы қазан күні ме­реке үстінде ашылды. Ол Қазақстан та­ри­хындағы тұңғыш әдеби мұражай.

1940-1944 жылдары Бекбай Байысов­тың үйінде ашылып, 1944-1967 жылдары Әнияр Молдабаевтың үйіне қоныс аударды. Бұл екі үйдің Абайға тікелей қатысы бар. Ақын 1975-1904 жылдары Семей қаласына келгенде осы үйлерге түсіп жүр­ген. 1967 жылы Абайдың 125 жылдық мерей­тойы қарсаңында мұражай қала­дағы сәулет ескерткіштерінің бірі саналатын, ұлы ақын өмір сүрген дәуір үлгісімен салынған көпес Роман Ершовтың үйіне көшірілді. 1990 жылы Абайдың 150 жыл­дық мерейтойына орай Қазақ ССР Министрлер кеңесінің қаулысы бойынша ақын­ның әдеби-мемориалдық мұражайы Абай­дың «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы болып қайта құрылды. Қазіргі кезде мұражай әдеби-мемориал­дық музейден республикадағы ірі қорық-мұражайлардың бірі.
Қорық-мұражай алқабында көптеген мемориалдық ескерткіштер өлке тари­хы­ның өткенін көз алдыңа әкеліп, ұланғайыр терри­торияның түкпір-түкпірінде орналас­қан бағзы қорымдар мен қасиетті орындар ұлылар өмір сүрген өлкеге тағзым ете келген көпшілікті ерекше сезімге бөлейді. Бүгінде ұлы Абайға арналып ашылған Қа­зақс­тан тарихындағы тұңғыш әдеби мұра­жай бүгінде тарам-тарам жеке құрылым­дар­дың басын біріктірген іргелі мәдени кешенге айналды.

Семей қаласындағы Абай қорық-мұра­жайдың құрамына қалалық кешен, Абай ауданы Бөрілі ауылындағы М.Әуезов­тің мұражай-үйі, Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі, 6400 га қорық аймағына кіретін 16 ескерткіштер мен тарихи орындар, Абай ауданында Құндызды ауылын­дағы халық ақыны Шәкір Әбенұлы және Үржар ауданы Мақаншы ауылындағы Әсет Найманбайұлының мұражайлары кіреді.

Қалалық кешен құрамына Ленин көшесі, 12 үйде орналасқан көпес Роман Ершовтың үйі, 1995 жылы салынған жаңа ғимарат, 1993 жылы кешен аймағына көшірілген Ахмет-Ризаның медресе-мешіті, мұражайдың әкімшілік үйі, сонымен бірге Бөгенбай батыр көшесіндегі 132-ші үйде орналасқан «Алаш арыстары және М.Әуезов» мұражайы кіреді. Бас мұражай экспозициясы 16 бөлімге қанат жайып отыр. Олар: «Абай дәуірі», «Қайнар бұлақтар», «Абайдың шығармашылығы», «Аударма, ән-күй мұрасы», «Абайдың поэмалары» залдары, «Жаз», «Абайдың ақын­дық өнер айналасы», «Абайтану», «Бейнелеу өнеріндегі – Абай тұлғасы», «Та­қы­рып­тық көрме залы», «Сыйлықтар», «Абай халық жүрегінде».

Адамзат тарихының қалыптасуы мен кейінгі ұрпаққа өнеге болып қалуы үшін әдебиеттің алар орны ерекше. Әрі көне, әрі мәңгі жас тарихтың тағылымдарының талай ұрпаққа рухани азық болары ақиқат. Қай халық болса да өзінің өткенін, қайталанбас тарихын, салт-дәстүрін көзі­нің қарашығындай сақтап, қастерлеп ұрпақтан-ұрпаққа өсиет етеді. Оны олар­дың тарихи ескерткіштері мен мұражайла­рына қарап көруге болады. Ғасырлардың талай тезінен өткен әрбір мәдени мұра бағаланып сақталуы қажет. Ал оның орны мұражай екені ақиқат. Сондай-ақ тарихи оқиғалар мен арнайы жекелеген адамдар­ға немесе ашық аспан астындағы тарихи ескерткіштердің адамзат баласына рухани азық көзі екені айтпаса да түсінікті. Мұражайдың арнайы орынға айналуына оның ондағы экспонаттардың алатын орны ерекше. Ол жәдігердің қорға алыну себептері мен құндылығы, сақталу мер­зімі­нің ұзақтығы да маңызды болмақ. Әр­бір мұражай жәдігері – әлеуметтік, тарихи, ғылыми құндылығы еліміздің мә­дени мұрасы болып табылады. Себебі, мұражайдың өзі белгілі бір тарихи тұлға­ның атымен аталып, бір бағытта жұмыс жасаса да әртүрлі тақырыптарды қамти­тын залдары арқылы сан-салалы ілімнің негіздерін біріктіреді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың: «Біздің міндетіміз – бәсе­келес­тікке лайық ұрпақ тәрбиелеу», – деген пікірі жастарға Абайша білім алу, Абайша ойлау дегенді ұқтырады. Өйткені, Абай шығар­ма­лары ұлттық өнерді дамытудың жаңа ба­ғыты ретінде қызмет атқарып келеді. Ақын және оның ақын шәкірттерінің шығар­маларынан оқушылар үлкен үлгі-өнеге алады. Олар ғылым-білімге, ақылға, еңбекке сүйеніп өмір сүруді, жамандық жасамауды, адамгершілікті сақтауды жастарға өсиет етті.

Абай жырлағандай:

Әсемпаз болма әр неге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де – бір кірпіш, дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан! – деп, ел бо­ла­шағы жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, өмірдегі орнын табуға дәнекер болған. Абай өнегесі, Абай тәлімі, Абай ұсынған дидактикалық пайымдаулар – адамдық жолын көрегендікпен нұсқаған даналық ойларды мұражай қонақтарына насихат­тау­ мұражай қызметкерлерінің басты назарында.

Алмагүл Алдабергенова,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және
әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының бас қор сақтаушысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір