Астананың айбыны мен айдыны
06.07.2018
1330
0

Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері


Тәуелсіздік! Ата-баба арманы орындалды. Қазақ елі бостан! Бақыты мен бағы еді алдан аңсап тосқан. Ержүрек халықтың арманы мен аңсарын талайлы тағ­дыры бір арнаға қосқан. Сүйіншіледік. Тойладық. Ойладық. Бәрібір Тәуелсіздік қызығына тоймадық. Елбасының бастауымен аршындадық алға нық. Міне, егелі елдің күміс қоңырауы шаттық дабылын қағып тұр! Дегендейін барлық кезеңге қалып бұл. Қайрат­танса, ерлікпенен кей кез Ер, биік таудың басын жерге тигізер. Осындай үлгі көрдік, елдіктің даңқын асырған. Дұш­панның өзі амалсыз мойындап, бас ұрған. Дәп Еура­зияның кіндігі мен жүрегіндегі байтақ Сарыарқа төсіне ел астанасы қоныс аударды. Бұл қуаныш қазақ жүрегін мәң­гілік баурады. Ақмоланың тікелей атасы ортаға­сырлық Бозоқ қаласының рухы қолдады. Тәуелсіздікке тәңірдей сенген Кенесары ханның ақ жолы оңдады.
…Сонымен, 1997 жылдың 10 желтоқсаны. Ар­мысыз, Астана! Тәуелсіздіктің түңлігін сенім­­мен түр­ген, Бас қала! Мәңгілік жас қала! Балапанын бап­таған, алтын-күміспен аптаған разымыз, сізге Бас-Дана!

Ұлы да көркем көш, көлікті көш! Жер жәннаты Жетісудан ат­танып, сағымды Сарыарқаға ап­тығып жеткен салқар көш. «Ер игісі ел жүгін көтереді» демекші, мыңжылдықтар тоғысы таянған сәтте ғасыр перзенті Елбасымыз осындай асыл ойын орындады. Жаныңнан кешпей жеңбек жоқ. Бәрін жұдырықтай жүрегінің сүз­гісінен өткізе біліпті. Жетті жеңіс­ке!
Қазір бәрі айтуға оңай. Небір қы­састық пен қиындық өткен. Ірі істер ұсақтықты ысырып тас­тап, жанартаулардың самалын өп­кен. 1997 жылғы 20 қазан шы­ғар ма естен. Елбасының «Ақ­мо­ла қаласын Қазақстан Рес­пуб­ли­касының астанасы деп жариялау ту­ралы» аса маңызды, тарихи Жар­­­­лығы жарияланды. Осы кө­регендік қасиеттен тұтанған алау қазақстандықтардың жүрегін мәңгілік нұрландыра бермек.
Астананы көшіру – тәуел­сіз­діктің ерен оқиғасы. Өзіміз жеті рет өлшеп, бір рет кестік. Тұң­ғыш рет отарлаушының осқы­рын­ған оспадар билігінсіз шеш­тік. Үш рет ондай өктемдікті көр­­­генбіз: Орынбор, Қызылорда және Ал­маты. Шүкір, бәрі қазақ жерінің қас­­терлі пұшпағы. Оны айтасыз, бес облыс жеріне көз алартып, қия­наттың қылбұрауын салмақ бол­ған бұзық ойды да сезгенбіз. Пә­лесінен аулақ. Қанталаған қа­ра бұлт түсті ғой аунап. Әділ­дік­ке дақ жұқпайды екен. Тәуел­сіздікпен ғана түрленіп, әлденеді екенсің бекем.
Қазақ елі астаналарының қи­лы тағдыры өзінше бір әлем. Өсіп, өркендеген өршіл болады. Сон­дай күйдеміз қазір. Кезінде Ә.Бөкейханов Елордаға Қара­-
өт­кел­ді лайық көріпті. Ақмола­ның арғы атауы ғой. Бертініректе Қ.Сәт­баев осынау мәртебеге елі­­міз­­дің жағырапиялық орта­лы­ғы Қарағанды мен Целино­градты ұсыныпты. Неткен абыз­дық! Бү­гін­гінің отын жаққан тамыздық.
Елорданың егесі Ел десек, Елі­нің мойнынан отарлау бұға­лы­ғын сыпырып тастауды мұрат етіп, жанын оққа байлаған Ер­лер­ге мың тағзым. Соның біре­гейі Кенесары Қасымұлы. Өз хал­­қының тәуелсіздігін қарулы кү­респен қорғап қалмақ болды. Отар­шылдыққа қарсы күрестің кө­семін ұрпағы ұмытпайды. Уа­қыттармен ұлықтайды. Қа­раңыз­шы, Есіл жағасындағы Ке­несары бабаға! Тас мүсінге ай­налыпты өзі қорғаған қалада.
…Иә, Кенесарының өзі қор­ға­ған. Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романындағы мына су­рет тәуелсіздік жолындағы жан алып, жан берудің жарқын кө­рінісі іспетті. «Сөйтіп Кене­са­ры сарбаздары Ақмола бекіні­сі­нің үйлерін тегіс өртеп, қор­ға­нын құлатып, жермен жексен етіп, орларын топырақпен бітеп, ке­шегі шығыс Сібірдің отаршы­лық қамалы тұрған жерді тып-типыл етіп, ертеңіне қайтадан Ұлы­тауға қарай шегінді…».
Әруағыңнан айналдық, асыл Ата! Қабыл болсын қол жайып берген бата!
Егемен ел енді өз астана­сы­ның тағдырын өзі шешті. Тәуел­сіз­діктің 6-шы жылында шешті. Ұлылардың ізі қалған шаһарда бүгінде ұрпақтары ұрандайды. Бо­лашақ қамын ойлап, жер тар­пы­ған арғымақша бір орнында тұра алмайды.
…Ұлы көш жүгін жықты. Күл­лі әлем қазақ мемлекетінің то­сын да толайым қадамына қы­зығып та қызғанып назар салды. Тіл-көз – тасқа!
Алып ел жақсы ісімен дүбір­лет­кенде көрінеді. Данышпан жай бір тірлік күнде көрінеді. Ха­лық айтса, қалт айтпайды. Біз­дің тәуелсіз мемлекетіміздің табиғатына дөп келіп тұр емес пе? Ұлы адамдар мейірімі – ба­қыт кілті. Сондай бақыт кілтін қа­зақ халқына Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев ұстатты. Бір ғажабы әл­гі кілт сиқыршының таяғына ұқсапты. Тыңгерлер астанасына тың­нан қала салынды. Алын­бай­тын қамал алынды. Түске кір­мейтін кірді. Тарих тоят­та­нып, тебіренді. Алмағайыпты бас­тан өткерген қазақ халқы тәуел­сіздігіне еміренді. Өткен ме­нен бүгінгінің арасы ап-ай­қын көрінеді. Демек, алатын са­бақ бар, өткенді ескермеген құр бекерге далақтар…
…1822 жылдың 18 маусымы Ақ­мола қаласының негізі қа­ланған күн ретінде есептеледі. Тек арада 40 жыл өткен соң ғана қа­ла мәртебесін иеленді. Кеңес сая­саты бұл шаһардың атауын сан рет құбылтты. Байырғысы өз­гертіліп, Целиноград аталды. Кө­кейге қонымсыз еді, көндірді. Ті­лін орысша сындырды. Тәуел­сіз­діктен соң іле-шала Ақмола өз атауын қайтарып алды. Еңсе кө­терді. Парызы өтелді. Төл та­рих дәл безбендеп, оның еңсесін 1998 жылы Астана деп көтерді.
Қысқасы, ашық та, елеусіз де қар­сылықтар болған. Оны Ел­ба­сы­ның өзі де жасырмай айтады. Ел­басының «…бір сөзбен айт­қанда, көшіру туралы шешімге ду қол соғу болмады», – деп шын­дықты мойындауынан көп нәр­сенің пайымына жете түсе­міз. Шындық осы. Кейін көз жет­ті. Көзқарас өзгерді. «Кейін таңыр­қай байқағаным, бәрі де жаңа астанаға көшуге пейіл біл­діріп, белсенділік білдіре бас­та­ды», – деп Елбасының ағынан жарылуынан астананы таңдау жө­ніндегі 32 өлшемнің көптің күпті көңілін басқанын аңғару қиын емес еді. Алға жүгіріп ай­тар болсақ, тәуелсіздіктің бүгінгі ас­таналық табыстары осылайша сомдалған.
Арқа төсіндегі алып дүбір еш бәсеңсіген емес. Қағылған дабыл қайта уақытпен үдемеленіп, кү­шейіп барады. Алып құрылыс алаңы кеңейіп, көркейіп, көңіл өсі­реді. Сандық өлшемге салсақ, салыстырмамыз іңкәрлікті баса алар ма екен? Онан да, Есілдің сол жағалауына барып, серуен­деп қайтыңыз. Көзбен көріңіз. Бағасын беріңіз. Дұрысы осы. Ал біз өз тарапымыздан мынандай түйін жасай тұрайық. Осыншама алып құрылыстың қарқыны әлі күнге бәсеңдемеуінің бір сыры бар. Ол дәл болжамның дәніндей бол­ған «Астана – жаңа қала» ар­найы экономикалық аймағын құру туралы Президентіміздің 2001 жылғы 29 маусымдағы Жар­лығы еді. Құрылыстың қанын қыз­дырған құжат. Орын­далуы­нан шапағат ескен құжат. Бас­тап­қыда АЭА аумағы 1566,3 гек­тар болатын. Құрылыс кеме­рі­не сыймай бара жатқан соң, ол аумақ 2005 жылы бір кеңейтілді. Осы жуырда тағы қосымша те­лім бекітілді. Арқаның асқақ­ты­ғы осыдан-ақ байқалар. Арнайы экономикалық аймаққа инвес­ти­циялар қаржы түрінде де, құ­ры­лыс технологиялары түрінде де судай ағылды. Бұған бірінші кезекте оған беріліп отырған преференциялар мен жеңілдікті салық салу режімі кең жол ашты.
Тәуелсіз Астананың құрылыс сер­пінін бес жыл бойы (2000-2005) қала, тіпті барша ел ұра­ны­на айналған «Астананың өр­кен­деуі – Қазақстанның өркендеуі» бағдарламасының сәтті жүзеге асы­рылып, табысты тұжырым­дал­­ғанынан сезуге болатын еді. Ас­тана қызу құрылысымен ел ай­м­ағын елеңдетті. «Маған қа­рап бой түзеңдер!» – деді. Елор­да­ның ұранын күллі Қазақстан қол­дап әкетті. Көмек қолын да созу­да. Астана құлпыра түссе, қа­зақ елі жайнай беретінін әркім тү­сінеді. Тәуелсіз елдің дара мі­незі осындай болса керек-ті.
…Арқаның асқақтығы неден көрінеді? Көп мәнісінің бірі – құ­марта тартар құрылысы шы­ғар, бәлкім! Кешегі егінді, мал­ды, кенді аймақ бүгінде құры­­­лы­сы­мен сәнді өлкеге айналыпты. Мұны біз тәуелсіздік жемісіне те­лиміз. Арқаның алтын алқасы – құрылысы ғой, құрыш қолды­лар­дың өшпес қолтаңбасындай болған!
…Алтын алқаны тот бас­пай­ды!
Егемен елдің елордасы да еге­мен. Ендеше оның ерекше бел­гісі не дегенде, еске алдымен 1999 жылғы маусымда бекітілген Астана гербінің жаңа нұсқасы түсуі заңды. Герб авторлары су­рет­ші-дизайнерлер Дембай Са­лауат пен Аманжол Чеканаев та­­лантымен тәнті етті. Олардың бұл жүрек ісіне халық разы. Герб­сіз елорданы көзге елестету мүм­кін емес. Оның негізіне дөңгелек шы­ғыстық қалқан алынған. Кү­рең қызыл түсті қамал қа­быр­ғасы астарында дөңгеленген көкшіл даладан ақ қанатты сақ барысы көрінеді. Бір ерекшелігі, сол барыстың бейнесі қазақ хан­дарының бас киіміне ұқсас келе­тін алтын тәжді скифтік аң сти­лінде салынған. Мұның мәні бы­лай түсіндіріледі. Бұл бей­не­леу – қаланың тағдырлы тари­хы­ның, қазақтың соңғы ханы Ке­­несарының ерлігі мен жан­қиярлық күресінің, сондай-ақ, қайта туған мемлекеттің астана­сын көшіру туралы шешім қа­был­даған республиканың тұң­ғыш Президентінің даналығы мен батылдығының символы екен! Герб көркі керемет! Көргің келіп, аңсарың ауып тұрады. Соншалықты жылы ұшырай­тыны сондай, гербсіз елорданың ажары ашылмайтындай.
Елорда тарихы жазылып жа­тыр. Оның алтын парағына 1998 жылғы 10 маусым Қазақстанның жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері ретінде бедерленді. Ойхой, қандай той-думан болды де­сеңізші! Алыс, жақын шетел­дер­дің біраз мемлекет басшы­лары қуанышымызды бөлісті. Өнер, мәдениет тұлғалары жан са­райын арайландырды. Әлем әдемілігіміз бен әсемдігімізді мойын­дады. Тәуелсіз елдің мі­не­зі мен мұратын таныды. Де­мок­ратиялық дамуымыздың дара жолын құптады. Сөйтіп, ме­рей тасыды, өркен өсті. Осын­дай жетістіктер үшін де Тәуел­сіз­дік­ке қарыздармыз!
Астана күні 6 шілдеде той­ла­на бастады. Неге өзгертілді? Әр­түрлі пікірлер айтылды. Бі­реу­лер Елбасының туған күніне орай­ластырылған дейді. Негізгі мә­нісі мынаған саяды. Н.Ә.Назарбаев 1994 жылғы 6 шіл­­деде Парламент сессия­сы­ның жалпы отырысында ас­та­на­ны Алматыдан республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшіру­дің қажеттілігін қисындық және мән-жайлық тұрғыдан негіздеп сөз сөйлеген еді. Оны азсын­саңыз, 1996 жылы 6 шілдеде Қа­зақстан Республикасының Үкі­меті «Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның астанасын көшіру ту­ра­лы» тарихи қаулы қабылдаған болатын. Осынау біз келтірген үш дәйектеменің үшеуінде де 6 шілде көрініс беріп, жүректі дір еткізеді. Өзінен-өзі ой туады: 6 шілде қастерлі күн екен! Ендеше неге қала күні болмасқа! Болды! Маусымның басында Арқада күн қыза қоймайды. Ал шіліңгір шіл­­­денің басында нағыз жаз кү­шіне енеді. Осы жағы да еске­ріл­ген болар, бәлкім. Мұндай ше­шім де тәуелсіздік нышанына жа­расатын жағымды жаңалық ре­тінде тарихта қалып қойды.
Күшті ұлт болып қалыптасу ға­сырлар еншісіндегі шаруа. Уа­қыт елегі бәрін сұрыптап береді. Іш­кі бірлік пен ұйымшылдық, тату­лық бар жерде ғана ұлт мүд­десі көзделіп, мұраттан шығуға мол мүмкіндік туады. Міне, осын­дай қолайлы орта Астанада қа­лыптасып жатыр. Иә, бұл үде­ріс жалғасуда. Жуыр маңда «Тия­нақ­талып бітті, нүкте қойылды» деп, кесіп-піше де алмаспыз. Ке­­­­­зінде Көшбасшымыз мем­ле­кет­­тің рухани ұстыны, адам­гер­шілік қуаты мен өркениеттілік дең­гейі көп ретте ғылым, мә­де­н­иет, әдебиет пен өнер қайрат­кер­­лерінің белсенділігіне қарай ай­қындалатынын, сондықтан да қоғамда жазушы, ғалым, әртіс сөзі өтімді екендігін ескерткен бо­латын. Елбасы ұлтты күшей­тудің бірінші тетігі – тілге қатыс­ты да жанашырлығын үнемі сез­діріп жүр. Бұл – бір адам емес, миллион адам атқаратын міндет, парыз.
Астанада қазақы рухтың ас­қақ­тығын қамтамасыз етудің көп­теген алғышарттары бар. Оның белгілері сөзбен ғана емес, нақ­ты іспен әдіптелген. Мәдени, әдеби, өнер ортасы Алматыда­ғы­дай құнарлы болмағанымен, шү­кір, өзінше өркендеп, қы­зық­тыра тартады. Операмыз, теат­ры­мыз, филармониямыз бар. Әлем жұлдыздары да жиі ат ба­сын бұрады..
Ал тіл мәселесіне келсек, Ас­та­на әкімдігі ресми іс-қағаз­да­рын мемлекеттік тілде жүргізуге бейілденуі – өте құптарлық қа­дам. Астана көп игі істердің өне­ге көзі, бастаушысы екендігін ес­керсек, өзге өңірлер оған қа­рап бой түзер, сөйтіп ұлттық ру­хымызды желпінтер деген дә­меміз зор. «Өз тілімізбен өмір сүрейік!» деп Елбасы айтудай-ақ айтып жүр ғой. Тіпті болмағасын ұғымға оңайлатып: «Қазақ қа­зақ­пен қазақша сөйлессін!» деп саналы болуға шақырған жоқ па?! Бұл жөнінен ұяттымыз, Тәуел­сіздігімізден ұят! Астана да тіл­дік намысын қамшыламаса бол­майды!
Сөз қолданысымызға енген осы бір ұғым ұрымталдығымен әсер­лі естіледі. Жүректі жылы­тып, жан жадыратады. Бұл – Елбасының Астананың әлемдік бедел-абыройын көтеруге ба­ғыш­тап айтқан әсем де әдемі әуез­ді, ұғынықты сөзі. Қаланың бе­делдік бейнесін көтеру үшін не істеу керек? Елбасының түсін­дір­месіне жүгінсек, біріншіден, қа­лаға әлемдік бизнесті тиімді тар­та білуіміз керек. Осы бағытта не тындырылды? Елбасы алыс, жа­қын шетелдерде ресми сапар­мен болған кезде міндетті түрде биз­нестің көрнекті өкілдерімен әң­гі­мелесіп, пікір алысады. Жаңа астана салудың бастап­қы­дағы қаржысы төбеден сау ете қал­ған жоқ. Бір ғана мысал. Н.Назар­баевтың беделін аса жо­ғары бағалайтын Катар әмірі 6 мил­лион 840 мың АҚШ долла­рын қайтарымсыз ұсынып, «Нұр-Астана» мешітін салдыр­ды. Бизнесі өркен жаяр қаладан ин­вес­тициясын ешкім аямайды. Со­ның мысалын «Астана – жаңа қа­ла» арнайы экономикалық ай­мағынан келтіруге болады. Де­мек, Астана әлемдік бизнестің көз құмарына айналды деген сөз. Әлем­дік бизнеске қаланың бе­дел­дік бейнесі әбден әсер етті деген сөз.
Беделдік бейнені сомдауға іс­керлік туризмнің айрықша ық­палы бар екен. Ол жағы да дә­лел­денді. Батыс, Шығыстан то­лассыз жөңкіліп жатқан іскерлік туризмнің ағыны соның айғағы. Келген шаруасын дөңгелетіп, көңілі тоғайған іскер адамның елордада тамашалайтын жерлері жетіп жатыр. Бір «Бәйтеректің» беделі неге тұрады? Биіктігі – 97 метр! «Бәйтеректің» алтын жұ­мырт­қасындай шар, мысалы Эми­раттарда 56 метр, ал Ита­лия­да небәрі 20 метр биіктікке ор­наластырылғанын ескерсек, біздің биіктік беделімізге қайтіп теңессін олар. Қос жағалауына қала салынып жатқан ерке Есілді анау Сена, Темза, Мәскеу өзен­дері­нен бір сүйем кейін қоюға дә­тің шыдар ма? Бедел солай са­лыстырмалы түрде жиналады. Бе­делдік бейненің өзі – береке, ырыс, бақ, құт қой! Беделдік бей­не ұлттың намысынан жара­ты­латын сияқты.
Елорданың беделдік бейнесін одан әрі жарқырата түсу үшін құ­рылыс сапасына деген талапты кү­шейту керек екен. Оң сөз. Шы­­­­нында да, сапа жөнінен ойла­са­тын толғақты мәселелер қорда­ла­нып қалғандай. Беделді сан емес, сапа әперері мәлім ғой.
…Нағыз адамның белгісі – кісілік. Ал кісілігі мол тұрғын­да­ры көп шаһардың бақыты өзге­ше. Беделі одан әрмен! Адамына қарап қаласын танитын уақыт келді.
Беделдік бейнеңмен берекелі бол, Астана!

АСТАНА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір