Астана мәдениетінің болашағына сенемін
06.07.2018
920
0

Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ,
композитор, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты


Облыс орталығы ретінде Ақмола қаласында өз деңгейінде шағын ғана ансамбль болды. Ақмола қаласына Астана атауы беріліп, еліміздің Астанасы болған соң біздің алдымызда жаңа мәдени ұжым құру мақсаты тұрды. Барлығын жаңадан бастауға тура келді. Ең бірінші Ұлттық аспаптар оркестрін құрдық. Алғашқы репитицияда дұрыс ғимарат болмай, оркестрдің мүшелері ноталарын кірпішке қойып, өздері екінші кірпіштің үстіне отырып дайындалған күндер болды. Дирижер Мырзағали Айдаболов ағамыз сол репитиция өткен ғимаратта тұрған еді. Есік болмаған соң бөлмесін шүберекпен жауып қоятын.

Сәуір айының 15 күні Қазақ Ұлт­тық аспаптар оркестрінің тұ­сауын кестік. Бұл ұжым қазір өзі­нің биік тұғырына көтерілді. Ал­ғаш шекті аспаптар квартетін Ал­­матыдан көріп, ондағы жігіт­тер­ге Ақмолаға көшіп баруды ұсын­дым. Қақаған қыс айында әл­гі жігіттер түннің бір уағында Ас­танаға көшіп келіпті. Осындай қа­рапайым оқиғалармен Аста­на­ның мәдени өмірі өзгере бастады. Ол кезде Астана қаласы әкімінің орын­басары қызметіне жаңа кірі­сіп жатқан уақыт, тіпті кабинет те жоқ. Қала әкімі Әділбек Жақсы­бековке өтініш жазайын десем, өзім­де кабинет жоқ. Аппарат бас­шы­сының кабинетіне кіріп, өтіні­шім­ді жазып отыр ем, қабылдауға адам­дар келді деп хатшы қыз айт­ты. Олардың бірі Айман Мұ­сақо­жаева Музыка Академиясын ашу ту­ралы ұсыныспен келген екен. Оны Елбасының өзі қолдаған еді. Ол кездегі Астана мәдениетін да­мыту жолында атқарылған шаруа­лардың қарқынды болғаны сон­ша, оны революция ретінде ба­ға­лауға болар еді.
Музыка академиясы ашылған соң, оған ұстаздар келді, шәкірттер қа­былданды. 1998 жылы Астана қа­ласында Халықаралық кино­фес­тиваль өтіп, шетелдік қонақ­тар­ға жаңа ашылған академияның студенттерімен классикалық кон­церт қойдық. Мамыр айында сим­фониялық оркестрді құра бас­та­дық. Астана қаласының мәдени әлеуетін дамытуда атқарған ең үлкен шаруаның бірі – Халық­аралық Астана «Шабыт» фес­тивалі. Онда қоюшы-режиссерлік топтың бас­шысы болдым.
Бұл шаруаның барлығы Елба­сы­ның тікелей қолдауымен жүзеге асты. Ол кісі кездескен сайын «Ас­танада мәдени орта қалыптас­ты ма, олардың жағдайы қалай?» деп жиі сұрайтын. Астана бой кө­тер­ген соң, көп ұзамай өз қолымен 38 жас мәдениет қызметкеріне пә­тердің кілтін табыс етіп, бата бер­­ді. Олардың ішінде көптеген әр­­­тістер, орындаушылар, сурет­ші­лер, композиторлар, актерлер бол­ды.
«Шабыт» фестивалі Астана мә­дениетінің қалыптасуына өл­шексіз үлес қосты. Шабыт арқылы біз бұрын көрмей жүрген көптеген талантты адамдарды таптық, Аста­наға шақырдық.
Қазір Астанада мәдениет сала­сында қызмет етіп жүрген қыз-жі­гіттердің көпшілігі «Шабыт» фес­тивалінің жүлдегерлері. Бүгін­де Астана еліміздің мәдени орта­лы­ғына айналды.
1999 жылы біз Опера және ба­лет театрын құру туралы бұйрық ал­дық, ал 2000 жылы ақпан айын­да қаулы шықты. Қаулы шыққан соң жеті айдың ішінде Опера және балет театрының тұсаукесерін өт­кіз­дік. Мұқан Төлебаевтың «Бір­жан-Сара», Джузеппе Вердидің «Травиата» операсын, Чайков­с­кий­дің «Аққу көлі» балетін қой­дық.
Бүгінгі Астананың көркем кел­бе­тінің, рухани-мәдени әлеуе­тінің ар жағында елорда арқаға ауысқан жыл­дары осы қалаға қоныс аудар­ған әрбір азаматтың маңдай тері мен үлкен мақсат жолындағы нық сенімі жатыр. Біз оны әрқашан ес­те ұстауымыз керек. Ол тарих қой­науына сіңіп кеткен қайта­ланбай­тын ыстық сәттер.
Астананың мәдениет саласы қа­зір ерекше қарқынмен дамыды. Өзіне керек мамандарды дайын­дай­тын оқу орны да бар. Онда бі­лім­ді, білікті мамандар сабақ бе­ре­ді. Жастарымыз да өте талантты, оларға тамсана қараймын. Ме­нің байқауымша, әрбір жас өзінен бұрынғы буыннан та­лантты бо­лады. Әйтпесе, адам­зат дамы­майды, ілгері жүре алмай­ды. Қа­зіргі жастардың ізденісі мол, жан-жақты. Бүгінгі Астана­ның мәдениеті әлемдегі ешбір ас­та­наның мәдениетінен кем соқ­пайды. Әрине, Париж, Лондон, Санкт-Петербург, Мәскеу секілді дүниежүзілік мәдени орталықтар бар. Біздің Астана да сол деңгейге жетеді деп сенемін. Өйткені, бізде ұмтылыс бар, мәдениет саласына қажетті деңгейде көңіл бөлетін Мемлекет басшысы бар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір