Ел тірегі – ЕЛОРДА
06.07.2018
1920
0

(Астана тойына арналған мүшәйра жеңімпаздары)

ХХ ғасырдың аяғында, ықылым заманнан аңсаған арманына жетіп, өз алдына ту көтеріп, Мемлекет құрған ер қазақтың Елордасының аты – Астана! Астана десе бойында қаны, кеудесінде жаны бар әр қазақ ішкен асын жерге қояды, қанатын кеңге жаяды, көргенде көңілі тояды. Азаттық пен Астана біртұтас ұғым. Елбасы кіндігін өзі кесіп, атын өзі қойған Астана – Бостандықтың белбаласы, халқымыздың көзінің нұры, жүрегінің жыры, бабаларымыздың бүгін жүзеге асқан кешегі арманы, балаларымыздың ертеңге үміт артқан асыл мұраты. Бүгінде Көк байрағы көгінде жайнап, Бәйтерегі биікке бойлап, 20 жасқа толғанын тойлап жатқан Ақордалы Астана – жер шарындағы ең жас қала!
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз әлі есін жиып, етегін жаба алмай жатқан тұста Астананы Арқаға көшіреміз дегенге ешкім илана қойған жоқ. Тіпті, Президент­тің айналасында ат үстінде жүргендердің өзі қарсы болғаны тарихи шындық. Осындай әрі-сәрі кезеңде Астананы көшіру көзсіз ерлікпен пара-пар еді. Алайда, Елбасы тәуекелге барды. Ақ қар, көк мұзда ақ боранға қарамастан Астана көшін Ақмолаға қасқайып өзі бастап келді. Шынында да, дәл сол сәтте Астананың бүгінгі болашағын Президенттен басқа ешкім көзіне елестете алған жоқ еді. Бұл ғасырлық оқиғаға Елбасының өзінің ғана көзі анық жетті, көңілі толық сенді! Ақыры, міне, өзіміз де сендік, өзгелер де сенді! Көз алдымызда – әлем тамсанған әсем Астана! Жиырма жыл ішінде Астана қаншама өсті. Басқаны айтпағанда, Экспо көрмесі осында көшті! Қаншама әлемдік тарихи да ауқымды мәселелердің түйіні Астана төрінде шешілді. Осының өзінен-ақ, Астананың әлемдік саясат пен өркениеттен алатын орны қандай екенін анық көруге болады.
Бүгінде Астана қазақ руханиятының қарашаңырағына айналды. Қарымды қаламгерлер мен арынды ақындар, дарынды өнер жұлдыздары келіп, күн сайын Елорда мәдениетінің дамуына өз үлестерін қосуда. Жарыса бой түзеп жатқан мәдениет ошақтары Астанамыздың ажарын тіптен аша түскендей. Осыған риза болған халқымыздың да мерейі өсе түскендей. Сондықтан да, Астана ұлтымыздың тілегінде, үлкен-кішінің жүрегінде! Кешегі зұлмат заманда талай жазықсыз жандардың Ақмолаға айдалып, «Алжир» лагерінде көз жұмғанын тарихтан жақсы білеміз. Сөйткен Ақмоланың бүгінгі Астанаға айналып, Бостандық пен Бақыттың ордасы болғанына қалай көңілің босамайды, қалай жүрегің тебіренбейді?! Мұны қалай жырламасқа?
Астана қаласы әкімдігі мен Мәдениет және спорт басқармасының тікелей қолдауымен, Сәкен Сейфуллин музейінің ұйымдастыруымен биыл сегізінші рет өтіп отырған республикалық мүшәйра осы пікірімізге дәлел!
Астананы жырлау – өз бақытыңды, өз мұратыңды жырлау, ұлтыңның тағдырын, тыныс-тіршілігінің барлығын жырлау! Сондықтан да, ақындарға кең жол ашып, тебірене толғануға үзбей жағдай жасап келе жатқан Астана әкімдігіне айтар алғысымыз мол! Жыр бәйгесінде жүлде алған жұлдызды шығармалардың басын бір кітапқа қосып, елорда тойына жырдан шашу шашпақ ойымыз бар.
Ал «Ел тірегі – Елорда!» деген айдармен Астананың 20 жылдық тойына арналған биылғы мүшәйра да өз мәресіне жетті. Биылғы аламан жыр бәйгесіне Республикамыздың түкпір-түкпірінен 90-ға жуық үлкенді-кішілі ақындар қатысты. Барлығы да ағынан жарылып, Астана тойын жан-жақты жарқырата жырлауға барын салып бағыпты. Бәйгеге түскен жырларды Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы төрағалық еткен қазылар алқасы сараптай, саралай келе бір ауыздан мына шешімге келді:
Бас жүлдеге көрнекті ақын, Алаш және Халықаралық Сергей Есенин сыйлығының лауреаты Қазыбек Исаның «Ертегідей Елорда» өлеңін лайық деп тапты.
Бірінші орын талантты ақын қызымыз, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Сәлем саған, Астана!» өлеңіне берілді.
Екінші орынның бірін әйгілі айтыс ақыны, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтай «Жиырма жасқа жиырма шумақ» жырымен, екіншісін ақтангер ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы «Ай дидарлы Астанам!» өлеңімен қанжығасына байлады.
Үшінші үш орынды жас ақындар Мұқият Қойшыбайұлы «Астана», Біржан Ахмер «Алтын кеме», Нұрбол Мұратбек «Көзімнің қарашығы» өлеңдерімен бөлісті.
Астана тойына арналған жыр мүшәйрасында жұлдызы жанған жүйріктерді шын жүректен құттықтаймыз!
Мерейтойың құтты болсын, асқақтай бер, жайнай бер, жасай бер, аяулы Астана!

Несіпбек АЙТҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.


 

 

 

Қазыбек ИСА, Бас жүлде

 

ЕРТЕГІДЕЙ ЕЛОРДА

«Қыштан қаланған Римді мәрмәрден салдырдым».
Октавиан Август,
Римнің тұңғыш императоры.

Барады алып бақытқа басқан әр із,
Айтылуда сондықтан асқан аңыз.
Жаңа ғасыр ажарын жарқыратып,
Жалт қаратты жаһанды Астанамыз!

Көңілге әсем күмбірлі күй қонақтар,
Құлпырады құндыздай қилы алаптар.
Асқар тауға аудырмас аңсарыңды,
Аспан тауға айналған ғимараттар!

Құйылғанда көктен нұр бас қалаға,
Түнде жарық көшеде ел жасқана ма?
Жадыратар жаныңды жарқын әлем,
Аспанда емес жұлдыздар –
Астанада!

Сиқырласа нұрымен жас қаламды Ай,
Керек енді көркемдік басқа қандай?!
Елорданың тойына шашу етіп,
Жұлдыз шашып Жаратқан тастағандай!..

Еркіндіктің Есілде айт өлеңін,
Ерке сұлу сыр айтса, қайтер едің?..
Ойың менен бойыңды түзетеді,
Темірқазық жердегі – Бәйтерегім!

Бұрқыратып жұпарды бақшадағы,
Аңқылдап бір соғады ақ самалы.
Көкте қалқып көшкенде ақша бұлттар,
Көзін алмай қарайды патша-дағы…

Тұлғаларды тудырар уақыт, ғалам,
Жасаған Ер тарихты – бақытты адам.
Римді Август мәрмәрдан салса егер де,
Астананы Елбасы жақұттаған!

Жауһар жауған шаһарға мына нағыз,
Тіреледі сан елден құлаған із…
Сәулетті елі, сәулелі, сәнді орда бұл,
Сәулеткері болған соң Нұрағамыз!

Тайғақтан жол тар кезде Ер тауыпты алдан,
Жат та бізде аз емес жауып қалған…
Сақтан деймін – құмарлар қазынама –
Сақ батырдан саф алтын сауыт қалған!..

Қанат жайып қалам да өркенді өнер,
Ертегі елі ретінде ертеңге енер!
Алпамыстай ай сайын алыптанған,
Астана да күн сайын көркемденер.

Елім еркін елеулі кірді «елуге»,
Үздікке еніп елорда үлгеруде.
Сегізінші керемет сенсің бүгін,
Алты құрлық алқынар бір көруге.

Бәрі риза бітімгер Ерге күнде,
Асқақтауда ол асулы белдерінде.
Астанаға келгенде келіседі,
Әлемдегі шайқасқан елдерің де.

Зар заманнан жеткен соң нұр күніне,
Ақын біткен ағытар жырды міне.
Ұлы Дала төсінде – ұлт ордасы,
Айнала бер әлемнің кіндігіне!

Бабаларым бахадүр өткір едің,
Аңсап күнім Азаттық өтті менің…
Көк байрақты көргенде Ақордадан,
Көкке мәңгі өрлесін деп тіледім!


 

 

 

Сәуле ДОСЖАН, Бірінші орын

 

СӘЛЕМ САҒАН, АСТАНА!

Сәлем саған, Астана,
Азаттықтың ордасы,
Жаңа ғасыр жолдасы!
Бар әлемге жар салып,
Бақытыңды толғашы.
Аманатын бүгіннің,
Болашаққа жолдашы!
Қилы-қилы дәуірде,
Боз тұманды жамылған,
Боз далаға салынған,
Бозақ болып табылған!
Тарихыңның таңбасы…
Тұлпарлардың ізі бар,
Топырағыңда аңдашы!
Қарсы шауып тажалға,
Басын тіккен ажалға,
Қабылан жүрек хан Кене –
Абылайдың жалғасы.
Жолын қуып солардың
Аман сақтап қатерден,
Шаңырағыңды көтерген
Өз қолымен Елбасы!
Сәлем саған, Астана,
Әлемдегі жас қала,
Жастығыңа қарамай,
Үлгі болған басқаға.
Жаса, жайна, Астанам,
Ұлы көшті бастаған.
Сенің жастық жалының
Ақ боранды ықтырып,
Сары аязды жасқаған.
Қайратыңа таңқалам,
Тоңды аударып тастаған.
Сәлем саған, Астана,
Жиырма жасын тойлаған.
Күндей күліп жайнаған!
Алтын нұрың Есілдің
Айдынында ойнаған.
Көк байрағың желбіреп,
Бәйтерегің бойлаған.
Сәлем саған, Астана,
Көркіңе көз тоймаған,
Қараймын да ойланам.
Елорданы өзіңдей,
Көріп еді қай бабам?
Дауыл соқса жел өтпес,
Қырға кілем жайғандай,
Жасыл желек айналаң.
Арайласа таңғы аспан,
Сәулетіңе сән қосқан
Сарыарқадай бай далаң.
Бүкіл қазақ тағдырын
Бір өзіңе байлаған.
Елден кетпес азамат,
Ел ертеңін ойлаған.
Сәлем саған, Астана,
Сәлем саған, Елорда,
Жырлап сені болар ма?!
Ел бірлігі нығаяр,
Басқа бақыт қонарда.
Ел бастайтын Ер болмай,
Қонар жері кең болмай,
Қиырды көз шалар ма?!
Ерлігіне бабаның
Шөліркеген даланың
Кенезесі қанар ма?!
Шалқып жатқан теңіздей,
Кенересі толар ма?!
Сәлем саған, Астана,
Сәлем саған, байтағым!
Келген сайын өзіңе,
Қанаттанып қайтамын.
Сенсің – нұрлы жол басы!
Сенсің – құнды сөз басы –
Сенсің – күллі Алаштың
Сорғалаған көз жасы.
Кіндігісің жерімнің,
Бірлігісің елімнің.
Қасиетін ұғынды
Күллі дүние төріңнің.
Қуаныштан шаттықтан,
Төгіл десең, төгілдім.
Өзіндесің жүректің,
Көзіндесің көңілдің.
Сәлем саған, Астана,
Ел байлығын еселе!
Сенсіз мерей өсе ме?!
Сендей сұлу қаладан,
Қусаң халық көше ме?!
Жыр шашайын тойыңа,
Гүл шашайын көшеңе!
Сәлем саған, Астана!


 

 

 

 

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ, Екінші орын

 

АЙ ДИДАРЛЫ АСТАНАМ!

Астанам-ай, дидарлым, күн келбеттім,
Сенде атқан таңды құшып, гүлдерді өптім.
Еліме алтын тұғыр болдың-дағы,
Көгіме қыран қанат Туды өрлеттің!

Бағзыдан Бозоқ – сенің іргетасың,
Әлемге азаттық боп тіл қатасың!
Тулатып бойымдағы ыстық қанды,
Күн сайын жүрегімді жырлатасың.

Астанам айналаңды нұрға малып,
Айналдың Елордаға тұлғаланып.
Қолымен Елбасының берекелі,
Түрленді төңірегің нуға жарып.

Білемін, бір кездері тозды далам,
Ол үшін енді кімді жазғыра алам?
Атақты Тәж-Мақалмен қапталдасқан,
Алашқа арай шашқан Тәжді қалам!

Көшіңді ұлтын сүйген ұл бастаған,
Көзімнің қарашығы – нұрлы Астанам!
Тілдескен зәулім көкпен әр ғимарат,
Әр тасың, әр кірпішің сырлас маған!

Жарысып желден жүйрік уақытпенен,
Толғанам тарихыңа батып терең.
Бөлендім бостандықтың рахатына,
Бақыттың балдай дәмін татып сенен!..

Жортпасын төсіңде енді долы құйын,
Сарыарқа – құт мекенім, жерұйығым!
Астанам, сен көркейіп өскен сайын,
Көрінер кең сарайдай менің үйім!


 

 

 

 

Аманжол ӘЛТАЙ, Екінші орын

 

ЖИЫРМА ЖАСҚА – ЖИЫРМА ШУМАҚ

Астана!
Жиырмадасың, жігіт болдың сен енді,
Киіп шығар болат сауыт беренді.
Ел тағдырын ойлайтұғын жастасың,
Жігіттерше сөйлесейік, кел енді.

Астана!
Ай шетіне жеткізетін жебеңді,
Ноян жасың найза қылар еменді.
Алты құрлық келбетіңе көз салып,
Есігіңнен алпыс түмен ел енді.

Астана!
Сырдың елі – қарт анаң,
Ақ күрішін орап беріп қалтадан.
Мейірленіп бақытыңды тілейді,
«Бақ қонсын!» – деп арқар аумай, Арқадан.

Астана!
Отау қылып тізгініңді тартпаған,
Ақ сақалды, Алатаудай Қарт бабаң.
Заңғар тұлға болғаныңды қалайды,
Ата-баба аманатын сақтаған.

Астана!
Алашыңды, өкпелетсең аз ұлтты,
Өзге емес, өзің ғана жазықты.
Қаратауым тарту етті өзіңе,
Керей сұлтан қағып кеткен қазықты.

Астана!
Ақ түйенің сылап алған өркешін,
Ақ ешкінің тарап алған бөртесін.
Ордабасым, төріңе әкеп төседі,
Төле бидің малдас құрған көрпесін.

Астана!
Алашыңның үмітісің сен бүгін,
Төрт мұхитқа тегіс жетсін ерлігің.
Ұлытауым тағып берді беліңе,
Жошы ханның күміс зерлі белдігін.

Астана!
Сендей ұлдың аңыз болып есімі,
Еселенсін бар қазақтың несібі.
Тарпаң мінез керқұласын сыйлады,
Өр-Алтайым – Ер Түріктің бесігі!

Астана!
Оғыланым, қыран мұрын, ай қабақ,
Қос табаның кетпесе екен тайғанап.
Маңғыстаудан әулиелер рухы,
Тілеу тілер дұғаларын қайталап.

Астана!
Жайлауыңа бес жүз түйе байлатып,
Ақ Ордаңның дастарханын жайнатып.
Түркістаным той жасады сен үшін,
Тайқазанын таң сәріден қайнатып.

Астана!
Көкшетауым, келбетіне Ай қанық,
Таңырқаған Күннің тілі байланып.
Кілемменен көтереді өзіңді.
Сексен көлім сексен қызға айналып.

Астана!
Әркімдерге олжа болмай ырысың,
Кеңейт енді туған елдің тынысын.
Алашыңа айбар болып қолыңа ал,
Хан Кененің алтын сапты қылышын.

Астана!
Ал, батырым, саған сенім артамын,
Апай төсін дүбірлетіп Арқаның!
Ақұдайлап, Ақжолтайлап ұран сал,
Білекке іліп Ағыбайдың қалқанын.

Астана!
Бар қазақтың жақсыларын жиып ап,
Көшті баста, бір Алланың сыйын ап.
Алты басты айдаһардың басын шап,
Махамбеттің дулығасын киіп ап.

Астана!
Жер бетіне мәшһүр болсын ер ісің,
Шер басылып, іштегі мұз ерісін.
Сыпырып ал білегіңнің күшімен,
Аю менен Жолбарыстың терісін.

Астана!
Қанағат пен тәубең болсын, мастанба,
«Мен Қазақпын!» деген сөзден жасқанба.
Ұрпақтардан ұялмайтын болғайсың,
Сен де ертең жасың жүзден асқанда.

Астана!
Ерте ержеттің азат күнде қайралып,
Жұрт жүрегін түсінерсің, жайды анық.
Жесірлердің жанарынан мұңын ұқ,
Жетімдердің панасына айналып.

Астана!
Тағдырыңды алған талай тонап та,
Саған сабақ, тарихтағы жол артта.
Арың биік тұрсын әр кез жаныңнан,
Жемқорларды маңайыңа жолатпа.

Астана!
Қарашаға тең бөлінсін жиғаның,
Өз халқыңның кесесіне құйма мұң.
Қамалыңды сонда ешкім алмайды,
Берік болсын рухың мен иманың.

Астана!
Аманатым – табаныңда жер қара,
Аманатым – үстіңдегі ел дара.
Ал, Астанам, арқаңменен арқала,
Қазақ үшін шын Баһадүр сен ғана!


 

 

 

 

Біржан АХМЕР, Үшінші орын

 

АЛТЫН КЕМЕ

Ғасырларға көз жіберіп келесі,
Шалқып жатқан Қазақ деген ел осы!
Астанасы алты құрлық тамсанған –
Азаттықтың толқын жарған кемесі.

Барлығы бар үстінде бұл кеменің,
Қалың көптің мен де ішінде келемін.
Өзі болып үн қатады бүгіннің,
Көзі болып сыр шертеді көненің.

Бостандықтан тамыр жайып көктеген,
«Бәйтерегі» таласады көкпенен.
Бақ ордасы – Ақордасы қазақтың,
Мәңгібақи асқақтасын деп келем!

Берекемен бекітілген топсасы,
Мызғымайды «Мәңгілік ел қақпасы!»
Куәсі боп қилы-қилы заманның,
Күбірлейді Күлтегіннің Көктасы!

Кім болар ек алдан бақыт тоспасақ,
Қарлы боран асулардан аспасақ?!
«Хан шатыры» шақырады ерлікке,
Ел қорғаған Абылайды еске сап!

Алтын кеме, асыл кеме – бұл кеме,
Шағылысқан Ай мен жұлдыз, Күнге де!
Арпалысқан толқындармен алысқан,
Капитаны бұл кеменің кім деме!?

Бұл кеменің капитаны – Нұр-Ағам,
Едігедей елдің басын құраған!
Қырғи қабақ қырық пышақ соғыстан,
Алып келе жатыр бізді дін аман!

Бағы ашылған Қазақ деген ел осы,
Астанасы – айдындағы кемесі!
Капитаны өз қолымен жасаған,
Бұл кеменің босамайды шегесі!..


 

 

 

 

Мұқият ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ, Үшінші орын

 

АСТАНА

Азаттық таңы – Астана,
Қазақтың бағы – Астана!
Рухы мәңгі өлмейтін,
Алаштың жаны – Астана!

Төрімнің сәні – Астана,
Өмірдің мәні – Астана!
Ұлтымның ұлы ұраны,
Елімнің әні – Астана!

Көзімнің нұры – Астана,
Сезімнің гүлі – Астана!
Шашу ғып шашқан шуағын,
Көңілдің күні – Астана!

Жастықтың жыры – Астана,
Шаттықтың сыры – Астана!
Бейбітшіліктің бесігі,
Достықтың үні – Астана!

Қаланың жасы – Астана,
Даланың досы – Астана!
Елбасы өзі бастаған,
Ерліктің басы – Астана!

Жігерді қайра – Астана,
Тұғырдан тайма – Астана!
Тойыңды тойла, думандат,
Жасай бер, жайна, Астана!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір