Адамның ұлтын сезінуі – ерекше қасиет!
13.07.2018
1278
0

Қазіргі заманда ұлттық дамуға қауіпті нәрсе қоғамның іштей бөлінуі болып табылады. Жиған-тергеніне мәз байлар мен шарасыз кедейлер соның көрінісі. Енді, бұл «бөлініс» рухани әлемімізге ауыз сала бастады. Мәселен, қазіргі тілдік негізде қалыптасқан «менталдық ыдыраушылық» қалыпты жағдайға айналды: кез келген қазақ әулетінде «қазақы болмыс» пен оған «қарсы болмыстың» күнделікті «қақтығысып қалуы» (түсініспеушілігі) тұрақты көрініске айналған… Бұл жайтты бұрынғы кеңестік кездің жалғасы десек те, оны өзгертпесе болмайды.


Мәселе туған соң одан басты алып қашудың қажеті жоқ. Бір ғана жол – мәселені шешу керек! Бірақ бүгінде қазақтың «ұлттық мәселесі» ұлт мүдде­сі­нен аулақ топтардың, тіптен, «кім болса соның» айналысатын ісіне айналуда. Мысалы, әр түрде кездесетін «соқыр ұлтшылдық» ұлтқа қарсы әрекет жасалып жатқан ортада тез өрбиді және соны­мен бірге, бұл – ұлттың күрделі өзгерістерге әзір еместігін де білдіреді. Себебі, әлемде қымқуыт өзгерістер жүріп жатқанда, мемлекеттің іргетасын құрап отырған ұлтты іргелі істерге даярлау алдын-ала ойластырылмаса, онда ұлт дағдарысты күйге түседі. Мұндай ортада әсіреұлтшыл­дықтың пайда болуы мүмкін нәрсе. Қоғамда осыған ұқсас жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, еліміздегі діни қайшылықтың пайда болуы­ның негізінде «діни сауатсыздық» жатқаны шындық. Сондықтан ұлт мәселесінде сауатсыздық әсерінен жалаң ұрандар бастау алса, ол ұлтшылдықтың радикалдануына әкелуі ғажап емес. Қоғам одан ұтпайды. Нәтижесінде мемлекетшілдікті ту еткен «қазақ ұлтшылдығына» деген сенімсіздік пайда болып, қазақтың тарихи миссиясын атқарып шыға алуына күмән туады.
Біз Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде алдымен, «қазақ ұлтының мемлекеті» екендігін, онда қазақ ұлты жетекші роль атқаратынын мойындаймыз. Ендеше, бізге тұрмыстық-рухани деңгейде бөліну зиян. Себебі, қазақ ұлты тек өз мемлекетінде ғана өзінің ұлттық болмысына ие бола алады. Тек, сонда ғана ол өзінің ұлттық дамуында шындыққа қол жеткізеді.
Иә, қазақты «әлемдік ұлт» қатарынан көргісі келмей­тіндерге ол қажет емес. Бірақ солай екен деп ел мен жердің киесін қалай ығысырып тас­таймыз? Осыны, кейде ақыл тоқтатқан, өмірлік тәжірибесі мол аға буынның сезе алмай­тыны, көре алмайтыны өкіндіреді…
Адамның ұлтын сезінуі – ерекше бір қасиет! Мысалы, әлемдік өнер және спорт сайыстарында дода жарған саңлақтарымыз не үшін қуанады? Сізге өтірік, маған шын – қазір олар «қазақ болып туығандары» үшін қуанады! Ендеше, бізге қазіргі заманда әлемдегі барлық игілікті меңгере отырып, ұлттық болмысты сақтап қалуға мүм­кіндік бар. Ондай мүмкіндік қазақ болмысына үйлеседі. Ал бізге кекесінмен қарайтындар­дың пікірі ұлт деңгейінде маңызды болмауы тиіс. Біз үшін маңыздысы – қазақтың және өзге мәдениет аясында тәрбиеленген ұлт өкілдерінің қазақы болмыстан, яғни, басқаша айтсақ – «мемлекеттік кіндіктен» ажырап қалмауы болуы тиіс.
Қазір, шүкір, қазақ тілімен, дәстүрімен, мәдениетімен «қорланатындай» жағдайда емес. Ал, оқу-тоқуы мол жастарымыз шетелдерге шыққан сайын, өздерін әлемге таныстырған сайын – қазақ екендіктерін алға тартуға бейім. Бұл өзі әлемдік үрдіс. Мәселен, жапондықтар да, қытайлар да және өзгелер де сол ізбен келе жатыр. Ал, кейбір ұлттар өздерін таныту үшін тым сорақы әрекеттерге барып жатқан жоқ па? Бұған не дейміз? Бұл – жарымжан психологияның көрінісі. Себебі, ондай қадамға өз бойынан мысқалдай бір жасампаздық қасиет барына сенбейтіндер ғана бара алады. Ал бізде өзімізге деген сенім бар ма? Мен «бар!» деп ауыз толтырып айта аламын. Себебі – болмысым қазақ! Яғни, мен замана тарихындағы өз орнымды білемін! Осыны бәрі білсе деймін. Алайда, олай болмай жатыр. Өкінішті! Сондықтан, бізге қауым болып ұлтты іргелі істерге даярлау қажет.
Бірақ, қалай? Ол үшін бұрынғы аға буын мен бүгінгі ұрпақ арасында түсіністік орнап, екі тараптың да мақсаты бір арнада тоғысуы тиіс, ол — бәсекелестікке төзімді ұлт жасап шығару қажеттігі! Ал, ондай ұлттық миссияны атқару оқу-тоқуы мол, ұлттық бол­мысы бүтін азаматта­ры­мыздың өзіне жүктелуі тиіс.
Олар қандай қазақты тәрбиелеп шығармақ? Оның келбетін шамамамен былай деп жобалаймын: «ұлтты іргелі істерге бастайтын», «ұлттық болмысы күшті, мағыналы», «адами келбеті толық», «білімді әрі оны үздіксіз жетілдіруші», «мәдени бірбеткей» (қаза­қы­лық) азаматтар болуы тиіс дейміз.
Кезінде философтар Б.Әбді­ғалиев пен А.Ахмет­жанов қазаққа «Қазақ миссиясын» ұсынды. Оның «Қазақ шындығы» атты тарауында былай деп жазылған: «Тәуелсіздік алған соң бай табиғи қазынасын өз қажетіне жұмсап, жинақталған адами капиталды Қазақстанның барша халықтарының игілігіне жаратудың ерекше мүмкіндігі туды. Бірақ, қазақтар толыққанды, бәсекеге қабілетті ұлт ретінде қалыптасу мүм­кіндігін уысынан шығарып алды, қысқа мерзімде үлкен секіріс жасай алмады. Мұнда басты кінә билікте де бар екені қазір түсінікті бола бастады» дейді. Сөйтіп, «Қазақ миссиясының» авторлары ұлт ретінде қазақтардың өздерін соншалықты дәрежеде төмендетіп жібергені үлкен қателік деген қорытындыға келеді. Міне, мәселе қайда жатыр?
Әлемде тыныштық қанына сіңген, адал ниетті, сенгіш, арамдықтан ада халық некен-саяқ. Соның бірден бірі – қазақ ұлты! Ондай ұлтқа залал ойлаудың өзі Жаратушы алдында үлкен күнә! Алайда, біздің элита осыны дер кезінде байқамады. Бірақ игіліктің ерте-кеші жоқ дейді қазақ…
Айтылған ойларды қорытындылай келе «ұлт» түсінігін анықтап алған жөн: «Ұлт дегеніміз − белгілі бір тарихи жағдайларға байланысты қалыптасатын, өзара мәдени біртектілік пен салт-дәстүр, тіл ортақтастығы, ортақ шаруашылық үрдісі мен өмір сүру кеңістігі арқылы байланысқа түскен, уақыт өте физиологиялық тұрғыдан бүтін бейне құрған әлеуметтік топ немесе қауымдастық». Осыған сүйенсек әрбір ұлттың өзін-өзі идентификациялауы физиологиялық деңгейден бастау алып, мәдени- тұлғалық ерекшеліктермен толығатынын көреміз. Олай болса, осы ерекшеліктерді бойына жинақтаған ұлт та әлемде «мәдени құбылыс» ретінде сақталады. Бірақ ол кейде потенциалдық деңгейде булығып жататын күш болуы мүмкін. Ол күш алдын ала дұрыс бағыт алған жағдайда жасампаздық сипатқа ие болады. Ал басып-жаншыған жағдайда – сарқылады.
Қиыны сол – ұлтты ондайға жеткізетін тетік ұлттың өзінде еместігі. Ондай күш әруақытта ұлттан тысқары тұрады, ол − мемлекет пен билік! Тіптен, халқы өте белсенді қазіргі демократиялық қоғамдардың өздері де ол «тетікке» тәуелді, ол – әділ сайлаулар және биліктің халықтық бастауы. Халықтың жігері мен оның «тарих субъектісіне» айналуы осыдан көрініс табады.
Тарихта Билік пен Халық­тың мақсаты бір арнадан табылуы – кездесетін құбылыс. Сол себепті, «билікті нығайту» әрекеті ешқашан халықтың зардап шегуімен ұласпауы тиіс. Болмаса мемлекет те өзін-өзі нығайта алмайды. Ондайда дамудың жалған көрінісі орын алуы мүмкін. Ал, мемлекеттік дамудың шынайы көрінісі – Билік пен Халықтың бірлігі болып табылады. Бұл жолға түсу басқа жолдарға қарағанда әлдеқайда ауыр және жауапкершілгі де зор. Бар уақытта билік те ол деңгейден көріне бермейді. Сондықтан, адамзат барлық уақытта «қиялдағы қоғамды» арман­даумен келеді… Мысалы, Мойсейдің жер жәннатын іздеп халқын қырық жыл соңынан ертуі, небір қиыншылықтан өтіп, шыңдалуы немесе біздің Асанқайғының жерұйықты іздеуі, Қорқыт бабаның «мәңгілік өмір сарыны» және т.т. Мұның бәрі де «миссиялық» жолдар!
Көп ұлт мекендейтін мемлекетте барлық ұлтқа ортақ міндет пен жауапкершілік болмайды. Ол тек мемлекет құрушы халықтың мойнында. Ендеше, бізді біріктіретін бүгінгі қазақ миссиясы десем қателеспеймін.
Бізге бүгінде миссия шеңберінде:
1. Халық санын көбейту.
2. Ұлттық идеяның болуы.
3. Елі мен жерін қорғайтын, туған жерге ту тігетін ұрпақ тәрбиелеу.
4. Ұлттық дәстүр мен тіл!
Әр қазақ ұлттық құнды­лықтарды дәріптеуі арқылы халық болуға бет бұрады. Сонда ғана «ішкі әртектілік» ұлттық біртектілікке ұласады. Қоғамдағы қазіргі анто­гонизмнің шешімін табудың бір жолы – осы. Ол – ұлттық бүтін болмыс!

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,
философ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір