Алғашқы көш куәгерімін
06.07.2018
938
0

Алдан СМАЙЫЛОВ,
жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері


Астананың көшіп келгенін 20 жыл толу мерекесі, әрине, бәрімізге ортақ. Ал мен алғашқы көш қонысының куәгерімін. 1972 жылдан бері Ақмолада тұрамын. Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы сөз көтеріле бастаған тұста бұл жақтағы облыстарды Қазақстанға қалдырып қоя салмаған дұрыс деген жақын тұстағы ағайындардың әңгімелері де өрбіді.

Осы жақтағы бес облыс басын қосып, жеке автономия­мызды құрамыз деген қарсы әрекеттер де басталды. Облыс­тық, қалалық кеңес басқарма­сындағылардың көпшілігінің егер орыс тіліне мемлекеттік мәртебе бермесе, өзімізді-өзіміз билеп, Мәскеуге тікелей бағы­нуға дейін барамыз деген әңгімелер өрекпіп-өршіп жатты. Сол кезде Нобель сыйлы­ғының лауреаты Солже­ницын деген жазушының аузыменен бес облысты Ресейге қосу туралы ашық айтыла бастады. Осындай кезде тікелей әрі сенімді шешім қабылдау жүректілердің ғана қолынан келетін іс қой. Ел жүрегі – Астананы орталыққа жылжыту міндет еді. Мұндай қадамдарды кезінде Ататүрік Түркияда жаса­ған. Стамбұлдан елдің ортасы Анкараға астананы көшірді, оның да саяси страте­гия­лық мақсаты болған. Ел тәуелсіздігін енді алып, «…тұрымтай тұсымен» кетіп жат­қан тұста шұғыл шешім жасау, әрине, ешкімге жаға қоймағаны рас. Көш көлікті болып, астана 1997 жылы Ақмолаға келіп қоныстанды. Сөйтіп, саяси әңгіме шорт тоқтады. Өйткені, астананы көшіре отырып, елдің Тәуелсіздігін, жерін, тұтасты­ғын сақтап қалу – басты мәселе еді. Астана қайда болса, бүкіл билік құрылымдары сонда шоғырла­натыны белгілі. 1995 жылдан министрліктер көшіп келді. Мен сол кезде «Қазақс­тан» телерадио корпорация­сының Астана студиясының Бас директоры болатынмын. Көшіп келе жатқандарды пойыздан қарсы алатынбыз. Мақсаттар қойылып, іс-шаралар жүзеге асырылып жатты. Соның бәрін күнде теле эфир арқылы халық­қа жариялап тұрдық. Астананы көшіру арқылы саяси мәселені ғана емес, экономика­лық мәселелері де шешімін тауып жатты. Неге десеңіз, қала құрылы­сына көптеген жабдық­тар керек. Кірпіш, цемент, темір, т.б. секілді. Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Көкшетау, т.б. облыс­тардағы 1990 жылдары тот басып қалған құрылыс бұйым­дарын шығаратын кәсіпо­рындардың барлығы қайта іске қосылды. Сол жерлерде жұмыс күштері қайта жанданды. Бұл экономикалық жағы ғана. Арғысы Астананы салуға шетел­ден көптеген инвестиция тар­тыл­ды. Әсіресе, Түркияның, Еуропаның, басқа да іргелі ел­дер­дің құрылыс компа­ниялары осында тартыл­ды. Совхоздар тарап, кәсіпо­рын­дар тоқтаған кезде екі қолға бір күрек таба алмай қалған мыңдаған адамдар Астана құрылысын жүргізу арқылы жұмысқа орналасты. Бұл оның әлеуметтік мәні. Біртіндеп мәдени ошақтар да келе баста­ды. Алдымен кел­гендер ақын-жазушылар, ға­лым­дар, өнер адамдары болды. Еуразия Ұлттық университеті қайта жабдықталып, соған сабақ беруге Сейіт Қасқабасов, Серік Негимов, Алма Қырау­баева және көптеген ғалымдар келді. Сол кездегі университет­тің ректоры Мырзатай Жолдас­бе­ков Алматыдағы белгілі ақындарды да шақырды. Оларға да сол университеттен жұмыс берді. 2002 жылы Жазушылар одағының Астанадағы бөлімше­сінің директоры қызметі маған тапсырылған еді. 1997 жылға дейін Астанада бар-жоғы 10 шақты ғана ақын-жазушы болса, 2005 жылы олардың саны 80-ге жетті. Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова, Ш.Мұртаза бастаған дарынды қайраткерлер осы Астанада шоғырланды. Енді әдеби кештер ұйымдасты­рылып, мектептерде, жоғары оқу орындарында кездесулер өткізіліп, еліміздің бүгіні мен болашағы туралы әңгіме қозғалды. Көптеген бастамалар­дың басында қазағымыздың қыздары жүрді ғой, Айман Мұсақожаева ерлікпен ақ қар, көк мұзда Ұлттық музыкалық академияны ашты. Соның төңірегіне Алматыдан көптеген музыканттар келіп жиналды. Осы академияда ұлт атағын әлемге әйгілеген композиторла­рымыздың бірі – Еркеғали Рахмадиев те жұмыс істеді. Қазір ол өнер ордасына Ұлттық университет құқығы берілген. К.Бәйсейітова атындағы Опера және балет театры ашылып, кейіннен Астана опера театры болып қайтадан құрылды. Оларға жаңадан зәулім ғимарат салынып берілді. Қазір Астана ұлт мәдениетін танытып отырған үлкен орталық.
Астананы Алматыдан Ақ­молаға көшуі, әрине, тарихи таңдау еді.
Ендеше, Астана мерекесі – жалпы қазақстандықтар мерекесі екені рас.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір