Жаңашыл жастар жетістігі
06.07.2018
1296
0

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының үйлестіруімен Астанада «World Robot Olympiad» атауымен робототехникадан өткен республикалық чемпионат аяқталды. Жарыс төрт санақтан тұрды. Дәстүрлі: «базалық», «креативті», «роботтар футболы» және жаңа санақ – «Smart city». Еліміздің түкпір-түкпірінен әртүрлі жастағы 250-ден астам оқушы Астана қаласының халықаралық мектебінде жиылды. Ең жас қатысушылар не бәрі жеті жасар Зарина Тұрғанбекова мен Алдияр Айткенов есімді бүлдіршіндер.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жас робототехниктеріне ДББҰ төрайымы Күләш Шәмшидинова сәттілік тілеп дәстүрлі қызыл лентаны кесті. Күләш Ноғатайқызын екі дрон төбеден ұшырып әкеліп жиналған қауымды таңқалдырды.
Соңғы кездері жаһандық проблемаға айналып тұрған мәселе «Астық маңызы» тақырыбында өткен бұл сайыста жобалардың басым бөлігі тағамдармен байланысты болды. Органикалық су капсулаларын жасайтын робот, тағамға арналған 3D принтерлер, жарма ботқасын дайындайтын робот, ақылды азық-түлік дүкендері, роботтық саңырауқұлақ фермасы, робот бағбандар секілді ерекше дүниелер дайындалған. Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жұлдызды командасының биылға дайындаған жұмыстары ерекше. Даниил Филимонов пен Абдырасул Расулов есімді жас өнертапқыштар тәжірибелі тренер Николай Авдюниннің бастамасымен «Space garden» немесе «ғарыштағы жылыжай» деп аталатын жұмысын қазылар алқасына ұсынды. Бірлесе отырып жасаған жұмыстары ұзақ ғарыштық экспедицияларға арналған. Бұл құрылғының көмегімен кеңістіктегі өсімдіктерді автоматты түрде өсіруге мүмкіндік бар. Роботтың қасиеті сонда, ол өзі станцияда ұшып жүріп егін егіп оны жинаумен, сонымен қатар, бау-бақшаны күтіп баптаумен айналысады.
Қазіргі жаһандық күрес сапалы астық десек, одан да өткір болып тұрған аштық мәселесімен күрес те шетте қалып қойған жоқ. Сайыста «Hunger Fighter» деп аталатын, тағамды молекулалық асханалық принцип бойынша дайындауға және тасымалдау кезінде азық-түлікті ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін роботты Ақтөбе қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Тимур Жаникаев пен Асан Қожин ұсынды.
Шымкент қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары, Буркино-Фасодағы дәстүрлі африкалық агрономия арқасында қуаңшылықпен күрескен Якуб Савадаго есімді фермердің тарихынан шабыт алып, топырақты қайта қалпына келтіретін «Заи» жобаның негізін қалаған.
Айта кетерлік жайт, Софья Кокорина есімді Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің он жасар оқушысы осымен екінші мәрте жарысқа қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Ұлттық чемпионатта жобасы үздік үштікке еніп, былтыр Коста-Рикада өткен әлемдік сайысқа қа­тысуға мүмкіндік алды. Ал биыл Ұлттық чемпионатта Софьяның командасы екінші орында тұрақтады.
Еліміздің мықты робототехниктары әр санаттағы топтардың ішінен анықталды. «Қолдайық ауыл мектебін» номинациясы аясында Қарағанды облысы, Ағадыр ауылының Мәншүк Мәметова атындағы орта мектеп оқушылары Марк Перпечкин мен Мақсат Қожағұлов сыйлыққа ие болды. Ең креативті жоба номинациясын Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Алдияр Жангұлов пен Сұлтан Насыров алды. Аквапоника принциптеріне негізделген тірі балықпен «Dataponics» жобасы ешкімді бей-жай қалдырмады. «Smart city» санаты бойынша Алматы қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Нұрберген Ағаділ мен Мирас Нүсіпов жеңіске жетті. Олар «Road of the Future» атты болашақтағы жолдардың жағдайы жайлы жоба ұсынды.
Көрші Ресейде өтіп жатқан әлем кубогына деген ерекше қызығушылық, биылғы жылы «Футбол роботтары» санатына себеп болды. Осы санатта Петропавл қаласының Зияткерлік мектебінің командасы жеңіске жетіп, үздік «ойыншыларда» сол команданың ішінен бой көрсетті.
2018 жылы робототехникадан әлемдік «WRO 2018» өтеді деп күтілуде. Сайыс жеңімпаздары түгелдей жаттығу кездесулеріне қатысып, сол бойынша робототехника бойынша ел намысын Тайландта қорғайтын ұлттық команда құрылатын болады. Айта кету керек, Тай елі беделді чемпионаттың әлемдік кезеңін екі рет өткізуге ие болған жалғыз мемлекет.

Дайындаған Жанар Адырбай.
ХАТУ-дың І курс студенті.
(ақпарат НЗМ сайтынан алынды).

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір